«Айбын-2016» республикалық әскери-патриоттық жиыны биыл екінші мәрте шымылдығын ашты

Сейсенбі күні Қарағанды облысы аумағында орналасқан, «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты «Спасск» полигонында «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны басталды. Оқу-жаттығу орталығының аумағында жайылған шатырлы лагерьге 800-ден аса жас қыз-жігіттер жиналған. Олар – еліміздің барлық өңірлеріндегі әскери мектеп-интернаттардың, әскери-патриоттық клубтардың тәрибеленушілері, жоғары оқу орындарындағы әскери кафедралардың студенттері. Биыл екінші мәрте ұйымдастырылған жиынға олар әскери қызметкер болу мақсатымен және әскери істің жай-жапсарын білуге құштар боп келді.

Салтанатты басқосуды Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, ҚР Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов ашты: «Бүгін қазақстандық армия тәуелсіз мемлекетіміз бен халықты қорғауға жан-жақты дайын. Ол өзінің қалыптасу жолында жинақылық пен жауынгерлік рухты  нағыз патриоттық  тұрғыда тәрбиелеу мектебі деп аталуға толық құқыққа және қоғамда айтарлықтай беделге ие болды. Елбасы Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштері барынша күшті және берік болып қалыптасуы үшін барлық жағдайды жасап отыр. Әскери кәсіп елімізде талап етілетін беделді кәсіпке айналды. Бүгінгі күні бізді жастардың өз өмірін әскермен байланыстырғысы келетін ниеті мен талап-тілектері ерекше қуантады. Бұл жиында негізгі басымдық ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында идеялық-тәрбиелілік іс-шараларға бағытталатын болады. Барлығыңызға сайыста табыс, рухтың жігерлілігі, шын күресте жеңіске жетуге деген сенімділік тілегім келеді. Жиын барысында бәріңізге білім және машықтану дағдылыларын жинақтауға тілектеспін. Ал әскери қызметші кәсібімен өмірін байланыстырғысы келетіндерді жоғары оқу орындарында кездестіреміз деген сенімдемін» деді генерал-полковник.

Сəкен Жасұзақов бүгінгі таңда ел тыныштығын бұзғысы келетіндер бар екенін де баса айтты. «Қазақстан – біздің ортақ шаңырағымыз. Осы шаңырақта барлығымыз бірлік пен ынтымақтастықтың ортасында өмір сүріп жатырмыз. Бірақ, Ақтөбеде болған соңғы жағдай осы тыныштықты бұзғысы келетіндердің бар екендігін көрсетіп отыр. Сондықтан, біз терроризм мен елімізге қауіп төндіретін күштерге  қарсы төтеп бере алатын жағдайда болуымыз қажет. Ал сіздер өздеріңіздің қабілеттеріңізді шыңдай түсулеріңіз керек» деді Сəкен Жасұзақов.

Биылғы «Айбын» жиыны өз қатысушыларын ерекше қарсы алды. Ашылу рәсімі кезінде жас патриоттарға, болашақ Отан қорғаушыларға ҚР ҚМ Құрметті қарауыл ротасының әскери қызметшілері өз шеберліктерін көрсетсе, арнайы мақсаттағы жауынгерлер шапшаңдығы мен күш-қайратын паш еткенін айта кеткен жөн. Ел армиясының Әскери-әуе күштері мен Құрлық әскерлерінің бөлімшелері шартты қарсыласқа шабуыл жасау мен оларды жою жөніндегі арнайы операцияны бірлесіп толық орындады.

Сондай-ақ, бұл жолы «Айбын» жиынына алғаш рет Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы әскери кафедралардың курсант қыздары қатысқаны – есте қаларлық жайт. Олар «әскери қызметкер болу – «тек ер азаматтың міндеті» деген түсінікке толығымен қарсы. Олардың көпшілігі өмірін армиямен және әскери қызметпен байланыстыруға ниетті.  

«Біз жиынға екі ай дайындалдық. 22 қыздың ішінен екеумізді таңдады. Маған әскери қызметкер болған ұнайды. Алдағы уақытта лейтенант әскери атағын алғым келеді. Тіпті, болашақта генерал болсам деген арманым да бар» дейді М.Әуезов атындағы мемлекеттік университеті әскери кафедрасының 1-курс студенті Аида Бәйдібекқызы.

18 маусымға дейін жалғасатын «Айбын» жиынына қатысушы жастар бір апта бойы күш сынасып,  теориялық білімдерін сынау үшін барын салады. Жиын барысында әскери-қолданбалы спорт түрі және жауынгерлік даярлық, әскерилендірілген ойындар, сондай-ақ интеллектуалдық байқаулар мен басқа да жарыстар өтеді.

Биылғы шараның бағдарламасына жаңа өзгерістер енгізілгенін де айта кеткен жөн. Өткен жылмен салыстырғанда әскери-спорт түрі бойынша жарыстар саны екі есеге азайған. Сонымен қатар жас буынның зияткерлік және интеллектуалдық қабілетіне ерекше назар аударылатын болады. Десе де, қатысушылар өздерінің дене машықтарын 100 пайыз көрсетулері қажет. Әскери-патриоттық жиында «Менің роботым» байқауы бойынша әр топ робот үлгілері мен роботталған жүйенің үлгілерін, сондай-ақ ұшу аппараттарының жобаларын көрсетеді.

«Айбын» жиынына қатысушылар еліміздегі танымал тұлғалармен таныса отырып, Қазақстанның қалыптасуы туралы қысқаметражды фильмдер фестивалінде өз таланаттарын көрсете алады. Бұдан өзге, көрсетілім сабақтарында қару-жарақ, әскери техника мен жабдықтар, «Арлан», «Номад» броньды транспортерлері, командалық-штабтық машиналардың жаңа үлгілері көрсетіледі.

 

*Уыз лебіз

 

Капитан Азамат Үмбетжанов, Б.Момышұлы атындағы республикалық «Жас ұлан» әскери-патриоттық мектебінің штаб бастығы:

– Дәстүрге айналып отырған «Айбын» жастар жиыны әскери қызметші боламын деген қазақстандық жастарға, жеткіншектерге үлкен даңғыл болғанын айту керек. Мұнда оқушылар әскери өмірдің тыныс-тіршілігін біршама ұғынып, түсіне біледі. Ең қуаныштысы, жастардың патриоттық рухы жоғары. Бәрі де елін, жерін, топырағын сүйетінін іс-әрекеттерімен дәлелдемек.

Мен сонау Алматыдан жиырма-шақты курсантымды алып келдім. Жеңімпаз болудан үміттіміз. Бәсекелестеріміздің осал еместігіне көзіміз жетті. Барымызды салуға ұмтыламыз. Жарыстар алды.

 

Нұрсұлтан Ғалымбаев, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық университетінің студенті:

– Әскери қызметші болуды әу бастан армандаушы едім. Енді арманымды жетілдіре түсуге айрықша мүмкіндік ашылып отыр. «Білекті – бірді, білімді – мыңды жығады» дейді қазақ атам. Биылғы сайыста зияткерлік ойындарға басымдық берілген екен. Бұл да біздің мүмкіндіктерімізді көрсетеді деген сенімдемін.

«Айбын» жиыны мен сияқты арманшыл жастарға көптеген достар табуға септесті. Қазақстанның әр өңірінен келген замандастарыммен қауышып, білім һәм күш бәйгесіне түспекшіміз. Бұл да біздің бәсекелестігімізді күшейтіп, ынтымағымызды нығайта береді.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

ПЗРК: история, виды, перспективы

ПЗРК: история, виды, перспективы

ПТРК "Джавелин" - копье-убийца танков

ПТРК "Джавелин" - копье-убийца танков