1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды.
Конституцияны қабылдау қарсаңында ондаған жылдар бойы азаматтарымыздың ой-санасында қордаланып қалған стереотиптерді жою үшін, мемлекет пен қоғамды түбегейлі реформалау барысында пайда болатын көптеген объективті және субъективті проблемаларды шешу үшін бірнеше жылға созылған табанды жұмыстар атқаруға тура келді. Иә, кейде біздің шешімдеріміз жартыкеш, ымырашыл сипатта да болды. Кез келген жаңа істе болатыны сияқты, қателіктер де жіберілетін. Осының бәрі сол кездерде анық өтпелі сипатта болған мемлекеттік институттар мен заңнамалық қызметтерден көрініс тауып отырды. Бірақ, сол бір қиын-қыстау жылдарды еске алғанда, елімізді күрделі әлеуметтік катаклизмдерге соқтырмай, аман сақтап, әлемдік қауымдастықтың тең құқықты мүшесі ретіндегі осы заманғы мемлекет құру үшін не керектің бәрін істегеніме, мемлекетті құруға қызмет жасағаныма сенімдімін», - деп жазады Елбасы кітабында. Сөйтіп, Тұңғыш Президенттің өзі ынталылық жасап, сол кездері Еуропа мен Азияның, Солтүстік Латын Америкасының барлығы 20-дан астам дамыған және дамушы елдерінің конституцияларын зерттеп, саралап шықты. Сосын 1994 жылы өз қолымен Әділет министрлігіне жаңа конституцияның жобасын тапсырған болатын. Нақ осы үлгі-жоба бүгінгі Ата заңымыздың негізін қалаған еді. Ендеше 1995 жылы қабылданған Конституцияның да басты авторы - Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Назарбаев деп толық сеніммен айтуға да болады. Шындығында, 1995 жылғы Конституцияны талқылау кезеңінде еліміздегі беделді заңгерлерден бөлек, Францияның Конституциялық кеңесінің өкілдері, осы елдің Мемлекеттік Кеңесінің мүшелері, Ресей зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері жобалық жұмыстың жоғары талқылау шараларына атсалысты. Айта кетейік, тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің көптеген пікірі ескерілген Негізгі заң да – осы 1995 жылы қабылданған Конституция. Қазір келтіріліп жүрген ресми мәліметтерге қарасақ, құжатты талқылауға 3 млн 345 мың адам қатысыпты. Жұртшылық тарапынан сарапталған 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның 1 мың 100-і конституция жобасына енгізілген. Бұл жөнінде Елбасы «Қазақстандық жол» атты кітабында: «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің Негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек», - деген болатын. Ал бүгінгі Ата заңымыздың басты ерекшелігі қандай? Осы мәселеге тереңнен үңілетін болсақ, Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл бұны Елбасы ұсынысымен енгізілген төрт ұстанымда жатқандығын алға тартады. «Расын айтайын, бұндай позицияларды енгізуге сол кезде бірқатар заңгерлер де қарсы болған еді. Өйткені, әлем елдері конституцияларының кіріспесінде бұндай баптар жалпы кездеспейді. Ал жаңағы төрт ұстанымға келетін болсақ, бұл біріншіден – қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық, екіншіден – экономикалық даму, үшіншіден – қазақстандық патриотизм, төртіншіден – маңызды мәселелерге референдум жасау және Парламентте дауыс беру арқылы шешу. Міне, осы төрт мәселе біздің республикамыздың негізгі принциптері болып саналады. Осы төрт мәселені Ата заңымыздың бірінші бабында енгізу арқылы Қазақстанның жан-жақты дамуына жол аша алдық», - дейді депутат. Кейіннен 1995 жылы 30 тамызда елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысты. Олардың 89,14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қолдады. Сонымен биыл 16 жасқа толған Конституция тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға даңғыл болып, елдің бетке алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтып отыр десе де болады. Алайда, заман ағымына қарай Негізгі заңымыздың өзгеріске ұшырауын да ешкім жоққа шығара алмасы анық. Дегенмен, қазіргі һәм өмір бойғы басты міндетіміз – Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану. Яғни, басты талап Ата Заңымыз, Конституцияны құрметтеп қорғау, ал оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы болуы тиіс. Ең бастысы, Қазақстан Тәуелсіздігінің бүгінгі жетістіктерінің баршасы Ата заңымыздың тиімділігін анық айқындап отыр. Құжаттың нормативтік әлеуеттері де халыққа талай қызмет етіп, демократиялық, құқықтық мемлекеттіліктің одан әрі беки түсуіндегі прогресс жолында мығым заңдық негіз болып қала бермек. Осы тұрғыдағы ойымызды Елбасының сөзімен аяқтасақ: «Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру бұл демократияның ең жоғарғы мектебі болып табылады. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек. Конституцияны сыйлай білмесек, оның талаптарын мүлтіксіз орындай алмасақ, онда қоғамдық келісімге, тәртіпке, бейбітшілікке және тыныштыққа жету мүмкін болмайды, яғни мұндай жағдайда Отанның ырыс-берекелі болашағы туралы айтудың да қажеті жоқ».