Подполковник Серік Рамазанов: Еліміздің айбынды армиясы 25 жылдың ішінде жан-жақты танылды

1991 жылдың 16 желтоқсанынан, яғни Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет атанған күннен бастап азаттығымыздың қорғаушысы болып Қарулы Күштері тұрды. Қарулы Күштер әскерилерінің негізгі міндеті – кәсіби біліктілікпен, жоғары тәртіппен және сенімді жауынгерлік әзірлікпен қамтамасыз ету. Осы орайда «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 44736 әскери бөлімінің командирі подполковник Серік Әділбекұлы Рамазановпен Sarbaz.kz тілшісі сұхбаттасты.

-         Елбасымыздың стратегиялық бағдарламасынан кейін қазақстандық патриотизм мәселесі түрлі талқылаулардың тақырыбына айналды. «Жаңа қазақстандық патриотизм» ұғымын сіз қалай түсінесіз?

-         «Біздің Отанымызға, көп ұлтты және көп конфессиялы қоғамымызға деген заңды мақтанышымызға, біздің балаларымыздың келешегінің кемелдігіне деген зор сенімімізге негізделген жалпы қазақстандық патриотизміміздің берік іргетасы сомдалады», деп көрсетілген Президентіміздің Жолдауында. Жалпы «патриот, патриотизм, патриотық тәрбие» ұғымдары жас буынға ғана қатысты болмауы керек. Ересек адамның тәрбиелік мәнді ісі, салмақты әрекеті ол да – патриотизм. Бүгінгі Қазақстан өзіндік бет-бейнесі, ерекшеліктері мен ұстанымы бар табысты мемлекет. Әрі әлемдік саясатта біздің еліміз – талассыз халықаралық беделге ие жауапты да сенімді серіктес. Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасында: «Біз жаһандық қауіпсіздікті нығайту ісінде маңызды роль атқарамыз, халықаралық терроризмге, экстремизмге және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте әлемдік қауымдастықты қолдаймыз. Ядролық қаруды таратпау режімін нығайту жөніндегі бастамаларымыз – әлемдік тұрақтылыққа, тәртіп пен қауіпсіздікке қосқан сөзсіз үлесіміз. Тұңғыш рет тарихта біздің мемлекет халықаралық дәрежеде танылған нақты шекарасын белгіледі. 14 мың шақырым мемлекеттік шекара межеленді. Біз адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күшті, заманауи, қорғанысқа қабілетті әскерді, пәрменді құқық қорғау жүйесін құрдық» деді. Ел Президенті-ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы бізге мемлекеттің келешегі, болашақ дамуы үшін көршілермен тату болуымыздың маңыздылығын, онсыз мемлекеттің болашағы бұлыңғыр болатынын әрдайым айтып келеді. Бүкіл әлем экономикалық дағдарысты басынан кешіп жатқан кезеңде Президент 2050 жылға дейінгі нақты міндеттемелерді айқындап берді. Бұл дамыған экономикасы, саяси құрылымы, өркениетті қоғамы және мықты қорғаныс қабілеті бар мемлекеттің азаттығының да арта беретінін дәлелдесе керек.

-         Бүгін бізге ұтқыр, шебер, шапшаң, түрлі жағдайдағы іс-әрекеттерге дайын әскер қажет. Түрлі деңгейде ұйымдастырылып жатқан жаттығулардың барлаушылар үшін маңызы қаншалық?

-         Кез-келген әскери қызметшінің бойындағы шапшаңдық, жылдамдық, жинақылық, ұқыптылық, ауызбіршілік пен ұйымшылдық секілді жақсы қасиеттер әр түрлі деңгейдегі жаттығуларда байқалады. Барлаушылардың жиындары мен жарыстары жиі-жиі өтіп тұрса, әскери барлау бөлімшелерінің далалық шеберлігі де одан әрі шыңдала түспек. Барлау тапсырмаларын кез-келген күрделі жағдайда орындаудағы дайындықтың деңгейі артады, әртүрлі кәсіби амалдар мен қимыл-әрекеттерді орындаудың әдістері меңгеріліп, оны озық үлгідегі дайындық тәжірибесімен ұштастырудың мүмкіндігі де туады. Әрі денеге түскен ауыр салмаққа және психологиялық ауыртпалыққа төзе білудің қабілеті жан-жақты жетіледі.

-         Егемен еліміздің 25 жылдығын лайықты деңгейде атап өту аясында әскери бөлімнің мұрат-мақсаттары қандай болмақ?

-         Тәуелсіздік – ұлттың рухын көтеріп, болашаққа деген сенімін күшейтті. Тәуелсіздікке тағзым ете білу – Отанды, туған жер мен елді сүюге деген құрметпен бірдей. Тәуелсіздік – ол ең алдымен Отан қорғаушыларға аманат. Отанға деген құрмет пен сүйіспеншілік, жаңа қазақстандық патриотизм, мемлекетіміздің одан әрі көркеюі мен дамуына үлес қосу, туған ел мен жерге деген шынайы сезім әр адамның бойында болуы тиіс. Еліміздің айбынды армиясы 25 жылдың ішінде жан-жақты танылды. Айтулы мерекені лайықты деңгейде атап өтудегі мақсат – қазақстандықтардың санасында мемлекеттіліктің және тәуелсіздіктің құндылықтарын бекіту, қоғамның идеялық және рухани-мәдени бірігуін тереңдету, сондай-ақ, патриоттық жаңа белестерді бағындыруға ұмтылыс сезімдерін қалыптастыру. Ел Президенті – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы, ҚР Қорғаныс министрі, Бас штаб бастығы және Құрлық әскерлері бас қолбасшысы бекіткен әскери жүйенің барлық саласын, әсіресе әлеуметтік, материалды-техникалық қамтамасыз ету саласын жетілдіру жөніндегі шаралар шын мәнісінде еліміздің Қарулы Күштерінің имиджін көтеріп, әскери қызметтің абыройы мен беделін арттырады. Өз басым әскери қызметшілердің зор үмітті ақтайтынына, әрі Отанды қорғау жолындағы міндетті адал атқаратынына сенімдімін. Біз – Қазақстанымыздың болашағының жарқын, азаттығының баянды болуы және елдің намысын, ердің намысын қорғау үшін одан әрі талмай еңбек ете береміз.

-         Серік Әділбекұлы! Осы мүмкіндікті пайдаланып, сізді әскери бөлімнің жеке құрамы атынан ертең 22 қазан - туған күн қуанышыңызбен құттықтауға рұқсат етіңіз. Әскери қызметте толағай табыстарға жете беріңіз! Әңгімеңізге рахмет.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента