Айбынды армиямыз - тәуелсіздігіміздің төл перзенті

Аты аңызға айналған тарихи тұлға, Кеңес Одағының Батыры, № 1 Халық Қаһарманы,  егемен еліміздің  тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовпен бұл сұхбатты Қазақстан Қарулы Күштерінің 20 жылдығы қарсаңында белгілі журналист, бір кездері бірнеше жылы «Қазақстан сарбазы» газетін басқарған білікті маман Сапарғали Жағыпаров алған болатын. Журналистпен арадағы әсерлі әңгімені оқырман назарына сол күйінде ұсынғанды жөн көрдік.

Бүгінгі күн - кешегі күннің шәкірті

- Сағадат Қожахметұлы, біз жақсы білеміз, сіз Тәуелсіз еліміздің тұңғыш қорғаныс министрі ретінде Қазақстанның төл Қарулы Күштерін құруға, оны қалыптастыруға әскери біліміңізді, тәжірибеңізді, бар күшіңізді жұмсадыңыз, бір сөзбен айтқанда, еңбегіңіз ұшан-теңіз болды. Бүгін міне, Ұлы Жеңістің 67 жылдық мерекесінің алдында Қарулы Күштерімізге 20 жыл толып отыр, армиямыз қиын-қыстау кезеңдерде қалай құрылып еді, қандай жетістіктерге жетті, осы жөнінде айтып берсеңіз?                                                                                                       - «Бүгінгі күн – кешегі күннің шәкірті» деп тегін айтылмайды.  Шынында да, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары нағыз қиын-кезең еді. Кеңес Одағы ыдырап, жақын елдер тәуелсіздіктерін алып, өздерінің әскерлерін құра бастады. Қазақстан егемендігін алғаннан соң, қалыптасқан жағдайды және елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын ескере отырып  Елбасы  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1992 жылғы 7 мамырдағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанын жариялады. Бұл жерде айтып кетуім керек, біз өзіміздің әскерімізді тәуелсіздік елдердің ішінде ең соңында құрдық.  Осы күндері армиямыз қанатын жайып, аяғына нық тұрды, бұғанасы бекіді, елімізбен бірге дамып қалыптасты. Қарулы Күштеріміз Тәуелсіз елімізді, кең байтақ жерімізді, шалқар көлімізді көзінің қарашығындай қорғап келеді.

Халқымыз Қарулы Күшеріміздің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жиырма жыл бойы Отанымыздың қорғаныс қабілетін ұдайы арттыра беру жолындағы саясатына әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Еліміздің әскерінің тектері қалыптасты, олардың бірлесіп қимылдау, өзара ықпалдасу, бір-бірін демеп-қолдау нәтижиесінде ортақ мүддені қамтамасыз етуге         жету жүзеге асты. Қазақстанда  бірнеше әскери білім оқу орыны ашылып, жеткілікті түрде мамандар мен зияткер офицерлер әлеуеті  қалыптасты. Қазақстан әскері алыс-жақын шетелдік әріптестерімен бәсекеге түсіп, елдің абыройын көтеріп отыр, ал сарбаздарымыз болса, халықаралық жаттығуларға қатысып, жақсы жетістікерімен көзге түсіп жүр. Бүгінде еліміз бірегей мемлекеттік әскери-техникалық саясатты жүзеге асыруда.  Бұл күндері Астанада          «KADEX-2012» екінші қазақстандық халықаралық қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесі өтпек.

Иә, әскеріміз бүгінгі келбетіне оңайлықпен келген жоқ. Алғашқы кезде алдымызда талай сұрақтар тұрды: «Қарулы Күштеріміз қандай болу керек? Армиямыздың келешегі қандай болмақ? Қажетті кәсіби мамандарды қайдан аламыз? Стратегиялық қүштер мен ядролық қаруды не істейміз? Ядролық полигондармен не болады?  Біздің стратегиялық одақтасымыз кім болады?...» Күн тәртібінде шешілмеген мәселелер көптен көп еді. Армия құру барысында Кеңес Одағынан бізге қалған ядролық стратегиялық қару мен қуатты күштерін тез уақытта шешу керек болды. Неге десеңіздер, бейнелеп айтсам, жеріміз жарылысқа жақын тұрған апат аймағына айналды. Өйткені Қазақстан аймағында 104 құрлықаралық СС-18 ядролық оқтұмсықты баллистикалық ракеталарды алып жүруге мүмкіндігі бар Ту-95 стратегиялық бомбалушы ұшақтардың дивизиясы тұратын. Сонымен бірге елімізде көп жылдан бері Орта Азия округінің 200 мыңнан асатын әскери тобы және техникасы қалған еді. Міне осының бәрі, абайсыз әрекет бола қалған жағдайда Чернобыль атом электр стансасындағы сұмдық аппаттан кем соқпауы мүмкін еді.                                                    

- Осы мәселеге байланысты мемлекет тарапынан қандай күрделі шешім қабылданды?                                                                    

- Бұл жөнінде Елбасы тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемге үлгі боларлық заманалық шешім қабылдады. Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздің болашағын ойлап, дүниежүзіндегі ең ірі  Семей ядролық полигонын жабу туралы 1991 жылғы 29 тамызда Жарлыққа қол қойып, ажал аранына өз қолымен құм құйды.  Бұл ядролық арсеналдан бас тартып, қаруды таратпау жөніндегі Келісімге қосылу туралы күрделі шешім еді. Осылай Тәуелсіз Қазақстан ядролық қаруға қарсы жаһандық қозғалыстың көшбасшылары қатарына енді. Бүгінде Елбасы ядролық қаруды таратпау тәртібін мүлтіксіз сақтай отырып, жер жүзінде жаппай қырып жоятын қаруға жалпыға бірдей тыйым салу, халықаралық ядролық терроризм қатеріне жол бермеу жөніндегі жаһандық бастамаларын ұсынып келеді.                        

Биылғы жылдың 26-27 наурызында      Сеулде өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі екінші Саммитке Президентіміз  қатысып, қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелерді ортаға салды.                      

- Қазақстанда өз әскерімізді құру бұрын болмады ғой,  сондықтан тәжірибені  қайдан, кімдерден жинау керек болды?              

- Армиямызды құрғанға дейін алғашқы қадам Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру болған. Комитет өз қызметінің басында елімізде орналасқан барлық әскери бөлімдермен тығыз байланыс орнатып, олардың жағдайлары туралы ақпараттар алған болатын. Сонымен бірге Қазақстан Президентінің аппаратында және Министрлер Кабинетінде әскерлерді басқару жүйесін тиімді ұйымдастыру үшін Қорғаныс бөлімі құрылды.                                         Сол кезде жұмыс күні-түні қайнап жатты. Кәсіби мамандар жетпейтін еді. Бұрынғы Кеңес Одағының офицерлері Орта Азия, Түркістан әскери округтерінде  қызмет еткендер, өздерінің туған елдеріне кетіп жатты. Бірақ та біз ұлттық армиямызды бұрынғы одақтық республикалардан Отанымызға оралған әскери қызметшілермен толықтыра бастадық. Сонымен бірге Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесінің базасын кеңейтіп – жаңадан факультеттер аштық. Ұлы Отан соғысы кезінде әскери қызметшілерді қысқа офицерлік курстарында даярлайтын, сол тәжірибені  біз де   қолға алдық.                                                 

«Керуен қосы жүре түзеледі» дегендей, көп ұзамай Елбасының жарлықтарымен және өкімдерімен Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамы белгіленді. Президенттің ұсынысымен мемлекетімізде бірқатар маңызды заңдар қабылданды. Бір ғана қауіпсіздік саласында ішкі әскерлер туралы, қорғаныс туралы, жалпы әскери міндеттілік пен әскери қызмет, әскери қызметшілердің зейнеткерлік қамтамасыз етілуі және басқа да әскерилерге қажетті заңдар қабылданып, егемендік армиямыздың құрылуы мен қалыптасуына жол ашып берді. Қазақстан Республикасының бірінші әскери доктринасы 1993 жылы 11 ақпанда Елбасы бекіткеннен кейін күшіне енді. Сол кезден бастап армиямыздың іргетасы қалана бастады. Әскердің тектері, құрылымы, округтердің орналасу мекені, кадрлармен жасақтау, оларды оқыту және тәрбиелеу, қару-жарақпен, жаңа әскери жабдықтармен жарақтандыру, мемлекетаралық әскери қатынастар орнату - бәрі-бәрі жаңа сала еді.                                                                             

Қорғаныс минстрлігінің, Бас штабтың басшылары әскерлерді басқарумен бірге жауынгерлікті жөнге келтіру, атқарушы билік органдарымен және қуатты ведомстволармен қарым- қатынасын қамтамасыз ету, қаржылық, тылдық және материалдық қамтамасыз етуді ұйымдастыруды қолға алды.  Жоғарғы Бас қолбасшының қатысуымен Қарулы Күштерінің бөлімдерінде алғашқы жаттығулар өтті.                                                         Президенттің Жарлығымен Қарулы Күштер түрлерінің байрақтары, әскери бөлімдердің жауынгерлік туралы мен әскеріміздің рәміздері бекітілді.          Бір сөзбен айтқанда, өзгерген жағдайға байланысты жаңа Қарулы Күштердің мақсаты мен міндеттері оны шешудің жолдары белгіленген нормативті - құқықтық база жасалды.  

                           

Бұл жеңіс - бәрімізге ортақ

 

- Ұлы Жеңіс мерекесінің қарсаңында қазақстандықтарды әлі күнге ойландыратын сұрақ: майдангерлер Ұлы Отан соғысының сұрапыл күндерінде болған  ауыртпалықтарға қалай төтеп бере алды? Нені армандады, кімге сенді?

 - Жеңіс күнінен кейін қаншама жылдар өтсе де, біз міндетті түрде Отанға шынайы беріліп, антына адал, сертіне берік болған, төзімділік пен ержүректік танытып, майдан даласында мәңгілікке көз жұмған  боздақтарға бас иеміз. Жауына жасындай тиіп шабуылға шыққандарды, жау шебіндегі партизандар мен астыртын ұйым мүшелерін, тынымсыз тыл қызметінде болған аналар мен балаларды еске аламыз.

Кеңес халқының теңдесі жоқ ерлігінің арқасында Отанымыздың тәуелсіздігі сақталып, Еуропа ұлтшылдардың қанды шеңгелінен аман қалды. Планетаға соғыстан бөлек теңдесі жоқ бостандық пен бейбіт күн сыйланды. Майдан даласында қан кешіп, 45-тің көктемінде әрбір шаңыраққа жеңіс сыйлағандардың әлем жұртшылығы алдында ары таза. Адамзат баласына қайғы мен қасірет әкелген сұрапыл соғысты әрқашан есте сақтаған абзал.

Естеліктер ескірмейді. Ондаған, жүздеген жылдар, ғасырлар өтер, сол кезде де біздің ұрпағымыз Отан үшін от кешкен батыр бабаларын бүгінгідей еске алып, ардақтап мақтан тұтатынына мен сенемін. Әкелер мен бауырлардың, азаматтар мен балалардың бірінен соң бірі майданға аттанғаны әлі күнге көз алдымда. Ақмола облысындағы біздің Трудовое селосынан жастары әлі 17-ге толар- толмас жасөспірімдер майданға өз еркімен сұранып, алғы шепке барып дұшпанмен соғысамыз деп тілек білдірді. Олар оқып білім алып өмірге ғашық болып тамашалағанның орнына әскери комиссариаттарды  «торауылдады».

Қараша үйлердің қаңырап бос қалғанын, ер азаматтардың  сүйген жарынан, балаларынан, туыс-тумаларынан айырылғанын көру азапты да ауыр нәрсе. Кейбірі бір-бірін мәңгілік көрмей, келместің кемесіне мінгені да ақиқат. Соғыс бірен-саран отбасына  ғана емес, бүкіл адамзат баласына қайғы-қасірет әкелді. Бүгінге дейін кеудесіне жиналған ауыр өксікті баса алмай шерменде болып көз жасы кеппеген аналар мен аталар қаншама десеңізші. Оларға әлі күнге дейін майданға кеткен ағалары мен балалары тірі келіп, сыртқы есіктің қоңырауын басатындай көрінеді.Үміт оты өшпейді деген сөз бекер айтылмағандай.

Иә, Ұлы Жеңісті көптеген жерлестеріміз бен жауынгер  әріптестеріміз көре алмай кетті. Ұзақ күттірген ұлы күнді армандады, соған жетеміз деп сенді.

Сөзім дәлелді болу үшін бір мысал келтіре кетейін. Біздің 301 Донецкілік II дәрежелі Суворов орденді Берлин атқыштар дивизиясының еншісіне аса жауапты да, маңызды тапсырма берілді. Ол - фашизмнің апанын шабуылдау. Өрт пен жарылыстың алауынан бейнебір Берлин аспаны жанып жатқандай. Бас көтертпес атылған оқ пен жарылған снарядтарға қарамастан, батальон жауынгерлері алға ұмтылды. Олар батырлық пен батылдықтың теңдесі жоқ әдіс-айласын қолданып, қираған үйлердің қабырғаларындағы ойықтар мен есік-терезелер және үйінділерге жасырынған фашистерді бекінген жерлерінен аластауда. Маған осы қазір, жеңіс сағаты соғатындай көрінді, сондықтан болар жауынгерлер қайраттанып, тіпті ажалдан қорықпайтындай әсер алдым.

«Ержүректілік тек батырға тән қасиет» демекші, қарамағымдағылар фашизм апанында Гитлердің нағыз баскесерлері мен эс-эс-шілердің отырғанын білсе де, әрбір қадам үшін аса зор табандылықпен өршелене алға жылжыды. Осы сәтте қасыңдағы майдандас досыңнан айырылсаң ішің ашып, көңілің босамай нетсін. Әлі есімде, полк командирі, Кеңес Одағының Батыры подполковник Александр Пешков неміс-фашистерінің тізе бүккені туралы хабар жеткізгенде сөйлеуге тілім келмей, өз құлағыма өзім сенбей, жүрегім тоқтап қалғандай, көзіме жас келді.

Осыдан бірнеше минөт, бірнеше сағат бұрын тірі болып, өз армандарын айтып құпияларымен бөліскен жолдастарымды еске алдым. Оларды үйде ардақты аналары, сүйген қыздары, аяулы жарлары, балалары күтті, соғыстан кейін атқармақ жоспарлары қандай керемет еді. Иық тіресіп, күн сайын, ай сайын, жылдар бойы бірге жүріп, қара нанды бөле жеп, бірге соғыссаң олардан артық саған туыс та, дос та жоқ сияқты көрінеді. Ал егер солардың біреуінен айырылсаң, қабырғаң қақырағандай күй кешеді екенсің.

Әрине, ең өкініштісі, солармен бірге мерекенің дастарқанында бірге отырып: «Шеше есіңде ме, майданға аттанып бара жатып, келемін деп сөз бердім, міне, оралдым майданнан!, деген лебізін естімеу.

Бұл жеңіс  – бәрімізге ортақ. Бұл Ресей халықтарының және бүкіл Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің ортақ жеңісі. Біздің бауырластарымыз фашизмге қарсы күресте шыңдалып шынықты. Өмір мен өлім қатар жүрген сәтте сыналған бауырластарымызды ешқандай жаудың жеңе алмайтындығын уақыт дәлелдеп берген. Ол кейбір сыңаржақ пікірлерге қарамастан, бүгінде қасиетті, қастерлі. Қаншама жылдар өтсе де бірде - бір полктас достарымды есімнен шығарған емеспін. Мәселен: Александр Прокофьевич Епанешников, Николай Павлович Мурзин, Александр Семенович Кошкин, Николай Константинович Мендзелевский –бәрі де  жеңіс күніне жете алмай кеткен боздақтар.

                  

«Майданда қазақтар тамаша соғысуда...»

 

- Ұлы Отан соғысында майданда қару ұстап, жеңіс күнін жақындатқан қазақстандықтар жайында сіз не айтар едіңіз?

- «Республика сол жылдары еліміздің жұмылдыру орталығына айналды десек, артық айтқандық емес. Ондаған дивизиялар, бригадалар, жеке бөлімдер Қазақстанда құрылды. Олар барлық майдандарда жеңілістің ащы дәмін, жеңістің қуанышын өз бастарынан өткізді». Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл сөзі қазақстандықтардың Жеңіске қомақты үлес қосқандығын көрсетеді.

Республика 1 млн. 200 мыңнан астам ұлдары мен қыздарын әскерге аттандырды, олардың жартысынан көбі майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Егер нақтылай айтсақ, әскери комиссариаттармен Бүкілресейлік құжат жүргізу және архивтік іс жүргізу ғылыми-зерттеу институтының берген мәліметі бойынша, Қазақстан  1941-1945 жылдары 602 939 адамынан айырылды.

Көп ұлтты халқымыздың ұлдары мен қыздары соғыстың алғашқы күндерінен бастап Брест, Вязьма, Ельн және басқа жерлерде қаһармандықпен шайқасты. Мәскеу түбінде жаудың бетін қайтарған алғашқы шабуылды, Сталинград түбіндегі жеңіс салтанатын, Курс иініндегі, Ленинградтың қоршаудан шығуы сияқты ұлы жаңалықтарды қазақстандықтардың бірге бөліскені айдан анық.

Украинаны, Молдавияны, Белоруссияны, Балтық бойын, Еуропа елдерін азат етуде қайталанбас ерлік көрсетті. Сұрапыл соғыста қарсы тұрып, гитрлершілердің кейін Берлинде, өз апанына кіруінің куәгері болдық. Әрине, жеңіс оңайлықпен келген жоқ, оған Қызыл армия жауынгерлерінің және бұрынғы Кеңес Одағы ұлттары мен ұлыстарының иық тіресе жан беріп соғысқанының арқасында қол жеткіздік. Көптеген қазақстандықтар ірі-ірі операцияларға қатысты, соның ішінде Белоруссия, Львов, Висла, Одер, Берлин операцияларына қатысқандар ерлігі мен батылдығы үшін батыр атағын иеленді. Әсіресе, Мәскеу мен Сталинград түбіндегі қанды шайқасқа қатысқан ұлттық құрылымдардың үлесіне ауыр да күрделі тапсырмалар берілді.

Мәскеуді қорғауға қатысқандардың ішінде 316-шы, 238-ші, 312-ші, 387-ші және 391-ші қазақстандық дивизиялар бар еді. Курск иініндегі шайқасқа 72-73-ші гвардиялық және 8-ші атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің ерлігі Ұлы Отан соғысы тарихында мәңгілік орын алады.

Қазақстандықтардың батырлығы мен ержүректігі майдан даласында аңызға айналды. Мысалы, Псков жеріндегі Невель қаласы үшін болған ұрыста пулеметші Мәншүк Мәметова асқан ерлігімен көге түсті. Шығыс қыздарының арасында оған бірінші болып Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бұдан кейін екінші рет осы жоғары атақты иеленген қазақтың батыр қызы мерген Әлия Молдағұлова болды. Қызыл армияның әскери бөлімдерінде 239 гитлершілдердің көзін құртқан сұрмерген Ибрагим Сүлейменов туралы, Николай Гастеллоның ерлігін қайталаған Нүркен Әбдіров, батыр ұшқыштар Сергей Луганский, Талғат Бигельдинов тағы басқалар жайында аңыз қылып айтар әңгімелер тарады.                                             Германия фашистерімен соғыста Қазақстанның тылдағы еңбеккерлері жеңіс күнін жақындатуға зор үлестерін қосты. 1943 жылдың басында «Правда» газеті өзінің бас мақаласын біздің республикамыздың жауынгерлері мен тыл қызметкерлеріне кездейсоқ арнаған жоқ. «Майданда қазақтар тамаша соғысуда, майдан үшін олардың әкелері, аналары, жарлары тылда табысты еңбек етуде. Қазақстан бүкіл майданды өз жерінің байлығымен, тауларының асылымен қамтамасыз етуде. Гитлершілдерге атылған әр снарядтың құрамында Қазақстан табиғатының бөлігі, қазақ еңбегінің үлесі бар» деп жазды газет.

Фашизмді талқандауға өзіндік үлес қосқан қазақстандық партизандар мен шет елдерде қарсылық ұйымдастырғандардың үлесін де айтпай кетуге болмайды. Бір сөзбен айтқанда, әлемді ұлтшыл Гитлердің «Менің күресім» идеясы жаулап алмас үшін біздің қолдан келгеннің бәрі істелді. Жеңістің тарихи маңызы туралы, қазақстандықтардың үлесі жайында, Гитлерге қарсы коалициядағы одақтастар жөнінде және екінші дүние жүзілік соғыстан республика басшылары қандай сабақ алды, не істелінді деген тақырыпта маған 2005 жылғы 9 мамырда БҰҰ Бас ассамблеясы отырысында биік мінберден сөз сөйлеуге мүмкіндік туды.

 

 

                            Үндемей отыруға болмайды...

 

- Сіз майдангерлер Гитлер идеясын әлемде салтанат құрмауына бар күшін жұмсады дедіңіз. Осыған қарамастан, кейінгі жылдар соғыс тарихын бұрмалаушылық науқаны жүріп жатқан жоқ па?

- Өкінішке қарай, ондай деректер бар, сырттан бұрынғы Кеңес Одағын кінәлайтын дауыстар шығып жүр. Кейбір фашизм идеясына уланғандар вермахты мадақтауға талпынады. Осыдан біраз уақыт бұрын Вьетнам соғысына қатысқан АҚШ-тың бұрынғы офицерінің «Жүз ұлы қолбасшылар» атты кітабы жарық көрді. Автор кітабында ұлы қолбасшы ретінде Адольф Гитлердің, Саддам Хусейннің және тағы басқалардың аттарын атайды. Бұл Жуков, Конев, Рокоссовский сияқты нағыз қолбасшыларды жоққа шығаруға арналған қара ниеттілердің айла-әрекеті іспетті. Сондай-ақ «Мұзжарғыш» кітабында «Соңғы миф», «Штрафбат» фильмдерінде соғыс туралы керісінше өсектер мен нақақтар айтылады. Мұны өскелең ұрпақтың сана-сезімін уландыруға әдейі істеліп отырған әрекет деп түсіну керек. Тағы бір айта кететін жәйт, фашистермен бірге соғысқан сатқындарды бүгінде «легионер» деп атауды сәнге айналдырыпты. Бұрынғы одақтас республикалардың қалаларында кейбір көшелер әлгілердің атымен аталатын көрінеді. Ұлы Жеңістің бүкіл әлемдік тарихи маңызына, ұлы қолбасшылардың атына танылған өсек пен нақаққа біз көз жұмып отыра береміз бе? Бұл жерде ғалымдар, тарихшылар, қоғамдық ұйымдар, майдангерлердің өздері конференцияларда, «дөңгелек үстел» кездесулерінде, әр түрлі форумдарда бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өз сөздерін айтуы тиіс. Бұл жерде фашизм жаулаған жерлердің тағдырын, Отанымызды және басқа елдерді қандай азаптан құтқарғандарымызды естен шығармауымыз керек.

Қасиетіміз бен қадірімізге шабуыл жасап, азат етушілердің ескерткіштерін бұзып, құрбан болғандардың зиратын тонап, тірі майдангерлерді соққыға жығып жатқанда үндемей отыра алмасақ керек.

Біздің ұрпақ фашизмнің қалай пайда болғанын жақсы біледі және ұлтшылдыққа бүкіл әлем бірігіп соққы берді. Бүгін де қалаларды қиратып, адамдарды қырып жатқан халықаралық терроризм әлемдік қауымдастықты бірігіп соққы беруге шақырады. Бұл жерде де біз үндемей отыра алмаймыз.

 Отанымызды сезіну бесіктен басталады

- Ардагерлердің тәлім-тәрбиесі жастарды өз елінің азаматы, патриоты ең бірінші өз Отанын ойлау керек деп оқытады. Бүгінгі «супер» жастардың санасына тарихты қалай сіңіруге болады? Ол үшін жағдайлар бар ма? Бұл мәселеде тәуелсіз Қазақстанның менталитеті мен оның жаңа астанасының рухани маңызы қандай?

-  Әрбір мемлекеттің терең тамыры мен бай тарихы бар екендігі белгілі. Ал астанасы сол елдің халқының бірігуін айқындайтын символ іспетті. Бізде де Қазақстан өзінің жаңа астанасын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ауыстыруы осы елде тұратын барлық азаматтардың сана-сезімін айқындайды.

Астана Еуразияның жүрегі іспетті. Мұнда әр түрлі өркениет өкілдерінің мәдени және дәстүр-салты сабақтасып жатады. Астанаға келген әрбір адам оның кеңңдігіне, жаңа әкімшілік орталығына, Президенттің, Үкіметтің, Парламенттің, министрліктердің жаңа ғимараттарына таңдана көз салады. Қазақстанның жеткен жетістігінің барлығы қаржы мен дамып отырған экономикамызға, өндірісімізге тікелей байланысты. Бүгінде дағдарыс болғанның өзінде де елімізде көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл қазақстандықтар үшін жаңа мемлекетті дамытып, реформаларды іске асырып, адамдар арасында бейбітшілік пен ынтымақтастықты ұстап тұру үшін барлық мүмкіндіктердің жасалғандығын тағы да дәлелдейді. Жоғарыда атап өткендерім жастардың өз Отанын – Қазақстанды сүюіне, аға ұрпақтан қалған дәстүрлер мен идеяларды сақтауға үлгі емей немене? Ал өз Отанымызды сезіну... ол бесіктен бастау алады. Не десеңіз де, Отанымыз, өмірдің қай саласында болсын, атақты адамдардан кенде емес.                           

                           

«... Ерекше адамдар құрамы»

 

- Сағадат Қожахметұлы, Сіз өз өміріңізде әлемнің көптеген елдерінің астаналарын араладыңыз. Қай елдің қонақжайлығы Сізді қызықтырды, жастарды тәрбиелеу жайлы айтқандықтан Астанада тағы да не істеуге болар еді?

- Бүгінде, Еуразияның орталығы болып табылатын заманға сай Астана қаласы бой көтерді, қараңызшы сәні мен салтанаты жарасқан алып құрылыстың қарқыны мен ауқымы талайларды тамсандыруда. Жылдан-жылға жақсарып,көркейіп құлпыра түскен әсем жас қаламыз Астанаға халықаралық ұйымдардың жоғары белгілері «Бейбітшілік қаласы» мен ЮНЕСКО-ның дипломының тапсырылуы әлемдік қауымдастықтың егемен Қазақстанның жаңа астанасына көрсеткен құрметтері емес пе. Сірә, бұл мыңдаған адамдардың қажырлы еңбектерінің арқасында тарихи ауқымның ғаламат жетістіктеріне қол жеткізу мен өзге мемлекеттермен бірге тәуелсіз мемлекетіміздің де қарыштап өсіп-өркендеп келе жатқандығын айғақтайтын үлкен оқиғалардың бірі екендігі даусыз.

Астананың кешегісі мен бүгінгісін таразылайтын болсақ оның шежірелі тарихын тұтас бір дәуірмен өлшеуге болады. Өйткені Астананың тарихы Отанымыздың тарихымен өзара өте тығыз байланыста. Сарыарқаның сайын даласын мекендеп тарихтың талай кезеңдерін бастарынан өткерген миллиондаған ұрпақтарымыз бен қандастарымыз туып өскен атажұртының нағыз иесі болуы үшін аянбай күресті. Қазақ даласының қара қылды қақ жарған дана билері мен хандары Тәуке мен Абылай халықтың бірлігін нығайта отырып, туған жердің тұтастығын сақтап қала білді.

Мен бұған дейін де Астананың ерекше қала екендігін атап өттім. Мұнда балалар келіп оқиды, басқа мемлекеттерден меймандар дем алып жатады. Белгілі бразилиялық жазушы Жоржи Амадудың пікірінше: «Астана – тек архитектуралық әсемдік емес, ерекше адамдар құрамы». Біздің халқымыздың өзіндік ерекшелігі, өзіне тән ұлттық дәстүрі бар. Астанамыз қонақжайлығымен, ескерткіштерімен, архитектуралық кешендерімен, рәміздерімен танымал.

Қолым сәл босағанда, Астана көшелерімен жүріп өтуді ұмытпаймын. Оның кең де көркем көшелері, тарих тынысынан туған ішкі сабырлықты сақтағандай. Тоқтай қалып жан-жағыңа қарасаң бүгінгі күннің айшықты тылсымынан әсер аласың. Ол түсінікті де, астана әлі жас қала, өсіп-өркендеу үстіндегі әдемі шаһар.

                                     

 

Ұрпақ ұстаған қарулар неліктен қызықтырмасқа?

 

- Сіз түрік қаруы жөнінде әңгіме қозғадыңыз, сонда біздің халқымызда төл қарудың болмағаны ма?

- Егер ата-бабаларымызға келер болсақ, қазақтар да өз қару-жарағын сайлаған. Найза, сүңгі, қылыш, садақ және тағы басқа қаруды олардың өздері жасаған. Уақыт өте қарулар да жетілдірілді. 17 ғасырдың соңында Орталық Азия қалаларынан сатып әкелінген, қазақ ұсталарының өздері жасаған мылтықтар пайдаланыла бастады. Дала жағдайында әр адам туған жерін қорғап қалу үшін мылтық ұстаған және оны пайдалана білген адам құрмет пен беделге ие болған. Көшпенді ел үшін соғыс ажырағысыз нәрсе еді. Жаумен жағаласқанда біздің ата-бабаларымыз қылыш-найзамен бірге айбалтаны да қолданған. Қорғану үшін олар денелеріне сауыт-саймандарын киген. Қару-жарақ алып жүруге кез келген бақташының заңды түрде құқы бар болды және ол міндет деп саналған. «Арал бойының көшпенділері аңға шықса да, тойға барса да еш уақытта садақсыз, қылышсыз қарусыз жүре алмайды»,- деп жазды ағылшынның саяхатшысы әрі дипломаты Антонии Джениксон.

Қазақтың қару-жарағы туралы толығырақ мағлұматты бізге Шоқан Уәлиханов қалдырды. Қару-жарақтың сипаты жөнінде «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» халық эпосында, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында бағалы материалдар бар. Егер шыңдап қарайтын болсақ, осыдан біраз уақыт бұрын ғылыми жетістігіміз бен әр түрлі саладағы табыстарымызға тояттап, бұрынғы өз тарихымыз бен мәдени құндылықтарымызды ұмыта жаздадық. Халық шеберлерінің қолдарынан шыққан, аға ұрпақ ұстаған қарулар бүгінгі ұрпағымызды неліктен қызықтырмасқа? Олар үшін кешегі ауыр да қиын сәттерде жаумен шайқасуға ұсталарымыздың өздері жасаған жоғарыда аталған қарулар үлкен септігін тигізгені анық.

 

«Жасаған жақсылығың тәңірден қайтады»

 

- Сөз арасында Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына әзірлік туралы да әңгімеге қозғап қалдыңыз. Фашизм атты обаның желкесін үзгендерді мәңгілік есте қалдыру үшін тағы қандай мүмкіндіктер бар? Ардагерлерге қамқорлық жасай отырып, олардың тәжірибесін жастарға қалай тиімді пайдалануға болады?

- Мерейтойдың тек мереке ғана еместігін жете түсінген жөн. Бұл - өткенге қорытынды, болашаққа жоспар деген сөз. Сондықтан мерейтойдың жоспары алдын ала бекітіліп, құжаттың мемлекеттік маңыздылығын ескеріп, ойланып-толғанбай іске кірістік. Бұл маңызды шараға мемлекет жетерлік қаржы бөлетіні белгілі, оны ысырап етпей мақсатты пайдалану керек.

Уақыт зымырап өтуде, ал майдангерлер күннен-күнге азайып бара жатыр. Сенгің келмейді, бірақ деректің аты дерек. Олардың орта жасы сексеннен асты. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмес үшін асығу керек. Ең бастысы - науқаншылыққа жол бермеу, мерекені бір күндікке айналдырмау. Естелік үзілісті білмейді, ардагерлер бүгінде қамқорлыққа зәру. Қамқорлық мемлекеттік деңгейде жүру керек.

Патриотизмнің өзінен өзі келмейтінін естен шығармау керек. Аға буын өкілдері көзі тірі кезінде, ұлғайған жастарына қарамастан аталған мәселеге жан дүниесінің бір бөлігін арнайтыны анық. Ардагерлер қашанда жаңа идеялар мен тың бастамаларға бай келеді. Ақ шашты, омырауы орденге толы ардагерлердің ақыл-кеңесіне, асыл сөзіне көп көңіл бөле бермейтіндер жеткілікті екендігімен келісерсіз. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мәселесін қозғаған соң, ең алдымен, менің ойымша, жасөспірімдерді Отанды сүюге тәрбиелеп, олардың Отан қорғауға дайындығын, жауынгерлік дәстүрлерге адалдығын, Қарулы Күштерімізді мақтан тұтуына алғышарттар жасаған жөн. Егер «41-дің солдаты сізге үміт арттық, сарбаз саған сендік» тақырыбына ақпараттық-насихаттық акцияны мақсатты түрде жүргізсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бұған Қорғаныс министрлігінің, әлеует құралымдардың, Білім және ғылым министрлігінің, әкімшіліктер, депутаттар, ғалымдар, тарихшылар, жұртшылық өкілдері, жастар мен әскери қызметкерлер атсалысқаны жөн.

«Елде қуатты рухани бастау болмаса, Отанды ардақтау, оны қорғаушыларды сүю қалың жұртшылықтың санасына сіңірілмесе, онда адамдар өз әскерін мақтан тұта алмайды» деп Президентіміз бірнеше рет атап өтті. Отан қорғаушыларды бастап басты назарға ала отырып, жергілікті билік өкілдеріне жұртшылыққа аталмыш жұмыстың маңыздылығын қайтара еске салу артық болмайды. Соңғы кездері мемлекет пен қоғам погон таққандарға қазіргі таңда Отан қорғап жүргендерге құрметпен қарай бастады. Бұған жыл сайын Отан қорғаушылар күнін атап өту үлкен мұрындық болды. Кәсіби мереке ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен Ұлы Жеңіс мейрамы қарсаңында өткізіліп жүр. Бұл отан қорғаушы мамандығының құрметке лайық екендігін көрсетті. Басқаша болуы да мүмкін емес.

Батырлардың ерлігіне, естеліктерге өте қамқорлықпен қараған жөн. Себебі, аға ұрпақтың ерлігі мен батырлығы, олардың даңқы мемлекеттік, ұлттық идеяның құрамдас бір бөлігі болып саналады. Сондықтан құрбан болғандарды мәңгі есте сақтау арқылы болашақ ұрпақтың қамын ойлау керек. Бірінші кезекте соғыс ардагерлері жатқан зираттарды тәртіпке келтіріп, ескерткіштер мен естелік белгілерді жаңарту қажет. Бұл ретте батыстың бастамасына назар салған абзал. Германия, Венгрия, Польша, Чехия және басқа мемлекеттерде болғанымда зираттарды аралаудың сәті түсті. Кеңес жауынгерлерінің бауырластар зираты жинақтылығымен, тазалығымен көз тартады. Әр ғасырларда қайтыс болғандардың мүрделері мұнтаздай. Олардан үйренетін тұстарымыз көп. Шетелдіктер де біз сияқты бір аспанның астында тұрып жатқан жоқ па. Бұл мақсатты жүзеге асыруға жоғары жақтың нұсқауы керек пе? Ұлдары мен ұрпақтарының парызы ма? Біздің заманымызда қарттарға қамқорлық жасауда сөзіміз бен ісімізде кемшіліктер жоқ емес. Жұмыс бәрімізге де жетеді. Тек бастама мен мейірімділік болса болғаны. Мәселен, мектептерде жастар ұйымдарына жастар үшін қарттар үйін, жалғызбасты ардагерлерді неге қамқорлыққа алмасқа. Әлі анықталмаған есімдер көп қой. Құрбан болғандарды, хабарсыз кеткендерді іздеумен айналысатын іздеу топтарына бастама мен шыдамдылық таныту жөн. Бір қуаныштысы, арамызда- қызмет міндеті бойынша емес, жүрек қалауымен жеңіс күніне жетпегендерді іздестіріп зерделеп жүрген жандар бар. Бұл жөнінде үлгі ретінде «Мемориальная зона» отрядының жетекшісі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Майдан Құсайыновтың тынымсыз да тыңғылықты істерін атап өткім келеді. Ол өзінің із кесушілерімен Синявин батпағында Ленинград үшін соғысып қан төккен жауынгерлер мен командирлерді іздестіруде аса зор қызмет атқарды. Алматылық жас бойжеткен Ләйлә Смағұлованың еңбегі ересен. Ол мектеп қабырғасынан бастап ардагерлерге жоғалтқан туыстары мен жақындарын табуға көмектескен. Осы күнге дейін іздеуші қыз өз жұмысын жүрек қалауымен атқарып келеді. «Жасаған жақсылығың тәңірден қайтады» дейді халық даналығы. Оның бір көрген жақсылығы - 1944 жылы Балтық жағалауы қалалары мен деревняларын азат ету кезінде қаза болған өзінің туған атасы пулеметші Смағұл Ибраимовты тауып алуы болды. Жиырма жыл бойы төккен тер текке кеткен жоқ. Ләйлә атасы жерленген өңірде болып, зиратының басына ескерткіш тас қойды. Сонымен бірге Алматы облысы, Кеген ауылындағы бір көшенің батыр атасы есімімен аталуына қол жеткізді. Мұндай жандармен тек мақтанасың. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»деген қазақ мәтелінің мәні дета осында ғой.

«Жеңіс мерекесіне әзірлік кезінде азаматтарымызға әр түрлі көрмелер ұйымдастырып, патриоттық бағыттағы фестивальдар өткізу артықтық етпейді. Сондай-ақ майдан әндерін орындаудан ән-поэзия мерекелерін ұйымдастыруға болады. «Менің атам – ерлік пен қайсарлықтың үлгісі», «Отанды қорғаушылар» және тағы басқа тақырыптарда республикалық шығармашылық байқаулар өткізген орынды. Мектеп оқушыларының шығарма жазуында сырттай ештеңе байқалмағанымен, олардың ойларынан Отанға, аталарына деген сүйіспеншілік байқалып тұрады. Бұл бағытта та бір айта кетерлік нәрсе, бұқаралық ақпарат құралдарын, баспаларды, Жазушылар одағын, киноматографистерді тарту арқылы іс-шараларын өткізуді жоспарлаған жөн. Олардың қатысуымен кітаптар сериясын шығарып, тек батырлар туралы фильмдер емес, «Даңқ» орденінің толық иегерлерін, қаладан сырт жерлерде тұрып жатқан тыл еңбеккерлерін де көрсетуге болар еді. Бір сөзбен айтқанда, жалпы халықтың ерен еңбегімен келген жеңіс туралы естелік адамдар жүрегінен өшпек емес.                           

- Мерекелерге байланысты қазақстандықтарға, Отан қоғаушыларға қандай тілектер айтар едіңіз?                                               

- Бейбітшілік туын желбіреткен Тәуелсіздік еліміздің бағы таймасын, аспанымыз ашық болып, қабырғасы еш уақытта сөгілмесін, отандастарыма, Қарулы Күштеріміздің сарбаздарына амандық-саулық, қайраттық тілей отырып, келешектері – кемел, бақытты  болсын дегім келеді!                                                  

                                                Әңгімелескен Сапарғали ЖАҒЫПАРОВ, әскери журналист.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента