29 тамыз – Дүниежүзілік ядролық қарудан бас тарту күні

Алдағы аптаның алғашқы күнін де естен шығармағанымыз абзал. Осыдан 25 жыл бұрын дәл сол күні еліміз тарихи қадам жасаған еді. Атомның талай сынақ алаңына айналған Қазақстан өз еркімен ядролық қарудан бас тартып, әлемге үлгі атанды.

Әлқисса

Ажал аждаһасын ешкім тілеп алмайды. Дегенмен, қарсыласын тізе бүктіргісі келгендердің әрекеті адамзатқа үлкен қасірет әкелді. Сол қасіреттің басында кімдер тұрды және бұл қару қай елдерде сыналды? Қазақстан елі не себептен бас тартты? Біз осыны сөз етпекпіз. Сонымен...

 

«Атомды» ойлап тапты

Тарихи деректерге сүйенсек, дүниежүзілік соғыс басталмас бұрын Еуропадағы фашистік тәртіптен қашқан ғалымдар АҚШ-қа келіп, ядролық қаруды жасауға қызығушылық танытқан екен. 1940 жылы Америка үкіметі Ұлттық ғылыми және әскери зерттеу орталығында осы ғалымдардың басын біріктіріп, жеке ядролық қару жасау жобасын қаржыландыра бастайды. Сөйтіп, құпия мақсатта АҚШ-тың инженерлік және байланыс әскері «Манхэттен жобасы» (Манхэттен аралында салынып жатқандықтан) атты бағдарламамен құпия орталықтың құрылысын қолға алады.

Келесі бір-екі жыл көлемінде ғалымдар fission-uranium-235 және плутонийдің (Пу-239) негізгі материалдарын дайындаумен айналысады. Атом бомбасы  Дж. Роберт Оппенхеймердің басшылығымен Нью-Мексика штатының Лос-Аламос деген жерінде іс жүзінде сынақтан өткізіледі.

Ядролық қару өзінің алғашқы күшін осы жерде көрсетеді.

 

Алғашқы апаттың құрбаны...

«Манхэттен жобасынан» пайда болған бұл ядролық қаруды шығарғанға дейін одақтас елдер немістерді жеңіп үлгерген еді. Немістердің шегінуі байқалғанымен, олардың жақтасы Жапония соңына дейін соғыс алаңынан кетпеді. Үлкен апат пен аяусыз қырып-жоюдың болатыны туралы Потсдам декларациясында айтылса да, жапондар тырп етпей, аймақтағы беделін арттырумен айналыса береді. Осы тұста президент Трумэн соғысты жылдам аяқтау мақсатында ядролық қаруды қолдануға рұқсат береді.

Сөйтіп, 1945 жылдың 6-ыншы тамызында полковник Пол Тиббетс басқарған B-29 ұшағы «Малыш» деп аталатын атом бомбасын таңғы сағат 8:15-те Хиросимаға тастайды. 350 000 тұрғыны бар Хиросима қаласы Токиоға ең жақын өндіріс орталығы болғандықтан, қара тізімге бірінші болып енген еді. Хиросиманың қаңырап қалуы жапондар тарапынан ешқандай әрекет тудырмағандықтан, 9 тамыз күні майор Чарльз Свини басқарған ұшақ нысанаға алынған екінші қала Нагасакиге бағытталып ұшырылады. Таңғы сағат 11:02-де Нагасакидің де күлі көкке ұшады.

Осылайша, Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалалары атомның алғашқы құрбанына айналды.

 

Сынақ алаңына айналды

Бұдан кейін бұл қару көптің қызығушылығын тудырды. Әсіресе, оған Кеңес өкіметі бей-жай қарамады. Көп ұзамай Кеңес өкіметі ядролық қарудың мүмкіндігін байқау мақсатында сынақ өткізуге Қазақстанның Семей аймағын таңдап алды. 
Сөйтіп, 1949 жылдың 29 тамызында Семейде алғаш атом бомбасы жарылды. 1951 жылы 18 қазанда уран бомбасы, 1953 жылы 12 тамызда жер үстінде дүниежүзінде алғаш рет қуаттылығы 500 килотонна болатын сутегі бомбасы сыналды. 1953 жылғы тамызда термоядро қондырғысының, ал 1955 жылы  А. Сахаров шығарған бомбаның сынағы өтті. Полигондағы сынақ трагедиясы 40 жылға созылды.

Кей құжаттар бойынша 1949 жылдан 1991 жылға дейін Кеңес Одағы Қазақстан жерінде 450-ден астам ядролық сынақ өткізіпті.

 

Қару қасіреті...

Осыдан 71 жыл бұрын Хиросимаға тасталған қуаты 20 тонналық тротил эквивалентін құраған «Малыш» бомбасы қаладан 600 метр биіктікте жарылғандығына қарамастан, қаланың 60 пайызын жойып жіберіпті. Кей ақпараттарға қарағанда, үш жүз мыңнан аса тұрғыны бар қаланың 150 мыңға жуығы сол күні-ақ мерт болған. Жапон елінің екінші қаласы Нагасакиге тасталған екінші «Толстяк» бомбасынан 75 мыңдай адам қайтыс болып, тұрғын үйлердің 36 пайызы қиратылыпты.

Ал, Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық қарудың жалпы қуаты Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болған екен. Осыдан-ақ қазақ жерінің қасіреті қандай болғаны жайында ой түйе беріңіз...

Қырық жылдам астам өткізілген ядролық сынақтардың салдары ел тұрғындарына үлкен қайғы әкелді. Жарымжан етті, мүгедек қылды. Тұқым қуалаған дене кемістігіне душар етті. Жалпы жарылыстан зардап шеккендердің саны 2 млн. адамнан асады. Бүгінде ядролық сынақтардың зардабын ұрпақ әлі де тартып келеді. Мамандар тағы 5-6 буынға оның салдары жалғасады деген болжам айтады.

 

Қазақстан бас тартты

 

Кеңес за­манында қазіргі қазақ мемлекетінің аумағында орасан зор ядролық қару-жарақтар қоры орналастырылған еді. Егемендігін жариялаған уақытта еліміз құрлықаралық баллистикалық зымырандарға орнатылған 1040 ядролық оқтұмсық пен әуеден тастауға болатын 370 ядролық бомбаның иесі атанып шыға келді. Жас мемлекет ядролық құдіреті бойынша әлемде бірден төртінші орынды иеленді. Кеңес Одағы ыдыраған, кімнің қайда қалғаны белгісіз алмағайып күндерде осыншама орасан қаруға мұралық ет­кен Қазақстан өзін ядролық держава деп жариялау мүмкіндігіне толық ие болды.

Дегенмен, туған елінің тыныштығын, адамзаттың қауіпсіздігін ту еткен Қазақстан  Президенті Н.Ә.Назарбаев АҚШ, Ресей, Франция елдерінің басшыларымен келіссөздер жүргізіп, ядролық қаруды Қазақстаннан аластауға барынша күш салды. Алдымен елімізге қаншама қайғы-қасірет әкелген полигонды (1991 жылдың күзінде) жапты. Сөйтіп, 459 ядролық жарылыс өткен бұл полигон мәңгіге тыншыды. Бұдан кейін үлкен держава елдерімен ядролық қаруды Қазақстаннан аластауға 1994 жылы келісімге келді. 1995 жылы соңғы ядролық қару қазақ елінен әкетілді.

Соңы

Міне, осылайша тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз аумағындағы полигонды жауып, өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет ретінде тарихқа енді. Қазір ядролық қарудан азат ел – Қазақстан әлемге үлгі болып отыр.  

                                                                                                  
Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"