Егеменді ел әскерінің даму жолы

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне - 30 жыл толу қарсаңында Приозерск гарнизонының Қарулы Күштер ардагерлері ұжымы аталған гарнизондағы орналасқан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Тыл және қару-жарақ бастығына қарасты 60601 әскери бөлімі мен «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері 18405 әскери бөлімінің жеке құрамымен кездесті. Айта кетерлік жәйт,  гарнизондағы орналасқан басқа әскери бөлімдерге қарағанда осы аталған әскери бөлімдердің жеке құрамы тек офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қатарынан бой түзеп, сапта тұрғаны көзге түсті.

Алдымен, 60601 әскери бөліміндегі кездесуді бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары майор Қалымбетов Нұрдос Маратұлы ашып берді. Сөйлеушілердің көшін Приозерск гарнизонының Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының төрағасы Кенжебеков Тілек Алшымбекұлы бастады. Жеке құрам алдында ардагер аға Тілек Алшымбекұлы: «Тәуелсіз Қазақстанның армиясы – біздің еліміздің тірегі, аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігінің кепілі. Егеменді еліміздің төл әскерінің құрылуы мен дамуы жолындағы кешегі Ұлы Отан соғысына қатысып, ерен ерліктерімен көзге түсіп, бүгін күні барша қазақстандықтардың мақтанышына айналған Кеңес Одағының Батыры, Тәуелсіз Қазақстанның
№1 Халық Қаһарманы, тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлының есіміне ерекше тоқталғым келеді. Егеменді еліміздің тарихында өшпес ізін қалдырды. Өмірі мен ерлік жолын әрдайым үлгі тұтамыз!» - деп, тебіренді.
Келесі кезекте тәжік-ауған шекарасындағы қарулы қақтығысына қатысушы майор Нұрзат Есмаханбетов сөз сөйлеп, өзінің өткен күндерін ой елегінен өткізді. Әскер қатарына шақырылған жауынгер Нұрзат Қуанышұлы өзінің жалындаған жастық жағында иығына қаруын асынып, екі ел арасындағы жанжалды тоқтату мен тұрғындардың бейбіт өмірін қалыптастыруға қатысқандығын сөз етті.
Кездесуге 60601 әскери бөлімінің командирі полковник Қарықбаев Данияр Нұрланұлы қатысты.
Ал, енді келесі кезектегі кездесу 18405 әскери бөлімінің жеке құрамымен өткізілді. Кездесуді бөлімнің (құқықтық жұмыстары жөніндегі) офицері, әділет аға лейтенанты Аманкелдиев Дархан Сұлтанбайұлы ашты. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тарихы мен құрылуына тоқталған лауазымды тұлға әділет аға лейтенанты Д.Аманкелдиев егеменді еліміздің армиясын сап түзеген әрбір әскери қызметші мақтан ету керектігін жеткізіп берді.
Кездесу барысында сөз алған Приозерск гарнизонының Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының төрағасы Т.А. Кенжебеков Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің отыз жыл белесіндегі атқарылған игі істерге тоқталды. Жеке құрамға Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы, армия генералы С.Қ. Нұрмағамбетов өмірбаяны, ерлік жолы мен егеменді еліміздің төл әскерін құру жолындағы сіңірген еңбегі мен атқарған қызметі жеткізілді. Қарулы Күштер ардагерлері ұжымының төрағасы Тілек Алшымбекұлы: «Кешегі сұрапыл соғыс куәгері, Кеңес Одағының Батыры, бүгінгі ел мақтанышы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов – біздің Тәуелсіз Қазақстандағы ең жоғарғы марапат болып саналатын «Халық Қаһарманы» атағының бірінші иегері, сонымен қатар Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Осындай марапатқа еңбек жолы мен әскери қызметте қол жеткізгендігі анық. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарындағы әрбір әскери қызметші Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов есімін мақтанышпен айтып, өмірі мен ерлік жолын үлгі тұту керек!»-деп, жеке құрамға өз ойын жеткізді.
Кездесулер әскери қызметшілердің тарапынан асқан қызығушылық танытып, жоғарғы деңгейдегі ұйымшылдықпен өткізілді.


Думан Құрманғалиев
Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы

Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента