Баспана – басты мәселе

«Үйі бардың – күйі бар». Отан қорғау жолындағы қызметінде елдің шетінде, желдің өтінде жүрген әскерилеріміздің де отбасының жылы ұясы, табан тірер баспанасы, «кішігірім Отанының» болуы – кезек күттірмейтін мәселе. Бар қазақтың басындағы баспана мәселесі әскерилер үшін соңғы жылдары біраз шешімін тапқандай. Сонымен әскери қызметшілердің баспаналы болуы үшін соңғы шыққан заңда қандай өзгерістер бар, баспана мәселесі қаншалықты шешімін тапты, сараптап көрейік.

Заң бойынша тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері әскери қызмет өткеру кезеңінде мемлекет есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бұл құқықты іске асыру қызметтік тұрғын үй беру немесе әскери қызметшілердің жеке арнайы шотына тұрғын үй төлемдерін аудару арқылы жүзеге асырылады.

Ал енді ресми мәліметті сөйлетсек, бүгінгі күні тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілер тізімінде 47 138 адам тұр. Ал тұрғын үй қорында 12 444 пәтер мен жатақханаларда 4 562 бөлме бар. Оның 4293 пәтері мен жатақханалардағы 2375 бөлмесі ашық әскери қалашықтарда орналасса, 5 447 пәтер мен жатақханалардағы 1512 бөлме жабық әскери қалашықтарда, ал 2692 пәтер және жатақханаларда 687 бөлме оқшауланған әскери қалашықтарда орналасқан.

Сонымен, баспанаға мұқтаж әскерилерді тұрғын үймен қамтамасыз етудің тетіктері қандай, бұрынғы заңдар мен қолданыстағы заңның өзгешелігі неде, жаңа заң қандай мүмкіндіктерді қарастырады, енді осыған тоқталсақ.

Бұрын қолданыстағы заңнамаға сәйкес әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету 2013 жылғы 1 қаңтардағы әскери қызмет мерзіміне байланысты жүзеге асырылатын. Ол бойынша барлық әскери қызметшілер үш санатқа бөлінді:

Бірінші санат. Көрсетілген уақытқа дейінгі әскери қызмет мерзімі 10 жылдан кем әскери қызметшілерге әскери қызмет өткеру кезеңінде қызметтік тұрғын үй беріліп, мұндай қызмет болмаған жағдайда тұрғын үйді жалдау үшін мақсатты өтемақы төленді.

   Екінші санат. Әскери қызмет мерзімі 10 жылдан 15 жылға дейінгі әскери қызметшілерге қалдық сомасы бойынша тұрғын үйді жекеменшіктендіру құқығы болды, бірақ қызметтік тұрғын үй берілгенге дейін тұрғын үйді жалға алғаны (жалдағаны) үшін мақсатты өтемақы ала алмады.

     Үшінші категория. Көрсетілген уақытқа дейін 15 жылдан астам қызмет еткендерге күнтізбелік мерзімде 20 жыл әскери қызметте болғаннан кейін ақысыз жекешелендіру құқығымен қызметтік тұрғын үй берілді, сонымен бірге тұрғын үйді жалға бергені үшін мақсатты өтемақы құқығы жоқ қызметтік тұрғын үй.

     Ал ұсынылған қызметтік тұрғын үй жекешелендіруге жатпаған жағдайларда, тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығы бір реттік ақшалай өтемақы төлеумен ауыстырылды.

Тәжірибе көрсеткендей, әскерилерді тұрғын үймен қамтамасыз етудің бұл жүйесі әскери қызметшілер мен олардың отбасындағы баспана мәселесін толықтай шеше алмады. Бұған дейін «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәй­кес баспанаға мұқтаж әске­ри қыз­мет­шілер мемлекет тара­пы­нан бөлінетін төлемдерді тек пәтер жалдауға ғана жұмсап келді. Жыл сайын әскерилерге тұрғын үйді жалдап тұруға өтемақы төленгенімен, баспана мәселесі шешілмеген еді. Оның үстіне әскери қызметтен босаған адам пәтер жалдауға берілетін бюджеттік қаржыдан қағылды. Сөйтіп, көп жағдайда үйсіз-күйсіз қалды.

    Ал 2018 жылдан бастап аталған жағдай өзгеріп, заңдарға енгізілген бірқатар өзгертулер нәтижесінде тұрғын үй төлемдері тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілердің барлық санаттарына, әскери қызмет өтіліне қарамастан, оларды ай сайын екінші деңгейдегі банктердегі жеке арнайы есепшоттарына аудару арқылы төленетін болды.

    Яғни, 2017 жылдың 12 желтоқсанында әскери қызметтің беделін, әскери қызметшілер мен олардың отбасыларының әлеуметтік-құқықтық мәртебесін көтеруге бағытталған Парламент Мемлекет басшысымен қол қойылған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдады. Заң Қарулы Күштердің әскери қызметшілерін, әскери прокурорларды, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарын тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруге бағытталды.

   Сонымен қабылданған жаңа заң бойынша қандай өзгешеліктер бар?

1.    Заңға сәйкес 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету тұрғын үй төлемдері арқылы жүзеге асырылады. Енді тұрғын үйді жалдау үшін өтемақы «ұғымы» тұрғын үй төлеміне «ауыстырылды». Ал тұрғын үй төлемі әскери қызмет өтіліне қарамастан әскери қызметшілердің барлық санаттарына жүзеге асырылады.

   Бұл ретте әскери қызметшілерге қызметтік тұрғын үйді одан әрі жекешелендірумен алу немесе қызметтік тұрғын үйді жекешелендіруге жатпайтын қызметтік тұрғын үйді тегін жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы алу құқығы сақталады.

2.    Жаңа өзгерістерге сәйкес әскери қызметшілер тұрғын үй төлемдерін тек пәтер жалдауға ғана емес, сондай-ақ оларды «Отбасы банкіндегі» шоттарында жинап, же­ңіл­детілген несиені өтеуге, басқа екінші деңгейлі банктердегі ипо­­текалық зайымдарды қайта қар­жы­­ландыруға және де үлестік тұр­ғын үй құрылысына қатысуға пайдалана алады. Яғни, несиені өтеуге жұмсалатын қаражат әске­ри қызметшінің ай сайынғы жала­­қысынан емес, мемлекет тара­пынан бөлінетін тұрғын үй төлем­дері есебінен алынатын болды.

   Ал тұрғын үй төлемдері екінші деңгейдегі банктерде ашылған жеке арнайы шоттарына аударылатын болды. Әскери қызметшілер осы тұрғын үй төлемдерін тек келесі мақсаттарға жұмсай алады: ипотекалық несиені пайдалана отырып, тұрғын үйді сатып алуға, тұрғын үй арендасын төлеуге, соның ішінде баспананы кейіннен сатып алу құқығымен жалға алуға, үлестік тұрғын үй құрылысына және тұрғын үй құрылыс кооперативіне қатысқан кезде жарналарды төлеуге, тұрғын үй құрылысы жинақтарын жинауға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алады.

3.    Бұл заң жобасы үш санаттағы әскерилердің барлығына қатысты орындалады. Осы күнге дейін бюджеттен бөлінетін қаржы І топтағы әскери қызметшілерді (10 жылдан кем қызмет еткендер) ғана арендалық баспанамен қамтуға жеткен. Тұрғын үй қорының шектеулілігіне байланысты қазынадағы пәтерлер бәріне бірдей жете бермегендігіне орай көп әскерилер баспанасыз жүрді. Жаңа заң осы олқылықтың орнын толтырды.

2013 жылғы бірінші қаңтардағы жағдай бойынша еңбек сіңірген жылдары он және одан көп болатын барлық әскери қызметшілер үшін жиырма жыл әскери қызметін өтегеннен кейін қызметтік баспананы өтеусіз жекешелендіру құқығы қайта қайтарылады. Бұл ретте әскери қызметшілерге қызметтік тұрғын үйді одан әрі жекешелендірумен алу немесе қызметтік тұрғын үйді жекешелендіруге жатпайтын қызметтік тұрғын үйді тегін жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы алу құқығы сақталады.

4.    Яғни, 10 жылдан 15 жылға дейін еңбек сіңірген (1.01.2013 ж.) әскери қызметшілерге өтеусіз жекешелендіру құқығын қайтарды (20 жыл және одан да көп еңбек сіңірген жылдарына жеткеннен кейін). Бұл ереже әскери қызмет мерзімі 10 жылдан 15 жылға дейінгі және 15 жылдан жоғары әскери қызметшілер санаттары арасындағы шекараны жойды және осылайша әскери қызметшілердің екінші және үшінші санаттары арасында әлеуметтік әділеттілікті енгізді.

5.    Әскери зейнеткерлердің тағы бір бөлігі тіпті ешқандай баспана берусіз қызметтен шығарылды. Бұл ретте соңғы заң жобасына сәйкес қандай да бір тұрғын үй берілместен қызметтен шығарылған әскери зейнеткерлерге, сондай-ақ қалашықтарда тұрып жатқан зейнеткерлерге де біржолғы ақшалай өтемақы төлеу көзделген. Оның мөлшері бір шаршы метрдің құнын тұрғын үйдің ауданына әскери зейнеткердің өзін қоса алғанда, әрбір отбасы мүшесіне 18 шаршы метр мөлшерінде көбейту арқылы анықталады. Осының арқасында ведомстволардың қолданыстағы қызметтік тұрғын үй қоры босатылады және ол баспаналар іс басындағы әскерилердің тұруына ұсынылады.

6.    Тағы бір маңызды жаңа норма жабық әскери қалашықтар мен заставаларда орналасқандықтан жекешелендіруге жатпайтын қызметтік баспанамен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге қатысты. Заң жобасы бойынша оларға сол өңірге тиесілі тұрғын үй төлемдері ай сайын елу пайызының көлемінде аударылатын болады. Бұл шара оларға алыстағы гарнизондарда әскери қызмет өткеруге кеткен уақытты қаржылай өтейді және әртүрлі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік береді.

7.     Себеппен жұмыстан шығарылған әскерилерге де баспана тиесілі. Оларға жұмыстан шығып кеткен уақытына дейін тұрғын үй төлемақысы төленеді.

   2018 жылы қабылданған жаңа заңға сәйкес ағымдағы тұрғын үй төлемінің мөлшері әскери қызметші әскери қызмет өткеретін Қазақстан Республикасының тиісті өңіріндегі жайлы тұрғын үйдің бір шаршы метрін жалдау құнының мөлшерін тұрғын үйдің алаңына көбейту жолымен есептеледі. Тұрғын үйдің ауданы әскери қызметшінің өзін қоса алғанда, отбасының әрбір мүшесіне он сегіз шаршы метр пайдалы алаң есебінен айқындалады.

    Сонымен жаңа заң қабылданған 2018 жылдан бері тұрғын үй саласында нақты қандай жұмыстар жасалды? Санамалап көрсек.

2018 жылы 14000 әскери отбасы баспаналы болды. 5772 әскери қызметші біржолғы тұрғын үй төлемі мен ақшалай өтемақы, 1244-і қызметтік үйін жекешелендіріп, өз аттарына шығарды.7000 әскери қызметші тұрғын үй бағдарламасына қатысқан. 2018 жылы – 310 пәтер, 2019 жылы – 520 пәтер, 2020 жылы 414 пәтер жекешелендірілген. Тұрғын үй төлемақысын:

    2018 жылы:

          46 527 әскери қызметшіге 39,8 млрд теңге сомасында ағымдағы тұрғын үй төлемдері төленді;

жұмыстан босатылған кездегі біржолғы тұрғын үй төлемдерімен қамтамасыз етілмеген 140 әскери қызметшіге 1 млрд теңге сомасында төленді;

          897 әскери қызметші өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына 17,6 млрд теңге сомасында ақшалай өтемақы алды.

 

    2019 жылы:

46 527 әскери қызметшіге 39,8 млрд теңге сомасында ағымдағы тұрғын үй төлемдері төленді;

          жұмыстан босатылған кезде қамтамасыз етілмеген 140 әскери қызметшіге 1 млрд теңге сомасында біржолғы тұрғын үй төлемдері төленді;

         897 әскери қызметші өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына 17,6 млрд теңге сомасында ақшалай өтемақы алды.

 

     2020 жылы:

46 527 әскери қызметшіге 39,8 млрд теңге сомасында ағымдағы тұрғын үй төлемдері төленді;

         жұмыстан босатылған кезде қамтамасыз етілмеген 140 әскери қызметшіге 1 млрд теңге сомасында біржолғы тұрғын үй төлемдері төленді;

         897 әскери қызметші өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына 17,6 млрд теңге сомасында ақшалай өтемақы алды.

Сондай-ақ 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қорғаныс министрлігі 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін әскери қызметтен шығарылған, қызмет еткен жылдары 10 жыл және одан көп, бірақ 20 жылдан аз және жабық, оқшауланған әскери қалашықтарда тұратын адамдарға тұрғын үйге айырбастау жұмыстарын бастады («Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңы 55-бабының 6-1-тармағы).

 

2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қарулы Күштерде 742 адам жекешелендіруге жатпайтын тұрғын үйлерде тұрған. Оның ішінде 312 адам жекешелендіруге жатпайтын және жабық немесе оқшауланған әскери қалашықта орналасқан қызметтік тұрғын үйді жекешелендіруге жататын тұрғын үйге айырбастау құқығын пайдаланды. 430 әскери қызметші қызметтік тұрғын үйлерді алуды жалғастыруда.

Жалпы тұрғын үй төлемдері барлық санаттағы әскери қызметшілерге бір­дей төленеді. Оның ішінде, тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдерінің 100 пайызы, қызметтік тұрғын үйлер­мен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдерінің 50 пайызы аударылады.

Бұл соңғы Заңның өзгешелігі бойынша 2018 жылдан бастап еңбек өтіліне қарамастан барлық әскери қызметшілерді пәтермен қамту көзделген. Ал оның қалай жүзеге асатынын жоғарыда айттық. Енді әскери қызмет уақыты ескерілмейді. Төлем сомасы отбасы мүшелерінің санына қарай есептеледі.

Осы орайда Отан қорғаушыларды қолдау мақсатында «Отбасы банкі» арнайы қаржы бөліп, олар үшін арнайы тұрғын үй бағдарламасын әзірледі. «Бұл бағдарлама әске­ри қызметшілердің тиімді шарттар бойынша өз баспанасына қол жеткізуіне көмек көрсету мақсатында дайындалып, іске қосылды. Арнайы осы үшін «Отбасы банкі» 98 млрд теңге қаражат бөлді. Олардың 48 млрд теңгесі банктің өз қаражаты болса, ал 50 млрд теңгесі – қарызға алынған ақша» делінген банктің хабарламасында.

Айта кетейік, «Әскери өнім» бағдарламасына, әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы және Се­мей қа­ла­лары мен Шығыс Қазақ­стан, Ал­маты, Қарағанды облыс­та­ры­ның тұрғындары белсенді түрде қатысты.

Енді бұдан былай әскерилерге пәтер үлестіру конкурсына қатысудың қажеті жоқ. Өйткені «Отбасы банкі» «әскери өнімнің» шарттарын оңтайландырды. Нақтырақ айтсақ, 2019 жылдың мамыр айынан бастап әскерилер мен арнайы мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне тұрғын үй алуға берілетін кредит бірыңғай талаптар бойынша үлестіріледі. Яғни, кредит жылдық 8 пайыз мөлшерлемемен беріледі. Ал, қорда қаржысы барларға 5 пайызға дейін төмендетілген несие ұсынады. Бұл ретте тұрғын үйді таңдауда ешқандай шектеу жоқ. Берілген кредитке су жаңа пәтер сатып алуға болады немесе тұрғын үйдің үлестік құрылысына қатысу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ қайталама нарықтан пәтер сатып алуға жұмсауға да болады. Атап өтерлігі, тұрғын үйге қажетті кредитке баспананың жөндеу жұмыстарына жұмсалатын шығынды да қосып алуға да рұқсат етілген.

«Жаңаланған тұрғын үй бағдарламасы бойынша 16 млн теңге көлеміндегі алғашқы кредит талдықорғандық әскери қызметшіге мақұлданды. Бұған дейін ата-анасымен бірге тұрып келген үш баласы бар отбасы енді жаңа үйдегі 4 бөлмелі пәтерге көшіп барды», - деді Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

«Әскери өнім» бойынша берілетін кредит сомасы тұрғын үй төлемдерінің мөлшеріне байланысты есептеледі. Ал төлем мөлшері әрбір өңірге және отбасына құрамына тікелей байланысты. Яғни, үлкен отбасыға үлкен пәтер беріледі. Төлемдердің мөлшері тұрғын үйдің бір шаршы метрін жалға алу бағасына көбейту жолымен айқындалады. Әскери қызметшінің өзін қоса алғанда, отбасы мүшелерінің әрқайсысына он сегіз шаршы метрдің ақшасы аударылады. Ал бұл көрсеткіш жыл сайын ҚР Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінде анықталады. Сондай-ақ әскери қызметтегі адам бастапқы жарнасы болса, алдымен банк берген тізімдегі құжаттарды өткізуі керек. Осыдан кейін, мемлекеттен бөлінетін қаржыға сай пәтерді іздейді.

Міне осындай талаптарға сай бастапқы жарнасын төлеп, құжаттарын өткізіп, «Әскери өнім» бағдарламасы бойынша үй алғандардың бірі – ҚР Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштеріне қарасты әскери бөлімінің ефрейторы Ирина Қанатқызы. Әскери салада 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ол Нұр-Сұлтан қаласынан 3 бөлмелі пәтер алды.

«Банкке құжаттарымды 2019 жылдың мамыр айында тапсырдым. Маусым айында осы үйге кірдік. Бұған дейін жалдамалы пәтерде жүрдік. Енді кең сарайдай өз үйіміз бар. Өте қуаныштымын. Әр саланың өз қиындықтары бар. Маған өз жұмысым ұнайды», - дейді Ирина Наренбаева.

Ирина жолдасы Бақытжан екеуі 4 бала тәрбиелеп отыр. Бала санына байланысты 80 шаршы метр, 3 бөлмелі пәтер бұйырыпты. «Үйге кеткен толық ақшаны жалақыдан бөлек үкімет өзі төлеп отырды. Одан кейін осы өзіміздің үйімізді алдық, қазір баспаналы болдық. Үйіміз өзімізге қолайлы, балабақша, мектеп те жақын. Жалдамалы пәтерде тұрғанда ас бөлмеміз тар болатын, үйді іздегенде осыған қатты көңіл бөлдік. Барлықтарыңызға осындай үй бұйырсын!», - дейді ол қуанышын жасырмай.

«Отбасы банкі» алдағы 15 жылда 60 мың әскери азаматты баспанамен қамтуды көздеп отыр.

Иә, соңғы жылдары әскерилерді тұрғын үймен қамтуда ұзақ жылдан бері сіресіп қалған сең қозғалғандай. Отанын қорғау жолында қызмет етіп жүрген әскерилеріміздің өз «отбасы – ошақ қасының» бүтін, аман болуы олардың баспанамен қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты екенін айтқымыз келеді.



Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"