ҚР Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Ел намысын биік ұстаған Күшікбай батыр

Ел намысын биік ұстаған Күшікбай  батыр
Күшікбай батыр ескерткіші

Абай, Шәкәрім, Мұхтар секілді ұлылар мекеніне апаратын үлкен жолдың бойында, Семейден елу шақырым жерде жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен Орта жүздің Уақ руынан шыққан Күшікбай батыр ескерткіші тұр. Монумент мәңгілік ерлік пен өрліктің, ақылдылық, тапқырлық пен қайраттылық белгісіндей алыстан менмұндалайды.

   Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күні» әңгімесінде Күшікбай батыр туралы мынадай тарихи дерек бар: «Арқалықтың жолы асатын кезең – Күшікбай кезеңі деп аталады. Күшікбай – Арқалықты қыстайтын бес-алты ауылдың атасы. Өзі батыр болған адам дейді. Дәл қара жолдың аузында, Арқалықтың бір кішілеу биігінің басында тастан үйген оба секілді жалғыз мола бар. Сол мола Күшікбай батырдікі. Кезең де сол себепті Күшікбай атымен аталған.

   Күшікбайдың кім екендігін, басынан қандай дәурен кешкендігін әрлі-берлі өтіп жүрген керуеннің көбі білуші еді. Оларға білдіретін заманның шежіресі – дәурені өтіп кедейлік басқан, көңілсіз салқын өмірге түскен кәрілер болатын. Бұдан соңғы білдірушілердің көбі өткен-кеткен керуенге көп сөйлесіп дағдыланған, ауыл иесі болған соң, алдынан ешкім шықпай, жаман әдеттеніп, өтірікшілеу болған адамдар болатын. Бұлардың көбі әңгіме айтудан бұрын, азырақ шарт керек қылушы еді. Алдымен күндізгі мазасыз суық пен қар басқан көңілсіз елсіз даладан құтылған болу керек. Өнбейтін азын-аулақ малдың соңынан жүріп, әрі іш пыстырып, әрі қинаған бейнеттен серпіліп, күн бата үйіне келуіне керек. Екінші, көлігіне, өзіне азық сұрап, шығын шығаратын жат керуен жоқ болсын. Сол кезде үйінде бірлі-жарым көңілі сүйетін, сыйлайтын қонағы болуы керек. Ақсақал мал қоралап болып, жайланып шайын ішіп, қазанаспаның астында кейде жылтылдап, кейде лапылдап жанып жатқан отты көріп, бұрқылдап қайнап жатқан еттің исі мұрнына келіп отырғанда, серпіліп әңгіме айтатын.

   -Күшікбай батыр жиырма бір жасында дүние салған екен. Ерте күннен жортуылға аттанып, Уақтың көп батырларының арасында бұғанасы қатпағандығына қарамай, талай қиын-қыстауда ақыл тауып, қажымай қайрат, ерлік көрсеткен. Осындай өнерінің арқасында ерте күннен батыр атын алған екен. Соңғы жылдарда көздеген мақсаты қолбасылық болып, аяғында оған да жетіп, егескен елінен кегін алып, егер қылып жүргенде шешек шығыпты. Шешек ауыр болып, төсекте қозғала алмай, көп уақыт жатып қалған. Сол кезде Күшікбай ауырып жатыр дегенді естіп, талайдан өшін ала алмай жүрген Уақтың бір батыры жауының жанын ауыртпақ болып, белдеуде байлаулы тұрған қызыл бесті деген атын тал түсте тартып алып кетіпті. «Пәленше атыңды алып кетті» деген ағайынның жетімсіген сөзін естігенде, жаны шыдамай, ауруымен алысып, жылқыдан ат алғызып, жалаңаш етіне бір шекпенді кие салып, жауының артынан қуып кетіпті. «Батырды мұқаттым» деп, үйіне келіп, жаңа жайланып, жауы отырғанда Күшікбай атын ойнақтатып, найзасын түйілтіп, өрт сөндіргендей болып зәрін шашып, жетіп келген. Сол бетімен ауылдағы самсаған сары қолға: «соғысамын, қан төгемін» деп әлек салған. Бірақ жиылған елдің ішіндегі басты адамдар: «Уақтың баласы бірін-бірі өлтіріп араздаспасын» деп, ат-шапан айыбымен Күшікбайдың атын қайырыпты. Батыр еліне қайта қайтқанда, ауруы меңдей бастап, атқа әрең жүріп, осы күнгі бейіті тұрған биіктің басына келгенде мұршасы құрып, найзасын тіреп аттан түсіпті. Сонан соң басын оңға қаратуға ғана шамасы келіп, жан-тәсілім еткен. Артынан ағайын-туғаны жылап барса, шешегінің ауыздарын шекпен қажап, қотырының суы шекпеннің сыртына шып-шып шығып кеткен екен дейді. Батырдың көп мұратына жете алмай, жас күнінде қуаты қайнап, долданып өлгендігінен моласы тұрған биіктің бауырынан боран, ызғар айықпайтын болған екен деп, бағанағы кәрі әңгімесін тоқтатушы еді.

   Бұл әңгімені айтушы адамдар Күшікбайдың кім екенін жұртқа танытқанда, өзін сол батырдың ұрпағы екендігін көңіліне бірталай қанағат қылып, бойы көтеріліп, көңлі күңгірт өмірдің уайымынан бірталай сергіп қалушы еді...»

   Күшікбай батыр ескерткіші дәл осы Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күні» әңгімесінде айтылған бейіт тұрған биіктің басында. Маңғыстаудың ақ тасынан жасалған монументте дулыға, киіз үй, қос ішекті домбыра мен аққудың бейнесі біріктірілген. Қаңқасы қалың темірмен шегенделіп, өн бойы әппақ мәрмәрмен өрілген. Биіктігі шамамен 20 метр. Ескерткіштің авторы Мәдуақас Мырзаханов. Кесенедегі батырдың бас киімі – дулығасы. Әрі найзасы, қалқаны бар. Жоғары жағында домбыраның бейнесі кескінделген. Бұған қоса қос аққудың көкке самғап бара жатқаны бейнеленген. Ол – пәктіктің белгісі. Көк аспанға мойындарын созған құстар мәңгілікке ұмтылысты аңғартады. Ондағы мақсат – қазақтың дархан даласын көрсету. Монументтің орта тұсында батырдың алып денесіндей құлпытас орын тепкен. Ал оған жанасқан найзаға сүйене 21 жасында көз жұмған Уақтың ұланын елестетеді. Бір жағын батырдың қалқаны жауып тұр.

      Асан ОМАРОВ, Абайтанушы, тарихшы ғалым, журналист: «Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» деген әңгімесіндегі Күшікбай асуында болған қайғылы оқиғаның кейіпкерлері Ғазиза мен оның әкесі Жақып жерленген зират, олар тұрған үй мен қораның орны көп ұзамай табылды. Зират пен тұрақты тапқан белгілі өнер қайраткері жерлесіміз Амангелді Жүкенов. Ең бастысы - табылған орын тұңғыш рет 1921 жылы жарық көрген шығармадағы Мұхтар Әуезов суреттеген жәйттармен тұспа-тұс келеді. Осы жайында «сүйіншілеп» мақала жазған едім. Бірақ оған назар аударған ешкім болмады. Аталмыш әңгімедегі зорлық-зомбылықтың құрбаны болған, ұят пен намыстан, шарасыздықтан зар кешкен бейшара қазақ қызы Ғазизаның алай-дүлей боранның астында әкесінің қабірін құшақтаған күйі көз жұмғаны белгілі. Ендігі тілек - жауыздықтың жас құрбанының қасіретке толы өмірінің азапты ақ түтегінен адасып өліп, мәңгі толас тапқан осы тарихи орын қоршалып, арнайы белгі қойылса».

   Күшікбай кезеңі – Семей мен Шыңғыстау арасында Абай сан рет тоқтап, басында түнеген бекет. Күшікбай асуы… Қазақтың он сегізінші ғасырдағы қасіретінің бір парасы. Еспенбет, Кеңгірбай билер заманының сарқыты. Сайын даланың төсінде қара тасты қақ жарып аққан Күшікбай бұлағына аялдап, шөлін басатындар көп еді. Басына тәу етіп өтетіндер де ешқашан  толастаған емес. Өйткені, Күшікбайдың басындағы бұлақ суы қысы-жазы мүлдем қатпайтын. Көнекөз қариялардың айтуынша, бұлақ суының құрамында дертке шипа күміс бар көрінеді. Баһадүр батыр жүріп өткен төбеде әлі талай тарихтың тұнып тұрғаны рас. Иә, біздің тарих осынау ұлы далада, төбелерде жатыр. Бір ауылдың, бір рудың тарихы емес, мәңгілік елдің тарихы жатыр. 
Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Инфографика: минно-тральный корабль "Алатау"

Инфографика: минно-тральный корабль "Алатау"