Ағымдағы жылы атқарылатын міндеттер

«Ұлы дала әскері – Тәуелсіздік тірегі» жауынгерлік ұранымен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында басталған 2021 жылдың оқу кезеңінің негізгі тапсырмалары жетерлік. Әскери басқару органдарын, өңірлік қолбасшылық әскерлерін жауынгерлік мақсатына сай міндеттерді шешуге даярлау керек. Бірлескен командалық-штабтық «Батыс-2021» арнайы оқу-жаттығуына, әскери мамандықтарға қатысты «Армия ойындары – 2021» халықаралық жарысына, бірлескен «Достарум-2021» тактикалық арнайы оқу-жаттығуына, бірлескен «Түлкі аулау-2021» тактикалық арнайы оқу-жаттығуына, барлау топтарының «Алтын үкі – 2021» халықаралық жарыстарына қатысу үшін дайындыққа барынша күш салу қажет. Бұған қоса 2021 оқу жылының қысқы және жазғы оқу кезеңдерінде жауынгерлік әзірлік бойынша тактикалық-саптық сабақтар, әскери бөлімдердің лауазымды адамдарымен курстық (командирлік) даярлық, өңірлік қолбасшылық басқару органдарымен бірлескен штабтық жаттығулар, өңірлік қолбасшылықтың әскери бөлімдерімен командалық-штабтық жұмылдыру оқу-жаттығулары, өңірлік қолбасшылықтың әскери бөлімдерімен екі сатылы командалық-штабтық оқу-жаттығулар, 27943 әскери бөлімінің бригадалық тактикалық оқу-жаттығуы, өңірлік қолбасшылықтың әскери бөлімдерімен тактикалық-арнайы оқу-жаттығуларын сапалы ұйымдастыру мен өткізу міндеті тұр. Қазіргі соғыс пен қарулы қақтығыстардың түр-сипатын ескеріп, әскерлерді таулы жер мен елді-мекендерде жауынгерлік іс-қимылдарға барынша жақындатылған жағдайда даярлауға, қарулы күрестің жаңа құралдарын қолдануға, жеке және ұжымдық қарудан оқ ату бойынша әскери қызметшілердің жеке әзірлік деңгейін жақсартуға, сонымен бірге барлық санаттағы әскери қызметшілердің дене даярлығы деңгейін арттыруға ерекше мән беріледі.

Оқу кезеңінің негізгі тапсырмалары

   Әскери басқару органдарын, өңірлік қолбасшылық әскерлерін жауынгерлік мақсатына сәйкес міндеттерді шешуге даярлау, қыркүйектің 13-25 аралығына жоспарланған бірлескен командалық-штабтық «Батыс – 2021» арнайы оқу-жаттығуына, әскери мамандықтарға қатысты «Армия ойындары – 2021» халықаралық жарысының шеңберіндегі әскери-кәсіби шеберліктің байқауларына, бірлескен тактикалық «Достарум – 2021» арнайы оқу-жаттығуына, бірлескен тактикалық «Түлкі аулау – 2021» арнайы оқу-жаттығуына, арнайы мақсаттағы барлау топтарының халықаралық «Алтын үкі – 2021» жарысына, сондай-ақ, қыркүйектің 8-25 аралығына белгіленген тылдық және қару-жарақ басқару басқармасы әскер түрлерінің, өңірлік қолбасшылық және әскер тектерінің, материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімдері және бөлімшелерімен материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша арнайы оқу-жаттығуларға, өңірлік қолбасшылық, десанттық-шабуыл әскерлері, зымыран әскерлері мен артиллериялық жауынгерлік басқарма қатысуымен көп сатылы командалық-штабтық оқу-жаттығуға сапалы дайындалу – жаңа 2021 оқу жылындағы оқу кезеңінің негізгі мақсаты.

   Оқу жылының қысқы және жазғы оқу кезеңдерінде жауынгерлік әзірлік бойынша тактикалық-саптық сабақтарды өткізу, сәуірдің 5-17 аралығы мен қазанның 4-16 аралығында әскерлерді бақылау мен қорытынды тексеру, әскери бөлімдердің лауазымды тұлғаларымен курстық (командирлік) дайындық жүргізу, өңірлік қолбасшылықтың басқару органдарымен бірлескен штабтық жаттығуларды, өңірлік қолбасшылықтың әскери бөлімдерімен командалық-штабтық жұмылдыру оқу-жаттығуларын, өңірлік қолбасшылықтың әскери бөлімдерімен екі сатылы командалық-штабтық оқу-жаттығуларды, наурыздың 16-17 аралығындағы 41446 әскери бөлімінің топтық жаттығуын, қыркүйектің 20-25 аралығындағы 27943 әскери бөлімінің бригадалық тактикалық оқу-жаттығуын, өңірлік қолбасшылықтың әскери бөлімдерімен тактикалық-арнайы оқу-жаттығуларын ұйымдасқан түрде өткізу міндеті де тұр. Бұған қоса жауынгерлік және жұмылдыру, жедел, жауынгерлік, сержанттар құрамы, тәрбие және идеологиялық, әскерлер қызметі, мемлекеттік құпияларды қорғау, кадр, байланыс және автоматтандырылған байланыс жүйесі, барлау, әуе шабуылына қарсы қорғаныс, зымыран әскерлері мен артиллерия, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау, инженерлік қамтамасыз ету, техникалық қамтамасыз ету, тылдық қамтамасыз ету, медициналық қамтамасыз ету, қаржылық қызмет жұмыстарына да барынша назар аударылады.



Жауынгерлік әзірліктің деңгейі басты назарда болады

Жаңа оқу жылында жауынгерлік дайындық бойынша жаттығуларға және сабақтарға дайындық пен өткізудің сапасына күш салынады, санына емес. Жауапкершілік те арта түспек. Әскери қызметшілердің жеке категорияларын, әскери бөлімшелерді, бөлімдерді, құрамаларды, штабтарды соғыс қимылына дайындап, тыл органдарын әскерді жабдықтай білуге үйрету – жауынгерлік даярлық емес пе?! Биыл зымыран әскерлері мен артиллерияда негізгі күш-жігерді атыс тапсырмаларын және операцияның (ұрыстың) әртүрлі түрлерінде зымыран соққыларын беру жөніндегі міндеттерді орындау тұрақты дайындыққа бағытталады. Бөлімшелерді күндіз және түнде көрінуі шектеулі жағдайларда міндеттерді орындауға, таулы, таулы-шөлді, қалалық жерде жауынгерлік іс-қимылдар жүргізуге үйретуге мән беріледі. Бөлімдер мен бөлімшелердің даярлығы артиллерияны даярлау курсына, артиллерияны даярлау бағалау жөніндегі нұсқаулыққа, зымыран әскерлерінің даярлығын бағалау жөніндегі нұсқаулыққа, жауынгерлік даярлық бағдарламасына сәйкес ұйымдастырылады. Тактикалық (тактикалық-арнайы) даярлық, атыс және атысты басқару (зымырандық соққыларды басқару), арнайы және техникалық даярлық оқытудың негізгі пәндері болып саналады. Сол себептен де бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігін кенеттен тексеру бөлімшелердің құрамында атысты және зымырандық соққыларды басқару бойынша жаттығулармен аяқталады. Атысты және зымырандық соққыларды басқару бойынша жоспарлы жаттығулар өткізу кезінде бөлімшелердің сабақ өткізілетін орындарға кенеттен шығарылуы да тәжірибеге енгізілмекші. Бұл мақсатта тамыздың 17-і мен қыркүйектің 25-і аралығында артиллерияның лагерлік жиынын, әскери бөлімдер командирлерінің жоспарларына сүйеніп қысқы оқу кезеңінде тұрақты орналасу пунктеріне жақын жерде дивизиондардың 10 күндік далалық жаттығуын өткізу де көзделген.

Жауынгерлікке жақын жағдайда дайындық неғұрлым көп болса, оның деңгейі де соғұрлым артады

Жаңа оқу жылында Семей гарнизонына қарасты 44736 әскери
бөлімінің жеке құрамы бірлескен тактикалық «Достарум – 2021» арнайы оқу-
жаттығуына, «Түлкі аулау-2021» бірлескен тактикалық арнайы оқу-
жаттығуына, арнайы мақсаттағы барлау топтарының халықаралық
«Алтын үкі – 2021» жарысына, ҚР ҚК арнайы операциялар Күштері
компоненттерінің жауынгерлік әзірлігінің жағдайын және белгіленген
уақытта жауынгерлік тапсырманы орындау қабілеттілігін тексеру
мақсатындағы «Алтын жебе – 2021» кешенді тексерісіне, «Әскери-
альпиниада», «Тереңдік-рейд», «Ұшқышсыз ұшу аппаратының есептоптары»,
«Мерген шебі», «Сұңқар аңшылығы» байқауларына қатысады. Өңірлік
қолбасшылықта ең көп додаға түсіп, бағын сынайтын әскери бөлім осы.
Мысалы, бөлімнің әскерилері «Түлкі аулау – 2019» жаттығуында Қытай халық-азаттық армиясының жедел топтарымен бірігіп, жауынгерлікке жақын далалық жағдайда лаңкестікке қарсы дайындық жүргізудің және тәжірибе алмасу арқылы терроризммен күрес жүргізудің кәсіби құзіреттілігін арттырды. Жаттығудың жоспары бойынша еңбек мигранттарының атын жамылып, елдің аумағына енген заңсыз қаруланған топтың диверсиялық күшіне қарсы күрес жүргізді. Арандатушылық әрекетіне тосқауыл қойып, шартты қарсыластың көзін жою жөніндегі біріккен арнайы операцияны қолға алды. Қазақстан мен Қытай құрылымдарына жаттығудың екі кезеңінің әрқайсысының міндеттерін орындауға үш тәуліктен уақыт берілді. Алғашқысында қос тарап әскерилерінің тактикалық жиынтығы жасақталып, басқарма органдары мен құрылымдар жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтірілсе, белгіленген ауданға марш жүзеге асырылған соң біріккен арнайы операцияны іске асыруға дайындалды. Ал, соңғы кезеңде арнайы мақсаттағы құрылымдар барлау-іздестіру қимылдарын түнгі уақытта меңгерді. Армиялық авиация қарулы құраманың базасына шабуыл жасап, ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен әуеден барлау жасалды. Осылайша екі елдің барлау топтары қарсыласты тосқауылға түсірудің әрекетін жетілдірді.
Бөлімнің әскерилері Қазақстан мен Пәкістанның арнайы мақсаттағы құрылымдарының «DOSTARYM-2019» тактикалық арнайы жаттығуында да жауынгерлікке жақын далалық жағдайда тәжірибе алмасу арқылы лаңкестікке қарсы дайындық жүргізді. Далалық жағдайда заңсыз қаруланған құраманы табу, оқшаулау, көзін жою жөніндегі дағдыны жетілдірді. Оқу-жауынгерлік міндеттерді орындауда аралас топтармен тиімді әрекет жасады.
Сонымен қатар ҚР ҚК арнайы операциялар күштері компоненттерінің жауынгерлік әзірлігінің жағдайын және белгіленген уақытта жауынгерлік тапсырманы орындау қабілеттілігін тексеру мақсатындағы «Алтын жебе – 2020» кешенді тексерісінде де барлаушылар белгіленген ауданға маршты жүзеге асыруда жергілікті мекенді бағдарлау қабілеттілігі мен төзімділігін, күндіз және түнде оқу-жаттығу тапсырмаларын орындаудың дәрежесін көрсетті. Жауынгерлік тапсырманы алдын ала білмесе де, көкте де, жерде де міндеттерді ойдағыдай орындады. Жауынгерлік дайындықтың ажырамас бөлшегі саналатын спорттың жаңа әскери-қолданбалы түрі – армиялық тактикалық атыс жаттығуларын пысықтады. Бірегейлігі сол, атыс қаруының және суық қарудың бірнеше түрлерін, қоян-қолтық ұрыс элементтерін бір жаттығуда кешенді қолданды. Сондықтан да болар жаңа оқу жылында барлау бөлімшелеріне дайындықты одан әрі арттыруға барынша күш салу тапсырылып отыр. Өзге мемлекеттердің арнайы операциялар күштерін даярлау тәжірибесін кеңінен пайдалана отырып, барлау-іздестіру (барлау-жауынгерлік) іс-қимылдарын жүргізуге әзірлену, барлау мәліметтері мен ақпараттық материалдарды күнделікті жинауға, өңдеуге, жалпылауға және талдауға ерекше назар аудару, командалық-барлау ақпараттық бөлімінің әскери қарсы барлаудың, ҰҚК шекара қызметі мен ІІМ Ұлттық ұланының күш құрылымдарымен ақпарат алмасу бойынша өзара іс-қимылын ұйымдастыру мен жүйелендіру де жүктелді.
Әсіресе урбандалған елді мекенде, таулы жерде және басқа да қиын жағдайларда жыл мен тәулік уақыттарын ескере отырып, соңғы қарулы қақтығыстардың тәжірибелерін офицерлерді жауынгерлік жоспарлауға үйрету, бағынысты басқару органдарының үйлесімділігін арттыру, штабтардың жедел-тактикалық есептер жүргізу, жедел (жауынгерлік) құжаттарды әзірлеу, әскерлерге (бөлімшелерге) міндеттерді уақытында жеткізу дағдыларын жетілдіру, тактикалық (бригада-батальон-рота және оларға тең) буынның басқармалары мен штабтарының даярлау сапасын арттыру, құрамалар мен бөлімдер басқармаларының офицерлерімен командирлік дайындық бойынша сабақтар өткізуде қазіргі заманғы қарулы шиеленістердің ерекшеліктеріне терең зерделеу міндеті қойылып отыр. Жалпы алғанда офицерлердің, сержанттардың кәсіби білімі мен іскерлігін пысықтау, әскери қызметшілерді экипаждардың, есептоптардың құрамындағы дербес және бірлескен іс-қимылдарға, қару-жарақ кезіндегі шебер іс-қимылдарға, штаттық қару-жарақ пен әскери техниканы сенімді қолдануға даярлау, барлық әскери-есептік мамандықтардың әскери қызметшілерін (мамандарын) жеке оқытуды ұйымдастыру, экипаждардың, есептоптардың, бөлімшелердің, бөлімдердің жауынгерлік дағдысын жетілдіру, қарулы күрестің жаңа құралдарын қолдану, жеке және ұжымдық қарудан оқ ату бойынша әскери қызметшілердің жеке даярлық деңгейін жақсарту жөніндегі мақсаттар анық, бағыттар айқын.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні

2021 оқу жылында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының негізгі күштері жауапкершілік аумағында басқару органдары мен өңірлік қолбасшылық әскерлерінің жауынгерлік әзірлігін, мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейінде ұстауға жұмылдырылады. Ел Президенті – Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы белгілеген басымдықтар, ҚР Қорғаныс министрі мен ҚР ҚК Құрлық әскерлері Бас қолбасшысы қойған тапсырмалар іске асырылады. Өңірлік қолбасшылықтың басқару органдары мен әскерлерінің оқу жылына жоспарланған әзірлік жоспарының іс-шаралары да толық көлемде орындалмақшы.

Алуа СӘКЕНҚЫЗЫ
«ШЫҒЫС» өңірлік қолбасшылығы

Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

ПЗРК: история, виды, перспективы

ПЗРК: история, виды, перспективы

ПТРК "Джавелин" - копье-убийца танков

ПТРК "Джавелин" - копье-убийца танков