Тарихымызда Сағадат ағаның орны ерекше

Өткен Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында Кубань өңірінен герман фашизмінің апаны - Берлинге дейінгі отқа оранған майдан жолдарынан жүріп өтіп, ойранын көрген Кеңес Одағының Батыры, №1 Халық қаһарманы, Тәуелсіз еліміздің  тұңғыш Қорғаныс министрі, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің ерлігі, жанқиярлық еңбегінің үлесі, өмірлік тәжірибесі, сабырлығы  айтарлықтай өлшеусіз. Жас мемлекетіміздің Қарулы Күштерін кəсіби  тұрғыдан бəсекеге лайық сапаға бейімдеді. Сөйтіп, өзінің дара тұлға, дарынды қолбасшы екендігін бейбіт өмірде де елімізге көрсетіп, ұрпақтар ұмытпайтын ұлағатты іс атқарды. Бір сөзбен, Сағадат ағаның орны тарихымызда ерекше.

Төл әскеріміздің іргетасы ақ парақтан басталған  

Қазақта: «Өткенді еске түсірмесең, бүгінді түсіне алмайсың» деп халық тегін айтпаған. Кімде-кім болсын өзінің туған жерін, тай-құлындай тебісіп өскен өңірін, сондай-ақ елінің тарихын ұмытпай, өткен күндерді еске алады. Осының бәрі де ерекше қымбат, түн ортасында оянсаң да есіңде болады.

Мен де кешегі, әсіресе, еліміздің Қарулы Күштері қалай келгенін, қалай болғанын, қанша жыл өтсе де егемен еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің, басқа да басшылардың, әріптестерімнің тиянақты істеген еңбектерін жүрегімде сақтаудамын.

Уақыт, шіркін, неткен ұшқыр! Бәрімізге мәлім, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне, яғни, өткен жылы 16 желтоқсанда 30 жылға толғанын, ал 2022 жылы еліміздің Қарулы Күштері 30 жылдығын атап өтетіні. Осыдан 30 жыл бұрын, бұлай айтқанда, 1992 жылы 7 мамырда еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына сай дербес әскеріміз құрылды.

Егемен Қазақстан құрылған сәттен бастап ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекеттің басты басымдығы болып табылды. Оның маңызды алғышарты әскери қауіпсіздік, ал ол өз кезегінде Қарулы Күштерді құрмайынша және қалыптастырмайынша мүмкін емес, деп атап көрсетіп еді сол кездегі ел Президенті. Ол кезең күрделі еді. Кеңес Одағының тарауына байланысты біртұтас қорғаныс кеңістігін күйрету, армияны ұлттық сипаттары бойынша бөлшектеу тенденциясы байқалды. Ол армияның жеке құрамының әлеуметтік-психологиялық жағдайына ғана емес, сонымен бірге оның жауынгерлік даярлығына да кері әсер етті. Міне, осындай жағдайда жаңа тәуелсіз мемлекеттер өз армияларын құруға кірісті. Айтып кеткен жөн, біздің ел ең соңында өзінің Қарулы Күштерін құру жөнінде Жарлық шығарды.

Шынында да әскеріміз құрылмай тұрып, сол жылдары Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Ардагерлер мен әскери қызметшілер істері жөнін­дегі комитеттің төрағасы міндетін атқарып жүрген кезінде, Нұрмағамбетовтің істеген еңбегі орасан. «Жақсылықтың құны өлшеусіз» - деп тегін айтылмайды ғой, бұдан басқа да сарбаздар мен ата-аналардың өтініштерін қарау жөніндегі арнайы комиссияның төрағасы ретінде көптеген жұмыстар атқарды. Бұл жөнінде біреу біледі, біреу білмейді. Әсіресе, Мәскеуде 1991 жылы Тамыз оқиғасы орын алған кезде Орталықтан басқарылатын Қарулы Күштер қатарында болғандықтан бар салмақ әскери мамандарға түсті. Сағадат Қожахметұлы республика басшылығы тарапынан 40-шы армия басшылығы арқылы әскер қатарындағы жағдайды талдауға тапсырма алды. Қолда бар мүмкіндігін пайдаланып, армия қатарында еш өзгеріс жоқтығын, барлығы да жоспарланған оқу-әскери міндеттерді орындау бойынша қалыпты жағдай орнатылғандығын, рұқсат етілмеген митингілердің болғандығы жайлы тіркелмегендігін анықтады. Бірақ армия басшылығынан барлық бөлімдер мен құрылымдарды толықтай әскери дайындықта ұстап тұруға нұсқау алды.

Сағадат ағаның еске алуынша, бұған дейін, сол кездегі кеңестік әскери билік Қазақстанды және тағы басқа одақтас республи­каларды Мәскеуге бағындыра отырып, әскери округтер құруды ұсын­ды. Ол округтер өз құрамына бірнеше республиканы қамтуы тиіс болды. КСРО Қорғаныс министрлігі және егемен республикалардың арасында келісімшарттар жасалады деп жос­парланды. Жоспар талқыланған кезде сөз алған Сағадат Нұрмағамбетов Қазақстан басшылығының позициясын баяндап, КСРО Қорғаныс министрінің баян­дамасының тезистерімен келіспейтіндігін айтты.

Кеңес Одағы толығымен күйреген соң, одақтас республика басшылары армия құруды өз беттерінше жүргізетінін, ұлттық аумақтан өзге жерлерге өз жастарын жібермеу туралы шешімдер қабылдайтындығын айтты. Армияға қажетті реформаны басқаша жолмен жүргізуді Қазақстан атынан ұсынды. Аумалы-төкпелі кезеңде Қарулы Күштерді қысқартуға ұшыратпай, офицер мамандарды сақтап қалуды, мемлекеттік әскери базалардағы (арсеналдардағы, қоймалардағы) түрлі қолданыстағы техникалар мен әскери іс-әрекет жасауға қажетті құралдарды дұрыс игере білу, қоғам игілігіне айналуы тиіс мол байлықты өркениетті түрде тарату, бөлу, иесіздік пен талан-таражға салынып кетпеуін қадағалау жөнінде мәселе көтерді.   

Қорғаныс мәселелерінің күрмеулі түйіндерін шешуге арналған жиналыстар, мәжілістер, кеңестер бірнеше мәрте одақтық, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері басшыларының қатысуымен өткізілді. Елбасы тәуелсіздікті, аумақтық тұтастықты, республиканың қорғаныс және өмірлік маңызды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында 1991 жылы «Қазақ КСР Мемлекеттік Қорғаныс комитетін құру туралы» Жарлығын жариялады. Жарлықты жүзеге асыру мақсатында Министрлер кабинеті аталған мекеменің мемлекеттік орган ретінде республиканың әскери инфрақұрылымын басқару құқығына иелігін айқындайтын арнайы қаулы қабылдады. Екі ай мерзім ішінде Комитет жұмысы туралы ереже қабылдау тапсырылды. Желтоқсан айының ортасында, комитет төрағасы болып Сағадат Нұрмағамбетов және комитет мүшелері тағайындалды.

 

Қорғаныс саласының тізгінін мықты ұстаған

Ел атынан қорғаныс мәселелері бойынша одақтық деңгейдегі талқылауларға Сағдат Қожахметұлы қатысатын болды. Мәселен, Нұрмағамбетов 1992 жылы сәуір айында Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ресей президентінің кеңесшісі Геннадий Бурбулиспен кездескенін еске алып, келіссөздер жүргізуі оңай болмағанын маған берген сұхбатында айтып еді. Сөзінің басында Бурбулис Ресейдің бүкіл республикаларды асырауға шамасы жоқтығын айтып, әр ел өз бетінше өмір сүруіне кеңес берген екен. Ресейді бәрін, соның ішінде бөгде аймақтардағы әскерлерді де асырап-сақтау тойдырып бітті,- деп президенттің кеңесшісі, тым деректі тіл қатыпты.

Ал, Нұрмағамбетов болса: «Біз ешкімге тимейміз, тигенге бас имейміз» демекші, оған қарсылыс білдірген екен.

– Қазақстан жылына 15-16 млн. тонна нан өндіреді, - дедім. - Оның тек 2-3 миллнонын ғана өзіне алып қалады. Қалған астықтың барлығы ортақ қазанға құйылады. Республика Орталық Азия, Түркістан, Орал, Сібір әскери округтерін етпен қамтамасыз етеді және кімнің кімді асырап отырғандығын әлде де анықтау керек.

Геннадий Эдуардович мұндай жауапты күтпесе керек, өз пікірін шұғыл өзгертіп, кешірім сұрағандай болыпты:

– Мен Қазақстанды айтып отырғаным жоқ. Онымен біз ерекше қарым-қатынастамыз. Бірақ біз мамырдың басында өз армиямызды – Ресей армиясын құрамыз. Ал сіздер өздеріңіз біліңіздер, - деп жауап қайтарып, ол ат-тонын ала қашыпты.

Сағадат аға Ресейлік әріптестерімен болған келіссөздер нәтижесін баяндаған соң, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ресей президентінің Ресей армиясын құру туралы Жарлығы жарыққа шыққаннан кейін біз де өз Қарулы Күштеріміз туралы Жарлық шығарамыз» деген шешім жасады. Көршілес елдің аталған ресми құжаты жарияланған соң, Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойды.

Тәуелсіз еліміздің құрыш қалқанына айналған төл әскері өткен жылдары талай белестерден өтіп, бағындырды.

Жас мемлекетімізді қалыптастыруға Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың қосқан үлесі өлшеусіз. Десе де, Қарулы Күштеріміздің бүгінгі таңда жеткен биігі Сағадат ағаның есімімен тікелей байланысты. Оның орны тарихымызда ерекше. Себебі, бәрін де ақ тарақтан, бұлай айтқанда, тақыр жерден бастаған болатын. Алғашқы күннен бастап, қандай қиыншылықтар болса да, Сағадат аға білекті сыбана іске кірісіп, Қорғаныс саласының тізгінін нығыз ұстады, үлкен дәрежеге жеткізді.

Нұрмағамбетов әскердің жүйелі қалыптасуына, кейінгі дамуына алғышартта жасаған Заңдардың жобалары, қажетті құжаттар дайындалды. Қазақстан Республикасының бірінші әскери доктринасы 1993 жылы 11 ақпанда Елбасы бекіткеннен кейін күшіне енді. Сол кезден бастап армиямыздың іргетасы қалана бастады.

Президенттің Жарлығымен Қарулы Күштер түрлерінің байрақтары, әскери бөлімдердің жауынгерлік тулары мен әскеріміздің рәміздері бекітілді. Әскердің тектері, құрылымы, округтердің орналасу мекені, кадрлармен жасақтау, оларды оқыту және тәрбиелеу, қару-жарақпен, жаңа әскери жабдықтармен жарақтандыру, мемлекетаралық әскери қатынастар орнату бәрі-бәрі жаңа сала еді.

Қорғаныс минстрлігінің, Бас штабтың басшылары әскерлерді басқарумен бірге жауынгерлікті жөнге келтіру, атқарушы билік органдарымен және қуатты ведомстволармен қарым-қатынасын қамтамасыз ету, қаржылық, тылдық және материалдық қамтамасыз етуді ұйымдастыруды қолға алды. Алғашқы болып Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы, Әскери-теңіз күштері құрылды. Кадр мәселесі бойынша да нақты кешенді әрекеттер жасалды. Запастағы офицерлерді сапқа тұрғызу, кешегі сарбаздар қатарынан қабілетті жастарды іріктеп алып, қысқа мерзімді курстарға жіберіп оқытты. Әскери білім беру жүйесі қайта жанданды. Бұл салада кейінгі жылдары жемісін берген тың қадамдардың бастауы сол жылдары жасалған еді.         

Жоғарғы Бас қолбасшының қатысуымен Қарулы Күштерінің бөлімдерінде алғашқы жаттығулар өтті. Бір сөзбен айтқанда, өзгерген жағдайға байланысты жаңа Қарулы Күштердің мақсаты мен міндеттері оны шешудің жолдары белгіленген нормативті-құқықтық база жасалды.

«Айтылмаса, сөздің атасы өледі»

Иә, әскеріміз бүгінгі келбетіне оңайлықпен келген жоқ.

Кеңес Одағы ыдыраған тұста қай саланы алсаң да шешілмеген мәселелер көп еді. Бұл ретте әскердің жағдайы тіпті ауыр болатын.

Менің сұхбатымда Армия генералы С.Нұрмағамбетов бұлай деген еді: «Армия құру барысында Кеңес Одағынан бізге қалған ядролық стратегиялық қару мен қуатты күштерін тез уақытта шешу керек болды. Неге десеңіздер, бейнелеп айтсам, жеріміз жарылысқа жақын тұрған апат аймағына айналды. Міне, осының бәрі абайсыз әрекет бола қалған жағдайда Чернобыль атом электр стансасындағы сұмдық аппаттан кем соқпауы мүмкін еді. Сонымен бірге елімізде көп жылдан бері Орта Азия әскері округінің 200 мыңнан асатын әскері тобы және техникасы қалған еді. Сондай-ақ Ауғанстан жерінен, Шығыс Еуропа елдерінен шығарылған әскерлердің қару-жарағы мен әскери техникасы еліміздің топырағына топтастырылған еді. Оған ие болып, бір жөнге келтіру да оңай шаруа емес еді. Өте күрделі мәселе – кадр мәселесі де болатын. Нақтырақ айтқанда – оның тапшылығы. Жасыратыны жоқ, айбынды Кеңес армиясын өз бетімен тастап кеткен сарбаздардың саны жүздеп, мыңдап саналды. Қазақстан жерінде шоғырланған бөлімдердегі көрініс те солай болған. Сол сарбаздарға бас-көз болатын офицерлік құрамның жай-күйі тіпті аянышты болды. Көпшілігі тарихи отандарына ағылып жатты, арнайы білімі бар қандастарымыз жетіспеді. Сондай қиын кезеңде Сағадат Қожахметұлының мол əскери білімі мен тəжірибесі еліміздің тəуелсіздік алған алғашқы жылдарында Қарулы Күштерін құруға, сондай-ақ жаңа заңды құжаттарын, алғашқы қорғаныс доктринасын қалыптастырып, күрделі саланың негізін қалап, жүзеге асыруда айрықша қызмет етті.

«Тәуелсіздіктің туын биік желбіретіңдер...»

Батыр ағамыздың өмірден өткеніне көп жылдар өтсе де, ұрпақтары естен шығармайды.

Еліміздің қаһарманы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов алдына айқын мақсат қоя алатын жандардың санатынан екенін бұрынғы Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, Армия генералы Мұхтар Алтынбаев айтқан еді.

«Елбасы Жарлығымен тәуелсіз Қазақстан Республикасының алғашқы Қорғаныс министрі болып тағайындалуында да үлкен мән бар, - деген болатын Мұхтар Қапашұлы. Өйткені, оның өмірлік мол тәжірибесі әскери қайраткерлігімен ұштасып жатқан-тын. Сағадат ағамыз бүкіл өмірін əскери-патриоттық еңбек пен Отанын сүйіп, қорғай алатын ұрпақ тəрбиесіне арнады. Өз заманындағы əскери лауазымның биік дəрежесіне жетті.

Сағадат Нұрмағамбетов – тәуелсіз ел әскерінің іргетасын қалағандардың бірі. Тұңғыш Елбасы – бұрнағы Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Бас қолбасшымен бірге тәуелсіз елдің әскерін құрысуға көп еңбек сіңірді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі кезеңде әскери мамандар жетіспей жатты. Міне, сол шақтан бастап көптеген жас офицерлерді әскери машыққа баулу жолында көп тер төкті. Солардың арасында генерал атанғандары да қаншама.

Сағадат аға жастарға ғана емес, аға буын – біздерге де үлгі-өнеге бола білді...»

Кезінде менің сұхбатыма əскери ғылымдар докторы, полковник Ким Серікбаев бұлай деген еді:

«Сағадат ағамыздың өмірі тек айтарлықтай, мінезі – өте байсалды, ұстамды, əр сөзін ойлап сөйлейтін ақылмандығы болатын. Халқының алдында аса абыройлы еді.   

Жиырмадан жаңа асқан кезінде Отанын қорғау жолындағы қан майданда Нұрмағамбетов батырлығымен жеңіске жетуге атсалысты. Бір сөзбен айтқанда, 1945 жылы 27 ақпанда Польша жерінде жау қорғанысын бұзып өту кезіндегі жауынгерлік тапсырманы ержүректілікпен орындап, көрсеткен ерлігі үшін Сағадат ағамызға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Осыдан соң майор Сағадат Нұрмағамбетов басшылық еткен батальон рейхсканцелярия ғимаратына шабуыл жасап, қаһарман қазақ жігіті соғысты Германия астанасында аяқтады.

Атақты ақын Кәкімбек Салықов айтқандай:

Ешқашан батырмын деп жар салмаған,

Адам жоқ Сағадатқа таңғалмаған...

Кеңсесін Гитлердің талқандаған.

Сарбаздар ұмтылып өр шешімімен,

Күн туды жаудың үні өшірілген.

Рақымжан Рейхстагқа ту тіккенде,

Сағадат кірді атойлап есігінен.

Соғыстан соң кейін əскери қызметке көп еңбек сіңіріп, сонау Кеңес Одағы кезінде генерал-лейтенант атағын алған.

Бұл кісінің ерекше еңбегі, еліміз егемен болып, Тəуелсіздіктің туын тіктеген тұста мемлекеттіліктің бір тірегі – Қарулы Күштердің қалыптасуы мен нығаюына белсене қатысып, 73 жасында жас жігіттей жұлқына ұмтылып отандық əскер құрудың жұмысына көп еңбек етті. Ол уақытта мен Президент аппаратының Қорғаныс бөлімінде меңгеруші болып қызмет еттім. Сонда Сағадат ағамның маған айтқаны: «Ким інім, маңайыңа жақсы жігіттерді жинап, қорғаныс ісінің келешегі болуы үшін жəне əскеріміз мығым болуы үшін қажетті құжаттарды жаз. Бізге Әскери доктрина керек. Мен əскери практика жөнінен жұмыстанайын, сен əскери теория барысын бекемде. Сөйтіп, еліміздің қорғанысын нығайтайық», - деген еді.

Еліміз егемендігін нақтылай түскен тұста тұңғыш Қазақстан Президенті халқына жасаған қызметін ескере отырып Сағадат ағамызға Халық қаһарманы деген атақты жəне сол атқа лайық нөмірі бірінші куəлікті табыс етті. Бұл дегеніңіз – батырға құрмет, елін сүйген ерге құрмет, еңбегі артқан азаматқа құрмет!

Сағадат аға көп жастарға үлгі болды, көптеген шəкірттерін генерал атағына жеткізді. Ол кісі қашанда өзінен кейінгі буынға «Сендер жассыңдар, қашанда бір шешім қабылдар болсаңдар елімнің ертеңіне себі тиеді деп ойланып барып шешім етіңдер. Еліміздің келешегі сендердің қолдарыңда, ата-бабамыз аңсап өткен Тəуелсіздіктің туын биік желбіретіңдер», деп ағалық, əкелік ақылын айтып отырушы еді. Сол ағамыздың аманатына жас буын лайық болуы керек».

 




Тұла бойы тұнған мейірімділік

Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаты Абай Тасболатов Сағдат Қожахметұлын былай еске алады: «Тұңғыш Президент қорының қолдауымен республикалық «Генералдар кеңесі» қоғамдық қорының бастамасымен түсірілген Сағадат Нұрмағамбетовтың өмір өрнегіне салған ізінен сыр тарқататын «Міндет. Абырой. Ерлік». («Долг. Честь. Отвага.») деген деректі фильмде Сағадат Қожахметұлы жайында пікір білдірген азаматтар «Бауыржан Момышұлы оны «сыпайы генерал» дейтін еді», - деп еске алды. Бұл – батырдың батырға берген шын бағасы. Сағадат Нұрмағамбетовтың қарамағында жылдар бойы еңбек етіп, шәкірті атанып, қомдап түлеп ұшсақ та, болмысы болаттай берік, мінезі жібектей жұмсақ Сағадат Қожахметұлы жайлы гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлынан асырып сөз айту мүмкін еместей. Сондықтан да «сыпайы генерал» атанған Сағадат ағамыздың шын сардарлық келбетін ашатын сан қырлары жетерлік. Әлі есімде ағаның айтқан сөздері: «Адамға әуелі тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – тұл», сосында армия тек ұлттық қаупсіздіктің ғана емес, сонымен бірге адамшылықтың, адалдықтың, әділдіктің, мейірімділіктің, жоғары мәдениеттіліктің де кепілі болуы тиіс. Осы жағынан әсіресе, қазақ баласының адамшылығы, жігерлігі, қайраттылығы, қабілеті ешкімнен кем емес».    

Иә, Сағадат ағамыздың тағы бір ерекшелігі – талаптылығы, жауапкершілігі, есте сақтау қабілетінің мықтылығы, жанының жайсаңдығы, адалдығы, ақниеттілігі, сабырлығы, қамқорлығы көп кісінің көңілін мамыражай күйге бөлегенінің талай куәсі болдық. Атақты жазушы Ғабит Мүсірепов өзінің кейіпкері туралы айтқандай: «Тұла бойы тазалықтан ғана, бауырмалдықтан ғана, айнымас, бұлжымас мейірімділіктен ғана жаралған жан...». Осындай ізгі қасиеттердің мәдениеттілік белгілері Сағадат ағамыздың бойынан да көрінетін.    Көп жылдар бойы Қарулы Күштерде тәрбие мәселесімен айналысып келе жатқан тәжірибелі, атақты ұстаз генерал-майор Марат Нағұманов бұлай деп Сағадат ағаны еске алып еді: «Шынын айтса, Сағадат Қожахметұлының есімі көп адамдарға, әсіресе, әскерилерге ертеден қалыптасқан. Мен өзім де жүрген жерімде батыр ағаны мақтанышпен айтамын. Ал, Прибалтика әскери округінде қызмет етіп жүрген кезімде, генерал, офицерлерден жылы сөзбен еске алғандарын естігенмін. Неге десеңіздер? Кезінде погон таққандардың көбі Нұрмағамбетовтың қасында қызметтес болып, әскери жолында маңызды тәжірибе алып, сондай-ақ адамшылықтың, сенімдіктің, қамқорлықтың, бауырмалдықтың, қарым-қатынастың, сабырлықтың күші қандай екеніне батыр қолбасшыдан үйренгендерін білемін.       Бүгінгі күні қазақ ортасында да Сағадат ағаның есімі кең тараған. Ұлы Отан соғысы басталысымен Сағадат Нұрмағамбетов жасы әскерге шақыруға жетпесе де әскери комиссариат қызметкерлеріне дамыл бермей, қайта-қайта майданға сұранады. Не керек, жігерлігінің, қайсарлығының арқасында арманына жетіп, майданға аттанады.

 

Өмір жолдары

Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысының Ақкөл ауданында (бұрынғы Алексеев ауданы) өмірге келген. 1942 жылы мектептен Қызыл Армия қатарына шақырылып, Түркіменстанның Кушка қаласындағы әскери училищеге жіберілді. Оқуын бітірген соң 1943 жылдың сәуір айында майданға аттанды. Осыдан кейінгі екі жыл бойы пулемет взводының, пулемет ротасының командирі, 5-екпінді армияның ІІ дәрежелі Суворов орденді 301-Донецк атқыштар дивизиясының 1052-атқыштар полкі құрамында батальон командирі лауазымында жауға қарсы шайқасты.       

1945 жылы 27 ақпанда Польша жерінде жау қорғанысын бұзып өту кезіндегі жауынгерлік тапсырманы ержүректілікпен орындап, көрсеткен ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Осыдан соң майор Сағадат Нұрмағамбетовтің батальоны рейхсканцелярия ғимаратына жасалған шабуылға қатысып, қаһарман қазақ ұланы соғысты Берлинде аяқтады.

Ол 1946-1949 жылдар аралығында Мәскеудегі М.Фрунзе атындағы Әскери академияны тәмамдап, Орта Азиядағы Түркістан әскери округіне полк басқаруға жіберілді. Содан соң әртүрлі штабтық, командалық лауазымдарда, оның ішінде Қазақ ССР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары, Оңтүстік топ әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары (Венгрия) қызметін атқарды. КСРО Қарулы Күштері Бас штабының академиясындағы курстарда оқыды.

Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1989 жылдан бастап Қазақ ССР соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіндегі Ардагерлер мен Қарулы Күштер мүгедектері істері комитеті төрағасы қызметтерін атқарды.

1991 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің төрағасы, ал 1992 жылғы 7 мамырда республика Қорғаныс министрі болып тағайындалды. 1994 жылғы 23 мамырда Мемлекет басшысының Жарлығымен Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовке Халық қаһарманы атағы мен №1 «Алтын Жұлдыз» табыс етілді. 1995 жылғы қарашада Армия генералы атағымен отставкаға шығып, ел Президентінің кеңесшісі болды.

Оның жауынгерлік және қайраткерлік өмір жолындағы ерліктері мен еселі еңбектері жоғары бағаланып, көптеген КСРО наградаларымен, Қазақстанның және шетелдердің ордендерімен марапатталды.

 

Отставкадағы полковник Сапарғали ЖАҒЫПАРОВ,

әскери журналист, халықаралық, Қазақстан Республикасының Парламент, Журналистер Одағы сыйлықтарының иегері


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента