ҚР Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Әлихан Бөкейханов - ұлт көсемі

Әлихан Бөкейханов - ұлт көсемі

Баспасөз беттерінде өзін «қыр баласы» деп таныстырған, көпшілік жұрт оны «ұлт көсемі» деп білген, қазақ ұлтының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған, «тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген  Әлихан Бөкейхановтың туғанына биыл 150 жыл. Мерейтой Юнеско шеңберінде осы жылы кең көлемде атап өтілмек. Бұл туралы ЮНЕСКО-ның 18 қарашада Парижде өткен Бас конференциясының 38-ші сессиясында жария етілген болатын. Юнеско аясында «Бүкіләлемдік дара тұлға» деп танылған Әлихан Бөкейханов қазақ үшін кім? Бұл сұраққа өзімізше жауап беріп көрелік.

Алғашқы баспалдақ

Әлихан Нұрмұхамедұлы 1870 жылы бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысында (қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында) дүниеге келген. Ұлт көсемі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымынан. Әкесі Әлиханды тоғыз жасында молдаға оқуға бергенімен, зерделі бала молдадан гөрі мектепте білім алуды жөн көріп, үш кластық мектепке өз еркімен ауысып алады. Бұдан кейін ол Қарқаралы қаласының үш жылдық училищесіне түсіп, үздік бітіріп шығады. Он алты жасында Әлихан Омбының техникалық училищесіне қабылданады. Оны да жақсы бітіріп, жиырма жасында Дала генерал губернатор кеңсесінің ұсыныс хаты мен қазақ қауымдастығының 200 сом стипендиясын алып, Ресейдің астанасы Санкт Петербургке барып, Орман шаруашылығы институтына түседі. Сабағымен қатар, саяси, әдеби, экономикалық және тағы басқа үйірмелердің жұмысына араласып, студенттік толқуларға қатысады.

Қараңғылықтан көзі ашылмаған халқына білім мен мәдениеттің қажеттілігін елі мен жері үшін қабырғасы қайысқан, кеудесінде сәулесі бар азамат жастайынан ұққан. Екі қолын бос қоймай, оқуды бітіре салысымен Омбыға келіп, қаланың саяси-әлеуметтік, қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. «Народная свобода» партиясының қатарына өтіп, қазақ зиялылары арасында партияның шағын тобын құрады. Ол өзін осы шақтан бастап саяси тұлға ретінде қалыптастырады. Ұлт көсемінің алғашқы баспалдағы осылай басталады.

 

Әлихан Бөкейханның бес ұстанымы

«Тіл үшін күрес неге жүріп жатыр? Қазақ тілі деген не? Қазақ тілінің ар жағындағы жатқан мәселе – жер. Біз мына жерді қазақ болып, қазақша сөйлеп қана қорғай аламыз». Бұл Алашорда өкіметінің төрағасы, қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхановтың айтқаны. Жалпы, Әлихан Нұрмұхамедұлының негізгі бес ұстанымы болған екен. Оның өзі жеке басына қатысты емес, ел мен жерге қатысты ұстаным еді. Оны жазушы, тарихшы Тұрсын Жұртбай былай деп баяндайды.

-  «Әлихан Бөкейхановтың бес ұстанымы болды. Ең бірінші – Алаш ұлттық демократиялық мемлекет болуы тиіс. Ол үшін ең алдымен «жер, жер және жер» болуы керек. Жерсіз Отан жоқ. Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша, қазақтың байырғы жерін қашан қазақтың өзі ғылым мен техникаға сүйеніп, толық игермейінше, жер жекеменшікке, қоныс аударушыларға берілмеуі керек. Екінші ұстанымы – Алаш жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуі тиіс. «Бөкейхановтың сөзімен айтсақ, «қазақтың әрбір тасы қазақтың өңіріне түйме болып тағылуы тиіс». Үшінші ұстанымы – Бөкейхановтың жобасы бойынша, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек. Яғни, мемлекет толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуі тиіс болған. Төртінші ұстанымы – қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тілі, діні, менталитеті өзге ұлттарға қарағанда үстем болуы керек дегенге сайды. Бұл идеологиялық ұстаным болатын. Ал, бесіншісі - ең негізігі ұстанымы бойынша  ғылымға, соның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәстүрге негізделген, заңға сүйене отырып, Жапония үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекет құрылуы керек еді. Алаш қайраткерлерінің бұл ұстанымының дұрыстығына самурайлық дәстүрге негізделген жапон ұлтының бар-жоғы 20 жылдың ішінде біртұтас империяға айналып шыға келуі дәлел болса керек».

Осы ұстанымы негізінде дербес мемлекет құруды көздеген Әлихан Бөкейхан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастырады. Артынша, 1917 жылы желтоқсан айында бүкіл қазақтардың құрылтайында Алаш автономиясын жарияланып, Ә.Бөкейхан сол алғашқы Қазақ республикасының тұңғыш төрағасы (перзиденті) болып сайланады. Осындағы Алаш деген сөздің мағынасын «Түрік баласы» (лақап ат) 1913 жылы «Қазақ» газетінде: «Жошы ханды халық «Алаш» деп атап кетті. Бұл «Алаштың – алаш жұртының басшысы» екенін білдіреді»  делінген.

Әлихан Бөкейхан руға, жүзге бөлінуге жаны қас. Адамның әлеуметтік жағдайына немесе біліміне қарай қарым-қатынас жасамаған. Халықты біртұтастай көруге тырысқан. Ол Қазақстанда демократиялық сайлау дәстүрінің негізін қалаған тұлға десек артық болмас.

Алашорда әскері

Қазақтың соңғы ханы Кенесары хан бұ дүниеден қайтқаннан кейін, қазақ әскері бытырап, жасақ болудан қалған еді. Тек әр жерде Ресей билігіне қарсы шыққан кішігірім күш болмаса, әскери құрып, қару ұстауға қақы жоқ болатын. Осындай алмағайып заманда ұлттың қорғаушысы қара күш емес, оқыған, білімді азаматтар еді. Әлихан Бөкейхан бастаған бір топ зиялылар қазақ балаларының әскер қатарына алдырудың түрлі амал-шарғыларын қарастырған. Аумалы-төкпелі заманда дүниеге келген Алашорда үкіметінің бір тірегі әскери күші болатын. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда ІІ жалпықазақ құрылтайы өтетіндігін жарты айдан астам уақыт бұрын «Қазақ» газеті арқылы қазақтың игі жақсыларына хабарландыру айтылған. Жеделхат түрінде берілген үндеуде Ресейдің саяси тұрақсыздық жағдайында қазақтың елдігі мен жерін қорғау үшін «қазақ милициясын құру» (әскерін) және тағы басқа өзекті мәселелер қаралатыны айтылды.

Дәл осы жиында Алаш автономиясы және Алашорда ұлт кеңесі құрылды. Бірақ, ұлт зиялылар Ресейдегі саяси ахуалға байланысты автономияны ресми түрде бір айдан соң жариялаған жөн деп шешті. Ондағы тағы бір мақсат Түркістан губернияларындағы қазақтардың қосылуын күту. Әрі Алашорданың ұлт кеңесін үкімет ретінде Ресейдің жалпы құрылтайында ресми түрде таныту еді. Алайда, алаш зиялылары үлкен үміт еткен Петербордағы Бүкілресейлік құрылтайды Ленин бастаған большевиктер күшпен таратып жібереді. Автономия жарияланбай қалады.

18 қаңтарда Орынборды большевиктер басып алады. Алаш зиялылары Семей қаласына қарай ойысады. ІІ жалпы қырғыз-қазақ съезінің қаулысымен Семей Алаштың уақытша тұратын орны болып белгіленеді. Семейдегі жайды Жүсіпбек Аймауытов: «Алаш қаласында қазақ басшылары жиналып. Алашордасын көтеріп, қызметке кірісе бастады. Алашорданың қазіргі мақсаты – қазақты жұрт қылып, автономия алу. Алашорда милициясын жасап, қазынасын толықтыруға кірісіп жатыр» деп жазған.

1918 жылы 8 қыркүйекте көптен күткен сәт келіп жетеді. Уфада ашылған Ресейдің мемлекеттік құрылтайы Алаш автономиясын ұлттық республика ретінде таныды. Сол жиыннан Әлихан Бөкейхан сүйінші сұрап, жеделхат жолдайды: «Құрылтай уәкілігінің комитеті Алашты автономиялы жұрт деп таныды. Бар күшті ұлт әскерін жасауға салыңдар. Алаш – Россиядағы одақтас мемлекеттердің бірі. Сондықтан тіреудің бір ұшы – Алаш әскері. Алаш полкіне не керегін тауып беріп, таратпаңдар. Керек нәрсені, қаншама болсын, қарыздануға қорғанбаңдар. Жетік, білікті қару алсын. Алаш отрядының Орал, Торғай бөлімдерінде әскери жасау жұмысы жалғассын. Оралда қазақ офицерлерін шығармаңыз. Алашорда бастығы Бөкейханов» («Абай», 1918, 25 қыркүйек, № 10).

Бұған дейін де Семейде 1918 жылдың қаңтар айынан бастап әскер құру жұмыстары тыңғылықты жүргізіліп жатты. Семей жұртшылығы арасында Алаш атауымен белгілі бола бастаған қала маңындағы қырда Алаш атты әскер полкі жасақталып, жаттыға бастады. Алаш жасағының алғашқы құрамына қаланың студенттері мен жастары (М. Әуезов, Ж. Аймауытов сынды) өз еріктерімен кірген.

Семейдегі атты әскердің жаттығу жұмыстары өзге саяси-әскери күштерге Алаштың кәсіби әскерінің құрылғанын көрсетті. Ресей құрылтайында қол жеткізген одақтастық келісімдер нәтижесінде, Алашорданың Торғай бөлімшесіне 1918 жылы қыркүйекте 300 берденке, 20 мың патрон және көп мөлшерде киім-кешек бөлінді. Қостанай мен Ырғыз уездерінде екі атты полк құруға атаман Дутов көмек қолын созды. Қостанай бөлімшесіне Бейімбет Майлин сияқты оқыған жастар кіре бастады. Б.Майлин қаруланып үлгермегендіктен қызылдарға қарсы ұрыстарға қатыса алмады. Алаштанудың негізін салушы Кеңес Нүрпейстің еңбегінде капитан Х.Тоқтамышевтың Уақытша Сібір үкіметінің соғыс министрі атына жазған хатында: «Семейде құрамында 750 жауынгер мен 38 офицер бар Алаш полкі құрылып, Зайсанда қазақ милициясының 200, Павлодарда – 150, Қарқаралыда – 250, Өскеменде – 250 адамнан тұратын бөлімдері жасақталғанын, бірақ, оларға қажетті қару-жарақ пен киім-кешек жоқ екенін, ақша тапшылығы орын алып отыр деп көрсетілген. Бұл дерек айтыскер, зерттеуші Қалихан Алтынбаевтың «Қалбатау» (Алматы, «Мерей», 1997) кітабында көрсетілген.


Ал, зерттеуші Марат Әбсәметов Алаш әскерінің өзіндік формасы болғанын алға тартады. Оның жазуына қарағанда, форма «жағасына жүні өсіңкі емес тері жүргізіп, пішінін мұсылман шәкірттерінің камзолына ұқсатып тіккен». «Бірақ бұл форма барлық Алаш әскерлерінде болмаған сияқты. Мысалы, Батыс Алашорда әскерлері бешпент, түйе шекпен, қызыл бөрік, қысқа тон киген. Ұлттық әскердің тұңғыш негізін салушы Алаш әскерінің туы ақ түсті, орта-сында киіз үйдің суреті және «Жасасын, Отанның адал Ұлдары!» деген жазу болған», – деп жазады Сейітқали Дүйсенов. Оның деректеріне қарағанда, Семейде 1918 жылдың қаңтар және мамыр айларында бірінші Алаш атты әскер полкі жасақталады. Оны ұйымдастыру мен жабдықтауда Ә.Бөкейханов, капитан Хамит Тоқтамышев, Семей уездік земствосының төрағасы А.Қозыбағарұлы, М.Тынышпаев, Р.Мәрсеков көп еңбек сіңірген. Семей өңірінің қалталы азаматтары да көмек қолын ұсыныпты.

Үржар ауданының Көктерек ауылының тарих мұғалімі Рамазан Нүсіпов («Абай», 2010, сәуір) Алаш полкінің Тарбағатайдағы іс-қимылы туралы ел арасында біраз естелік әңгімелер жинаған екен. Сол мұғалімнің жинақтаған жазбасында: «Алаш сарбаздары аттың түсіне қарай сапқа тұрады екен. Олардың атпен сүйрейтін үш доңғалақты 14 зеңбірегі болған. Көшпелі асхананы да атпен тартып жүрген. Андреевка түбіндегі шайқаста Алаш полкі қатты шығынға ұшырағанда Анненковтың тың әскері жетіп, шабуылдағы қызылдарды қырып өтеді. Большевиктерге жергілікті мұжықтар болысқан екен. Сарбаздар Алаш гимнін шырқағанда Әлихан мен Анненковтың есімін де әнге қатар қосқан көрінеді:

Анненков – атаман,

Қолдай гөр жасаған.

Алашпыз жауынгер,

Қорықпаймыз жауыңнан, – деп келсе, әрі қарай:

Біз Қали Арыстан,

Долданса қоймайтын.

Алға ұмтыл, ер алаш,

Елің бар қорғайтын!

Әлихан, Әлихан –

Алаштың серкесі

Ел қамын ойлайтын!» – делінген.

Алаш әскері Алтай губерниясындағы Рубцовск майданында большевиктерді қудалайды. Олардың қатарында Алаштың ерікті ақ гвардияшыл атты әскер полкының бас қолбасшысының көмекшісі қызметін атқарған Халел Ғаббасов та болған. Оған полковник шеніндегі Қараевпен бірге алғыс жарияланды. Алаш әскері орыс офицерлерінің басқаруымен Андреевка, Үржар, Ново-Покровка, Лепсі, Сарқан және Покотиловка сынды жерлерде қызылдармен қызу шайқасты. Оғландардың шайқасы мен ерлігі турасында «Сарыарқа» газетінде «Қазақ қалай соғысады?» деген мақалада жазылған.

Алашорданың көрнекті қайраткері Отыншы Әлжанов осы ұрыста жақтастарымен бірге Көктұма-Бақты шекара қақпасын асып өтіп, жолай тұтқындалған Шәкәрім Құдайбердіұлын босатып алады. Келе жатып олар Үржардың жанындағы Науалы ауылында қызылдармен кездесіп, соғысады. Барлық жақтастарынан айырылып қалған Отыншы жаралы Шәкәрімді құтқармақ мақсатта ағаш диірменді пана ғып, бір жеңіл пулеметпен қарсы жақты жасыта береді. Амалы қалмаған партизандар диірменді өртеп жібереді. Отыншы осындай жағдайда қазаға ұшырайды.  

Алашорда қайраткерлерінің ұлы күресте жеңіл табуына қазақтан шыққан большевиктердің үлкен әсері болған екен. Қазақтың бөлінбей бір болуына нұқсан келтірген де сол большевизм идеясы еді. Алайда, бұл жеңіліс алашты жасытпады. Керсінше жігерлендірді. Бұл тәуелсіздік жолындағы күрестердің бірегейі болатын. Алашорда әскері ұлтымыздың нағыз ерлері деуге лайық.

«Сталин не шешер дейсің?»

         «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп жазады Әлихан Бөкейханов. Ұлттың намысын алға қойған Әлихан ел мен жер мәселесіне келгенде мінез танытудан тайынбаған. Рухы биік, өресі жоғары Әлихан Бөкейханов «не ойы, не білімі көлемді емес», деп есептейтін Сталинмен кездесуден бас тартқан.  Ол туралы Әлімхан Ермеков естелігінде: «В.И.Ленин өзі төрағалық еткен алғашқы мәжілістің аяғында: «Автономияны кұру жөнінде қазір Сталинге барып пікірлесіңдер, оның дайындаған жобасы бар, сонымен танысып, бар ойларыңызды түйістіріңіздер»,- деп кеңес берді. Мәжіліске қатысушылар үзілісте түгелдей дәлізге шықтық. Қазақстандық делегацияның құрамы 15-тей адам болатын. Бәріміз Әлихан Бөкейхановты тостық. Әлекең Ленинмен оңаша пікірлесіп, әңгімелесіп қалған болатын. 15-20 минуттен кейін ол кісі де шықты. Біз: «Сізді Сталинге бірге кіру үшін тосып тұрмыз»,- дедік. Әлихан бәрімізге салқындау қарап: Сталин не шешер дейсің, оның не ойы, не білімі көлемді емес, қанша бір жетіскен жоба бар дейсің. Онан да өзіміз жеке шешкен дұрыс, - деп жүріп кетті» дейді.

«Ұлт көсемінің» үш мінезі

Жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай Әлихан Бөкейхановтың үш түрлі мінезін ерекше атап өтуге болады дейді.

- Біріншісі оның турашылдығы. Екіншісі болмысынан алдына келген жанның мысын басатын өзгеше жаратылыс иесі екендігі. Бұл жайлы Әлкей Марғұлан, Қалижан Бекхожин, Ғалым Ахмедов, Мариям Мұқанова, Валентина Николаевна Әуезова естеліктерінде ашық жазған.Тіпті тұтқындауға келген Мәскеудің үлкен лауазымды тергеушілерінің өзі тұтқындайтын кезде артық мінез көрсете алмаған. Лиза Әлиханқызы Бөкейханова былай деп еске алады: «Әкемнің мысы кез-келген адамды басып тұрушы еді. Әкем өзін тұтқындауға сауылдап кіріп келген тергеушілерді көргенде саспастан: «Лиза, шай қой. Қонақтар келді. Бұл Мәдениетті кісілер, дәстүр аттамайды», - деді. Олар үндей алмай қалды. Сол паузаны пайдаланып: «Кешіріңіздер, телефон шалуға бола ма?» - деді. Олар рұқсат берді. Көршісі, аса белгілі кеңес ғалымы трубканы алғанда: «Вася! Мен ұзақ командировкаға кетіп барамын. Лизаны саған тапсырдым. Аманат!» - деді де маған қарап: «Лиза! Сен анда-мұнда жүгірме. Одан ештеңе шықпайды. Бұл «барса-келместің» командировкасы» - деді сабырмен. Тергеушілер мұның бәрін үнсіз тыңдап тұрды, үндеуге бата алмады. Мен соған таң қалдым. Әкемнің салауаты оларды еш оғаш қылық көрсетуге мүкіндік бермеді». Бұл әңгімені Лиза Кеңес тұсында Алаш тарихынан жабық тақырыпта докторлық диссертация қорғаған тарихшы Жақсалиевке айтып берген. Әлекеңді көрген адамдар: «Біз Бөкейхановпен еркін сөйлесе алмаймыз. Оның мысы басып тұрады және астарлап сөйлейді», - дейді екен. Әлекең өзінің сырын санаулы ғана адамдарға айтқан. «Мен тек Байтұрсыновпен, Дулатовпен ғана ұлт туралы ашық сөйлесе аламын», - дейтіні сол. Үшінші қасиетін айтар болсақ, сондай Ұлы тұлға нәзік жанды, адамдарға бауырмал, жаны ашығыш, сезімтал болған. Лиза Бөкейханқызы: «Әкем Смағұл қайтыс болғанда қатты қайғырды. Өзі барып, оның денесін көрқаптан алып, мәйітін медициналық тексеруге апарды. «Өндірістік улану» деген диагноз қойыпты. Денесін крематорииге өртеді. Бұл оның жанына қатты батты», - деп еске алады. Менің ойымша Бөкейханов Смағұл Сәдуақастың қазасына тек күйеу баласы ретінде қабырғасы қайысып отырған жоқ, өз идеясын, Алаш идеясын алға апаратын үмітті шәкіртінен айырылған ауыр қайғыдан егілді. Алаш идеясы өлген сияқты көрінді. Міне, осындай жаны нәзік адам. Осы үш мінез Әлихан Бөкейхановтың күрескерлік тұлғасынан бөлек, адами болмысын тереңірек танытады.

 

Соңғы сапары

1920 жылы Алаш автономиясы тарих сахнасынан біржолата жоғалып, оның мүшелері қудаланады. 1922 жылы Әлихан Бөкейханов Семейде ұсталып, Мәскеуге жер аударылып, сонда 10 жыл бойы үй қамақта отырады. Үйқамаққа алынғанымен Әлихан Нұрмұхамедұлы ұлттық идеядан айныған емес. 1932 жылы Алаш зиялыларының үстінен сот болар алдында, темір жол вокзалынан оларды күтіп алған Әлихан Бөкейханов: «Жігіттер, сендер не үшін сотталып бара жатқандарыңды білесіңдер. Сендерді соттап отырған жүйені де білесіңдер. Ешкімнің алдында кінәларың жоқ! Сендер ел үшін сотталып бара жатқан азаматсыңдар! Мұңаймаңдар! Бастарыңды төмен түсірмеңдер! Алда жақсылық болады» - деп шығарып салған екен. Бұл Жұмахан Күдериннің айтқан естелігінен. Сол сөзді естігеннен кейін, азаматтар көңілдері марқайып, күліп-ойнап барған екен.

 Бөкейханов 1937 жылы 67 жасында Мәскеуде ату жазасына кесіледі. Әлиханның қабірінің қайда екені жайлы мағлұмат  айтылмайды. Тек 2007 жылы ғана жария етілді. Ол Мәскеудегі Дон бауырластар зиратына көмілген.

Әлихан Бөкейхановтың жары Яков Севостьяновтың қызы Ольга болған. 1903 жылы қызы Елизавета, ал 1910 жылы ұлы Өкітай дүниеге келеді. Бөкейхановтың қызы Смағұл Сәдуақасовқа күйеуге шыққан. 1957 жылы ұлы Өкітай жұмбақ жағдайда өмірден озған.

Қазақ үшін қабырғасы қайысып, тек тәуелсіздікке ғана емес, ойдың, білімнің, мәдениеттің тәуелсіздігіне ұмтылған тұлғаның ғұмырнамасы осылайша аяқталған. Әлихан Бөкейханов айтқан, әрі істеген істері жетерлік.
Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Инфографика: минно-тральный корабль "Алатау"

Инфографика: минно-тральный корабль "Алатау"