Әскери адам және дәрігер болу сынды армандарымды бір мамандыққа тоғыстырдым

Әскери дәрігер болу – жараланған жауынгерге тәуліктің кез келген уақытында алғашқы көмек көрсетуге дайын болу, ұрыс алаңында жаныңды шүберекке түйіп қойып,  бірінші кезекте жауынгердің өмірін құтқару. Әсілі, мұндай мамандықтың иесі болу үшін адамға асқан төзімділік пен салқынқандылық керек шығар. Журналымыздың бұл санындағы кейіпкер – өмірін осы салаға арнаған жан. Біз де сұхбатымызды елімізде маусым айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін медицина қызметкерлері күніне арнадық. Орайы келгенде, Шығыс өңірлік қолбасшылығына қарасты Семей гарнизонының 32355-К әскери бөлімінде дәрігер – терапевт қызметін атқаратын медицина қызметінің капитаны Назерке Қозықанқызы Нысанды сөзге тартып көрдік.

–      Назерке Қозықанқызы осыдан 29 жыл бұрын Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің Қарулы Күштері Бас штабының әскери-медициналық басқармасы құрылды. Сұхбатымызды әскери дәрігердің міндетінен бастасақ.

–      Жалпы алғанда, әскери дәрігердің басты міндеті – жараланған әскери қызметшілердің өмірін құтқару. Бейбіт уақытта олар санитарлық-гигиеналық қадағалауды орындайды, емдеу-алдын алу жұмыстарын жүзеге асырады, эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізеді, медициналық жабдықтауды бақылайды. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді ғой, біз көбіне профилактикаға көңіл бөлеміз. Жеке құраммен әрдайым дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану, зиянды әдеттерден аулақ болу, дене дайындығын қолға алу сынды әртүрлі шаралар өткіземіз. Мен өзім медициналық пунктте амбулаторлық қабылдау дәрігерімін. Бізде әрбір қалаларда лазарет, госпитальдар бар. Әскери адамдарға және олардың отбасыларына операция жасау немесе салалық дәрігерлер қажет болған жағдайда көрсеткіштерге сай Нұр-Сұлтан, Алматы сынды қалалардағы госпитальдарға тегін ем қабылдауға жіберіледі.

 

–      Неліктен әскери медицинаны таңдадыңыз? Ақ халатты абзал жандарға қарағанда әскери дәрігерлердің қызметінде қандай да бір айырмашылықтар бар ма?

–      Семей мемлекеттік медицина университетінде әскери кафедрада оқып жүрген кезімнен бастап мен әскери дәрігер болуды қаладым. Маған бала кезімнен форма кию, әскери адамдар, әскери тәртіп қатты ұнайтын. Дәрігер болуды да армандадым. Сол себепті мен әскери кафедрада оқығанда бір жағынан әскери адам, және де дәрігер болу сынды армандарымды бір арнаға, бір мамандыққа тоғыстырдым. Және де жолдасымның әскери адам болуы да әсер етті деп айтсам да болады. Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін мен бірден әскери дәрігер болған жоқпын. Өскемен қаласындағы № 2 қалалық ауруханада дәрігер болып істедім. Кейін салыстыра қарасам, екеуінің айырмашылығы екі бөлек екен. Әскери дәрігер мен жай дәрігердің айырмашылықтары көп. Мысалға алғанда, әскери дәрігер кез келген экстремалды жағдайда: ол ұрыс алаңы бола ма, ол бір шиеленіс бола ма, жалпы кез келген жағдайда алғашқы көмек көрсетіп, жаралыны ұрыс алаңынан алып шығуы керек. Бізді соған дайындайды да. Ұрыс алаңынан жаралыны алып шығудың бірнеше тәсілдері болады. Кез келген қиын жағдайда сен ешбір кедергіге қарамай өзіңнің жағдайда қолына қару алып, ерлермен бірге өз отбасын және туған жерін жаудан қорғаған. Айқын мысал: сақ патшайымдары Томирис пен Зарина, жары Қабанбай батырмен жоңғарға қарсы соғысқан Гауһар, ағасы Кенесары ханмен бірге жауды ықтырған Бопай, пулеметші Мәншүк Мәметова, мерген Әлия Молдағұлова, ұшқыш Хиуаз Доспанова, зенитші Ақима Ақжолова сынды аналарымыз бізге қашанда үлгі. Сол себепті мен де Қарулы Күштер қатарында өз әскери борышымды абыроймен атқарып, ана және отбасының сақтаушысы бола отырып, Отанды қорғауға өз үлесімді қосқым келеді.

   Ұстаздар отбасында дүниеге келгендіктен бе, мен бала кезімнен барлық қоғамдық іс-шараларға қатысып өстім. Спортқа да, өнерге де өте жақынмын. Бөлімде болатын қоғамдық іс-шараларға да белсенді қатысамын. Өткен жылы өтуі тиіс болған VI халықаралық «Армия ойындары – 2020» жарысының «Медициналық эстафета» сайысынан барлық іріктеулерден өттім. Бірақ пандемия жағдайына байланысты бұл халықаралық жарысты өткізуге шектеу қойылғандықтан, Өзбекстанда өтетін жарысқа бара алмадым. Биылғы жылы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскери қызметшілері арасында Президенттік көпсайыс пен шаңғы спортынан өткен чемпионатта жүлделі орынды алдым. Осы жолы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында өткен табельдік қарудан оқ ату чемпионатында 2 орын алдым.

Қазір Томирис және Аяла атты екі қыз тәрбиелеп отырған ардақты анамын. Жолдасым да әскери қызметші, 54770 әскери бөлімінде аға офицер сапер болып қызмет атқарады.



–      Әскерилер отбасы екенсіздер. Назерке Қозықанқызы, әскер – біздің мемлекетіміздің қорғаны. Енді өзіңіз әскери дәрігер болғаннан кейін, жауынгерлеріміздің денсаулық жағдайын жақсы білесіз. Осы жайлы не айтар едіңіз?

–      Жас сарбаздарды әскер қатарына қабылдағанда олардың денсаулықтары толық тексерістен өтеді. Демек кез келген әскери бөлімге денсаулықтары жақсы сарбаздар іріктеліп алынады. Өзімізде істеп жүрген әскери қызметшілерді біз жыл сайын тереңдетілген медициналық тексерістен өткіземіз. Қажет болған жағдайда санаторлық курорттық емдерге жіберіп тұрамыз. Тек қана әскери адамдарды ғана емес, олардың отбасыларына да біз көмек көрсетеміз. Ауырып қалған жағдайда, дәрігерлік кеңес беріп, толықтай медициналық қамтамасыз етеміз. Жалпы айтқанда, Қазақстан армиясының әскери құрамындағы сарбаздардың денсаулығы жақсы деп айта аламын.

 

–      Тәуелсіздік жылдары қоғамның барлық саласы сияқты әскери медицина да көптеген өзгерістерді бастан өткерді. Тек бір нәрсе өзгермеді. Ол әскери дәрігерлердің басты міндеті – әскери қызметшілердің денсаулығын жақсарту, әскерді медициналық қамтамасыз етуді үнемі жетілдіріп отыру. Осы ретте, әскери медицинамыздың қазіргі деңгейі қандай деп айтар едіңіз.

 

–      Әскери медицина қазір қарқынды дамып келеді. Кез келген саланың дамуы үшін ең бірінші кадр сапасына мән берілу керек. Мен ойлаймын, дәрігердің білімі мен біліктілігі – ең маңызды мәселе. Осы орайда бізді үнемі біліктілігімізді жетілдіру курстарына жіберіп тұрады. Алматы қаласындағы Әскери медицина орталығына, шет мемлекеттерге, АҚШ-қа, Ресейдің Санкт-Петербург қалаларына біліктілікті арттыру мақсатында оқуға жіберіп жатыр. Мұның өзі – үлкен тәжірибе. Өзге елдердің әскери медицинасында қандай жаңалықтар бар? Олар емдеу саласында қандай тәсілдер қолданады? Осындай жаңалықтармен танысып, білім алмасып, бөлісіп қайтамыз. Одан бөлек бітімгершілік миссиясының отрядтары құрамында Сирия, Ливан, Африка елдеріне барып көмек көрсету мақсатында сол отрядтардың құрамында да дәрігерлер барып жатыр. Бұл да үлкен тәжірибе, жаңалық, жетістік деуге болады.

 

–      Өзіңіз білесіз, пандемия қоғамның барлық саласына өзгерістер әкелді. Әсіресе, Covid-пен күресте медицина қызметкерлерінің мойнына үлкен салмақ түсті. Пандемия сіздердің жұмыстарыңызды қаншалықты қиындатты?

 

–      Біз кез келген күрделі жағдайға дайын боламыз. Сол себепті біз бірден пандемия кезінде өз жұмысымызға кірісіп кеттік, жұмыла жұмыс атқардық десек те болады. Алғашында әрбір бөлімде санитарлық посттар құрылып, әскерилер бөлімге термометриялық тексерістен өткізілу арқылы кіріп отырды. Профилактикалық іс-шараларға белсенді ат салыстық. Әскери қызметшілер қалалық жерлерде болған әртүрлі патрульдік рейдтер, қалаларды дезинфекциялау жұмыстарына өз үлестерін қосты. Белгілі бір қалалар «қызыл аймаққа» кіргенде де блок посттар қойылып, сол кезде де әскери қызметшілер, оның ішінде дәрігерлер де термометриялық тексеріп, кіргізіп шығару деген сияқты жұмыстарға бірлесіп атсалысты. Ал вакцинациялау басталған кезден бастап біз жеке құрамға, олардың отбасыларына вакцина алудың тиімділігін толықтай түсіндіріп, барлық әскери қызметкершілер шиеленіс жағдайды түсініп, өз еріктерімен пандемияның алдын алу, жеңудің дұрыс тәсілі екенін түсініп, отбасыларымен вакцина алды. Бұл да бір жасалған дұрыс іс-шара деп айтар едім. Денсаулығы мықты армия ғана кез келген қиындыққа төтеп береді. Қазіргі әлемде болып жатқан пандемия кезінде әскери қызметкершілердің денсаулығына ерекше көңіл бөліп, бұл індетпен күресуге өз үлесімізді қосудамыз.

 

–      Біздің ұжым да өз кезегінде сізді атаулы мереке – медицина қызметкерлерінің күнімен құттықтайды. Жан жылуымен әлемге шуақ шаша беріңіз. Еңбегіңіз елене берсін!

 

–      Рахмет. Барлық ақ халатты абзал жандарды мерекелерімен мен де құттықтағым келіп отыр. Жұмыстарына жеміс, отбасыларына береке-бірлік, елімізде   білікті де білімді дәрігерлер, өз ісінің кәсіби мамандары көп болсын деген тілегім бар.

 

–      Сұхбатыңызға рахмет. Аман-сау болыңыз.

 

Сұхбаттасқан Меруерт САФАЕВА


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента