Елді сүйер ұлан бол!

«Мен немере сүйіп отырған адаммын. Балаларды өте жақсы көремін. Сол балалардың, бүлдіршін балғындардың бақытты болашағы үшін сұрапыл соғыста ер азабын мейлінше көрген адаммын.
Мен де адаммын жаралған сүйек, еттен,
Арым бар, намысым бар жан тербеткен.
Қазақтың қарапайым бір ұлымын,
Жанымды арым үшін құрбан еткен.
Балаларыма, немере, шөберелеріме айтар жалғыз тілегім: Елді сүйер ұлан болыңдар! Өз халқыңа лайықты азамат болып өсіңдер!»

Бауыржан Момышұлы
даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры


Биылғы онлайн-форматында болған VII Республикалық «Айбын-2021» әскери-патриоттық жастар жиынының ашылуы қарсаңында Қазақстан Республикасы Қарулы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің «Астана» өңірлік қолбасшылығы 06708 әскери бөлімінің «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілерінің қатысуымен «Халық батыры Бауыржан Момышұлының өмірі – патриотизм өнегесі» тақырыбында дөңгелек стол ұйымдастырылған болатын. Өскелең жастарға өнегесі мол аталған іс-шараның мақсаты – қазақстандық батырлардың ерліктерін дәріптеу, Тәуелсіз Қазақстан еліндегі өскелең ұрпақтың бойында шынайы патриотизмді қалыптастыру және батырлар ерлігін мақтан тұтатын Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына қатысатын тәрбиеленушілерді жігерлендіру болып табылады.

Алдымен, «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының капитаны Әсел Шанкитбаева халық батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының өмірбаянын оқып шықты:

Туған жерім Мыңбұлақ, арналы Ақсай,

Ішсем суы татиды шекер, балдай.

Қызғалдақ қалың егіс, көк жоңышқа,

Сенен артық жер, шіркін, өтер қандай, – деп, батырдың өзі өлең жолдарымен жырлағандай, Бауыржан Момышұлы Жамбыл облысының Жуалы ауданына қарасты Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Батыр өзінің өмірге келіп, дүние есігін алғаш ашқаны жайында «Ұшқан ұя» атты еңбегінде былайша суреттейді:

«Момыш әкемнің айтуынша, мен мың да тоғыз жүз оныншы жылдың қысында, ескіше декабрьдің жиырма төртінде туыппын. Әкем ол күні Әулиеата шаһарында екен. Мен туған соң Имаш бабам жан-жаққа кісі шаптырып әкеме де хабаршы жіберіпті.   

....Жарық дүниеге келгеніме екі-үш ай болғанда, шешем мені күн көзіне шығарып, Имаш атамның алдына әкеліпті. Атам ерте көктем алдында ағаш отырғызып жүр екен.

Атасының қолын ұзартып, қолғабыс беруге келді, – депті, шешем ізетпен иіліп.

Атам еміреніп мені алақанына алыпты. Қолыма жас бұтақ ұстатып:

Құрық деп берсем – құл болма,

Шыбық деп берсем – шіл болма.

Бәрінен де, шырағым,

Баяны жоқ ұл болма, – деп, келініне мені қайтарып берген екен. Атасымен алғашқы дидарласуының құрметіне деп, алғашқы өсиет өмірлік өнеге болсын деп, әкем сол күні кешке мал сойып, ауыл ақсақалдарының басын қайта қосыпты».

Енді батыр атамыз Бауыржан Момышұлының осы «Ұшқан ұя» кітабындағы өнегелі тәрбие жайында жазылғанына зер салайық:

    «Тағы бір жай ойыма оралады.... Киіз үйдің төрінде бір топ ауыл ақсақалдары жамбастай жайғасып баппен қымыз ішіп отыр екен.... Әкем дастархан шетінде қымыз құйып отыр. Ол мені ымдап шақырды да құлағыма: «Сен немене, аталарыңа сәлем беруді ұмытпа дегенім қайда» – деп, сыбырлады. Мен қатты қызарақтап, үйден шыға жөнелдім. Сыртта біраз тұрдым да, нық басып үйге қайта кірдім. Көпшілікке қол қусырып тұрып: «Ассалам алейкум, аталар» – деп, әр сөзді қадап-қадап айттым. Әйткенмен мені араз етіп алмауы үшін бәрі де бір ауыздан: «әлейкум салам!» – десті. Сонан соң әрқайсысы маңдайымнан сипап мақтайды. Жақсы сөзге мәз болып мен әкемнің тізесін ала жайғасамын. Ол басымнан сипап отырып: «Жарайсың балам! Үйге кіргенде үлкендерге сәлем беруді ұмытпа. Әдепті бала сүйтеді»

    Бозбала шағында жеті жылдық білім алған Бауыржан атамыз алғашқы еңбек жолын оқушыларға ұстаздық етуден бастайды, кейін екі жылдай қаржы саласында қызмет атқарады.

    Батыр Бауыржан Момышұлының әскери өмірі 1932 жылдан басталады. Сол жылдың күзінде әскер қатарына шақырылып, алғаш рет әскери киім-кешек киеді. 1934 жылы запастағы әскери ретінде өзінің туған отбасына оралып, түрлі қызметте еңбек атқарады. 1936 жылы запастағы Б.Момышұлы Қызыл Армия қатарына екінші рет шақырылады.

    Келесі кезекте сөз алған клуб тәрбиеленушісі Мейірлан Смайл батыр Бауыржан Момышұлының 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерліктерін баяндады:

    1941 жылдың 22 маусымында Адольф Гитлер бастаған фашистік Германия Кеңестік Социалистік Республикалар Одағына соғыс ашты. Сол кезде Қазақстан Республикасы осы Одақтың құрамында саналатын еді. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» ұранымен Кеңестер Одағы елінде Ұлы Отан соғысы басталған еді. Қатарларынан қалыспай қазақстандықтар да жаудан қорғау үшін майданға аттанып жатты.

    Барлық одақтас республиканың еңбекшілері алғашқы лекпен Мәскеу қаласын қорғауға аттанды. Қазақстан жерінде неміс басқыншыларынан азат етуге әскери құрамалар құрыла бастады. Соның бірі «28 панфиловшылар» деген атпен тарихта қалған 316-шы атқыштар дивизиясы Алматы қаласында жасақталды. Аталған атқыштар дивизиясының 1073-ші полкінің 1-ші батальоны аға лейтенант Бауыржан Момышұлының қолбасшылығымен жасақталған болатын. Генерал-майор И.В.Панфилов басқарған 316-шы атқыштар дивизиясы Мәскеу қаласын қорғау жолында бір айдан астам уақыт бойы Волоколам бағытын табандылықпен ұстап тұрды.

    Шайқас кезінде 1941 жылдың қарашасында аға лейтенант Б.Момышұлы 316-шы атқыштар дивизиясына қарасты 19-шы гвардиялық атқыштар полкіне командир болып тағайындалады.



Мәскеу қаласын қорғау кезіндегі жан алысып, жан беріскен ұрыста гитлерлік неміс басқыншыларына қарсы қайтпас қайсарлық танытқан Бауыржан Момышұлының ерлігіне күллі Кеңестер Одағының елі сүйсінді. Орыс жазушысы Александр Бектің «Волоколам тас жолы» атты еңбегінің «Мен Мәскеу түбінде болған сұрапыл соғыс туралы айтып бере алатын, қанқұйлы ұрыстың тактикасы мен мағынасын ашып көрсете білетін, бар істің тағдырын шешетін ұрыспен тиянақты таныстыра алатын адамды көп іздедім. Ол – Бауыржан Момышұлы» – деген тебіреніспен басталатындығын, кітап бетін ашқанда анық аңғаруға болады.

    Ұлы Отан соғысының қаншама айқасына қатысып, 27 рет жау шебін бұзып шыққан батальон командирінен бастап, дивизияны да басқарып, қолбасшы болған Бауыржан Момышұлын нағыз ержүрек батыр ретінде тани аламыз.

    Дөңгелек столды өткізу барысында заманауи интерактивтік тақта арқылы халық батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерлік жолына арналған деректі фильмдер көрсетілді.

    Жоғарғы ұйымшылдықпен өткен «Халық батыры Бауыржан Момышұлының өмірі – патриотизм өнегесі» тақырыбындағы дөңгелек столды қорытындылаған «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының жетекшісі, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің азаматтық персоналы Тілек Алшымбекұлы Кенжебеков өз сөзін: «Қазақ халқының ұлы перзенті, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы – ХХ ғасырдың биігінде тұрған дара тұлға. Бүгінгі күнде батыр Бауыржан атамыздың өмірі мен ерлік жолын егеменді еліміздегі өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудің таптырмас құралы деп білемін. Әрбір жеткіншектің бойына ұлттық рух пен патриоттық ұшқынның жалынын дарыту үшін және биылғы Республикалық «Айбын-2021» әскери-патриоттық жастар жиынына қатысуға ниет білдірген сіздер үшін де аты аңызға айналған даңқты қолбасшы, әрі қарымды қаламгер, Кеңестер Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерлік жолы өнеге болатыны сөзсіз» – деп, клуб тәрбиеленушілерін жігерлендірді.

 

Шұғыла Әбдімүтәліп,

«Жас зеңбірекші»

әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Казахстан планирует закупить турецкие ударные дроны

Казахстан планирует закупить турецкие ударные дроны

БПЛА Wing Loong

БПЛА Wing Loong