Күрестен әлем чемпионаты

Күрестен әлем чемпионаты

Қазақ елінде де дүбірлі дода. Еліміздің бас қаласында. Күрестің түрлерінен. Әлемнің палуандары күш сынасады. Отандастарымыз да аса қарап қалмасы анық. «Күш атасын танымас» дегендей. Кімнің бағы жанып, кімнің бабы келісер екен?

Күрес десе...

 

Ішер асын жерге қояр халықпыз. Күш атасы Қажымұқанды, Балуан Шолақтай бабамызды арқаланған елміз. Қазақ күресі – күре тамырымыз. Сан алуан түрін меңгергеніміз. Әсіресе грек-рим, еркін күрестің бәсі биік. Күрестің бұл үш түрі Қазақстанға қырқыншы жылдары (1940 ж.) етене енді. Жеті жылдан соң (1947 жылғы грек-рим күресінен болған бүкілодақтық чемпионат) Қажымұқан атасындай тағы бір еріміз қазақты әлемге мәшһүр қылды. Төрткүл дүниеге бізді танытқан – ол Қайрат Байдосов. Сол кездегі жас балуан Қайрат тұңғыш рет КСРО спорт шебері атанды. Текті қазақтың бағына туған Қажымұқандай алыптың ізбасарлары кейінгі додаларда (Олимпиада ойындары мен әлем біріншілігінде) «әп, бәрекелді!» дегізді. Атап өтер болсақ, Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков, Дәулет Тұрлыханов, Бақтияр Байсейітов, Қанат Байшолақов, Асқар Шайхиев, Мәулен Мамыров, Бақыт Однай, Жолдыбек Қоңыров, Бауыржан Садыханов, Асхат Шахаров, Қоныс Жетпісовтің толайым табыстары тарихта алтын әріппен қалды. Ал Еуропа мен Азияның шыңына ту тіккен Айтжан Шаңғараев, Алмас Мұсабеков, Сәлкен Жартыбаев, Талғат және Жанат Байшолақов, Зекен Шаймерденов, Айбатыр Махмұтов, Самат Рамазанов, Руслан Сейілханов, Ғалымжан Жылкелдиев, Руслан Жұмабеков, Әсет Иманбаев, Марғұлан Әсембеков, Мұрат Қыпшақбаев, Базарбек Донбайлар халық рухын сан мәрте биіктетті. Әлемге әйгілі балуан Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев пен Аманкелді Ғабсаттаровтың балуандығы да бөлек әңгіме. Міне, күрес десе байрақты бәсекелерде топ жарған осындай тарланбоздар еске түседі.

Ал әйелдер күресі дегенде... Бұрындары қазақы ортада той-домалақтарда қарулы әйелдер де бозкілемде белдескен. Жалпақ тілмен айтқанда, қазақ оны «қатын күрес» дейді. Ол кезде даңқты палуан апаларымыз көп болған деседі. Әлемдік деңгейдегі қазақ бапкері Диқанбай Биткөзов осы күрес жайында былай дейді. «Өзге аймақтар жайында айтпай-ақ қояйын, біздің Жаңарқа өңірінде әйелдер ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін күресті. Кеңес Одағы тұсында 1 мамыр және 7 қараша күндері ерекше тойланатынын өздеріңіз жақсы білесіздер. Сол мейрамдарда ерлерден кейін міндетті түрде әйелдер ортаға шығып, бір-бірімен белдесетін. Кейіннен ондай белдесулер өтпейтін болды».
Жиырмасыншы ғасырдың 50-60 жылдары қазақ ауылдарында өтетін бұл күрес кейіннен қайта жанданды. Әлемдік деңгейі де (1989 жылдан бастап ФИЛА әйелдер күресінен әлем чемпионатын өткізіп келеді) өсті. Тіптен Олимпиада ойындарының бағдарламасына (2004 ж.) енді. Бұл додалардан Қазақстан әйелдері қалыс қалмады. Одан олжалы оралғандар да болды. Мысалы, 2007 жылы Бакудегі әлем чемпионатында Ольга Смирнова (күміс), Елена Шалыгина мен Ольга Жанибекова (қола) табысты өнер көрсетті. Араға

жыл салып Бейжің Олимпиадасынан Елена Шалыгина қола медальмен оралды. Сол 2008 жылы Токиодағы әлем чемпионатынан Жұлдыз Әшімова - Туртбаева «күміс» олжалап қайтты. Ал Хернингте (Дания) әйелдер арасындағы күрестен болған әлем чемпионатында Елена Шалыгина үшінші орынға табан тіреді. 2012 жылы Лондон Олимпиадасында Гүзель Манюрова «қоладан» алқа тағынды. Оның әлемдік күресте алар орны ерекше. Ол – Олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегері, әлем чемпионатының күміс медаль иегері, Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионатының төрт дүркін чемпионы. Азия чемпионатында төрт мәрте топ жарып, Азия ойындарының екі дүркін жүлдегері атанды. Осыдан үш жыл бұрын Рио олимпиадасында күміс медаль жеңіп алды. Сондай-ақ Гүзель бойжеткендерге бас бапкер болып жұмыс істеген (Қазақстанның әйелдер күресінен бас бапкері қызметін атқарған) әлемдегі алғашқы бапкер-әйел. Ендігісін біздің елімізде өтетін әлем чемпионатында олжалы әйелдер еселене түсер деген үміт бар.

 

Әлем назары – бізде

 

Иә, 14-ші қыркүйекте күрес түрлерінен әлем чемпионаты басталады. Нұр-Сұлтанның «Барыс Арена» мұз сарайында. Бұл ауқымды спорттық шараға әлем көз тігіп отыр. Өйткені онда Токиодағы Олимпиада ойындарына лицензия ойнатылады. Оған жүзге жуық ел мыңға тарта балуанын баптап, сынға салмақ. Оның үстіне чемпионаттың өз қызығы да бар. Мысалы, еркін күрес өкілдері арасында (ресейлік «Танк» Абдулрашид Садулаев пен америкалық Кайл Снайдер арасындағы) ымырасыз белдесуді күтіп жүргендер көп. Италиялық Франк Чамизо мен американдық палуан Джордан Барроуздың арасындағы айқын қақтығысқа алаңдап жүргендер де бар. Грек-рим күресінің үш дүркін Олимпиада чемпионы, кубалық Михайн Лопезді тағатсыздана күтіп жүргендер де баршылық. Ол да Олимпиада жолдамасынан үмітті. Және де төрт олимпиадалық алтынды жеңіп алған ерлер мен әйелдер арасындағы алғашқы және жалғыз палуан жапондық Каори Ичоға теңесем деген ойы да жоқ емес. Мұнан өзге мейманымыз – UFC ауыр салмақтағы чемпион Дэниель Кормьені көрем деушілердің қарасы көп.

Міне, осындай әлемдік додаға кім-кімнің болсын қызықпасы анық. Жанкүйерлер (7000-дайы билет алған), БАҚ өкілдері (200-ге жуығы тіркелген), спорт саңлақтары біраз қамданған. Ұйымдастырушыларда тыным жоқ. Балуандарымыз да бабында. Дайындықтың соңғы кезеңін (AIBA базасында) өткерген оларға тілекші – халық.

 

Боз кілемде белдеседі

 

Біздікілер бұл жолы күрестің бар түрінен сыналмақ. Еркін күрестен еліміз атынан он еріміз шығады. Олар – Нұрислам Санаев (57 келі), Расул Қалиев (61 келі), Дәулет Ниязбеков (65 келі), Нұрғожа Қайпанов (70 келі), Данияр Қайсанов (74 келі), Ғалымжан Өсербаев (79 келі), Әділет Дәулембаев (86 келі), Нұрғали Нұрғайыпұлы (92 келі), Әлішер Ерғали (97 келі), Олег Болтин (125 келі).

Ал грек-рим күресінен 55 келіде Қорлан Жақанша, 60 келіде Мейрамбек Айнағұлов/Айдос Сұлтанғали, 63 келіде Алмат Кебіспаев, 67 келіде Мейіржан Шермаханбет, 72 келіде Демеу Жадыраев, 77 келіде Асхат Ділмұхамедов, 82 келіде Мирас Баршылықов/Мақсат Ережепов, 87 келіде Азамат Күстібаев, 97 келіде Ерұлан Ысқақов, 130 келіде Дамир Күзембаев ел намысын қорғайды.

Әйелдеріміздің де құрамы белгілі. Қазақстан атынан Валентина Исламова, Марина Седнева, Эмма Тисина, Мадина Бақбергенова, Аяулым Қасымова, Айна Теміртасова, Ирина Казюлина, Жәмила Бақбергенова, Эльмира Сыздықовалар шықпақ.
Ұлттық құраманың ақтық құрамы – осы. Байқасақ, кейбір салмақта екі үміткерден. Қайсының тасы өрге домалайтыны беймәлім. Оған сіз бен біз куә болатын күн де жақын.

 

Мықтылығын кім көрсетер?

Балуандарымыз белдескенде беріспесі анық. Бәрі кіл мықты. Солардың ішінде «өзімізден» шыққандарға артар үміт көп. Армия орталық спорт клубының да алаңдауы бекерден емес. Үкілеп қосып отырған біраз спортшылары бар. Соларға тоқталалық.

Еркін күрестен 86 келіде күш сынасатын Әділет Дәуленбаев. Жамбыл облысының Құлан ауылының тумасы жасөспірім кезінен күреспен айналысқан. Спортты серік етуіне сеп болған әкесі. Ағасының да     айналысатыны осы спорт. Үш дүркін Олимпиада чемпионы және алты дүркін әлем чемпионы Бувайсар Сайтиевті пір тұтады. Сол спортшы тәрізді әлемге есімін әйгілегісі келеді. Қазір қоржынында қола да, күміс те бар. «Асығы алшысынан түссе»... Кіші сержантты Токио төрінен көріп қаларымыз мүмкін.

Былтыр Бішкекте өткен Азия чемпионатында қарсыластарын қоғадай жапырып, Азияның үш дүркін чемпионы атанған Дәулет Ниязбековке сеніміміз басым. Ол да әскери спортшы. Тәжірибесі көп. Әлемдік рейтингте көшбасшы. Осы сында 65 келі салмақта белдеседі. Ел қоржынына «алтын» салатынына үміттіміз.

Грек-рим күресінен 77 келі салмақ дәрежесінде спортшы ефрейтор Асхат Ділмұхамедов грек-рим күресінен сынға түседі. Үш мәрте (2011 және 2016, 2018 жылдары) Қазақстанның чемпионы таяуда тағы да (Болат Тұрлыхановтың турнирі) жеңіске жетті. Осы жетістіктерін ел додасында қайталағысы келеді. «Негізінен, өзімді жақсы сезінемін. Барлығын турнирлерде сезіндім. Германиядағы турнирде қола жүлде алдым. Әлемде «алтын» алуға мүмкіндігім бар деп қорықпай айта аламын. Мен осыған көп жылдар бойы келдім, үлкен тәжірибем бар» дейді ол.

Арманы – Олимпиадаға қатысу. Ең бастысы елордадағы сыннан өтсем дейді.

Аға буыннын жеңісін қайталағысы келеді. Оған әуелеті жетеді. Жасына қарамастан күші мықты.

«Меніңше, бойыңда күш барда күресе беру керек. Жаттығу мен тамақтану режимім дұрыс. Әлі де шамам бар. Не үшін күреспеске? Өмір адамға бір рет беріледі, сондықтан, оны мейілінше мүмкіндігіңді пайдалану қажет. Елімнің атын шығарғым келеді. Біз өзіміз үшін емес, ел үшін, халық үшін кілемге шығамыз. Қазақтың туы президент келгенде және спортшыға жеңіс тұғырында тұрғанда ғана көтеріледі. Қолымнан келгенше жанкүйер мерейін асыруға тырысамын. Біздің спорттан әлем чемпионының шықпағанына көп болды. Ағаларымыздың жарқын жеңісін жалғастырсам деген тілегім бар» дейді ефрейтор.

82 келідегі Мақсат Ережепов те әлем чемпионатында бақ сынап, елімізге көптен күткен алтын медальді сыйлауды армандайды.

«Ел спартакиадасына жеңіске жетсем деген ой ғана болды. Балуан үшін басқа қандай мақсат болуы мүмкін? Финалдық кездесу мен ойлағандай оңай болған жоқ. Қиын соқты. Қарсыласым жақсы дайындықпен келген. Оны мерзімінен бұрын жеңемін деп ойлағам. Бірақ бұл ойым жүзеге аспады. Тіпті, белдесу барысында оған екі ұпай сыйлап жібердім. Айқын басымдықпен ұтатыныма сенімді болған ем. Дегенмен, ең бастысы – чемпион атандым. Ендігі бар күшімді әлем чемпионатына саламын», - дейді Ережепов. 

Армиялық спортшы Айдос Сұлтанғали болса 60 келідегі балуандармен белдеседі. Талай турнирлерде топ жарып жүрген оған жерлестері де, бапкерлері де тәнті. Былтыр Стамбулда грек-рим күресінен Вехби Эмре атындағы халықаралық турнирде жеңімпаз атанып баршамызды қуантқаны бар. Шешуші тартыста Молдованың палуаны Виктор Киобануды ұтып, алтын медальді жеңіп алды. Бұған дейін Венгриядан қола жүлдемен оралған. Ол 2015 жылы жасөспірімдер, 2016 жылы жастар арасындағы Азия чемпионы, 2017 жылы жабық кешендегі Азия ойындарының жеңімпазы болды. Сыр өңірінің дарынды балуаны десек болады. Ақ батамен алысты шарлап жүрген ол әкесін «асқар тауым» дейді.

«Ер баланың өмірдегі идеалы – әкесі. Әкеге қарап еліктеп, тәрбиесін алып өстік. Оның сөзі қай кезде де заң көрінеді бізге. Алғашқыда әкем мені каратэге бергісі келді. Неге екенін сұраған жоқпын. Бірақ бала кезімізде достарым грек-рим күресіне баратын. Әлбетте, олар мені өздері айналысатын спортқа шақырды. Достарыммен бірге болуды көңілім қалағанымен, әке сөзінен аттап кетуге болмайды. Үйге келіп сол жағдайды баяндадым. Әкем де көп ойланбады. Бірақ, маған қоятын шарты бар еді: «Балам, егер шынында осы спорт түріне барамын деп шешсең, қарсылығым жоқ. Оны жарты жолдан тастап кетпей, белгілі бір жетістіктік жете аламын десең, рұқсатымды бердім», деді. Осыдан кейін менің әлсіздік танытуға құқым жоқ екенін түсіндім. Уақыт өте келе достарым бағыттарын өзгертті. Ал мен әлі де спорттамын» дейді ол.

Айдос – отбасындағы жалғыз ер бала. Оның үстіне кенжесі. Ерекше пейіл мен ақ бата оны қашанда биіктетіп жүреді. Бұл жолы да балуанның абыройы асқақтайды деген ойдамыз.

АОСК бұлардан өзге екі әскери спортшыға сенім артып отыр. Бірі – шілде айында Минскіде өткен грек-рим күресінен халықаралық турнирде «қола» иемденген Данияр Қаленов. Ал 130 келіде сынға түсетін Дамирдің қарым-қабілеті көпке аян. Талай мықтылығын байқатқан.

Дамир Күзембаев осы күні грек-рим күресінен аса ауыр салмақта Нұрмахан Тінәлиевтың нағыз ізбасары саналып жүр. Бірінші бапкері – Акмалбек Түсіпбеков. Таэквондомен де шұғылданған. Грек-рим күресін 14 жасында таңдаған. Туып-өскен жері – Қапшағай қаласы. 

«Грек-рим күресі бұрын француз күресі аталған. Ол кезде Қажымұқан бабамыз әлемде үздік балуанның бірі болды. Мен де ең алдымен даңқты атамызды үлгі тұтамын», дейді ол. Сомбілекті Дамирге атасының жолы бұйырсын дейміз.

P.S. Иә, ертең елордада көп күтіп жүрген нағыз дода басталады. Ол бір аптаға жалғасады. Жүрегі түкті, білегі күштілер сыннан сүрінбесе екен дейміз. Олай болса, олжамыз көп болсын деген тілекте болайық!

 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи