Суыққа сыр бермейтін сырбаз

«Сәуір болмай, тәуір болмас». Көптен күткен көктем де келді. Күн ұзарып, жер жібіді. Қала тұрғындары қыстық қалың тондарын, малақайларын сандыққа салып, жұқалтаң киімге көшті. Дегенмен елорданың ауа райы құбылмалы. Жылы температура жылт етіп жылыстай қалса, қара суық еркелетіп жатпайды. Бірде болмаса бірде бойыңды ызғар алып, денеңді дір еткізеді. Ауырып қалмайын десең, амал жоқ, жылырақ киінесің. Бірақ бұған бағынбайтын бір адам бар. Бәлкім, біреу ғана емес шығар.? Дегенмен ол – бітімі бөлек, сирек кездесетін жандардың бірі. Ол – Қайырбек.

Қайырбек – қақаған қыстың қаһарынан қорықпайтын, көктемнің қара суығы мен күздің қоңыр салқынынан қымсынбайтын, ал жаздың қапырық ыстығына қамықпайтын қайсар қазақ. Қалай десеңіз де, ол – жылдың төрт мезгілінде көйлекшең жүретін жігіт. Көйлегінің жеңі қыстың күндерінде де ұзармайды. Тіпті қажет десеңіз, аязды күні ол көйлегін шешіп, мұзды суға да шомыла алады. Егер онымен қақаған қыста жолығып қалсаңыз, «Бұл өзі қандай адам?» деп таңдай қағуыңыз әбден мүмкін. Әрине, оныңыз орынды-ақ. Алайда көкейіңізде бәрібір «қалайша..?» деген сұрақ тұрады. Қалай болғанда да мұндай қасиеттің оған бірден дарымағаны анық қой. Астананың сарышұнақ аязды күндерінің бірінде малақайды басып киіп, үстімізге қалың киімді жапсырып, өңменімізден өткен суық бойымызды қарып, аялдамада тұрған едік, сол кезде қасқайып келе жатқан көйлекшең Қайырбекті көріп, еріксіз бойды тіктеп, ағысқа қарсы жүзіп келе жатқан азаматтың қолын қыса амандасып, жөн сұрастық. Кейіннен онымен сұқбаттасудың сәті түсіп, жоғарыдағы «қалайша..?» деген сұраққа жауап іздеп, жұмбақ жанның сырына қанық болған едік.

Қайырбек – 37 жастағы жігіт ағасы. Университет, магистратура, PHD доктарантураны бітірген білімдар азамат. Жастайынан спортты серік еткен жан. Қазіргі уақытта Астана қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде ғылыми қызметкер. Сұқбат барысында бала күнінен денсаулығы жақсы екенін тілге тиек еткен кейіпкеріміз қазіргі жағдайға қалай жеткені жайлы елордаға көшіп келген кезінен бастап әңгімеледі. Айтуынша, ол Астанаға 2001 жылы Оңтүстік өңірден, яғни жылы аймақтан көшіп келіпті. Содан осы жақтың да ауа райына бой үйретіп, елордалықтардың қатарына қосылған азамат 2006 жылдың жаймашуақ күндерінің бірінде астан уланып қалған екен. Алайда өзі ұсақ-түйек деп қабылдайтын ауруларға бола дәрігерлердің есігін қаға беруді жөн санамайтын жігіт сол кезде ақ халаттылардың алдына бармай, емделмей жүре беріпті. Бірақ денсаулығына деген сол сәл салғырттықтың соңы оның ауруының асқынуына ұласып кетсе керек.

- Үнемі ұйқым қанбай, басым да, көзім де қатты ауырып жүрді. Көзім қызарып, қыши беретін. Компьютерде көп жұмыс істей алмайтын болып қалдым. Ішім ауырмаса да, ас қорыту жүйем бұзылған сияқты көрінді. Әдетте адамдар ауруларының асқына бастағанын жылдар өткеннен кейін ғана сезе бастаушы еді, ал мен сол кезде денсаулығымның төмендей бастағанын айдан айға ауысқан сайын сезіп жүрдім. Мұның бәрі 2006 жылдың жазында басталып, 2007 жылдың аяғында мен өте нашар жағдайда болдым. Көзім, басым, денем – бәрі қатты ауырды. Тіпті мүгедек болуға жақындап қалған едім, - деген Қайырбек, - адамдар көп жағдайда тамақ арқылы түрлі бактерияларды жұтып уланады. Бірақ мұны мен қазіргі уақытта білгенмен, ол кезде бұл жайында бейхабар болғанмын. Содан қатты қиналып кеткен соң көз жанарымның көру қабілетін қалай жақсартуға болатынын зерттеп, түрлі әдістерді іздей бастадым. Бірінші көрген әдісім, ол – көздің микрохирургиясы болды. Бірақ ол әдіс маған ұнамады, қазір де ұнамайды. Менің ойымша, ол – басқа амал болмағандықтан, үміт қалмағандықтан, тек соңғы жағдайда ғана қолданатын әдіс. Тіпті көру қабілетім қатты төмендеп кетсе де, мен ондайға барғым келмеді. Сондықтан басқадай жолдарын іздей бастадым. Сөйтіп, іздей-іздей, бір күні ғаламтордан ресейлік профессор Ждановтың көз гимнастикасы туралы әдістемесін таптым. Интернеттегі бейнероликтер арқылы көрсетілетін дәрістер маған ұнады. Ұнағаны сол, бейнедәрісте барлығы қарапайым тілде түсіндіріледі екен. Атап айтқанда, онда көздің бұлшық еттен тұратыны, көздің көру қабілеті сол бұлшық еттің тонусына байланысты екені жақсы түсіндіріледі. Не себепті көздің кейбір бұлшық еттерінің қатып қалатыны да, оның қатып қалмауы үшін көз гимнастикасын жасап тұру керектігі де айтылады. Сөйтіп, мен аталмыш гимнастиканы сол әдістері бойынша істей бастадым. Мысалы, күніне бірнеше рет көзді оңға, солға, төменге-жоғарыға айналдыру, сол сияқты басқа да жаттығулар бар. Оны сөзбен айтып жеткізу қиын. Соны істеген кезде менде мынандай сәттер болды: сол көзімнің сол жақ шетінен бастап басымның ми қабатының артқы жағына дейін ток жүріп өтті, тура шынтағыңды ұрып алғандағы ток жүріп өтетін сияқты. Сондай ауруды сездім. Шынымды айтсам, сол уақытқа дейін өмірімде бірде-бір рет ондайды сезіп көрмеген болатынмын. Оған қатты таң қалдым. Күтпеген де едім. Мен тіпті осындай жағдаймен адамның ұшырасуы мүмкін деп те ойламаппын. Сол оқиға менің санама иога туралы ой салды. Денем де соны сезіп, маған «Оның бәрі иога» деп құлағыма сыбырлаған сияқты көрінді. Менің өзім емес, ішкі түйсігім сол гимнастиканы иогамен байланыстырып, иогамен айналысуға белгі бергендей болды. Бұған мен тағы да таң қалдым. Біріншіден, мұның иога екеніне, екіншіден, менің өзім емес, маған ішкі түйсігімнің жеткізгеніне. Сондай-ақ бұл маған өте пайдалы болды. Сол кезде мен мұның иога екенін түсінгенім үшін профессор Ждановқа алғысым шексіз. Алайда профессор Жданов бұл гимнастиканың иога екені туралы бірде-бір сөзінде айтпайды. Мұндай жаттығуды көрген соң әр адамның өзіне «маған сау көз ғана керек пе, әлде сау дене керек пе?» деген сұрақты қоятыны белгілі. Алайда кейбір адамдар тек көзін емдеп, көздің гимнастикасын ғана жасап жүре беруі мүмкін. Бірақ бұл денсаулығын жақсартқысы келген адам үшін жеткіліксіз. Сондай сұрақты мен де өзіме қойдым да, иогамен бүкіл денемнің саулығы үшін айналыса бастадым, - дейді.

Иогамен айналысу өзіне қатты ұнағанын тілге тиек еткен Қайырбек бала күнінен спортпен айналысқанын, бірақ спорт пен иоганың айырмашылығы жер мен көктей екенін айтады.

- Әрине, спорттың адам денсаулығы үшін пайдасы мол екені даусыз. Алайда бір ғана спорт емес, спортпен және иогамен қатар айналысатын адамның денсаулығын жақсартудағы әдістері толық деп ойлаймын. Өйткені бұл тұрғыда иоганың өз әдістері бар. Олар спортты толықтырып, күшейтеді. Ал олардың айырмашылығы неде десеңіз, мен айтар едім, айырмашылық медитацияда деп. Спорт түрлерінің басым көпшілігінде медитация жоқтың қасы. Тек кейбірінде ғана бар. Мысалы, мен иогамен айналыса бастағаннан кейін өзіме «адамдар иогаға қалай келеді екен?» деген сұрақты қоя бастадым. Содан кейбір спорт түрлерінің иогаға ұқсайтынын, толығымен ұқсамаса да, кейбір қолданылатын әдістердің ортақ екенін интернеттен көрдім. Мысалы, су түбінде сүңгу спорт түрімен айналысатындар судың астына тыныс алуға арналған аппаратсыз, оттегінсіз, ештеңесіз 50-100 метрге дейін сүңгиді. Ол – өте алыс қашықтықтағы тереңдік. Өйткені, әдетте 5-10 метр тереңдіктен бастап адамда қиындық басталады. Жүзу торсылдағы, дабыл жарғағы шыдамайды. Мысалы, бір танысымның дабыл жарғағы 3 метр тереңдіктің өзіне шыдамай, тесіліп кеткен еді. Бірақ ол қауіпсіздік техникаларын білмеген. Бұл спорт түрінің өзіндік қауіпсіздік техникалары бар. Менің де одан хабарым жоқ. Ал тереңге сүңгитін адамдардың қан қысымын қалайда қалыпта ұстайтын әдістері бар. Оны білген күнде де судың астындағы 5-10 метр тереңдіктен бастап судың қысымы қатты сезіле бастайды. Менің өз басым 5 метр тереңдікке сүңгімесем де, қысымның қандай болатынын елестете аламын. Ал су түбінде сүңгу спорт түрімен айналысатындар болса, 50-100 метр тереңдікке дейін сүңги алады. Ең бастысы олар оттегінсіз осыншама тереңдікке 5-10 минут, дәлірек айтқанда, 8 минуттың ішінде барып келеді. Олар бір орында тұрмайды, үнемі қозғалыста болады. Ал қозғалыс жасаған сайын оларда оттегі жұмсалады. Бірақ ми өте көп оттегін қолданатындықтан, тереңге сүңгитіндер оттегін үнемдеуге тырысады. Үнемдеуді үйренбейінше олар өте тереңге сүңги алмайды. Сөйтіп, олар бірте-бірте миды сөндіріп тастауға машықтанады. Өйткені ми сөндірілсе, оттегіні пайдаланбайды. Миды әртүрлі ойлардан арылту, миды ұйықтатпау, бірақ тыныштандыру, ол – былайша айтқанда, медитация. Кейбір спортшылар медитацияны білгендіктен, иогамен де айналысады. Бұл – спорт пен иоганың басты айырмашылығы, - дейді Қайырбек сөз арасында.

Содан 2008 жылдың қаңтар айынан бастап иогамен айналысқан азамат біраз уақыт жанына батып ауырған көзіне де, басына да, жалпы, бүкіл денесіне де иоганың жақсы көмектескенін айтады. Алайда айтуынша, иога оны толығымен емдемеген көрінеді. Тек қатты ауырғанын басып, көзінің көру қабілетін біраз күшейтсе керек. Дегенмен бұрынғысына қарағанда өз-өзіне келген сыңайлы.

- Негізі ондай қабынуды иога толығымен емдей алмайды, ондайды антибиотикпен немесе шөппен емдейді. Тек иога біраз күш беруі мүмкін. Бірақ ол бактерияны толығымен жоя алмайды. Ал менің қазіргі денсаулығымның формуласы – біріншіден, иога мен спорт болса, екіншіден, антибиотик пен шөптерді қажетінше дұрыс пайдалана білу. Мен үшін өте қызықты болғандықтан, иогамен кітапсыз, дисксіз, жалпы ештеңенің көмегінсіз толығымен өзімнің білгенімше айналыстым. Бала кезімде «Иогамен айналысатындар – бүкіл денелерін меңгерген адамдар» дегенді, яғни бүкіл денесін меңгерген адамдар кез келген бұлшық етін қалағанынша қимылдата алатыны туралы бір кітаптан оқыған едім. Осы ойыма келген соң мен де кез келген бұлшық етімді қозғалтуға әрекет жасадым. Мысалы, құлақтарымды, мұрнымды, қабағымды және басқа да барлық бұлшық еттерімді қимылдата бастадым. Сол сияқты иогада көп нәрсе экспериментке ұқсас болып келеді. Мәселен, адам денесін әртүрлі бағытта қозғай алады. Яғни, иога – гимнастика, медитация арқылы адамның өзін-өзі тану процесі. Сондықтан иогамен айналысатындарды мен «экспериментші» деп атар едім, - деген Қайырбек өз-өзіне қалай эксперимент жасағаны жайлы әңгімеледі. – Мен де эксперимент жасай отырып, содан бірінші қыс жақындағанда «неге денеме суықпен эксперимент жасап көрмеске?» деген ойға келдім. Осылайша, бірінші жылдың ішінде денеме көп эксперимент жасап, арасында қашықтыққа жүгіріп те жаттықтым. Себебі жүгіргенде дене қимылдайды, жүгіру арқылы адам денесін сезе бастайды. Мен денемді сезу керектігімді түсінгендіктен, жүгіріп, денемді шаршатып, әртүрлі қимыл-қозғалыстар жасап, денеме жан-жақты эксперимент жасадым. Тибетте суық температурамен жаттығу жасайтын суық иогасының бар екенін де естіген соң суықпен де денеме эксперимент жасап көруге бекіндім. Алайда оны кезінде Кеңес Одағында «шынығу» деп түсіндірген еді. Бұл ақпарат профессор Ждановтың да дәрістерінде кездеседі. Бірақ адамдардың көпшілігі мұның иогада да бар екенін біле бермейтін сияқты. Бұл – әсіресе, Тибетте бұрыннан қолданылатын әдіс. Осылайша, шынығып, қазіргі уақытта көріп тұрғаныңыздай, мен осылай, көйлекпен, шалбармен жүремін. Алайда қыстың суығында жұқа киіммен жүрудің уақыты әр жыл сайын өзгеріп тұрады. Мысалы, мен қазіргі таңда -20 градус температурада көйлекпен тек 1 сағаттай уақыт қана жүре аламын. Ал -30 градус суыққа шамамен 30-40 минут жүруге қауқарым жетсе, -40 градус аязда шамамен 15-20 минут қана жүруге мүмкіндігім бар. Дегенмен бұл уақыт маған аялдамада тұрып, автобусты күткенге жеткілікті. Бастысы құлақтарымды, мұрнымды, қолдарымның ұштарын үсіріп алмауға тырысамын. Шынымды айтсам, -40 градус аязда 30-40 минут уақытты далада өткізетін болсам, қалай болатынын білмеймін. Бірақ менде ондай жағдай болып көрмеді. Ондай аязды күндері тысқа көп шықпай-ақ қоюға тырысамын.

Иога да, профессор Ждановтың гимнастикасы да өзіне қатты ұнағанын айтқан экспериментші жігітке суық ауа температурасында жұқа киіммен жүру де ұнап қалған екен. Тіпті бұлай жүру бүгінде оның хоббиіне де айналған көрінеді.

- Суықты бағындырып, тоңбау үшін адамдарға көйлек-шалбармен жүру – міндетті емес, спортпен айналысу жеткілікті. Мен ешкімге бұлай жүруді ұсынбаймын да, әсіресе Астананың қысында. Мен үшін бұл – денсаулықты күшейтетін тәжірибе де емес. Бұл – мен үшін тек эксперимент және хобби. Сонымен қатар бұлай жүрудегі мақсатым – жұртшылыққа адамның ниеті болса, қолынан біраз нәрсенің келетінін дәлелдеу еді. Жалпы, мен суықта жейдемен жүруді ең алдымен Францияда бастағанмын. 2008 жылдың күзінен бастап, сол елде жарты жыл тұрған болатынмын. Алайда Париждің қысы бізге қарағанда әлдеқайда жылы ғой. Мысалы, ауа температурасы ол жақта бір-ақ рет -10 градусты көрсеткен еді. Ал суықтағы нағыз шынығуым 2009 жылдың күзінде Астанада басталған-ды. Сол жылы уақытты созбай, осылай жүруді бірден бастап кеттім. Себебі одан бұрынғы дайындығымның арқасында жұқалтаң жүруге қабілетім де жеткілікті болды, денем де соған әбден икемделген болатын, - деген көйлекшең жігіт, - менің ойымша, суықта шынығуды әрбір адам бірден бастамауы керек. Ол өте қауіпті. Олай жүру біраз дайындықты да, біраз тума таланттылықты да, таудай талапты да қажет етеді. Суыққа қарсы тұрудың басты дайындығы, негізінен ол – спорт. Себебі спортпен айналысқан кезде адамның қан айналымы жақсарады. Ал қан айналымыңыз жақсарғанда, ол суыққа төзімділігіңізді де арттырады. Өйткені суық қан айналымды бұзады. Мысалы, саусақтардың үсуі, ауыруы ол қан жүретін тамырлардың қысылып қалуынан болады. Ал егер қан айналымыңыз мықты болса, ол қысатын күшке қарсы әрекет жасайды, - дейді тағы бір сөзінде.

Сонымен қатар ол суық ауа арқылы денсаулығының қаншалықты деңгейде екенін тексере де алатынын, егер -30 градус суықта қиналмай жүрсе, демек өткен жылға қарағанда денсаулығының жақсарғанын, ал егер -30 градуста өз-өзін нашар сезінсе, онда денсаулығының төмендегенін білдіретінін, осылайша мониторинг жасап, денінің саулығына көз жеткізіп бақылап отыратынын айтқан Қайырбек:

- Сыртқы суықтан жылы ғимараттың ішіне кіргенде дене бейімделуден өтеді. Менде ол жағынан ешқандай мәселе жоқ. Ал жаз бен қыс мезгілдері біраз басқашалау. «Қыстың күні ыстықтап жүрсең, жаздың гүні қандай сезімде боласың?» - деп адамдар көп сұрақ қойып жатады маған. Бірақ мен қай мезгілде де ауа температурасын қалыпты қабылдаймын. Қыстың суығына қалай шыдасам, жаздың ыстығына да солай шыдаймын. Жалпы, өзім Оңтүстік өңірдің тумасы болғандықтан, ыстық – мен үшін таңсық емес, - дейді сұқбат соңында.

Соны еңбектің, дамылсыз дайындықтың арқасында талай қысты қалың киімсіз өткізіп, суықты бағындырып келе жатқан қайсар азаматқа алдағы уақытта да бағындырар белестері көп болсын дейміз.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ,

Астана қаласы.


Көшірмеге қайта келу
Тақырып бойынша материалдар:

8 Марта

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"