2010 жыл. Мамырдың 26-сы күні. Астанадағы авиация¬лық база аумағы. Осында ҚР Қорғаныс министрлігі тұңғыш рет «KADEX- 2010» бірінші қару-жарақ және әскери-техни¬ка¬лық мүліктердің халықаралық көрмесінің тұсауын кесті. Оның салтанатты ашылуына Елбасы-ҚР ҚК Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұр¬сұлтан Назарбаев пен елімізге ресми сапармен келген Түркия Президенті Абдулла Гүл арнайы келіп, қатысты.
Көрменің ашылу салтанаты барысында еліміздің Қарулы Күштері арнайы бөлімдерінің жауынгерлік техника үлгілерін көрсетуге арналған көрсетілім бағдарламасы ұсынылып, жиылған жұртты тәнті етті. Әуе қорғанысы күштерінің ұшу топтары, СУ-27 және Миг-29 ұшақтарымен жоғары санаттағы ұшқыштар өз өнерлерін таланттарымен барынша ұштастырып, көрме қонақтарын таң-тамаша қалдырды. Құрметті қарауыл ротасы мен қазақстандық бронды техникалардың жоғары техникалық мүмкіндіктері де көпшілік назарын аударды. Аэроұтқыр әскерлердің десантшы жауынгерлері парашютпен секіріп, талайды тамашаға бөледі.
***
2012 жыл. 3-мамыр. Елімізде «KADEX- 2012» халықаралық қару-жарақ және әскери-техникалық мүліктер көрмесі екінші рет шымылдығын түрді. Ол үш күнге жалғасты.
***
Екінші мәрте өткізілген KADEX- 2012» халықаралық көрмесінде көрермендер аэроұтқыр әскерлері сап құрау арқылы ұсынған әскери девилені тамашалады. Олар мәртебелі меймандарға біркелкі саппен алаңға «KADEX» жазу үлгісін көрсетті.
Одан кейін ортаға Құрлық әскерлерінің жүйткіген жаңа техникалары шықты. Т-72 және Т-72Б танкілері, БМП-2 жаяу әскер жауынгерлік машинасы, «Кобра», «Тигр», «Хаммер» дөңгелекті әскери машиналары және «КамАЗ» модификациясының түрлі автокөліктері ашық алаңмен жүріп өтіп, жұртшылық назарын аударды.
Сондай-ақ, Қазақстан Қарулы Күштерінің, Германия, Польша, Тәжікстан, Үнді елдері әскери оркестрлердің қатысуымен шеру өтті.
Әуе шоу бағдарламасында көрермендерге ҚР Әуе қорғанысы күштері жауынгерлік авициясының ұшу тобының бірнеше ұшу қойылымын тамашалатты. Олар аспанда ең жоғарғы пилотаждық фигураларды л-39, МиГ-29, Су-27 ұшақтарымен орындады. Аталған ұшақтарды ҚР ҚК Әскери әуе күштерінің «Сұңқар», «Алатау» және «Жетісу» пилотаждық топтарының ұшқыштары басқарды.
***
2014 жыл. Мамырдың 21-25 күндері. Астана қаласында ІІІ халықаралық «KADEX-2014» қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесі өтті. Астана халықаралық әуежайының әскери секторы аумағында болған бұл шараға әлемнің 28 мемлекетінен келген 208 шетелдік компания, 54 ресми делегация қатысты. Алты көрме павильоны мен ашық алаңдарда бес тақырыптық бағыт бойынша қару-жарақ пен техниканың 300-ден астам үлгісі қойылды.
***
Көрменің ашылу рәсімінде жиылған көрермендер мен қонақтар әскери жасақтың жауға қарсы іс-қимылдарын тамашалады. Тұтқиылдан келген лаңкестік топқа небәрі үш-ақ минуттың ішінде төтеп берген арнайы жасақтың шапшаң әрекеті көпті тәнті етті. Сондай-ақ, жиылған жұрт танкілер мен ұрыс көліктерінің бөгеттер арқылы өтуін тамашалады. Ал, көпшілік қауымға ұсынылған «танк вальсі» тіпті керемет болды. Техниканың тілін жетік меңгерген қазақ жауынгерлері шынжыр табанды танкті би қимылына салып, жарасымды қозғалыс өрнегін паш етті.
Әдеттегідей, Әуе қорғанысы күштеріне қарасты «Жетісу» және «Алатау» ұшу пилотаждық топтары «Миг», «СУ» ұшақтарымен әуеде өз өнерлерін көрсетті. Олар көкте қалықтап ұшып қана қоймай, әртүрлі фигураларды сомдады. Аса қиындығына қарамастан аталған пилотаждық топтар «KZ» жазуын жазып, жүректі бейнеледі.
***
2016 жыл. Маусымның 2-і мен 5-і аралығында Астанада «KADEX-2016» халықаралық қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесі осымен төртінші рет өткізілмек. Бұл жолғы ұйымдастырылып отырған ауқымды шарада да көрермендер керемет көрсетілімдер мен таңғажайып шоуларға көзайым болмақ. Қазір Қарулы Күштерінің арнайы бөлімдері, Құрлық әскерлері мен Әуе қорғаныс күштері оған қызу дайындықта. Оның барысын келесі аптада көрме барысында көретін боламыз.