Саят Молдаханов: Жауынгерлік қабілетті арттыру – уақыт талабы

Қазақстан Қарулы Күштеріндегі сардарлар мен сарбаздардың жауынгерлік даярлығына әрдайым жіті көңіл бөлініп келеді. Осы тұрғыда Өскемен гарнизоны 27943 әскери бөлімінің жауынгерлік және дене шынықтыру бөлімінің аға офицері майор Саят Молдахановпен  сұхаттасудың сәті түскен болатын.

-        Майор мырза! Өткен жылы жаһандық сипат алған коронавирус пандемиясы қорғаныс саласына да өзгерістер әкеліп, жауынгерлік әзірлік процесіне кері әсерін тигізбей қоймады. Карантин кезінде жауынгерлік даярлық жоспарлары мен бағдарламаларын орындау барысы қалай өтті?

-        Әрине, бұрын-соңды мұндай жағдайды бастан өткермегендіктен, әлем оған дайын болмай шықты. Елімізде төтенше жағдай жарияланған алғашқы күннен бастап Өскемен гарнизонының жеке құрамы дезинфекциялық топтардың құрама отрядтарына тартылып, санитарлық тазалық шараларын жүргізді. Әскерилер блок-бекеттерде жүктелген міндеттерді атқарды, қылмыстың жолын кесу және қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау үшін де күні-түні патрульдеді. Іс-шаралар өзгеше форматқа өзгертілгенмен, оқу жылына бекітілген жауынгерлік әзірлік жоспарының жүзеге асырылуы тоқтаған жоқ. Ұдайы жауынгерлік дайындық болмаса, оның деңгейін жетілдіру мүмкін бе? Әрине, жоқ. Жауынгерлік әзірлік дегеніміздің өзі – әскери қызметшілердің жеке категорияларын, әскери бөлімшелерді, бөлімдерді, құрамаларды, штабтарды соғыс қимылына дайындап, тыл органдарын әскерді жабдықтай білуге үйрету. Ол Қорғаныс министрінің бұйрықтары мен нұсқауларына, ережелер мен жарғылардың талаптарына сәйкес жүргізілетіні сөзсіз. Жауынгерлік дайындықтың деңгейін арттыруға арналған кез келген жаттығу – аса маңызды, жауапкершілігі мол шара. Жауынгерлік әзірліктің артықшылығы да сол, әскерилердің бойында жоғары моралды-психологиялық тұрақтылық, батылдық, табандылық, бейімділік, ептілік секілді жауынгерлік қасиеттер қалыптасады.

-        Жауынгерлік әзірлік жөніндегі сабақтарды жүргізудің әдіс-тәсілдерінде өзгеріс болды ма?

-        Жалпы алғанда жоспардағы іс-шаралардың біраз бөлігі қысқартылып, өткізу мерзімі ауыстырылды. Ал, мамандық бойынша дербес дайындық мерзімдерінің ұзартылуы жауынгерлік даярлықта нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Айғақ ретінде айта кетейін, мысалы атыс даярлығы бойынша сабақтарды күндіз және түнде сапалы өткізу үшін штаттық қару қолданылмады. Яғни оқ-дәрілер шығындалмай, атысты түзеу лазерлік таяқшасы бар автоматтың көрнекі макеті арқылы үйретілді. Түнгі атыстың сапасын жақсарту мақсатында түнгі көздеудің орнына түнгі жағдайда сенімді атысты қамтамасыз ететін фосфорлы таспа қолданылды. Дәрістер слайд арқылы оқытылатындықтан мультимедиялық проектор белсенді іске қосылып, әр мамандық бойынша тасымалданатын оқу-материалдық базасы әзірленді. Оқу полигонында жеке құрамның күшімен барлаушы-мамандарды әзірлеудің қажетті элементтері қарастырылған «барлаушы соқпағы» салынды. Таңдамалы ауызша сауалнама мен жазбаша сынақта бөлімше командирлері жақсы нәтиже көрсетіп, командирлік дайындық бойынша сабақтардың сапалы өткізілгені де дәлелденді.

-        Осы жерде атыс жаттығуларына сәл тоқталайықшы...

-        Сіз жауынгерлік әзірлік бағдарламасына енгізілген армиялық тактикалық атыс жаттығулары туралы сұрамақпысыз?

-        Дәл таптыңыз.

-        Жауынгерлік атыс жаттығулары ҚР Қорғаныс министрінің тапсырмасымен әскери қызметшілердің түрлі жағдайдағы ату машығын арттыру мақсатында бағдарламаға енгізілді. Жауынгерлік дайындықтың ажырамас бөлшегі саналатын армиялық тактикалық атыстың бірегейлігі – атыс қаруының және суық қарудың бірнеше түрлерін, сондай-ақ, қоян-қолтық ұрыс элементтерін бір жаттығуда кешенді қолдануда. Яғни кез келген қару түрін күрделі әрі бөгде жағдайда пайдаланудың шеберлігін жетілдіру үшін үйренушіден де, оның нұсқаушысынан да даярлықтың жоғары деңгейі қажет етіледі. Жаттығуды орындаудың дәрежесін жауынгерлеріміз күндіз де, түнде де көрсетіп жүр. Түрлі қашықтықтағы қозғалыстағы немесе қозғалыссыз нысаналарды көздеп, тасадан тұрып, жатып, отырып, тұрып, тізерлеп және тіреп атады. Атысқа классикалық дайындалуға немесе автоматты, пулеметті, винтовканы, тапаншаны классикалық ұстап қалуға уақыт жоқ. Оқ мейлің ең ыңғайсыз орыннан атылса да, нысанаға дәл тиюі керек. Қазір ұрыстың мазмұны мен келбетіне ғана емес, әрбір әскери қызметшінің жауынгерлік жағдайдағы қимыл-қозғалысына, от жүргізудегі жеке шеберлігіне деген көзқарас өзгеріп келеді. Соған сәйкес армиялық тактикалық атыстың әдістемесі де әскерилерге жоғары талаптар қояды.

-        Бүгінгі жау болжаусыз. Осы себептен де арнайы операциялар күштері компоненттерінің жауынгерлік әзірлігінің жағдайына және белгіленген уақытта жауынгерлік тапсырманы орындау қабілеттілігіне ерекше мән беріліп отырған болар?

-        Әрине. Мемлекет басшысы – еліміз Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық масштабта да, жекелеген аймақтарда да күрт өзгеріп жатқан әлемдегі ахуалды жіті бақылап, армияның әскери машығын ұдайы шыңдап отыру керектігін жүктеді. Қазіргі соғыс пен қарулы қақтығыстардың түр-сипатына қарай әскерлерді таулы жер мен елді мекендерде жауынгерлік іс-қимылдарға барынша жақындатылған жағдайда даярлауға, қарулы күрестің жаңа құралдарын қолдануға, жеке және ұжымдық қарудан оқ ату бойынша әскери қызметшілердің жеке әзірлік деңгейін жақсартуға назар аударылып отыр. Өзіңіз білесіз, бүгінгі күні «жанаспай» қашықтан оқ атумен зақымдаудың тәсілі, дәлдігі жоғары қару мен радиоэлектрондық күрес құралдары, бір сөзбен айтқанда, соңғы үлгідегі технологиялық қару түрлері кеңінен қолданылуда. Сондықтан арнайы операциялар күштерінің рөлі қарқынды түрде өзгерді.

-        Осы мақсатта өткен оқу-жаттығудың біріне қысқаша сараптама жасап өтсеңіз.

-        Мәселен, өткен оқу жылында «Ізенді» оқу полигонындағы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының бригадалық-тактикалық оқу-жаттығуында жауынгерлік атыс кезеңінде 218 нысана әзірленді. Нысана жазығы 3 000 метрге, тереңдігі 2500 метрге белгіленді. Оның саны, сипаты, орналасқан жері, нысаналардың көрсетілу тәртібі мен ұзақтығы жаттығудың мақсат-мұратына қарай анықталды. Ең ұтымды жері – «джихадмобилдердің» қимыл-әрекетін және қарсыласты білдіретін нысаналар қойылды. Бұған қоса «қарсыластың дрондары» мақсатын 18 метр биіктіктегі гельді шарлар орындады. Жаттығудың тағы бір артықшылығына тоқталсам, атыстың қорытындысы төрт көрсеткіш бойынша: жабық тоқ ату позициясында артиллерияның атыс міндеттерін орындауы, танк зеңбіректері мен жаяу әскердің жауынгерлік машинасынан атудың нәтижесіне, әуе қорғанысы құралдарымен атыс міндеттерін орындауы, атыс қаруынан атудың нәтижесі бойынша бағаланды. Бригадалық тактикалық оқу-жаттығуының аясында полктік тактикалы-арнайы жаттығу, батальондық топтармен тактикалық жаттығу, дивизионның тактикалық жаттығуы да жүзеге асты. Бір сөзбен айтқанда, әскери колоннаны алып жүру, аса маңызды нысандарды күзету, қарсыластың диверсиялық күшімен күрес, заңсыз жасақталған қарулы құраманы оқшаулау және көзін жою, барлауды ұйымдастыру, елді мекенде қоршауда қалған қарсыласпен ұрыс жөніндегі әрекеттер әбден пысықталды.

-        Жеке құрамның далалық жағдайдағы жауынгерлік дайындығын жетілдіру тиімділігіне марштар қаншалықты ықпал етеді?

-        Өткен жылдың қазан айында бөлімнің жеке құрамы таң атпай жауынгерлік дабылмен көтеріліп, кенеттен тексерілді. 1-ші және 2-ші мотоатқыштар батальоны, 1-ші танк батальоны, штаб батальоны мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету батальондары роталардың лек құру аудандарына шығарылып, шоғырландыру аумағына марш жасады. 1-ші және 2-ші мотоатқыштар батальонының роталары жаяу әскер ұрыс машинасының директрисасында жаяу әскер ұрыс машиналарынан 1-ші ату оқу-жаттығуларын, 1-ші танк батальоны танк директрисасында Т-72-ден 1-ші ату оқу-жаттығуларын күндіз де, түнде де орындады. Штаб батальоны мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету батальондарының жеке құрамы АК-74 қаруынан 4-ші бақылау ату жаттығуын, граната атқыштар РПГ-7 қаруынан атудан қойылған оқу-жауынгерлік міндеттерді атқарды. ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штабы бастығы генерал-лейтенант Мұрат Бектановтың өзі 1-ші және 2-ші мотоатқыштар батальоны роталарының ЖӘҰМ директрисасында жаяу әскер ұрыс машиналарынан 1-ші ату оқу-жаттығуларына куә болды. Менің ойымша, маршты жүзеге асыруда кез келген әскери құрылымның жергілікті мекенді бағдарлаудың қабілеттілігі мен төзімділігі танытылады.

-        2021 жылдың бірінші оқу кезеңінде әскери бөлімде жүргізілген бөлімшелердің, есептоптардың, құрылымдар қондырғыларының жауынгерлік атысында марштар қалай жүзеге асты?

-        Атысқа тартылған барлық құрылымдар жауынгерлік әзірліктің жоғарғы деңгейіне келтіріліп, жауынгерлік машиналар паркінде белгілеген шартты ауданға маршты жүзеге асыру жөнінде оқу-жауынгерлік тапсырмасын алды. Марш кезінде мотоатқыштар бөлімшелері тактикалық дайындық бойынша нормативтерді орындаудан шеберліктерін шыңдады. Оқу полигонында мотоатқыштар және барлау бөлімшелерінің жауынгерлік атысын сапалы жүргізу мақсатында барлау ротасының командирлері түрлі тақырыптарда нұсқаулық-әдістемелік дәрістер өткізді. Диверсантты-барлау топтары мен есептоптар әуедегі қарсыластың шабуылдары кезіндегі және залалсыздандырылмаған ауданды жүріп өтудегі қимылдарды да меңгерді. Зениттік есептоптардың, зениттік дивизиондар бөлімшелерінің, мотоатқыштар бөлімшелерінің, мотоатқыштар батальондарының және штабтық батальонның барлау ротасы бөлімшелерінің жауынгерлік атысын «Шығыс» өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Асан Жүсіпов бақылап, қадағалады.

-        Жеке құрамның алдында тұрған жаңа оқу кезеңінің негізгі тапсырмалары қандай?

-        Ең алдымен әскери қызметшілерді жауынгерлік мақсатына сай міндеттерді шешуге әзірлеу аса маңызды. Алда 2021 оқу жылының қысқы және жазғы оқу кезеңдеріне бекітілген жауынгерлік әзірлік бойынша тактикалық-саптық сабақтар, тактикалық арнайы оқу-жаттығулары, сондай-ақ, әскери бөліміміздің 20-25 қыркүйек аралығындағы бригадалық тактикалық оқу-жаттығуы тұр.

-        Демек, әскердің жауынгерлік әзірлігін арттыру басты назардан түспек емес қой?

Міндетті түрде. Жауынгерлік дайындық бойынша жаттығуларға және сабақтарға даярлық пен өткізудің сапасына барынша күш салынады. Ол сабақтарды өткізу барысында қазіргі заманғы қарулы шиеленістердің ерекшеліктерін терең зерделеу міндеті қойылып отыр. Жалпы алғанда офицерлердің, сержанттардың кәсіби білімі мен іскерлігін пысықтау, әскери қызметшілерді экипаждардың, есептоптардың құрамындағы дербес және бірлескен іс-қимылдарға, қару-жарақ кезіндегі шебер іс-қимылдарға, штаттық қару-жарақ пен әскери техниканы сенімді қолдануға даярлау, барлық әскери-есептік мамандықтардың әскери қызметшілерін (мамандарын) жеке оқытуды ұйымдастыру, экипаждардың, есептоптардың, бөлімшелердің, бөлімдердің жауынгерлік дағдысын жетілдіру, қарулы күрестің жаңа құралдарын қолдану, жеке және ұжымдық қарудан оқ ату бойынша әскери қызметшілердің жеке даярлық деңгейін жақсарту жөніндегі мақсаттар жетерлік. Өйткені, ә

скердің жауынгерлік қабілеттілігін ұдайы арттыруды уақыттың өзі талап етеді.

Сұхбатыңызға рахмет. 

Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента