Танкшілердің табандылығы таңғалдырған

ҚР ҚК Құрлық әскерінің үздік танк экипаждары жарысқа қатысқан алғашқы 2013 жылдан бастап барлық кезеңде әлем чемпионатының фавориті болып келеді. Өзге шет мемлекеттер Қазақстанның – ең мықты бәсекелес екенін мойындап, әскер басшылары еліміз Қарулы Күштері құрамасының шыңдалу шеберлігі мен жауынгерлік машығына, кәсіби амалдар мен қимыл-әрекеттерді орындаудың жоғары деңгейіне, ұйымшылдығы мен ұқыптылығына жоғары баға береді. Еліміздің Қарулы Күштерінің жауынгерлік даңқы мен абыройын арттырып жүрген танкішілер биыл да дайындыққа барынша күш салуда. Экипаждардың негізгі құрамында – «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Аягөз гарнизоны 10810 әскери бөлімінің үздік танкішілері

 

Әрдайым алдыңғы шепте

   Еліміз Қарулы Күштері Құрлық әскерінің танк экипаждары танк биатлонының бәсекесіне алғаш 2013 жылы қатысып, екінші орынды иеленді. 2014 жылы да жеңіс тұғырынан көрініп, күміс медальді ұтып алды. 1-ші экипаж мүшелері танк командирі лейтенант Асылбек Мұсұрманқұлов, зеңбірек нысанашысы кіші сержант Ерасыл Жұмағұлов, механик-жүргізуші кіші сержант Думан Байжанов барлық жағынан басым болды. Экипаж 12 шақырымды 21 минут 20 секундта жүріп өтіп, рекордтық көрсеткіш жасады. Бұған қоса аға сержант Болат Әлиев «Чемпионаттың ең үздік нысанашысы» атанып, лейтенант Парахат Тыныштыбаев бастаған 2-ші экипаж жеке сынақта 36 экипаждың арасынан үшінші келді. Ал, 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған жарыста қазақстандық экипаж төртінші орынды еншіледі. 2016 жылы мәреге Ресей мен Қытайдан соң жетіп, үздік үштікке енді. «Танк биатлоны – 2017» сайысының финалында ҚР ҚК Құрлық әскерінің 1-ші экипажы 36 минут 07 секундта, 2-ші экипажы 37 минут 06 секундта, 3-ші экипажы 32 минут 28 секундта мәреге жетті. Жалпы уақыты 1 сағат 45 минут 41 секунд нәтижесімен еліміздің үздік танкішілері екінші орынды иеленді. 2018 жылы жауынгерлік көлікті жүргізуден, түрлі қашықтықтағы нысаналарды жоюдан, танкіге қарсы өткелдер мен бөгеттерден өтуден де алдына жан салмады. Мәреге 1сағат 47 минут 11 секундта жетіп, төртінші орынды місе тұтты. Былтыр танкті басқарудағы шеберліктерін кедергілерден өту кезеңінде көрсетіп, қоланы қанжығасына байлап қайтты.  

Біліктілік тәжірибеден жинақталады

«Танк биатлоны – 2020» (3).jpg

   Әр чемпионаттың өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, 2017 жылы бес түрлі танк тізгінделді. Ресей Т-72Б3МК, Қытай Type 96, Үндістан Т-90 және Белорусь өз танкілерін, қалған 15 мемлекет Ресейдің Т-72 танкісін тізгіндеді. Полигонда айып тұрағы да көп болды. Бірінші айналымда жылдамдықты, екінші айналымда 125 мм 2А46М зеңбірегінен 1600 метр, 1700 метр, 1800 метр қашықтықта орналасқан нысанаға, үшінші айналымда зениттік пулеметтен 900 метр қашықтықта орналасқан 25-ші және 11-ші нысанаға, төртінші айналымда танкілік Калашников пулеметінен 600 метр, 700 метр, 800 метр қашықтықта орналасқан 3-ші және 9-шы нысанаға оқты дәл тигізу оңай болмады. Финалда түрлі кедергілер қойылған төрт шақырымды үш мәрте айналып өтуде әскери қызметшілеріміз бар күшін салды. Шамамен 1130 аттың күші бар Т-72 танкісін тізгіндеу, шұңқырдағы судың мөлшерден көп болғандығына қарамастан танкіге қарсы өткелдерден, сулы шұңқырлардан, кедергілерден, миналы-жарылыс пен соққы беру бөгетінен, төбе мен соқпақ көпірден сүрінбей өту жоғары деңгейдегі кәсіби шеберлікті талап етеді. Танк биатлоны жарысы – командалық жұмыс. Бұл ретте танк командирі мен нысанашының оқ атуына және механиктің көлік жүргізуіне қатысты әрбір элементті алдын-ала зерттей білу аса маңызды. Экипаждың ауызбіршілігі, өзара түсіністігі мен ойының бір арнада түйісуі ғана жеңістерге қол жеткізеді. Қалай десек те, қазақстандық әскерилер үшін әлемдік деңгейдегі жарысқа қатысудың өзі – үлкен тәжірибе. Себебі бұл сайыстың деңгейі жылдан-жылға өсіп, қатысушы мемлекет экипаждарының жауынгерлік әзірлігі де күшейіп келеді.

Танкішілер қызу дайындық үстінде

   Бұл күндері ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы бекіткен әскери мамандықтарға қатысты «Армия ойындары – 2020» халықаралық жарысы шеңберіндегі «Танк биатлоны – 2020» сайысына дайындық жоспарына сәйкес Гвардейск гарнизонының «Матыбұлақ» оқу полигонында үшінші дайындық кезеңі жүріп жатыр. Құрлық әскерлері арасында іріктеуден өткен әскери қызметшілердің даярлық мерзімі 29 маусым-12 тамыз аралығына белгіленген. Құрамында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығынан жаттықтырушы (35411 әскери бөлімінің командирі) полковник Ержан Кенбаев, отты басқару жүйесі жөніндегі команда технигі (32388 әскери бөлімі броньді танк қызметінің бастығы) капитан Иван Юдахин, қару-жарақ пен техника дайындығы жөніндегі команда технигі (10810 әскери бөлімі оқу полигонының БМП-2 директриса бастығы) аға сержант Евгений Левин, танк командирі (10810 әскери бөлімінің танк батальоны танк ротасының танк взводы командирі) аға лейтенант Ермахан Құдайберген, нысанашы-оператор (30217 әскери бөлімінің танк батальоны танк взводының сержанты – жауынгерлік және дене даярлығы жөніндегі нұсқаушы (аға нысанашы) 3-ші сынып сержанты Дмитрий Алькенов, нысанашы-оператор (10810 әскери бөлімі танк батальонының танк ротасы танк взводының нысанашысы – танк командирі) сержант Алмас Әбдішев, механик-жүргізуші (10810 әскери бөлімі танк батальонының танк ротасы танк взводының аға механик-жүргізушісі аға маман) кіші сержант Бейімбет Бодесов, механик-жүргізуші (30217 әскери бөлімі танк батальонының аға механик-жүргізушісі – аға маман) ефрейтор Жаннұр Жұмабаев, механик-жүргізуші (10810 әскери бөлімі танк батальонының танк ротасы танк взводының механик-жүргізушісі) ефрейтор Нұржан Қанапьянов бар.

   VI Халықаралық армия ойындарының аясында 23 тамыз-5 қыркүйек күндері Ресей Федерациясының «Алабино» полигонында өтетін «Танк биатлоны – 2020» байқауына қатысуға 19 мемлекет өтініш білдіріп отыр (20 маусым күнгі мәлімет бойынша). Олардың арасында Ресей, Беларусь, Қытай, Қазақстан секілді әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері де тіркелген. Алайда, айтулы додаға нақты қанша мемлекет өз командаларын ұсынатыны, байқауды ұйымдастыру мен өткізу ережесінде қандай өзгерістер болатыны әлемдегі коронавирус пандемиясына байланысты әзірге белгісіз.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"