Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік тірегі

     Желтоқсан – қазақ тарихында қасиетті, әрі қасіретті ай. Қасіретті дейтініміз – Ләззат, Сәбирадай жауқазын гүліміздің жастай солып, Қайраттай боздағымыздың бостандық жолында құрбандыққа шалынғаны. Қасиетті дейтініміз – кеңестік жүйе дейтін қасат қардың көбесі сөгіліп, сең бұзылып, қазақ үшін ағыл-тегіл қуанышқа бөлеген Тәуелсіздіктің келгені. Жер. Дін. Діл. Тіл. Тәуелсіздік. Егіз ұғымдар. Бабалар аманаттаған баға жетпес байлық – елдігімізге сын. Осы ретте, аңсатып жеткен асыл-жауһарымыз ана тіліміздің өз деңгейінде ардақталуы жолында шыр-пыр болып, шыбын жанын шүберекке түйіп жүретін жандар болады. Солардың бірі – туған тілдің таза күйінде ұрпақтан-ұрпаққа жетуін өзінің азаматтық парызына балаған Манарбек Ибраһим. Ол – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің офицері, ҚРҚК Құрлық әскерлері Бас қолбасшысы басқармасы мемлекеттік тілді дамыту қызметінің бастығы. Тіл жанашыры. Осы ағамызды әңгімеге тартып көрдік.

–       Алдымызда қазақтың қазақтығын танытатын үлкен мереке келе жатыр, аға. Айтыңызшы, бүгінгі қоғам, бүгінгі ұрпақ осы бір қасиетті де қастерлі күнді қаншалықты бағалап жүр?

–Тәуелсіздік – менің жылда салмақпен, үлкен оймен қабылдайтын мерекем. Ұлық мереке. Ол күн ел басына қайғымен, қасіретпен келген. Мен бұл туралы «Менің рухым» деген бір ән жаздым. Бауыржан атамыз соғысты 3 кезеңге бөледі. Бірінші – мануфактуралық соғыс, бес қарудың күшімен соғысатын ол ең әділ соғыс. Бір халықтың тағдырын жекпе-жекке шыққан бір батыр шешкен. Екінші - машиналық кезең соғысы. Өзі соғысқан екінші дүниежүзілік соғысты соған жатқызады. Ол соғыс – әділетсіз, өйткені машина, қару қолданады. Үшіншісі – қазіргі кезеңдегі термоядролық соғыс. Сонда осыны ойлап отырып түскен менің рухым «Бабалар рухы», «Екінші Ұлы Отан соғысындағы ата-апаларымыздың рухы» деп келіп, үшінші термоядролық дегендегі қазіргі біздің Қайрат, Ләззат сынды жастардың Желтоқсандағы рухы деп келтірдім.

–       Менің рухым желтоқсандық ел мұңы

Жеңіп алған тәуелсіз ел кеңдігі.

Халқымыздың орындалған арманын

Бауырларым, жырлайықшы, кел бүгін!

Алға! Жаңа Қазақстаным,

Самға! Көк байрақты қыраным.

Бар әлемге шықсын даңқың, атағың

Менің рухым, қазақ елі жасасын!

–Міне, жастардың рухы. Қазақтың бойында үлкен рух бар. Сол рухты шаң басып, қасірет басып, әбден беті көмескіленіп қалған. Кез келген қазақтың рухын оятыңызшы, ұлтына, еліне деген дүниені керемет қылып көрсетеді. Қазақты патриот деп айтатынымыз сол. Сондықтан биылғы жылды жауынгерлік ұран «Рухани жаңғыру - жауынгерлік рух тірегі» деп алдық. Мен жауынгерлерге ән емес, ұран керек, бабалар ұрандап елді қорғаған деп айтам. Тағы бір ретте Тәуелсіздік күнін мен былай жаздым:

–       Тәуелсіздік ұлы күнді ұлықтаңдар,

Оңайлықпен келмегенін ұмытпаңдар.

Аңырақай, Отан соғыс, Желтоқсанда

Рухыменен елімнің шыныққандар.

Азаттық ту ұстаған көк байрақпен

Масаттаным бір-біріңді құттықтаңдар! - деп.

9 мамырды талай жыл қызыл туды көтеріп, «Жеңіс күні!» деп қалай тойласақ, бабаларымыз армандаған күн –Тәуелсіздік күнін де солай тойлауымыз керек. 16 желтоқсан –Ұлық күн, Ұлы күн, Жеңіс күні! Болашақ тарих қойнауына да солай жазылар. Тәуелсіздік алған күн – қазақтың ұлттық арманының жеңіске жеткен күні, барлық болашағының жеңіс күні!

–Тәуелсіздігімнің тірегі – тіл. «Тіл жоқ жерде ұлт та жоқ». Туған тіліміз өз тұғырына қонды ма, аға? Қалай ойлайсыз? Базар нарқы, банк, құқық саласы және қоғамдық орындар неге мемлекеттік тілде еркін көсілмей отыр?

– Алла ұлт қып жаратып, аузына сол ұлтқа тән тіл салғаннан кейін оны білу – перзенттік парыз. Туған жеріңді, туған тіліңді қорғау – азаматтық парыз. Ал біздің қазіргі қоғамда тіліміздің толыққанды дамымай тұруының себептері-ол биліктегі заң жобаларының бәрі ресми тілде болуы. Заң бірінші ресми тілде жазылады, сосын мемлекеттік тілге аударылады, одан кейін ол шалажаншар болып шығады. Қателер де көп. Екінші – қоғамдағы мемлекеттік тіл мәртебесінің айқындалмай тұрғандығы. Үшінші – бизнес, сауданың барлығы қай тілде жүріп жатыр? Мысалы мектепте балалар қазақша оқып, дәріс алып шықса, қоғамдық орындардағы ауызекі тілдің бәрі орысша. «Подскажите» деп бірінші сөзі орысша шығады. Мәселен, маған кім болса да мемлекеттік тілде сөйлемесе, мен оған «Мұның не?» деп дүрсе қоямын. Сол кезде олар көбіне «У нас два языка, никто не запретил русский язык» деп жауап қатады. Өйткені олар біздің бас заңымыздағы «Қазақ тілі мемлекеттік тіл, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген жазуға арқа сүйейді. Алайда, мемлекеттік тілдің мұндай жағдайы өз ұлтымыздың азаматтарына сын болуы керек. Қазақ ұлтының төл перзенттері ана тілімізге жанашырлық танытпай отырғаны жанға батады. Мен мұны намыссыздық деп бағалаймын. Мысалы жылқы мөңіремейді, сиыр кісінемейді, яғни әр жаратылыстың өз тілі бар. Елбасының бір сөзі бар ғой, «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген. Екі қазақтың бір-бірімен ана тілінде сөйлесуі басқаларға үлгі, бұдан басқалар үйренеді, сонда ол тіл дамиды. Сондықтан ана тілінде сөйлеу – қазақтың әр перзентінің қасиетті борышы һәм міндеті.

–Елімізде мемлекеттік тілге қатысты бірнеше бағдарлама әзірленді, қаншама қаржы бөлінді. Мұндағы мақсат ел азаматтарын мемлекеттік тілде сөйлету емес пе? Кейде біз тілші ретінде жиын-шараларға барғанда ана тілімізде пікір алатын лауазымды адам таппай жүгіріп кететініміз бар. Неге?

–       Жасырмаймын, тіл тұрғыдан келгенде жағдайымыз қазір мәз емес. Ниет болғанмен, қажеттілік жоқ. Заңдық тұрғыда қатаң талап та керек. Дұрыс айтасыз, қаншама қаржы бөлінді. Бүгінгі күнге дейін мемлекеттік тілді дамытуға арналған екі бағдарлама шықты. Мұнда талап-міндеттері, реттеу кезеңдері барлығы жолға қойылған. Алайда оның барлығы толыққанды орындалмады. Елбасы қадап тұрып қаншама кітаптан іріктеп 100 кітап қана шығарыңдар, ол анағұрлым сапалы, ыңғайлы болатын болсын деді. Мемлекеттік тілдегі кітап та, басқа да көрнекіліктер жетеді. Бірақ солардың басты қағидаттарын бір арнаға тоғысытырған толыққанды әрі ықшамдалған еңбек әлі жоқ. Ол еңбекті, ғылыми жұмысты Америка, Ресей, Қытай ғалымдары жасамайды. Онымен қазақтың өз азаматтары айналысуы керек. Қазіргі заманға ыңғайлап, қалың жұрт мойындайтындай жасау керекпіз. Міне, мәселе. Әйтпесе сыңсып қанша кітап тұр.

Мемлекеттік тілде сөйлемей тұрған сарбазға қазақ тілінде сөйле деп талап қоятын басшылардың бірі генерал-лейтенант Майкеев мырза. Ол кісі бізде Бас қолбасшы болған кезінде «Сіз бірінші адамсыз, мен айтқанменен менікін жартылай ғана тыңдайды, сіздікі екі есе орындалады, сондықтан сіз жиналысты қазақша өткізіңізші» деп айтатынмын. Туған тілімізге деген құрметі ғой, менің бұйымтайымды құп алып жиналыстарды қазақша өткізетін. Онда басқа ұлт өкілдері, орысша оқыған әртүрлі буын өкілдері отырады. Міне, бізге осындай дүмпу туғызу керек. Сондықтан ұжымда мұндай бастаманы алдымен бірінші басшылар қолға алуы керек. Содан кейін сарбаздар сөз жоқ алдыңғы толқынның соңынан ереді. Қазақта «Алдыңғы доңғалақ қалай жүрсе, соңғысы солай жүреді» деген әдемі мәтел бар емес пе? Бұл шынайы өмірден алынған қағида.

Өз басым тек туған тілімде сөйлеймін. Қажет болса, мен мұны өзгелерден де талап етемін. Ана тіліміз – ұлттық бренд, оны сақтамай қадірін кетірсек, өзіміз қорғамасақ, әлбетте, құны түседі. Көп жағдайда өзімді «Шыда, тәуелсіздіктің төлі, жаңа буын келе жатыр, 5-6 жылда бәрі ана тілімізде сөйлейді» деп жұбатамын.

–       Әскер – ел қорғаны. Сарбаз елін қорғау үшін рухты болуы керек. Ал рухты болуы үшін өз ана тілінің қадірін білуі керек. Бұл мәселеде әскеріміздің, сарбаздарымыздың жағдайы қалай?

–       Мен взвод командирлерінен «Сенің жаңа ғана келген сарбазың неге «Разрешите, госпадин» деп жүр?» деп сұраймын. Оларға себебін біліп тұрсам да осындай сұрақ қоямын. Армияда алдымен мемлекеттік тілде сөйлетсін деген ой ғой менде. Өйткені, командирлер ә, баста өздері осындайға үйретеді. Ал, керісінше болса ше? Сарбаздар қазақша сайрай жөнелер еді. Менің бір жауынгерімнің ақылды жауабы бар. «Неге 3, 2 деген баға алдың?» дегенде «Мен өйткені бір жыл орысша өткен сабақтан түсінгенім сол болды» дейді. Міне, тенденция қайдан шықты. Қазақша оқыған баланың не кінәсі бар.

Қысқасы, біз рубльмен жалақы алмаймыз, теңгемен аламыз. Ендеше орысша сөйлеп, орысша іс атқармай, өз ұлтымыздың азаматына сай лайықты іс істейік. Бүгінде әскерилеріміздің әлеуметтік ахуалы өте жақсы, барлық жағдай жасалған. «Тамағы тоқ, көйлегі көк» деуге де болады. Не керек, мемлекет бар жағдайын жасап отыр, осыған сай олар да мемлекеттің басты тілін білуі керек.

–       Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін білуге деген құлшыныстары қалай? Жыл көлемінде қандай сайыс, іс-шаралар өтті?

–       Жалпы министрдің арнайы бұйрығымен ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша анықталған қарапайым, орта, базалық деңгейлер бойынша жыл көлемінде сабақтар өткізіледі. Тіл сайыстары ұйымдастырылады. Біз ондай байқауларда бір топта 5 адам болса, міндетті түрде 2-3-еуін өзге ұлт өкілдерінен аламыз. Мысалы Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен өзге ұлт өкілдерінің қатысуында әр бөлімдерде, өңірлік қолбасшылықтарда, Құрлық әскерінде «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Үздік қызметші», «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген сайыстар өтеді. Биыл бірінші рет Үкімет қаулысымен нақты бір күнді, яғни Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген 5 қыркүйекті  Қазақстан халқы тілдерінің күні болып бекітті. Осыған орай еліміздің барлық өңірлерінде «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты тіл сайыстары болды. Ал өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді білуге деген қызығушылығына келсек, қайткенмен ересек жастағы адамдар болғандықтан қиыншылықтар туындайды. Бұрын мемлекеттік тілде сөйлей білу керек болса, енді латын харпіне көшетін болсақ, мемлекеттік тілде жаза да білуі керек. Латын харпіндегі қазақ әліпбиінің насихатталып жатқаны өзге ұлт өкілдеріне де үлкен әсер етеді, олар бағдарламаны орындауға байланысты икемделе түсуде.

–       Әскери салада терминология мәселесі қаншалықты жолға қойылған?

–       Бізде әскери білім мен ғылымға қатысты арнайы департамент бар. Олар кітаптарды шама-шарқынша аударып жүр. Мемлекеттік тапсырыспен былтыр 30 томдық салалық терминдер шықты. Соның 11-томы– әскери іс. 400 беттік бір кітаппен әскери саланы қамтып тастау мүмкін емес. Артиллеристер термині, мотоатқыштар термині, барлаушылар, инженерлердің әскери термині жеке-жеке болуы керек.

–       Латын әліпбиіне көшу мәселесі қоғам тарапынан кең көлемде талқыланды. Қазақ әскері бұған дайын ба?

–       Әскер кез келген жағдайға әзір тұрады ғой. Сондықтан латын харпіндегі жаңа әліпбиге көшу үдерісіне де дайын деуге болады. Өз басым осы латын харпіндегі жаңа әліпбиге көшуден көп үміт күтемін. Осы орайда айта кетер жайт, алдағы уақытта бұл әліпбиді қолдана отырып, елдегі заңдарды бірінші қазақ тілінде жазу керек. Қажет болған жағдайда кейін басқа тілге аударыла жатар. Енді латын графикасындағы жаңа әліпбимен жазу қолданысында тек қазақ тіліндегі мәтінді жазу керек. Егер кириллица графикасындағы жазба онымен бірге ілесіп жүрсе, тағы да осы деңгейде қалып қоямыз. Әлемдік жүйеге көшетін латын графикасында таңбалау – тек қана таңбалау ғана емес, ол түп құндылығы, мәртебесі бар үлкен жүйе. Әлбетте, тіл дамиды, ғылым айналымға түседі, ізденістер пайда болады. Ең бастысы осы жерден тағы қателік жіберіп алмасақ болғаны. Сөздің тоқетерін айтар болсақ, латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиіміз – бұл біздің ұлттық брендіміз.

–       Әңгімеңізге рахмет.

                                                            Сұхбаттасқан Меруерт САФАЕВА

                                                           Суреттерді түсірген Ағыбай АЯПБЕРГЕН

 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента