Офицердің өзі өнеге болу керек

19 қаңтар күні ҚР ҚК тәрбие құрылымдарының офицерлері кәсіби мерекесін атап өтеді. Тәрбиеші-офицерлердің институты ҚР Президентінің Жарлығымен осыдан 23 жыл бұрын құрылған болатын. Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар органының маңыздылығы жайында майор Ерлан Нұралин өз ойын ортаға салады.

Ерлан Серікұлы Нұралин Ақмола облысының Ақкөл ауданы Ақкөл қаласында дүниеге келген. Қарағанды қаласындағы Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы республикалық әскери мектеп-интернатта тәрбиеленді. Кеңес Одағының маршалы И.С.Конев атындағы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, кейін ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің әскери институтын «тәрбие құрылымдарының офицері» мамандығы бойынша бітірді. Бұдан соң 05967 әскери бөлімі мотоатқыштар ротасы командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, 27943, 40398, 73805 әскери бөлімдерінде, ҚР ҚК Аэроұтқырлар әскері қолбасшысы Басқармасының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасында мемлекеттік-құқықтық дайындық және ақпарат жөнінде аға офицер (85095 әскери бөлімі) болды. Бүгінгі күні «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 44736 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары – тәрбие және әлеуметтік, идеологиялық жұмыстар жөніндегі бөлім бастығы.

 Ерлан Серікұлы, кеңес Одағы кезінде әскерде саяси жетекшілер, яғни «политруктар», «замполиттер» деген болды. Бүгінде егемен еліміздің Қарулы Күштерінде тәрбие құрылымдарының офицерлері бар. Олардың рөлі қандай?

- Әскери қызметшілердің жоғары жауынгерлік рухы мен моральдық күші жеке тұлғаны дамытуға бағытталған мақсатты және жоспарлы тәрбиенің нәтижесінде қалыптасады. Оны жүзеге асыратын офицерлердің өзі ең алдымен бағынышты адамдарға үлгі-өнеге бола білуі керек. Жасымас жігерімен, қайтпас қаһармандығымен, берік бірлігімен, жалынды отаншылдығымен ерекше тұлғаланып тұруы тиіс. Жеке құрамның моральды-психологиялық жағдайын жүйелі зерттеп қана қоймай, ұдайы кәсіби шеберлігін де арттырып отыруы қажет. Психологиялық тұрақтылық пен ауызбіршілікті сақтау үшін әскери қызметшілерді достық пен жауынгерлік серіктестік рухында тәрбиелей білу де маңызды. Сонда ғана әскердегі тәрбиешілердің рөлі айқын көрінеді.

Жүктелген міндеттің жауапкершілігі зор демексіз ғой?

- Дәл солай. Отанға деген құрметі пен сүйіспеншілігі жоғары, туған ел мен жерге деген шынайы сезімі адал, кәсіби тұрғыда дайындалған, қайсар, әрі өнегелі патриоттарды тәрбиелеу міндеті жүктелген. Нағыз жауынгер шынайы әскери қимылда қолындағы заманауи қару-жарағымен емес, рухының беріктігімен ерекшеленеді емес пе?

- Әскердегі тәрбиешілердің кәсіби шеберлігін одан әрі жетілдіру үшін не маңызды?

- Әскердегі тәртіп пен тәрбие жұмыстарының негізін, әдістері мен жолдарын қазіргі заманның талаптарына сай жетілдіруге ерекше мән беріледі. Ротада (батареяда) құжаттандыру жұмысын жүргізу, әсіресе тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімінің айлық іс-шаралар жоспарын жасау, идеологиялық және ақпараттық-тәрбие жұмыстарын іске асырудың жолдары көрсетіледі. Қорытынды жасау журналын толтыру, ақпараттандыру және тәрбие шараларының дәріс-жоспарлары, ақпараттық жаршыны жасаудың тәртібі туралы да жан-жақты түсініктеме беріледі.

Тәрбие және идеологиялық жұмыс жүйесінің нақты механизмі қалыптасқан ба?

- Әрине. Бүгінгі күні тәрбие және идеологиялық жұмыстардың барлық бағыттарында қолайлы механизмдер жеткілікті. Мемлекеттік-құқықтық даярлық, ақпараттандыру, өзіндік шығармашылық және бұған қоса жеке құраммен жұмыс жасаудың жаңа түрлері де енгізіліп жатыр. Әскери қызметтің сапасын арттыруға бағытталған көптеген іс-шаралар атқарылуда. Мәселен, жеке құрамды қорғаныс істері департаменттерінде таңдап алудан бастап, жас толықтырулар психологиялық тексеруден өткізіледі. Бұдан соң жүйке-психологиялық қабілеттілігінің негізінде ғана бөлімдер мен бөлімшелерге бөлу жүзеге асырылады. Қарауыл мен жауынгерлік кезекшілікке түсетін әскери қызметшілерге аса мұқият көңіл бөлінеді. Психологиялық тестілеуден өтпеген әскери қызметшілер қарауыл мен жауынгерлік кезекшілікке түсуге жіберілмейді.

Әскердегі тәрбие үрдісін одан әрі жетілдіруге қатысты өзекті мәселелер қандай?

- Барлық казармалар мен штабтарда Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы, өңірлік әскерлер қолбасшылары мен олардың тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарларының ұялы телефондарының нөмірлері жазылып тұр. Әскери қызметшілер көкейде жүрген сауалдарын SMS-хабарлама арқылы да жолдай алады. Хабарламада баяндалған фактілердің анық-қанығы шұғыл тексеріліп, тиісті шаралар қабылданады. Осындай тәсілдердің көмегімен болып жатқан жағдайлар зерттеледі. Жалпы алғанда, әскери тәртіп пен тәрбие әрбір әскери қызметшіні өзінің борышын адал атқаруға міндеттейді.

Майор мырза, өмірлік ұстанымыңыз қандай?

- «Тәртіп – жеңістің анасы». Кеңес Одағының маршалы, төрт мәрте Кеңес Одағының Батыры Г.К.Жуковтың осы сөзі ұраныма айналғандай. Мен тәрбие құрылымдарының офицерлері – «адам жанының инженері» дер едім.

Әңгімеңізге рахмет. Кәсіби мереке құтты болсын!   


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента