Тұғыры биік – ел Тәуелсіздігі!

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласына ой-пікір.

«Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу».

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан Республикасының Президенті
(«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласынан)

    Егеменді еліміздегі Республикалық басылым «Егемен Қазақстан» газетінің 2021 жылғы алғашқы санында жарық көрген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласының, ел келешегі – өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беруге бағыт алған біздерге жаңа серпін мен белестерді бағындыруға жігер қосатындығы сөзсіз.
    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мақалада төрімізден орын алғалы тұрған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық асуын былайша көрсетеді:
    «Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болады. Оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр.  
    Мен азаттықтың алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі деп атар едім. Осы уақытта Елбасының басшылығымен мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валютамыз айналымға енді. Қарулы Күштеріміз құрылды. Ата заңымыз қабылданды. Шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды. Еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды.
    «Қазақстан – 2030» стратегиясын қабылдадық. Шығыстағы көршімізбен шекарамызды бекіттік. Басқа да іргелес мемлекеттермен шекара жөніндегі келіссөздер қарқынды жүргізіле бастады. Ел аумағын ядролық қарудан толық тазарттық. Елордамызды Арқа төсіне көшірдік. Нарықтық экономикаға өтіп, жекеменшік институтын берік орнықтырдық. Отандық бизнестің негізін қаладық. Жастар әлемнің маңдайалды оқу орындарында білім ала бастады. Түрлі дағдарыстардан аман өтуге мүмкіндік берген Ұлттық қорымыз құрылды. Дүние жүзіне тарыдай шашылған қазақ баласын атажұртқа шақырып, Ұлы көшке жол аштық. Соның нәтижесінде ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз көтерілді.
    Екінші онжылдық – Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі. Осы жылдарда мемлекетіміздің тұғыры нығайып, экономикалық әлеуетіміз арта түсті.


Құрлықтағы барлық шекарамызды айқындап, заң жүзінде бекіттік. «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырып, тарихымызды түгендедік. Солтүстік Аралды құтқарып, қашқан теңізді қайтардық. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммиттерін өткізуге және басқа да бірқатар маңызды халықаралық жобаларға бастамашы болдық. Елімізге шетелден қомақты инвестиция тарттық. Есілдің жағасында бой көтерген еңселі елордамыз ұлттық идеямызға айналды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынды. Тұрғын-үй құрылысы да бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамыды. 

    Үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық. Шекара мәселесін біржола шештік. «Қазақстан – 2050» стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды межеледік».

    Халық батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы өзінің көзі тірісінде: «Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады»-деп атап көрсетсе, осы ретте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Біз не істесек те, бәрін келер ұрпақ үшін жасаймыз. Мемлекеттік саясаттың болашақ алдындағы жауапкершілігін терең сезінеміз. Бұл ұстанымнан ешқашан айнымаймыз. Ең ғажайып ерліктер Отанға шексіз сүйіспеншіліктен туындайтыны сөзсіз. Шын отансүйгіштік дегеніміз – жалаң ұран тастау емес, еліңе, халқыңа қызмет ету.

   Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады. Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі» - деп, өз ойын білдіреді.

    Жарияланған мақалада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Қазақстанда қол жеткен табыстардың барлығының Елбасы-Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаетың көщбасшылығымен және халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында екендігін жеткізеді. Сонымен қатар Елбасы есімінің Тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналғанын да ақиқат ретінде тілге тиек еткендігі анық. Дәл осы ретте, Елбасы-Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев 2018 жылы ел келешегі – жас жеткіншектердің жан-жақты білімді де білікті болып қалыптасуы үшін «Жас сарбаз» Республикалық балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысын құруды тапсырғанын еске сала кеткенді жөн санаймын. Аталған іс-шараны жүзеге асыру барысында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлері «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты 06708 әскери бөлімінде «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубы құрылды. Клуб тәрбиеленушілері Қарағанды облысының Спасск оқу орталығында ұйымдастырылып өткізілген Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиындарына қатысып, қомақты табыстарға қол жеткізіп келеді. Соңғы әлемді жайлаған короновирус індетінің өршуіне орай, аталған әскери-патриоттық жиынның да онлайн-форматына көшкендігі де шындық. Десек те, клуб тәрбиеленушілері 2019 жылғы V Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жиынына арнайы келіп қатысқан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты өз көздерімен көріп, сөйлеген сөзін тыңдап қайтқандарын әлі күнге дейін еске алып, мақтаныш сезімде айтып жүргендіктерін зор қуанышпен жеткізгім келеді.

    «Бірлесіп кескен тон келте болмас» демекші, осы мақаламды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласындағы қорытынды сөздерімен түйіндегенді жөн санадым:

    «Халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек. 

    Барша отандастарыма, әсіресе, жастарға айтарым: кең байтақ Қазақстанды асқақ армандарың мен батыл жоспарларыңды емін-еркін жүзеге асыра алатын, табысыңа марқайып, әрдайым тілеуіңді тілейтін қасиетті Отаның ретінде бағалаңдар! Мен жаңа Қазақстан патриотизмінің жасампаздық құдіретіне сенемін.

    Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс.  

    Ұлтымыздың ұлы ұстыны – қастерлі Тәуелсіздігіміз барша жұртымыздың патриоттық рухымен асқақтай берсін!».

 

Т. Кенжебеков

«Жас зеңбірекші»

әскри-патриоттық клубының жетекшісі

06708 әскери бөлімі



Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"