«Ұлымды 11 жасына дейін арқалап жүрдім...»

27943 әскери бөлімінің маман-телеграфисі ефрейтор Майгүл Қайсарханова өмірінің саналы кезеңін баласы Диасқа арнады. Әскердегі әріптестеріне үлгі бола жүріп, туа біте церебральды сал ауруына шалдыққан сәбиін аяғынан тік тұрғызу үшін басын тауға да, тасқа да соқты. Тағдырдың талай тауқіметін тартты. Қиындыққа қасқайып қарсы тұрып, барлық ауыртпашылықты мойымай көтерді. Ұлының болашағы жігерін ширатты.

–       Қазақ – ықылым заманнан баланың құрсаққа біткенінен бастап, ат жалын тартып мінер азамат болғанға дейін бала тәрбиесіне бар күш-жігерін салған халық. Осыдан 20 жыл бұрын сіз үшін нәрестеңіздің шыр етіп дүние есігін ашқанынан маңызды ештеңе болмады ғой?   

–Көптен күткен перзентіміз Диас 1999 жылы 23 шілдеде сегіз айлығында кесерово тілігі арқылы ауыр халде дүниеге келді. Өздігінен дем ала алмай, бір ай бойы жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. «Бас миының ұсақ қан тамырлары қатты қысымнан жарылып кеткен, бас миының кистасы да бар. Балаңыздың денсаулығы мүшкіл, адам болмайды» деді дәрігерлер. Жүрегі тастан жаратылған жан болмаса, қандай ана ішінен шыққан перзентін өлімге қияды?

–       Дәрігерлердің болжамына қарамастан Диастың тілі ерте шықты дедіңіз бе?

–Иә. Диас өлең-тақпақтарды да тез жаттап алатын зерек болып өсті. Мойнын дұрыс ұстай алмағанда арқасы бар орындыққа байлап отырғызатынмын. Көз жанарлары да жоғары қарап, тоқтамады. Оң жақ қолы мен екі аяғы мүлдем қимылсыз жатты. Кейін оң аяғы артқа қарай қайырылып, сол аяғының ұшы ғана жерге тиді. Шабының арасы мүлдем ашылмады. Балам тек 4 жасында арнайы бала бақшаға барды. Еліміздің барлық оңалту орталықтарында болып, сан түрлі ем қабылдады. Тоғыз жасында он төрт жері пышаққа түсіп, Новосібірде профессор В.Б.Ульзибаттың әдістемесімен екі аяғына, оң жақ қолына, мойны мен екі көзіне ота жасалды. Жиған-терген қаражатымды салып, ота ақылы болғандықтан алты жылға несие де алдым.

–       Майгүл, әйел қауымы жаратылысынан тұрмыс-тіршіліктің ауыртпашылықтарын жеңуге бейім болып қалыптасса керек. Перзентіңізді аяғынан тұрғызамын деп жанұшырып жүргенде алға басқан аяғыңызды кері кетірген жәйттар болды ма?

–Мүгедек арбасының кезегі келіп, комиссияға 7 жасар Диасымды арқалап келдім. «Кезегі келген келесі балаға бере беріңіздер, мүгедек арбасынан бас тартатыным туралы арыз жазамын» дегенде, комиссия мүшесінің: «Сенің есің дұрыс па? Балаң мына өсімдік секілді өсе береді, бірақ жүрмейді. Сол кезде қалай көтересің?» деп бұрышта өсіп тұрған гүлді көрсеткені әлі есімде. Баламды арқаға салып, жүрегім қан жылап қайтқанда іштегі сенімділіктің жоғары болғаны ерік-жігерімді күшейтті.

–       Демек Диасты өз бетімен жүргенге дейін арқалап жүрдіңіз?

–Алғашқыда Диас жүруге талпынған бүлдіршіндердің арбасына отырып, кейін қабырғаны жағалап жүрді. Көздерінің жанары түзеліп, мойнын да ұстады. Бағындырған белесіміз сол, 11 жасында өз бетімен жүре бастады. Сол уақытқа дейін баламды арқалап жүрдім.

–       Сіздің күрес пен арпалысқа толы күндеріңіз бен түндеріңізді осы жолдан өткен адам ғана жақсы түсінеді. Мамандығыңыздың психолог болғаны да көп көмектескен шығар?

–Сөз жоқ. Балам дүниеге келген күннен бастап өз-өзімді мықты болуға, әрі еш уақытта мойымауға тәрбиеледім. «Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмысты неден бастау керек?» деген сауалға жауап іздеп, ғылыми жазбаларды көп оқыдым, іздендім. Көрнекті поляк педагогы, жазушы, дәрігер, қоғам қайраткері Януш Корчактың «Осындай балалармен жұмыс жасау үшін мықты бір жол нұсқаушы керек. Ал ол –тек анасы ғана бола алады» деген қанатты сөзі өмірлік қағидама айналды. Балама жеке тұлға ретінде қарап, үлгі, жол көрсетуші, жақсы да сенімді дос болуға тырыстым. «Біз бәрін де жеңе аламыз! Өйткені біз мықтымыз!» деген ұран балам екеуімізді үнемі алға жетеледі.   

–       Талай жылғы еңбектің тері ақталды ғой...

–Диасым Өскемен қаласындағы «Мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдайтын «Ақ тай» қоры» қоғамдық бірлестігіне 2012 жылдан бері барып, иппотерапиялық ем қабылдайды. Сол уақыттан бері ат спортынан ұйымдастырылған барлық жарыстарға белсенді түрде қатысып келеді. 2014 жылы ол Мәскеуде Д.Хоппери атындағы кубокты сарапқа салған жарыста кәнігі спортшылармен бәсекеге түсіп, алтын медальді қанжығасына байлады. Соның нәтижесінде 2015 жылы АҚШ-ның Лос-Анжелес қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балалар арасында ат спортынан өткен XIV дүниежүзілік жазғы арнайы олимпиадаға жолдама алды. Жеті мыңға жуық адам қатысқан бұл сайыста ат спортының үш түрінен жоғары деңгейде (1 алтын, 1 күміс, 1 қола) өнер көрсетті. 2016 жылдың желтоқсан айында Мәскеуде Д.Хоппери атындағы кубокты сарапқа салған ат спорты жарысында «Параолимпиадалық шабу» бағдарламасын үздік орындағаны үшін тағы алтын медальді ұтты. Қырғызстанда өткен Азия чемпионатында күміс пен қоланы еншіледі. 2017 жылы тамыз айында Қазақстан Республикасының ат спортынан өткен тұңғыш ашық турнирінде жарыстың үш түрінде озық шықты. Үш алтын медальді, сондай-ақ, 2020 жылы Токио қаласында өтетін дүниежүзілік параолимпиадаға жолдама мен бас кубокты жеңіп алды. Әлем чемпионы атанып, ат спортынан дүниежүзілік олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақстандық ретінде тарихта қалды. Жалпы ат спортынан Диастың 18 медалі мен бірнеше кубогы бар.

–       Армреслингтен ше?

–Армреслингпен 2015 жылдан бастап айналысады. Ол – 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Азия чемпионатының күміс жүлдегері және Қазақстан Республикасының чемпионы. Қоржынында үш алтын, екі күміс және бір қола бар. Шығыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт саласына қосқан елеулі еңбегі үшін талай мәрте марапатталды.

–       Фортепиано мамандығы бойынша саз мектебінің бес курсын үздік аяқтады емес пе?

–Ол рас. Диас – республикалық «Жұлдыз-ай» байқауының да жеңімпазы. Әсіресе «Алға, қазақ жігіттері!», «Қазақстан» секілді патриоттық әндерді орындағанды жаны сүйеді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған президенттік оқулар сайысына белсене қатысқаны үшін алғыс та алды. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» республикалық жобасына да қатысты. Параолимпиадашымыз – Өскемен қаласы қызмет көрсету колледжінің 2-ші курс студенті.

–       Жалпы қазақ әйелі – отбасының ұйытқысы ғана емес, оң өзгерістерді белсенді іске асырушылар және жарқын жетістіктердің негізін қалаушылар. Аналарды ұлықтайтын мереке қарсаңында ақ тілегіңізді білдірсеңіз.

–Ең алдымен мол шапағаты тиген әскери бөлімімнің білікті басшыларына, «геофизик» байланыс торабының жеке құрамына, сондай-ақ, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі қызмет жетекшілеріне аналық ақ жүрегіммен айтар алғысым шексіз. Алла бақыттарыңызды ұзағынан сүйіндіріп, бауыр еттеріңіз балапандарыңыздың қызығын көре беріңіздер! Үміттеріңіз ақтала берсін!

 

 

Алуа ИСКАКОВА

«ШЫҒЫС» өңірлік қолбасшылығы

 

 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента