Әскерилер пікірі: Ынтымағы жарасқан ырысты ел

Бірлігі бекем, татулығы жарасымды елдің әскери қызметшілері өз пікірлерін ортаға салды. ҚР ҚМ Кадрлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, қазір ҚР Қарулы Күштерінде қазақтар  – 82,4 пайыз, орыстар – 10,5 пайыз, украиндықтар  – 1,4 пайыз, татарлар – 1,2 пайыз, немістер – 0,3 пайыз, кәрістер  – 0,3 пайыз, ұйғырлар –  0,9 пайыз,  беларустар –0,3 пайыз, қырғыздар  – 0,2 пайызды құрайды екен.  Осы пікір берушілер арасында ана тілімізде емін-еркін ойларын жеткізіп, Қазақстанды – қара шаңыраққа теңеген өзге ұлт өкілдері де кездесті.

Подполковник Манарбек ИБРАҺИМ:

– Біз – бірлігі жарасқан тату-тәтті елміз. Еңсесін биіктеген еліміздің де Қарулы Күштері жыл сайын дамып келеді. Мен Қазақстанның Қарулы Күштерінде қызмет ете жүріп, көз жеткізгенім, ынтымақтастықтың арқасында бірегей ел бола алдық. Бүтіндігімізді ажыратпадық. Ләйім, осыдан айырмағай!

Қазір көпэтносты мемлекетпіз. Сонда да өз тілін қадір тұтып, мемлекеттік тілді меңгеруге талпынып жатқан өзге ұлтты көргенде төбеміз көкке сәл-ақ жетпей қалады. Қараңызшы, біздің салада биыл тіл үйренушілердің құрамындағы орыстардың 11 пайызы, басқа ұлттардың 5 пайызы мемлекеттік тілді меңгерді. Олар тіл сындырып қана қоймай, қазақтың салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін жақын білеуге тырысады. Әрине, өз халқының да

әдет-ғұрпын сақтауды әсте естен шығармайды. Мен оны жыл сайын ұйымдастырылатын іс-шаралар барысынан білемін. Сондай шаралардың бірі – Тілдер фестивалінде әр ұлт өкілі салт-дәстүрімен бөлісіп жатады. Оны сахналық көрініспен, не сөзбенен жеткізіп жатқанынын өздеріңіз де талай байқадыңыздар.   Бұл – не деген сөз?! Бұл – елімізде татулық пен келімнің бар екенінің нышаны. Татулығы жарасқан Қазақстанның бірлігі, тірлігі әлі алда.  Сондықтан, іргеміз сөгілмесін дейміз.

 

 

БЕЙБІТ КҮНІМІЗ БАЯНДЫ БОЛҒАЙ

Майор Әділжан АШИРОВ, ұйғыр өкілі

 – 2000 жылы ҚР Қарулы Күштеріндегі Құрлық әскерлері академиясына оқуға түстім. Содан бері ҚР Қарулы Күштерінде қызмет етіп келемін. 2014 жылы оқуды бітіріп, лейтенант шенін де алдым. Қазір ҚР Құрлық әскерлері Бас штабында қызмет атқарып келемін. Ұлтым – ұйғыр.

20 ғасырдың басында Қазақстанға ағылған елдің қатарынанмын. Суын ішіп, нанын жеген ата-бабам қазақ халқының қамқорлығын еш ұмытпайды. Қазір де ел қамқорындамыз. Бір шаңырақты мекен еткен бір отбасындаймыз. Өз басым, Қазақстанды – Отаным деп білемін. «Отан – оттан да ыстық» дейді. Ел патриоты ретінде егемен Қазақстанның қарыштап дамып бара жатқанына дән ризамын. Соның бір құрылымы – Қарулы Күшімізде де жыл сайын қару-жарақ әскерін, техникасын жаңартып, жаңа ғасырға аяқ басуда. Бұл да зор мақтаныш. Байқасаңыз, қазір соғыс өрті өршіп тұр. Біз, бейбіт күнді жақтаушылар, дүрдараздыққа жол бермейтін елдің Қарулы Күшінде қызмет етіп келе жатқанымызға осы орайда Тәуба дейміз. Қақтығыстар болмай, аспанымызды бұлт торламай, бейбіт күніміз баянды болғанына не жетсін.

 

СОҒЫС БОЛМАСЫН!

Капитан Бақтығали ӘЛІМБАЕВ:

–  Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстанның бірінші та­рихи шешімі Семей ядролық поли­гонын жабу болды. Соның артынша әлемдегі қуаты бойынша төртінші ракеталық-ядролық арсеналдан бас тарту және оның инфрақұры­лымдарын жою жүзеге асты. Бұл қадамдар жаһандық қауіп­сіздік саласындағы біздің мемле­кетіміздің стратегиясын айқындап берді. Адамзат тарихында алғаш рет сойқан салу күшіне ие ел өз ер­кімен одан бас тартты.

Осы шешімімен Қазақстан әлемге сенім туғызғанына нық се­німдімін. Біз осы қадамымызбен барлық ядролық державалардан қауіп­сіз­ді­гі­мізге кепілдік алып, өз тәуелсіз­дігімізді нығайттық.

 

 

Кез келген елдің тілегі де, арманы да халқының бейбітшілігін сақтау екені мәлім. Татулықта ғұмыр кешіп, соғыс отын тұтатпай, бейбітшілік үшін күресу қазіргі уақыттың ең өзекті мәселесі болып табылады.

Бүгінгі күнде кейбір елдерде болып жатқан соғыс туралы хабарларды естігенде, талай елдердегі қарулы қақтығыстар мен террорлық әрекеттерді көргенде расында да қатты шошимыз. Сондықтан, Мұқа­ғали Мақатаев айтқандай, «Болма­сын соғыс, болмасын!» дегенді қайталап айтқым келеді.

ТЫНЫШТЫҒЫН ҚОРҒАЙМЫН

 

Аға лейтенант Павел БАНДУРИН, орыс өкілі:

– Иә, кешегі күннің күркірінде біз де Қазақстанға қоныс аударған халықтың біріміз. Сұрапыл соғыстан кейін әжеміз қазақ даласына келген екен. Міне, біз сол кісіден өрбіген ұрпақтармыз. Менің әке-шешем жер жәннәты Түркістанды мекен етті. Мен сол жерде туылдым, өстім, өндім. Қазір ҚК Әскери-теңіз күштерінің офицерімін.

Кейін шаңырақ көтеріп, қазақ қызына үйлендім. Есімі – Перизат Тілеубекқызы. Екеуміз екі ұлттың өкілі болғанмен, отбасымызда ешқандай мәселе жоқ. Ол менің, мен оның ұстанымдарын қадір тұтып, бар мәселені келісіммен шешеміз. Өйткені, ортақ үйіміз – Қазақстан келісім мен татулықтың мекені әрі қара шаңырағымыз.

Олай деуімнің себебі, қазір Қазақстан атақонысымдай болып кетті. Әйелім Перизат болса, осы елдің төл перзенті. Менің де кіндік қаным тамған жерім – Қазақстан. Сондықтан да, біз еліміз үшін, ертеңіміз үшін қол ұстасып, бір кешіп келеміз. Бақытты ғұмыр кешу – мақсатымыз. Ал, менің басты міндетім – Отанымды қорғау. Сондықтан Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде қызмет ете отыра, осы бейбіт күнді сақтауға, тыныштықты қорғауға қашан да дайынмын деп нық сеніммін айта аламын.


Cвязанные новости:
Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

ПЗРК: история, виды, перспективы

ПЗРК: история, виды, перспективы

ПТРК "Джавелин" - копье-убийца танков

ПТРК "Джавелин" - копье-убийца танков