Азаттық таңында танылған айымдар

Тәуелсіздіктің тұғырлы болуына армияда жүрген айымдар да аз үлес қосқан жоқ. Олардың арасынан полковник те, профессор да,  әскери ұшқыш та, снайпер де, ауыр техника меңгерген механик те, көп балалы ана да шықты.  Ресми мәліметтер бойынша Қорғаныс министрлігіне қарасты барлық құрылымдар мен ведомстволарды қоса алғанда 7 мыңнан астам әскери әйел қызметші бар екен. Олардың 13%-ы офицерлер, яғни полковник, подполковник, майор, капитан, аға лейтенант, лейтенант шеніндегілер.

Тұңғыш полковник әйел

     Кез келген іске бел шеше кірісіп, өмірдің бұралаң соқпағында белді бекем буатын өмірде күрескер, өр мінезді әйел адамдар болады. Табиғаты солай. Бір-ақ рет сөйлейді. Нағыз істің адамы. Мен полковник, медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик Гүлпарида Байділдаеваны осындай жандардың қатарына қосар едім. Ерекше атап өту керек жайт – ол әйел әскери қызметшілер арасынан шыққан тұңғыш полковник. Жеті генерал шыққан Жамбылдың Жуалы өңірінің тумасы. Батыр Бауыржан Момышұлының аңызға бергісіз бейнесі Гүлпарида Талапбекқызының алдағы болашағына қатты әсер етсе керек, ол да әскери жолды таңдады.

Найман Оқапов, полковник, «Заң» университетінің профессоры:

–      Қандай жұмыс болса да, сөз жоқ, «мен әйелмін» деген әңгіме жоқ, ұшаққа болсын, тікұшаққа болсын, машина болсын, кез келген гарнизонға барып, жұмысын атқарады, оның ішінде тексеріп те, көріп те келеді. Барып келгеннен соң, маған анадай жағдай болып жатыр екен, мынадай жағдай, қиыншылықтар болып жатыр екен деп айтып келеді.

   Ол 1996 жылы ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметі шекара әскерінің Орталық госпиталіне аға ординатор болып әскери қызметке шақырылады. Ал 1999 жылдан бастап ҚР Қарулы Күштерінің Бас гинекологы. Осы жылдар ішінде оның жұмысы госпитальде операция жасаумен ғана шектелген жоқ. Гүлпарида Талапбекқызы Қазақстанның өңір-өңірлеріндегі гарнизондарды аралап, әскери өмірдің ортасында жүрді. Өз өмірін әскерге арнаған әйел адамдардың қызметінде кездесетін қиындықтарды дөп басып анықтап, мәселенің шешу жолын көрсетті, жаңашылдықтар енгізді. Атап айтқанда, 2004 жылы ТМД елдерінің ішінде бірінші болып әскери әйел қызметшілердің далалық оқу-жаттығуға барғанда гигиеналық палаткамен жасақталуын жолға қойды. Бұл – біз үшін мақтаныш. Осы тақырыпта ол кандидаттық, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасады. Сондай-ақ, Гүлпарида Байділдаева әскери әйел және жүктілік мәселесінде кездесетін қиындықтарды көтеріп, 2009 жылдан бері жүктіліктің алғашқы күнінен бастап физикалық, саптық дайындық жүктемелерінен босатылу мәселесін шешкен №37 бұйрықтың қабылдануына мұрындық болды.

Ол ғылыммен айналысып, гинекология саласы бойынша 30-дан астам әдістемелік нұсқаулық әзірледі. Ғылымды тәжірибеде ұштастырды. Қазір ол – ҚР Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталі бастығының медицина жөніндегі орынбасары, бөлім бастығы. Оның бұл саладағы елеулі еңбегі – шағын гинекология кабинетін 20 орындық бөлімшеге айналдыруы.

Гүлпарида Байділдаева, полковник, ҚР Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталі бастығының медицина жөніндегі орынбасары:

–      Қорықпайтынмын. Қандай қиыншылық болса да оның жаман жағын ұмытып кетіп, қиыншылықтан қалай шығу керек, бірінші соның жолын іздеймін. Мен ешқашан артқа қарамаймын. Анау қалай болады, мынау қалай болады деп ойлай берген адамда ауру пайда болады. Оны ұмытып кету керек те, қиыншылықтан шығар жолды іздеу керек. Егер адам өз күшіне сенсе, кедергі деген жоқ.

    Ол гендерлік және отбасылық саясаттың негізгі бағыттарының бірі әлеуметтік сала, білім беру, медицина саласындағы проблемаларға бейжай қарамайды. Гүлпарида Талапбекқызы республикалық әйелдер кеңесінің мәжілісіне қатысып, баяндама да жасап тұрады. Ол – Қазақстан Республикасындағы әйелдердің қоғамдық кеңесінің мүшесі, ҚР Парламенті Сенаты депутатының қоғамдық көмекшісі.

    Полковниктің тәуелсіз мемлекетімізге қосқан ерен еңбегі ақталды да. Ол ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі атанды. «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. 2017 жылы Елбасының қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алды.




Тіл жанашыры

 Тәуелсіздіктің басты құндылығы – тіл. Отыз жылда туған тіліміз төрден орын алса деген тілек бар еді. Алайда қоғамның экономика, бизнес, ғылым сынды өзге салаларындай әскер де толық ана тілімізде сөйлеп кеткен жоқ. Осы жағынан алғанда тіл майданының қақ ортасында жүрген мамандарды мен сауатсыздықпен шам алып күрескен ағартушыларға теңер едім. Бұл тұрғыда олардың еңбегі орасан. Өйткені тіл – ұлттың ұлт болып қалу мәселесі. Менің айтпағым – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті Әскери ғылыми-зерттеу орталығының ғалым хатшысы майор Төгісова Алтын Қалиқанқызы жайында.

      Жоғары оқу орындарын «Ұлт мектебіндегі орыс тілі мен әдебиеті», «Басқа ұлт мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тәмамдаған Алтын Қалиқанқызының барлық кәсіби қызмет жылдары мемлекеттік тілді оқыту мен дамыту, аударма мәселесімен тікелей байланысты. Ол оқытушы қызметіндегі жинақтаған тәжірибесін әскери білім саласында көрсетті. 2008 жылы еліміздің Қарулы Күштерінің қатарына шақырылды. Қазір ол – тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор.

   Бір нәрсені айта кету керек. Азаттықтың ақ таңы бізге айтып жеткізе алмастай бақыт, кеңдік, теңдік сыйлады. Сол қуанышпен бірге өз алдына ел болу, өзге елмен тең болу, үлкен белестерді еңсеру сынды жауапкершілік тұрды. Әскери саладағы мемлекеттік тіл мәселесінде бір жүйеге келтірілген оқулықтың жоқтығы, ресми тілде жазылған күрделі құжаттарды қазақ тіліне аудару мәселесіндегі қиындықтар, қазіргі күні қолданыста жүрген кейбір сөздіктерде бірізділік, жүйеліліктің жоқтығы тіл мамандары, ғалым, аудармашылардың мойнына үлкен жүк артты. Осы міндетті арқалаған топтың қатарында Алтын Қалиқанқызы да жүрді.

   Майор Алтын Қалиханқызы Қарулы Күштерде мемлекеттік тілді оқытып қана қоймай, оны дамыту, әскери тарихи тұрғыдан қарастыру, ғылыми айналымға енгізу, зерттеу мәселелерімен айналысты. Осы бағытта 70-тен аса ғылыми мақалалары отандық және шетелдік басылымдарда жарық көрді.

   Ғалымның әскери терминдерді ұлттық болмысына, әскери лексиканың жүйелілігіне қарай тәржімалау, терминдерді бірізді қолдану, ғылыми жүйеге келтіру, мемлекеттік тілде іс жүргізу мен құжаттарды қазақ тіліне аударғанда баламалы аудармасын жасау жұмысында да еңбегі зор. Әскери саладағы аударманың жай-күйіне арналған біршама ғылыми мақалалары жарық көрді. Терминдерге қатысты еңбектері де бар. Соның ішінде әскери терминдерге қатысты басылып шыққан «Оқыту процесінде жиі қолданылатын педагогикалық ұғымдар мен терминдер» оқу-әдістемелік құралы, «Áskerı salada qoldanylatyn sózder men sóz tírkesterí» (jańa latyn álipbı negízínde, 1- bólіm) jınaǵy» жинағын атап айтуға болады.

    Ол қазақстандық әскери ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін Ұлттық Қорғаныс университетінің басшылығы тарапынан бірқатар грамоталармен, көп жылғы еңбегі және ғылым жүйесін дамытуға қосқан үлесі мен жетістіктері үшін 2019 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің алғыс хатымен марапатталды.

    Иә, құжат, мәтінді бір тілден екінші тілге аударып жүргеннің бәрі бірдей аудармашы емес, ресми тілден ана тілімізге аударылған сөзжасамның бәрі әскери термин емес. Сондықтан тілдің, әскери саланың заңдылықтарын ғылыми тұрғыда қарастырып барып, іске кірісетін Алтын Төгісова сынды тіл ғалымдары әскери салаға көптеп керек-ақ.       

 

Ашық теңіздегі айым

Ақтөбелік ару бала күнінен шексіздікті қалайтын. Кеңістікті жаны сүйетін. Теміржолшылар отбасында дүниеге келсе де, оның жүрегі басқа саланы таңдады. Әскери қызметті. «Бала күнімнен әскерилерге қызыға қарайтынмын. Ерекше киімі, бітім-болмысы сонадайдан тартып тұратын. Содан да болар, әскери болуды қаладым», - дейді Жанар Ыбыраева. Осы арманы оны еліміздің Қорғаныс саласымен қауыштырды. Бұл жерде ерекше атап өтетін жайт, ол – Каспий маңы мемлекеттерінің флотында қызмет атқарған алғашқы әйел әскери қызметші.

     2011 жылдан бері Қазақстанның Қарулы Күшінде қызмет етіп келе жатқан Жанар талай қиыншылықты бастан өткерді. «Бастапқыда қиындықтар болмады емес, болды. Кейбіреулер күмән да келтірді. Қыз баланың қолы емес, алып кете алмайды дегендер де болды. Бірақ, мен намысқа тырысып, нағыз әскери қызметшіге лайықты әрекет еттім», - дейді ол.

Иә, «қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» дегендей, ештеңеге дес бермей, өзін дәлелдеген жігерлі Жанардың жеткені көп. «Батыр аруларға» да қатысты, талай халықаралық жарыстардан жүлдемен қайтты. Ол «Орал» зымырандық-артиллериялық кемесінің байланыс жауынгерлік бөлімінің команда старшинасы қызметін атқарды. ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінде әйел әскери қызметші ерлерден қалыспай тәулік бойы жауынгерлік вахтада тұрды, корабль экипажы құрамында тапсырмаларды орындады.

 

Жауынгерлік ұшақты меңгерген тұңғыш қыз

   2021 жылдың 30 шілдесінде ҚР Қарулы Күштерінің тарихында айтулы оқиға болды! Қазақстанда бірінші рет қыз бала – Ардана Ботай әскери жойғыш ұшақты бағындырды. Көпфункционалды 4++ жаңа буындағы, жоғары маневрлі Су-30 СМ жауынгерлік ұшағында экипаж командирі ретінде дербес ұшуды алғаш рет әйел адам орындады.

Нұрлан ОРМАНБЕТОВ (ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант):

–      ҚР Әскери әуе күштерінде тарихи оқиға болды деп те айтуға болады. Еліміз Қарулы Күштерінің тарихында бірінші рет өздігімен экипаж командирі ретінде әскери ұшақ Су 30 СМ-де әйел ұшқыш аға лейтенант Ботай ұшты. Осылайша ол жауынгерлік авиациядағы әйелдердің ерлермен тең дәрежеде күрделі міндеттерді орындай алатынын дәлелдеді. Бұл – мақтанышпен айтарлықтай жағдай!

   Еліміздің Азаматтық авиация академиясының екінші курсында оқып жүргенде ол Финляндияның Хельсинки қаласындағы «Patria» ұшқыштарды даярлайтын мектебінен тәжірибеден өтеді. Сөйтіп еуропалық кластағы коммерциялық ұшқыш куәлігін алады. Ал ҚР Ұлттық гвардиясында қызмет еткен жылдары 22 жасар Ардана ауыр әскери-транспорттық ұшақ Ан-26-ны да әуеге көтерді. 2018 жылы Балқаш қаласындағы 53898 әскери бөліміндегі қызметінде оған оқу-жаттығу әскери ұшағы Aero L-39 Albatros сеніп тапсырылды. Ал бүгінде аға лейтенант қыз Су-30 СМ жаңа буындағы жойғыштарда ұшады. Қазақтың 27 жасар ару қызы Ардана Ботай – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жалпыұлттық жобасының жеңімпазы.

 

Спорттағы мақтаныш

     Шынығу, шыңдалу, үздіксіз жаттығу, намысты қолдан бермеу. Кейіпкерімнің бойындағы мен байқаған қасиеттер. Тіпті хабарласқанымда да кәсіби жүзуден жаттығу залына бара жатты. Ол – спортты жанына серік еткен лейтенант Жанаргүл Ақбаланова. Тәуелсіздікпен қатар түлеп, қатар шыңдалған Жанаргүлдің мерейлі мерекеміз – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына өз тартуы бар. Ол – самбо күресінен халықаралық спорт шебері, самбо күресінен 2006 жылы өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы (2006), әлем кубогының қола жүлдегері (2006).

    Әскери спорттағы жетістіктері де өз алдына бір төбе. 2017 жылы ҚР Қарулы Күштерінің спартакиадасында Президенттік көпсайыс және шаңғы жарысынан жүлделі орын иеленді. 2018 жылы IV Армиялық халықаралық ойындар аясында халықаралық деңгейде өткен сайыста «Кәсіпқой», «Атлет» кезеңдерінде бірінші орын , «Үздік жауынгерден» екінші орын, «Мерген» байқауынан үшінші орын, «Ковалер/ Сударыня» байқауында Томирис биін билеп, екінші орынды еншілейді. Сөйтіп алған бетінен қайтпайтын, қойған мақсатына жетпей тыңбайтын Жанаргүл осы АрХО-2018 сайысында Қазақстан құрамасының қоржынына бірнеше жүлде салды. 2018 жылы ҚР Қарулы Күштерінің командасы Арменияда өткен «Достастық сарбазы» халықаралық конкурсында бірінші орын алды.

Жанаргүлдің спортқа деген ерекше ықыласы болар, ол мұнымен тоқтап қалған жоқ. 2021 жылдың маусым айында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің арасында өткен XIII Спартакиадада табельдік қарудан оқу ату бойынша бірінші орын иеленді, сондай-ақ биылғы жылы өткен әскериленген кростан да бірінші орынды жеңіп алды.

Әскери салаға спорт арқылы келген лейтенант қыздың одан бөлек екі дипломы, яғни екі мамандығы бар: заңгерлік және педагогикалық. 14 жылдан бері әскери салада жүрген оның қызметі негізінен спортпен байланысты. Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында дене тәрбиесі кафедрасында жұмыс істеген жылдары ол курсанттарды қазақ күресінің қоянқолтық ұрысынан жаттықтырып, қалалық және облыстық жарыстарға жетеледі. Бүгінде шәкірттері де бар. Қазір ол Кеңес Одағының Екі мәрте батыры Т.Бигельдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты рота командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары лауазымында жұмыс істейді. «Қазір кәсіби тұрғыда суда жүзуге бет бұрдым. Спорттың бір түрімен шектеліп қалуға болмайды», - дейді ол.

    Жанаргүл АҚБАЛАНОВА, Кеңес Одағының Екі мәрте батыры Т.Бигельдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты рота командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары:   

–      Өзім шаңғы тебе аламын. АК, АПМ болсын, винтовка болсын қару-жарақ ата аламын, әскериленген кросста жүгіремін. Бұрын судан қорқатын едім, күреспен айналысқан соң суға түспейтін едім, қазір үйреніп жатырмын. Осы жолы өзіме офицерлік үшсайыстан чемпион боламын деген мақсат қойдым.

«Балуанға оң-терісі бірдей» дегендей, өз кәсібінің маманы үшін алынбайтын асу жоқ, қиындық оны тек шыңдай түседі. «Спорт әйел адамға серік емес деп жатады. Мен онымен келіспеймін. Қазір спортпен әйел адамдар көп айналысады. Спорттың арқасында Қарулы Күштер саласына келдім. Адам жасына қарамастан спортты сүйіп, өзін соған тәрбиелеу керек», - дейді ол.

    Иә, спорт ешқашан сүрінбеуге, жеңілмеуге, мақсатыңа жету жолында қашанда алдыға бір қадам жасауға, өмірде күрескер болуға үйретеді. Жанаргүл де жеңісті күндерінің көп болғанына қарамастан, «болдым, толдым» демейді. Бір үйдің от-анасы болса да, бәріне уақыт табады. Отбасы, әскери қызметінен бөлек, алдына үлкен мақсаттар қойып, ел намысын әлемдік деңгейде де қорғап жүр. Ол 2019 жылы «Самбо күресін дамытуға үлес қосқаны үшін» медалімен марапатталды.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента