Халқымен қайта табысқан ұшқыш

    Біз бұған дейін, 1941-1945 жылдар аралығында ел басына қауіп төндірген Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қазақстандық нәзік жанды жауынгерлердің арасынан «Шығыстың қос шынары» ретінде, тек Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған пулеметші Мәншүк Маметова мен мерген Әлия Молдағүлованың есімдерін ғана білетін едік. Бүгінгі күнде бұрымды қос батырымыздың есімдерімен қоса, майдан даласында «қазақтың қанатты қызы» атанған үшқыш Хиуаз апамыздың да есімі қоса аталып жүр.
     Биыл, қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш, Халық Қаһарманы Хиуаз Қайырқызы Доспанованың туғанына – 100 жыл толып отыр.

Есімі қазақ халқына танымал ақын Фариза Оңғарсынова апамыз өз кезінде: «Бүкіл Орта Азия елдерінің ішінде жанқиярлықпен соғысқан, үлкен батылдық көрсеткен қазақтан басқа қай ұлтта Хиуаздай қыздар бар еді?!»-деп, ұшқыш Хиуаз Доспанованың ерлігіне жоғары баға берген болса керек.
Хиуаз Қайырқызы Доспанова 1922 жылдың 15 мамырында Атырау облысы Ганюшкин ауылындағы қарапайым балықшының отбасында дүниеге келген. Тезірек есейіп, бой жеткен Хиуаз мектеп қабырғасында білім алып жүрген кезінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Мектеп оқушыларымен тез табысып кететін бойжеткен комсомол ұйымындағы жұмыстарда асқан белсенділік танытып, ерекше көзге түседі. Сол мектепте білім алып жүрген күннің өзінде Кеңестер Одағы еліндегі болып жатқан ерлік істерді құмарта бастаған екен. Әсіресе, өткен ХХ ғасырдың отызыншы жылдардың ортасында бортында жүзден астам жолаушысы бар Кеңестер Одағының «Челюскин» атты кораблі Чукот теңізінің мұзы ойылып, батып кеткен оқиғасы орын алады. Оларды құтқару оңайға түспейді. Мұзда қалған жолаушыларды ұшақ басқаруды жетік меңгерген майталман ұшқыштар келіп, барлығын да ажал аузынан аман алып қалады. Кемедегілерді құтқару жұмысына қатысқан ұшқыштардың ерліктері жоғары бағаланып, есімдері ел ішінде аңыз болып тарайды. Осы орын алған оқиға бой жеткен Хиуаз сынды жас жеткіншектердің санасына айрықша әсер етеді. Бұдан бөлек, Кеңестер Одағының Валентина Гризодубова, Полина Осипенко, Марина Раскова есімді нәзік жанды ұшқыштарының Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласынан ұшақпен ұшып шығып, сонау алыс Қиыр Шығысқа дейін еш тоқтаусыз жетуі бүкіл дүниежүзіне тарайды. Бұл ғажап оқиға қазақ қызы Хиуаздың «ұшқыш болсам....» деген арманын одан әрі қанаттандыра түседі. Ұшқыш болуды армандаған талдырмаш бойжеткен Хиуаз мектепте білім ала жүріп, жергілікті аэроклуб үйірмесіне жазылып қойған болатын. Сабақты «өте жақсы» деген бағамен оқыған Хиуаз Доспанова 1940 жылы Орал қаласындағы №1 орта мектепті алтын медальмен бітіріп шығып, орта мектепті бітіргендігі жөніндегі аттестатпен қоса запастағы ұшқыш куәлігін алып шығады.
Ұшқыш болу о бастан арманы болған бойжеткен қазақ қызы Х.Доспанова сол кездегі Кеңестер Одағының басты ордасы саналатын Мәскеу қаласына жол тартады. Құжаттарын Ресей Федерациясының астанасында орналасқан Жуковский атындағы әскери әуе академиясына тапсырғанымен, әскери оқу орны Хиуазды белгісіз себептермен қабылдамайды.
Әскери әуе академиясына жолы түспеген Хиуаз Доспанова Мәскеу қаласындағы медициналық институтқа оқуға түседі. Жоғарғы оқу орнының бірінші курсын тәмамдап қалған кезде, яғни 1941 жылдың жазында бүкіл әлемді дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысы басталады. Сұмпайы Адольф Гитлер бастаған фашистік неміс басқыншыларының Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасағаны жөніндегі жаманат хабар бүкіл елге тарайды. Ел басына күн туып, қару асынған жауынгерлер майдан даласына аттанып жатады. «Неміс басқыншыларынан елімізді қорғаймыз, гитлершіл жендеттермен соғысуға жіберіңіздер» деген топтың бел ортасында қазақ қызы Хиуаз да жүр еді. Өкінішке орай, бірден майдан даласына аттануға жолы түспейді. Мединституттағы сабағына қатыса жүріп, Мәскеу қаласындағы метрополитен құрылысында еңбек етуіне тура келеді. Одан бөлек, қорғаныс бекіністерін тұрғызуға атсалысады.
Бір күні Хиуазға соғыс жүріп жатқан алаңда «Нәзік жандылар қатарынан әуе полкі ұйымдастырылып жатыр екен» деген құлаққа жағымды жаңалық келіп жетеді. Таныс қыздарымен хабарын білсе, рас сөз екен. Полкті жасақтап жатқан баяғы өзі бойжетіп келе жатқан шақтағы Хиуаздың қиялындағы армандаған дәл сол Мәскеуден Қиыр Шығысқа дейін еш жерге қонбай ұшақпен жеткен әйгілі ұшқыш Марина Раскованың өзі болып шығады. Сөз жоқ, аэроклуб үйірмесінде білім алған запастағы ұшқыш Хиуаз Доспанова полк құрамына бірден қабылданады. Бір қызығы, әуе полкіне қабылданған Хиуазға берілген әскери киім денесіне шақ келгенімен, киетін күрзі етігі дәу болып шығады. Соғыс уақыты, таңдап киетін уақыт жоқ. Мұны сезген полк құрамындағы Рая есімді қыз аяғындағы аяқ киімін шешіп, Хиуазға ұсынады. Кейін Хиуаз сол Раямен айнымас дос болып кетеді.
Әскери әуе полкі әуелі Ресей жеріндегі Саратов қаласының әскери училищесінде арнайы курстан өтеді. Көп уақыт өтпей ұшу сапарлары аңызға айналған ұшқыш М.Раскованың барлық тәжірибесінен өткен нәзік жанды ұшқыштардың майданға аттанар сәті де келіп жетеді. Құрамында қазақ қызы Хиуазды қосып алған әскери әуе полкінің көкке көтеріліп, тұңғыш рет шабуылға шығуын аға лейтенант Евдокия Бершанская басқарады.
Алғашқы тапсырмадан алған әсерін көзі тірісінде қазақтың батыр қызы, ұшқыш Хиуаз апамыз былайша еске алған болатын: «Ең бірінші әскери тапсырманы Краснадонда алып, жаудың күші мен техникасын жоюға біз аспанға түнде көтерілдік. Айналаның бәрі тастай қараңғы. Құлақ түбінен уілдеген желдің ызыңы ғана естіледі. Ұшағымыз ауада қалқып келе жатқандай, анда-санда тербеліп қояды. Тек сонау төменде айқұш-ұйқыш атылған оқтардың, жерге түскен бомбалардың жарқылы көрініп қалады.Осылай айналаны бағдарлап ұшып келе жатқанымызда, кенет айналаның бәрі анық көрінді. Сөйтсек, жау әскерлері өз шептеріне өтіп кеткен біздерді байқап қалып, жүздеген прожекторларын жаққан екен. Сол-ақ екен айналаның бәрі астан-кестең болды да кетті. Командирімнің «таста, таста» деген бұйрығына қарамастан, нысананың дәл келуін қарайлап, оңтайлы сәтін күтіп тістене түсудеміз. Осылай әбден бағдарлап, бомбаны тастап-тастап кеп жібердім, төмендегінің бәрі астан-кестен болып жатыр. Мен құшырлана қайта тастаймын. Сонымен бұл түні біздер берілген тапсырманы ойдағыдай орындап аэродромға қайттық».
Қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш Хиуаз Доспанова атақты ұшқыш Марина Раскова басқарған 46-шы Гвардиялық бомбалаушы-ұшқыштар полкінде штурман қызметін атқарды.
Жер бауырлап ұшатын ПО-2 ұшағын тізгіндеген бомбалаушы ұшқыштардың басты міндеті – түн қараңғысында жаудың соғыс техникалары мен қару-жарақ, оқ-дәрі сақталған қоймаларын бомбалау. Күтпеген жерден жау қонысын бомбамен тұншықтыратын нәзік жандылардың полкін немістер "түнгі перілер" деп атаған. Түн мезгілінде қоныстарына қырғидай тиетін Марина Раскова қыздарының ұшағын құлатып түсірген фашист жауынгеріне соғысты бастаған басқарушы Адольф Гитлердің өзі темір крест беріп, аз күнге үйіне демалысқа жіберуге уәде бергені анық.
Штурман қыз Хиуаз Доспанова өз құрбыларының арасында "Катя" атанып кетеді. Бір күнде қатарынан жеті-сегіз рет көкке көтерілетін қазақтың Катясы тапсырма орындау кезінде бірнеше рет өлімнен қалған. Осындай жағдайдың бірі орын алған соғыс жылдарының 1943 жылы болатын. Жауынгер батыр қыздар жауға белгі бермес үшін тіпті сол жылдары ұшақтың жарығын да өшіріп ұшқан екен. Жау қонысын күл-талқан қылып, тапсырманы сәтті орындап келе жатқан Хиуаз Доспанова мен Юля Пашкова қону кезінде апатқа ұшырайды. Жарық өшірулі болғандықтан тұраққа екі ұшақ бірдей қонып Юля Пашкованың басқаруындағы ұшақ әуеден құлап түседі. Бұл оқиғадан кейін ұшқыш Юля Пашкова сол сәтте жан тәсілім етіп, штурман Хиуаз Доспанова ауыр жарақаттанады. Бірнеше ай аяқ-қолы гипстеліп гоститальда жатқан Хиуаздың жағдайы қалыпқа келе бастағанымен, аяғы толық икемге келе қоймайды. Сонда да штурман қызметіне қайта отырған апамыз жаумен айқасып кетеді. Десе де ауыр жарақаттанған аяғы белсенді қозғалуға жарамағандықтан тапсырманы орындап келгеннен кейін де ұшақтан түспей, кабинкада тынығып, келесі күні әуеге сол отырған қалпы қайта көтерілетін болған.
Небәрі 17 жасында соғысқа аттанып, ұшақпен 300-ден астам рет көкке көтеріліп, жаудың соғыс техникаларын, қару-жарақ, қоймаларын талқандаған ұшқыш Хиуаз Доспанова алапат айқас аяқталысымен елге оралды. Солтүстік Кавказ, Кубан, Қырым, Украина, Германияны жаудан азат еткен штурман Хиуаз Доспанова батыр апамыз «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және ерлігі үшін көптеген медальдармен марапатталды. Хиуаз апамыздың жауынгер құрбыларының барлығы дерлік Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. Алайда, қазақтың жалғыз қызының есімі марапаттау кезінде аталмапты. Ұлы Отан соғысына қатысқан қаламгер жазушы Әзілхан Нұршайықов тірі кезінде ұшқыш Хиуаз апамызға қатысты осы бір мәселені өз уақытында сауатты көтере біліп, қағаз бетіне былай суреттеген еді: «Ұлы Отан соғысында Талғат Бигелдинов жау тылына – 305, Леонид Беда – 211, Сергей Луганский 390 рет ұшып, жауынгерлік тапсырманы орындап, үшеуі де екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Олар қуаты күшті ұшақтарды басқарды. Жер бауырлап ұшатын ПО-2 ұшағының жау ұшағымен шайқасар қуаты жоқ...». Сонымен қатар майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықов ағамыз ұшқыш Хиуаз Доспанова кішкене ғана фанера ұшақпен 300 ден астам рет әуеге көтеріліп, жауға ойсырата соққы бергенін айтып, қанатты қыздың ерлігі соғыс жылдарында бағаланбаса да, бейбіт өмірде бағалануы тиіс деп өз ойын ашық жеткізген еді.
Ұшқыш Хиуаз Доспанова бар-жоғы 23 жасында сұм соғыстан ІІ топтағы мүгедек болып оралғанына қарамастан, елдегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Қазақстан комсомолының Орталық комитетіне жетекшілік етіп, Жоғарғы Кеңес Президиумының хатшысына дейін көтеріледі. Мәскеу қаласындағы жоғарғы партия мектебін аяқтап, Алматы қалалық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін абыроймен атқарады. Осы қызмет атқарған кезеңде Хиуаз апамыздың түрткі болуымен "Медеу" мұз айдыны бой көтеріп, «Горный гигант» алма бағы, «Ғалымдар үйі» және тағы басқа да ғимараттары бой көтереді. Қазақтың "Абай", "Шоқан" драмалары сахналанады.
Ал, енді қазақтан шыққан батыр, ұшқыш Х.Доспанова соғыста алған жарақаты мұрша бермей, 1957 жылы 37 жасында денсаулығына байланысты зейнеткерлікке шыққаннан кейін, қарап жатпай шығармашылық жұмыстарымен айналысады. Соғыс ардагері Хиуаз Доспанованың 1960 жылы орыс тіліндегі «Раскованың басшылығымен» атты еңбегі жарық көрсе, 1963 жылы қазақ тіліндегі «Халқым үшін» соғыс естеліктерін оқырмандар қолына ұсынады..
Бүгінгі бейбіт күнде бізді де толғандыратын бір мәселе бар. Ол – Ұлы Отан соғысына қатысушы, қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Хиуаз Қайырқызы Доспанованың майдан даласындағы ерлігінің батырдың тірі кезінде де көп уақытқа дейін бағаланбай қалуы еді. Бар толғандыратыны – штурман Хиуаз апамыздың соғыстан аман-есен елге оралғаннан кейін жоғарғы лауазымдағы қызметтерді атқарып жүрсе де, соғыстағы ерлік істерінің ХХІ ғасырды аттап өткен уақытқа дейін ескерілмей қалуында болып тұр. Қазақтың әрі ақыны, әрі батыры Махамбет Өтемісұлы, күй атасы Құрманғазы Сағырбаев, дана күйші Дина Нурпейісова, шығыстың қос жұлдызы атанған Мәншүк Маметова мен Әлия Молдағұлова туған өңірден дүниеге келген ұшқыш Хиуаз Қайырқызы Доспанова есімінің көп жылдар бойы ескерусіз қалуы біз үшін сын болуы тиіс деп санаймын. Өйткені, Ұлы Отан соғысы жылдарында Хиуазбен бірге ұшып, бірге жаумен арпалысқан Наташа Меклин, Ира Себрова, Катя Пискарева, Марина Чечнева, Раиса Аронова есімді арулар және тағы басқа да ұшқыштар сол кездегі ең жоғарғы марапат – Кеңес Одағының Батыры атағын иленіп жатқан еді. Бұл атақты Хиуазға да беруге болатын еді ғой. Бәлкім, Хиуаз апамыздың орыс нәсілді ұлтынан емес, «ұлты - қазақ» болғаны кедергі болған шығар?! Әйтпесе, ескерусіз елемей кетерліктей Хиуаздың бойында еш мін жоқ еді.
Тура осы мәселені қазақстандық ардагер Павел Батлук Ұлы Жеңіске 50 жыл толған тұста, яғни 1995 жылдың 8 наурызында Республикалық «Советы Казахстана» газетінде жарық көрген «Гвардиялық полктың штурманы» атты мақаласында көтереді. Ардагер аға П.Батлуктің мақаланы жазуға сол уақытта 46-шы гвардиялық әйелдердің авиациялық Таман плкінің штурманы А.Акимоваға «Ресей Федерациясының Батыры» атағының берілгендігі түрткі болған. Ал, аталған полк құрамында 1941 жылдың күз мезгілінен бастап, 1945 жылдың жеңісті күніне дейін жаумен алысқан, бастапқыда штурман, кейін полктың байланыс қызметі бастығының лауазымына дейін көтерілген Хиуаз да болған еді. Мақала авторы Павел Батлук ұшқыш Х.Доспанованың ерлік жолын алға тартып, ол туралы Ресей Федерациясы еліндегі жарық көрген Марина Чечневаның «Небо остается нашим», «Боевые подруги мои», Раиса Аронованың «Ночные ведьмы», алғы сөзін Кеңес одағының Батыры А.Мересьев жазған «В небе фронтовом» кітаптарында және тағы басқа да естеліктерде жазылғанын жеткізеді. «Гвардиялық полктың штурманы» атты мақаланы жазған қарт майдангер П.Батлук: «Мүмкін бізге де Хиуаз Доспановаға «Халық Қаһарманы» атағы берілгендігін тойлайтын күн де келер» - деп, өзінің көтерген мәселесін түйіндейді.
Осы мақаланың желісі бойынша көптеген ұсыныстар түсіп, майдан даласындағы қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыштың ерлігі жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 7 желтоқсандағы Жарлығымен ұшқыш батыр апамыз Хиуаз Қайырқызы Доспановаға мемлекетіміздің ең жоғары марапаты – «Халық Қаһарманы» атағы беріледі. Алайда, арада 4 жыл өткен соң, 2008 жылдың 20 мамырында қазақтың «қанатты қызы» атанған ұшқыш, 86 жастағы «Халық Қаһарманы» атағының иегері Хиуаз Доспанова дүниеден озды. Қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Х.Қ. Доспанова апамыздың есімі Кеңес Одағының Батырлары пулеметші Мәншүк пен мерген қыз Әлияның есімдерімен қатар ұмытылмай атала беретіндігі сөзсіз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Хиуаз апамыз өзінің көзі тірісінде: «Мендей әжелердің ойы тек отбасы мен Отанының тыныштығы ғана» - деп айтқан сөзі ойға оралады. Ендеше, ел келешегін ойлаған ұшқыш, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың ерлік жолын әрдайым үлгі етіп жүрейік! Еліміз аман және Отанымыз тыныш болсын!


Тілек Кенжебеков

Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері


Суретті түсірген: Думан Құрманғалиев

Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента