Тағылымды тағдыр иесі

Жақында ҚР Қарулы Күштерінің құруға белсене атсалысқан запастағы генерал-майор Уәли Еламанов 70 жасқа толады. Тағылымды тағдыр иесі Кеңестік кезеңде десанттық взвод командирінен дивизия штабы бастығының орынбасары – жедел бөлім бастығына дейінгі лауазымдарды абыроймен атқарды. Одан кейінгі қызметін туған жерге оралған соң Қазақстан Республикасы Мемлекеттік комитеттің жедел бөлімінің офицері болып бастап, ҚР Қарулы Күштері Штаб бастықтары комитеті төрғасының бірінші орынбасарына дейін көтерілді.

Кеңестік кезеңде


           Мерейтой иесінің өмір жолы мен бейнесін мейлінше ашып көрсету үшін кезінде «Десантура.ру» порталында жарияланған қазақ десантшыларының тұңғыш қолбасшысы, запастағы генерал-майор Уәли Еламановпен сұхбатын ықшамдап аударып беруді жөн көрдік. Себебі мұнда  кейіпкеріміздің кеңестік кезеңдегі өмірі және көпшілікке беймәлім кейбір қызғылықты жәйттер сөз болады.  


-  Уәли Бисақанұлы, курсант Еламановтың Рязань жоғары әскери десанттық командалық училищесінде оқыған кезі туралы айтсаңыз. Сіз осы әскери училищесін  бітірген алғашқы қазақ офицері болдыңыз ба?


-   Мен училищеге   1970 жылы түстім. Оқудың алғашқы үш жылында біздің   6-шы курсанттар ротасының командирі үш Георгий Иванович Шпак болды, кейін ол Ресей Әуе-десанттық күштерінің қолбасшысы атанды. Болашақ десантшыларды дайындау барлық дерлік пәндер бойынша сол кездегі әскери білім берудің ең заманауи әдістерінің негізінде жүргізілді.   Иыққа түскен жүктің  қаншалықты ауыр екенін десанттық училищеде оқыған офицерлердің барлығы біледі.

Әуе-десанттық жаттығуларға көп көңіл бөлінді, осы әскер түріндегі барлық қару-жарақтарды, жеке құраммен қатар әскери техниканы да әуеден тастауға арналған барлық  парашюттік жүйелерді зерттеп, меңгердік.  Училищеде оқып жүргенде-ақ әуе десанттық дайындықтан бүкіл сынақтар мен емтихандарды үздік бағаға тапсырып, Әуе десанты әскерлері қолбасшысының  генерал-лейтенант И.И.Лисовтың қолынан нұсқаушы куәлігін алған болатынмын.
         Рязань десанттық училищесінде оқыған бірінші қазақ  деген сұраққа келсек, – бұл әбден мүмкін, бірақ нақты білмеймін. Бірақ мен оқыған жылдары оқу орнында қазақ баласы болмаған секілді. Себебі біреу-міреу болса, бір-бірімізбен жолығар едік. Неге оған сенімді екенімді айтайын.

Алғашқы курста оқып жүргенде КСРО Конституциясы күні қарсаңында училище басшылығы мерекелік концерт өткізуді ұйғарып, онда Кеңес Одағы республикаларының барлық ұлт өкілдері ана тілінде өлең оқып, болмаса ән айтуды міндеттеді. Маған да сондай тапсырма беріліп, оңайға түспесе де оны ойдағыдай орындап шықтым. Демек, егер концертке қазақтың бір жігіті қатысқан болса, сол уақытта  маған міндетті түрде келетін еді деп ойлаймын.

Біздің 6-шы курсанттар ротасынан Ауғанстанда көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін Сергей Козлов пен Николай Кравченкоға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ал Валерий Гайдукевич, Станислав Семенюта, Валерий Хацкевич генерал әскери атағына ие болды.
          Қазақстанда Рязань әуе-десанттық училищесінде КСРО кезінде, кейін Қазақстан тәуелсіздігі тұсында оқыған азаматтар аз емес. Осы оқу орнының түлектері генерал-майор Әділбек Алдабергенов бүгінде (сұхбаттың 2016 жылы берілгенін айта кету керек) ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Бас штабының бастығы, генерал-майор Алмаз Жұмакеев Аэроұтқыр әскерлерінің қолбасшысы қызметін атқаруда. Осы күнге дейін біздер жас ерекшелігімізге, лауазым мен дәрежемізге қарамастан жыл сайын 13 қарашада Рязань училищесінің құрылған күні дәстүр бойынша бас қосып тұрамыз.

– Училищені бітірген соң 105-ші гвардиялық десанттық дивизияның 111-ші десанттық полкіне қызмет етуге жіберілдіңіз. Осы уақыттта Орталық Азияда өткен жаттығулардың қайсысы көбірек есіңізде қалды? 

- Жаттығулар өте көп болды. 1977 жылы өткізілген олардың бірі туралы бұрын бір сұхбатымда айтқан едім. Соны толықтыра кетейін. Кеңес Одағының Маршалы К.С.Москаленко 105-дивизияның екі бөлімін – Ферғана полкі мен біздің Ош полкын дабылмен жедел көтереді.  Жеке құрамды десант ретінде әуеден тастау Жаңғызтөбеде жүзеге асырылды. Қону уақытында жерге жақын маңда секундына 10-15 метрге дейін күшті жел ұйтқи соғып тұрды. Соның салдарынан десант түсіру кезінде 27 адам әртүрлі дене жарақатын алса, Рязань әскери училищесін бітірген 3-ші десанттық батальонның бір жас лейтенанты алған жарақатынан қайтыс болды.

            Бізге кейін белгілі болғандай
  К.С.Москаленко еңістеу жерде жабдықталған Командалық бақылау пунткінде, ықта отырған. Ішіне десант тиелген ұшақтың әуеге көтерілгенін, алайда қатты жел болғандықтан десант түсіру мүмкін емес екендігін баяндайды. Маршал қолын сыртқа шығарғанда ешқандай желді байқамай, қайдағы жел, ертең соғыс болса ше деп десант түсіруге бұйрық берген  екен.
Мені де жерге қонған кезде долы жел сүйрей жөнелді, киімім дар-дар айрылып, терім сыдырылды. Қанжарымды алып арқанды кеспекші болғанда келесі жауынгер парашютті үстіне қонып, жел сүйреуін тоқтатты.
            Әуеден тасталған АСУ-57 сияқты әскери техникалардың жерде аударылып жатқанын көрдік. Ротаны  жел жан-жаққа адап әкеткен еді. Басқа бөлімшелер де солай болды. Әйтсе де, белгіленген нүктеге дер кезде жиналып, жүктелген міндетті орындап шықтық.    

   – 35-ші гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасының құрылуы мен оның Германия Демократиялық Республикасының аумағына орналасуы қалай өтті?

     - 1979 жылдың желтоқсанында Германияның Котбус қаласына 35-гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасының 1-ші парашюттік-десанттық батальонының командирі болып келдім.  Оштан шықпай тұрып-ақ жеке құрам барлық айырым белгілері мен нышандарын жаяу әскердікіне ауыстырды. Осылайша біз Германияға мотоатқыштар бөлімінің киімінде жасырын жағдайда қоныс аудардық. Жауынгерлерді Ташкенттен тек қана түн жамылып, әуе арқылы тасымалдадық. Бұл үшін бірнеше күн бойы азаматтық Ту-154 ұшақтары бірнеше рет рейс жасады.  Ұшақтар таңсәріде Котбустан екі сағаттық жерде орналасқан әскери аэродромға қонатын, содан кейін жеке құрамды үсті тарс жабық автокөліктермен әскери бөлімшеге әкелетін.  
         Кеңестік кезеңде 111-ші гвардиялық парашюттік-десанттық полктың өзінде 35-ші бригададағыдай жауынгерлік жаттығудардың жиілігі өте жоғары болған жоқ. 
Тағдырдың жазуымен кейін Қазақстанға көшірілген 35-ші гвардиялық бригада бүгінде де ҚР Қарулы Күштері үздік әскери бөлімдерінің бірі болып табылады.


   - Одан арғы әскери қызметіңіз қалай жалғасты?

   - М.В.Фрунзе атындағы Әскери академиясын бітірген соң маған Сирияға десанттық-шабуылдау бригадасы командирінің кеңесшісі болып баруға ұсыныс жасалды.  Бірақ сол кезде Сириядағы жағдай шиеленісіп кетіп, ондағы кеңесшілер өз орындарында тағы алты айға қалдырылды. Ал мені Африканың оңтүстігіндегі Мозамбикке жіберді. Нәтижесінде Мозамбиктің Накала қаласында орналасқан әуе-десанттық әскерлерін дайындайтын оқу орталығында екі жыл әскери кеңесші қызметін атқардым.    

     Сол уақытта Африка елдеріндегі жағдай аумалы-төкпелі болатын. Төңкерістер арқылы мемлекет басшылығы жиі ауысып отыратын. Мозамбикте де солай болды. Осындай төтенше жағдай кезінде Кеңес Одағының мамандарын эвакуациялаудың тиісті жоспары болатын. Жағдай ушыққан кезде бізді, әскери мамандарды Үнді мұхитының Мозамбик маңындағы бұғазынан су бетіне кенеттен шыға келген кеңестік сүңгуір қайыққа тиеп  елге қайтарды.

Тәуелсіздік тұсында

 

       1992 жылы Уәли Бисақанұлы Еламанов елге оралады. Сөйтіп тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерінің негізін қалауға белсене араласып кетеді. 1992-1996 жылдар аралығында Германиядан шығарылған 35-ші гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасын басқарды. Содан соң Гвардейск гарнизонында орналасқан Оқу орталығының (дивизия) командирі, 1-ші және 2-ші Армиялық корпустардың қолбасшысы болды. 1999 жылы ҚР ҚК Жалпы мақсаттағы күштері қолбасшысының бірінші орынбасары - Бас штабының бастығы болып тағайындалды.

     Сол тұста, 1999 жылдың ақпан айында Уәли Бисақанұлымен бірге Американың Тампа қаласында орналасқан АҚШ Қарулы Күштерінің Орталық қолбасшылығында болғанымыз еске түсіп отыр. Мақсатымыз - халықаралық «Ортазбат-2000» жатттығуын жоспарлау жөніндегі конференцияға қатысу болатын. Генерал Еламанов басқарған қазақстандық делегация келіссөздер барысында табандылық танытып, нәтижесінде аталмыш жаттығу өте жоғары дәрежеде өткен еді.

          2001 жылы РФ ҚК Бас штабының Әскери академиясын үздік бітіріп, ҚР ҚК Ұтқыр әскерлерінің тұңғыш қолбасшысы болып тағайындалады. Содан кейін жаңадан құрылған Оңтүстік әскери округінің қолбасшысы, ҚР Қарулы Күштері Штаб бастықтары комитеті төрғасының бірінші орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.

        Құрметті демалысқа шыққаннан кейін де генерал-майор У.Еламанов әскери сапта қалып, өзінің мол тәжірибесі мен білімін өскелең ұрпаққа берді. Ұзақ жыл Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Әскери кафедрасын басқарды. Қазір ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлерімен бірге жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру ісімен белсене айналысуда.

 

 Дайындаған Ә.Смайылов


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента