Тарихқа көз жіберсек, қазіргі ықшам әрі жасақталған, ұрысқа қабілетті заманауи әскеріміз өсіп-өркендеу жолында түйткілді мәселелерін артқа тастап, оң шешімдер мен ілгері істердің арқасында бүгінгіге жетіп отырғанын аңғаруға болады.
Құқықтық негізі құрылды
Қарулы Күштер құрылысының бастапқы кезеңіндегі аса маңызды мәселе –егемен ел Армиясының нормативтік-құқықтық негізін құру-тын. Жаңа мемлекеттің жаңа Армиясының нормативтік-құқықтық базасын жасаумен бір уақытта ұлттық Қарулы Күштердің бейнесі мен құрылымын, олардың басқару органдарын қалыптастыруда тынымсыз жұмыс жүргізілді. Жас республиканың Отан қорғау мәселелері жөніндегі алғашқы заңдары өз уақытында және тиісті деңгейде болды. Мәселен, 1993 жылы 11 ақпанда Президент бекіткен Қазақстан Республикасының алғашқы Әскери доктринасы ұжымдық түрде дайындалды. Ол соғысты болдырмау, қорғаныс қуатының жеткіліктілігі, ТМД елдерімен өзара көмек одағы принциптеріне негізделді. Доктрина ережелері мемлекеттің сыртқы саяси және әскери қызметінде кеңінен пайдаланылды.
Одан кейінгі жылдарда Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы 2000 жылғы 10 ақпанда бекітілген екінші Әскери доктринаның базисіне айналды. Нақ сол кезде алғаш рет Қарулы Күштерді елдің жалпы ішкі өнімінің кемінде 1 пайыз көлемінде кепілді бағдарламалық-мақсатты қаржыландырып отыру ұстанымы нормативтік түрде бекітілді. Жаңа доктрина Қарулы Күштерді құру мен реформалаудың: құрылымды оңтайландыру; Ұтқыр күштерді басымдылықпен дамыту; басқару жүйесін жетілдіру, әскери-аумақтық құрылымға ауысу; резервті даярлау жүйесін жасау; әскери білім беру және әскери кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру, әскери-ғылыми базаны құру және дамыту; әскери қызмет мәртебесін көтеру; әскери-қызметтік қарым-қатынастарды адамгершілдендіру секілді басты бағыттарын айқындады. 2007 жылғы келесі Әскери доктринада мемлекеттің әскери ұйымын дамытудың негізгі бағыттарының бірі өңірлік қолбасшылықтар әскерлерінің белгіленген жауаптылық аймақтарында әскери қауіпсіздік міндеттерін шешу мәселелеріндегі нақты дербестігін қамтамасыз ету және әскерлердің стратегиялық бағыттардағы жеткілікті топтастықтарын құру болып айқындалды.
Кадр мәселесі оң шешілді
Деректерге сүйенсек, 1991 жылдың соңына таман Қазақстан аумағында КСРО Қарулы Күштері әскерлерінің жалпы саны шамамен 200 мың адамдық топтастығы болған екен. Өз армиямызды құрып жатқан аса жауапты кезеңде Қазақстанда қызметте жүрген көптеген офицерлер қызмет өткеруді ТМД-ның басқа мемлекеттерінде жалғастыруға немесе запасқа шығуға шешім қабылдады. Екі жарым жыл ішінде, 1992 жылғы мамырдан 1995 жылғы қаңтарға дейін офицерлердің кетуі ең жоғарғы деңгейге – тізімдік құрамның 89 пайызына жетті. Қазақстанның жас армиясы кадр жетіспеушілігін бастан кешіріп жатты. 1993 жылдың соңына таман негізгі құрамалар мен бөлімдердің офицерлермен жасақталуы 50-60 пайыз шамасында болса, кейбір полктер 40, ал Георгиевтегі мотоатқыштар полкі тек 27 пайыз ғана жасақталды. Үшарал гвардиялық мотоатқыштар полкінен 1992-1995 жылдар аралығында командир, штаб бастығы, командирдің қару-жарақ, тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасарлары; киім-кешек, азық-түлік, жанар-жағар май материалдары, радиациялық, химиялық және бактериологиялық қорғау қызметтерінің бастықтары кетіп қалды. Алматы мотоатқыштар полкінің батальондарында бірде-бір штаб бастығы, бірде-бір батальон командирінің орынбасары болған жоқ. Полк қызметтері бастықтарының лауазымдары және танк роталары командирлерінің лауазымдары бос тұрды. Тек Қорғаныс министрлігінің жедел және ұтымды шараларының және жас әскерді құруда тынымсыз еңбек еткен генералдар мен офицерлердің, олардың күрделі шешім қабылдай білуінің арқасында ғана жағдай оңды шешілді.
Мәселен, 1996-2005 жылдар аралығында әскери білім беру жүйесінің негізі қаланып, елімізде бірнеше әскери оқу орындары ашылды. Олар: Ұлттық қорғаныс университеті, Құрлық әскерлерінің Әскери институты, Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты, Әскери-теңіз институты, Шет тілдері әскери институты. Жұмылдыру резервін толықтыру мақсатында азаматтық оқу орындарында запастағы офицерлер даярлау үшін әскери кафедралар ашылды. Сондай-ақ, 1996 жылы Қарулы Күштерге кәсіби сержанттар даярлау мақсатында Елбасының Жарлығымен Шучье қаласында Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусы құрылды. Оны бітірушілер кәсіби сержанттар институтының негізін құрады. Бүгінгі таңда сержанттар басқару орталық органдарынан бастап ең төменгі бөлімдерге дейін әскерлердің бүкіл құрылымын қамтиды. Ал 1999 жылы ашылған армия генералы С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі нағыз патриоттар тәрбиелейтін оқу орнына айналды. Онда тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларының балалары білім алуда.
Әскерлерде жеткілікті түрде кадрлар мен зияткер офицерлер әлеуеті қалыптасты. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері институттарының түлектері жыл сайын ел әскери құрылымдарында лайықты қызметтен өтеді. Олардың көпшілігі қазірдің өзінде құрама, әскери бөлім, батальон, рота командирлері лауазымдарында, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей әскери академиялары мен университеттерінде оқып, білімдерін жетілдіруде. Әскери оқу орындарын үздік бітірген түлектерге елбасыі – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы салтанатты жағдайда лейтенант погондарын тапсыруы игі дәстүрге айналып отыр.
Бүгінгі таңда қорғаныс саласына қажетті мамандар өз елімізде даярлануда, оған толық жағдай жасалды. Әскери білім беру жүйесіне енген жоғары әскери оқу орындары заман талабына сай бағдарлама бойынша білім беруде. Сонымен қатар, көптеген екіжақты келісімдер негізінде Ресей, АҚШ және Еуропаның жетекші елдерінің әскери білім ошақтарында дәріс алып жатқан мамандарымыз да бар. Бір сөзбен айтқанда, кадрларды даярлау мәселесі оң шешімін тапқан іргелі істің бірегейі.
Теңізшілер тапсырманы оңды орындады
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері өзі құрылған күннен бастап Құрлықтағы әскерден, Әскери-теңіз күштері және Әуе шабуылынан қорғаныс әскерінен тұрды.
Соның ішінде, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштері құрылған кезден бастап, (1993-1999-2003 жылдан бүгінге дейін) жеке құрам халықаралық келісімдерге сәйкес басқа мемлекеттерден жауынгерлік кемелерді елімізге теңіз арқылы жеткізуге байланысты бірқатар ірі мемлекеттік тапсырмаларды орындады. Мәселен, 1996 жылы Астраханнан (РФ) су ығыстырғыштығы 70 тонналық шағын төрт күзет кеме, 1999 жылы – Гельчук портынан (Түркия) Мәрмәр теңізі арқылы су ығыстырғыштығы 170 тонналық шағын күзет кемесі, 2001 жылы – Пендик портынан (Түркия) Мәрмәр теңізі арқылы су ығыстырғыштығы 170 тонналық шағын күзет кемесі, 2006 жылы – Чине портынан (Корея Республикасы) Пендик порты мен (Түркия) Мәрмәр теңізі арқылы су ығыстырғыштығы 150 тонналық кемелер Ақтау портына әкелінді. Аталған тапсырмалар қысқа мерзімде Мәрмәр, Азов, Каспий теңізі, Босфор, Керч бұғаздары, Дон, Волга өзендері, Цимлян су қоймасы, 18 шлюзі бар су кемелері өтетін каналдармен Эрели, Синоп порты (Түркия), Азов (Украина), Темрюк, Дондағы Ростов, Астрахань (РФ) бағыты бойынша орындалды. Жүзу кезінде кеме экипаждарының жеке құрамы батылдық пен батырлықтың ерен үлгісін танытса, басқа мемлекеттер алдында Қарулы Күштеріміздің беделін арттырды.
Айта кетейік, 2003 жылғы 7 мамырдағы «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылымын әрі қарай жетілдіру шаралары туралы» Елбасының Жарлығына байланысты Әскери-теңіз күштері Қарулы Күштердің жеке түрі мәртебесіне ие болып, даму жолына түсті.
Ал, 2010 жылғы ақпан айында Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысына Жауынгерлік Ту табыс етті.
Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшілері жауынгерлік тапсырмаларды орындай отырып, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі су асты және су үсті жағдайын ұдайы қадағалап отырады. Әскери-теңіз күштері жыл сайын отандық және шетелдік оқу орындарының түлектерімен толықтырылуда. Әскери теңізшілер Ресей, Германия, Түркия, Корея, Әзербайжан, Пәкстанда оқиды. Бүгінде Әскери-теңіз күштері одан әрі даму үстінде.
Әскери-теңіз күштерінің негізгі мақсаттары Каспий теңізінің қазақстандық секторында Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын, аумақтық тұтастығын, егемендігі мен экономикалық мүдделерін қорғау; агрессордың шапқыншылығына лайықты тойтарыс беру, қарулы қақтығыстарды оқшаулау және алдын алуға ат салысу; аймақты, мұнай табу нысандары орналастырылған жасанды аралдар және платформаларды қоса алғанда сулы аудандарды қорғау және күзету; құрлықтағы әскерлердің қимылын теңізден қамтамасыз ету болып табылады.