Рухани Жаңғыру – Патриотизм кепілі

Қазақ елі өзінің тарихи дамуында замана көшіне ілесіп, өркениеттен ешқашан қол үзген емес. Оған қазақ хандарының өз дәуіріне лайықтап жасаған «Есімханның ескі жолы», «Қасымханның қасқа жолы», «Әз-Тәукенің жеті жарғысы» сияқты ережелері, халқының өзге елдерден өнер-білімі, ғылымы, өркениеті жағынан кенже қалмауына саналы ғұмырын арнаған еліміздің кемеңгер тұлғалары Абай Құнанбайұлының, Ыбырай Алтынсариннің осы тақырыптағы туындылары осының айқын дәлелі. Еліміз талай қиындықты басынан кешсе де ұлттық болмысын жоғалтпай, осы жаһандану дәуіріне жетіп, рухани жаңғыруда

Ата-бабамыздан мұра ретінде қалған өз ұлтымызға тән ұлттық кодымыз – салт-дәстүрімізді, тіліміз бен әдебиетімізді, ұлттық рухымызды сақтап, оны ғасырдан ғасырға жеткізу бізге өсиет деп білеміз.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында өткен тарихымызды ой елегінен өткізіп, жаңа тарихи кезеңдерге жан-жақты баға берумен болашаққа деген парасатты да салиқалы пікірлерін, келелі де көреген ойлары мен көзқарасын білдірді. Қазақстанның одан әрі дамуының бағыттары мен нақты қадамдарын көрсетіп, ұлттық бірегейлігі мығым, біртұтас ел болып болашаққа қадам басудың таяу жылдардағы міндеттері мен басымдықтарын белгілеп берді. Еліміз тәуелсіздік жылдарында саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыруда бірқатар жетістіктерге қол жеткізгені белгілі. Ендігі біздің мақсатымыз – жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу, олардың бойына отансүйгіштік, батырлық, қайсарлық, айбындылық, парасаттылық рухын ұялату. Бұл, әрине, уақыт еншісінде. Қазір қоғамда сананың негізгі өзегіне айналған бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы бағыттары қалыптасқан.

Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу. Ұлттық код – ұлттық болмыстың рухани көзі, тарихи негізі. Ұлттық кодынан қол үзбей, рухани тамырынан нәр алған адам әрқашан алға ұмтылып, қол жеткізген жетістіктерін ұлт игілігіне айналдыра алады.     Дамудың жаңа кезеңінде алдымен ұлттық құндылықтарымыздың, болмыс-бітіміміздің, тарихымыз бен мәдениетіміздің сақталуы назардан тыс қалмауға тиіс. Өйткені, барлық ілім-білімді үйреніп, әлемді таң қалдырсаң да, өз салт-дәстүріңді, тарихыңды білмесең, бойыңдағы білімді ұлтыңның ұлы құндылықтарымен ұштастырып, сабақтастыра алмасаң, бұның бәрі бекер болмақ.

Жаһандану үрдісі, өркениет тайталасы шарықтаған заманда ұлт­тың рухани жаңғыруына бас­тайтын нық қадамның бірі – латын әліпбиіне көшу. Қазақ тіл білімінің тарихына үңілетін болсақ, 1929 – 1940 жылдары латын әліпбиі ресми түрде қолданылған. Қазіргі уақытта әлемнің басым бөлігі пайдаланатын латын әліпбиі елді жаңашылдық белесіне бастары және жаһандық өзгерістер көшінен қалыс қалмайтынымыз анық. Елімізде осы бағытта арнайы бағдарлама, әдістемелер, сөздіктер, әліпбидің өзіндік стандартын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл, әрине, ұлттық сананы сілкінтіп, жаңғыр­­ту мақсатынан туындап отыр­­.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» – деп атап көрсетті. Бүгінде еліміз халықаралық қатынастар аренасында табанды еңбек етіп, жетістікке қол жеткізіп отыр. Әлемдік өркениетке қадам басу үшін қазақ тілімен қатар орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгеру керек, әйтсе де халқымыздың: «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тіл – тірлік үшін» – деген даналығын ешқашан жадымыздан шығармағанымыз абзал.    

Әр халықтың ұлттық болмысы ұрпақ бойына ана тілі арқылы дарығанда ғана нәтижелі болады. Қазақ тіліне тек қарым-қатынас немесе шығарма тілі деп қана емес, ұлттық сана-сезімді, салт-дәстүрді, халықтың барлық бітім-болмысын танытатын рухани құрал ретінде қарауымыз керек. Ана тілі – ұлтымыздың ұлылығын, ерекшелігін танытып, ананың ақ сүтімен бойымызға дарып, бесік жырымен құлаққа сіңген асыл қазына. Бұл – ұлттық салт-дәстүрімізді, ділімізді, ана тілімізді, әдебиетімізді, мәдениетімізді, яғни ұлттық рухымызды жаңғырту деген үлкен ұғымға келіп саяды. Ана тіліміз бен ұлттық рухымыз – біздің рухани жаңғыруымыздағы басты бағдар. Өйткені, адамның бойына Отанға деген сүйіспеншілікті, ұлттық рухты ұялату туған тілі арқылы жүзеге асатыны сөзсіз.

Ғасырлар бойы жаугершілікті бастан кешкен                    ата-бабамыз рухының өрлігі мен ерлігінің арқасында кең байтақ құтты атамекенімізді білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, ұрпағына аманат етіп қалдырған. Тарихта ел тағдырын өз тағдырынан биік қойып, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен батырлар да аз болмаған. Қазіргі кезде олардың ерлігі – өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Күлтегін жазбаларындағы: «Елтеріс қағанның алғырлығы, еліне деген сүйіспеншілігі Күлтегіннің қанына ана сүтімен сіңді» – деген көне жазба қазақ халқының бойындағы ұлттық патриотизм сезімі бүгін ғана пайда болмағанын, ежелден келе жатқан, қалыптасқан қасиет екенін дәлелдейді.

Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Наурызбайдай батырларды жоңғар сияқты алып империяға қарсы шайқасуға, Сырым, Кейкі, Амангелді, Бекболат батырларды отаршылдарға қарсы күресуге, Кенесары хан бастаған көтерілістегі Ағыбай, Наурызбай сынды қайтпас қайсарларды жалаң қылышпен  зеңбірікке қарсы шабуға жетелеген, Ахмет, Әлихан, Міржақып, Сәкен, Мағжан сияқты зиялыларымызды халқының болашағы үшін жанын құрбан етуге, Бауыржанға Мәскеуді анталаған жаудан қорғауға, Рақымжанға Рейхстагқа бірінші болып ту тігуге, Қасымға жау ішінде жүріп арпалысуға, Сұлтанға жау дзотын кеудесімен жабуға қайрат берген де осы Отанына деген сүйіспеншілік пен патриотизм рухы. Олардың да ерліктері – елге мұра, ұрпаққа ұран. Олай болса, өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу біздің ата-бабамыздың алдындағы қасиетті борышымыз екенін ешқашанда ұмытпаймыз.

Тіл – тәуелсіздігіміздің тірегі, ұлттық болмысымыздың арқауы, елдігіміздің ерекше қасиеті. Тіл – қазақтың жан дүниесі, рухани негізі, ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгі. Ол мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болумен қатар еліміздегі барлық ұлт өкілдері құрметтейтін және оларды ортақ мақсатқа жұмылдыратын құрал болуы қажет.  

Осы мақсатта Үкімет тарапынан пәрменді шаралар қабылдануда. Мысалы, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға үміткерлерге «Ресми Қазтест» жүйесі бойынша шекті мән белгілей отырып, тестілеуден өткізу шаралары қабылдануда. Қазіргі уақытта біз де осының негізінде әскери салада лауазымдарға тағайындау кезінде «Қазтест» жүйесі бойынша мемлекеттік тілді білу деңгейін тексеру тетігін енгізу ұсынылып жатыр.

Қарулы Күштерде әрбір әскери қызметшінің борышы – Қазақстан халқы бірлігінің маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру. Сондықтан да рухани жаңғырумен мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен әскери қауіпсіздігін қорғау кепілі болатын, өз өмірін Отан қорғауға арнаған әскери қызметшінің бойында қазақстандық патриотизм рухында ержүректік, батылдық, қайсарлық, антына берік болу сияқты қасиеттерді ұялату басты мақсаттың бірі.

Бүгінгі күні осы мақсаттарға қол жеткізу үшін  Қорғаныс министірінің тиісті бұйрығымен 2020 – 2025 жылдарға арналған Қарулы Күштердегі тіл саясатын іске асыру жөніндегі                                іс-шаралар жоспары бекітілді және тілдің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған ауқымды іс-шаралар айқындалып, жүйелі әрі мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Бұл іс-шаралардың іске асырылуы Қорғаныс министрінің ұдайы бақылауында.

Қарулы Күштердегі тіл мәселесі басшылық құжаттарға сәйкес жүзеге асырылып, дұрыс жолға қойылған деп айтуға болады. Еліміз егемендік алғаннан бастап жалпы мемлекет алдында тұрған негізгі мәселенің бірі – мемлекеттік тілді дамытып, қолданылу аясын кеңейту болып табылды.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей болашақ офицерлерді тәрбиелеу негізінде келесі оқу жылынан бастап жоғары әскери оқу орындарында мемлекеттік тілде оқыту топтарын құру қолға алынуда. Бұл, әрине, әскери сала үшін жаңа әрі жауапты міндет. Ол оқуға түскен курсанттарды әскери саланың қыр-сырын ана тілінде оқытып, Қарулы Күштер қатарын кәсіби тұрғыдан мемлекеттік тілді жетік меңгерген офицерлермен толықтыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.   

Қарулы Күштерде жеке құрамның мемлекеттік тілді үйреніп, құжаттарды орындауы үшін барлық жағдай жасалған. Тілді үйренушілер үшін лингофондық құралдармен жабдықталған оқыту сыныптары жұмыс істейді, білікті мамандар ҚАЗТЕСТ жүйесіне негізделіп жасалған бағдарлама бойынша сабақтар өткізеді. Биылғы оқу жылында жалпы Қарулы Күштер бойынша 13107 адам үш деңгейде мемлекеттік тілге  оқытып-үйретілуде.    

Бұрын барлық құжаттар аудармашылар арқылы мемлекеттік тілге аударылып, одан кейін жолданатын болса, қазір әрбір орындаушы мемлекеттік тілдегі құжатты өзі орындауға тырысатынын осы жұмыстың көрсеткіші ретінде атап өту қажет. Оны Қорғаныс министрлігіндегі мемлекеттік тілде іс жүргізу динамикасынан көруге болады. Мысалы, мемлекеттік тілде әзірленетін құжаттар үлесі соңғы жылдар ішінде                    2018 жылы – 95 %-ке, 2019 жылы – 97 %-ке, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша – 98 %-ке жетті. Ал Қарулы Күштер имиджін насихаттау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын мемлекеттік тілдегі материалдар үлесі қазіргі таңда 74 %-ті құрайды.

Сонымен қатар, насихаттау іс-шараларына келетін болсақ, жыл сайын Қарулы Күштер ауқымында тіл мәдениетін жетілдіру, үштілділікті көпшілікке танымал ету мақсатында «Тіл шебері», «Қазақстан халқы тілдері күнін» мерекелеу құрметіне «Тіл – татулық тірегі» конкурстарын өткізу дәстүрге айналып отыр.

Сонымен, біздің халқымыздың баға жетпес екі асылы – кең байтақ қасиетті дархан жері, тау басынан аққан тұп-тұнық судай мөлдір тілі. Сол құнарлы топырақтан нәр алып, ана тілінің мөлдір тұнығынан сусындаған әрбір азаматтың елін сүйген, ұлтын ардақтаған тұлға болып ержетері сөзсіз. Ана тілімізді өркендетудегі жауапкершілікті әрқайсымыз сезінуге тиіспіз. Өркениетке бет бұрған қоғамның айнасы – білікті де саналы ұрпақ. Саналы ұрпақ – туған еліне, жеріне адал, ана тілін терең меңгерген, білікті, сауатты, тілінің дамуына өз үлесін қосатын шынайы патриот болуға тиіс.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Әкімшілік департаментінің бастығы

полковник Р. Бекқадамов
Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"