ҚР Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Қазақ әскері соғыста қандай айла қолданған?

Қазақ әскері соғыста қандай айла қолданған?

Ұрыс өнері тек жай ату, шабу, найзаласу ғана емес. Мақсат тек жеңу ғана болғанымен, оған да үлкен әдіс-амал керек. Ол – соғысқа қатысқан адамды көп шығындамай, аман алып шығу. Көзсіз ерлік жасау, қызбалық істеу соғыста абырой әкелмейді. Бұлай істегендер өз жағынан да жазаланып отырған. Қазақтар өздері жетілдірген осындай айла-тәсілдерді қолданғандықтан, жоңғарлар зеңбіректері болса да, кей кездері жетістікке жете алмады. Осының нәтижесінде, қазақ елі үшін тарихи маңызы бар ұлы жеңістерге қол жетті.

Қазақтар небір ұрыс жүргізудің тактикалық тәсілдерін соны ұтымды қолданған батырлардың атымен атайтын болған. Мысалы, Абылай Бұқар жыраудың өз батырларының жағдайын сұрағанда: «Жанатай Талқы арқылы өтеді, Бөгенбай Құлжандап өтеді, ал Хан-Баба қайтып келеді», депті. Мұндағы «Құлжандап өту» ерлік пен айла көрсетіп, мықты ұрыс жүргізіп, жау қолынан сытылып шығады дегенді білдіреді екен. Бұл ұрыс әдісі ертеректе батыл жауынгер, әрі керемет тактик болған Құлжанның атымен аталып кетіпті.

        

Көз алдау

Айқас кезінде кейде қазақтар жау жағы әскер саны көп деп ойласын деп атқа адам бейнесін, киіндірілген қуыршақтарды қондырып қойған. Бұл әдіс әдетте қарсыласына үрей туғызады. Егер жаулары басым түссе, олар жауларына арт жағынан қууға жол берген. Олар бір-бірінен бөлінген кезде іздеріне түсіп қуа жүріп, майдандағыдан бетер қырғынға ұшыратқан.

 

Ай қораланды

 

         Қазақ әскерінің жоңғарлармен қақтығысында көп қолданылған әдістерінің бірі – ай қорланды. «Ай қорланды» тәсілі – жауын айналдыра сырттан қоршап алып, сонан соң біртіндеп қыса түсу. Мысалы, 1726 жылғы Сарысу өзені бойындағы Айран төгілген деген жердегі қазақ-жоңғар айқасында қазақтар жағы осы әскери әдісті пайдаланған.

 

Қоян қашты

 

Өздері әдейі қашып, бөлініп қуған жауды қоршап алып, жойып жіберу. Алдыңғы әскер легін жау көріп қалса, оған жақындап барып, садақпен бірнеше рет атқан. Жау сескенбесе, оны алдау үшін кейін шегініп, негізгі әскердің торуылына ілестіріп келген, сөйтіп, қоршауға түсірген. Егер жаудың күші аса басым екеніне көзі жетсе, одан бір немесе екі күндік жерге қаша шегініп кетіп, басқа жасырын жолға түсіріп, торуылдай жүріп, қырғынға ұшыратқан. Егер бұл әдіспен ала алмаса, он-он екі күндік жерге шегініп кетіп, қауіпсіз бекіністі жерге орналасып алып, бөлшектеніп жеткен жауды жеңу амалын тапқан. Бұл амал да 1726 жылғы Айран төгілген деген жердегі ұрыста қолданылған. Бір атап өтерлігі - Аңырақай шайқасында қазақтардың негізгі қаруы садақ, найза, қылыш, айбалта, қанжар, арқан болғандықтан, олар отты қарумен сақадай сайланған жоңғарды жеңе алмауы да мүмкін еді. Бірақ, Әбілхайыр бастаған қазақ батырларының жауды көпшілік жағдайда қоршауға алып, жеке-жеке жойып жіберіп және жаудың тылмен байланысын үзіп тастап отыру тактикасының арқасында жеңгені белгілі.

 

Тұлғама

 

Қазақтар шабуылда өздерінің «тұлғама» немесе «тұлғамыш» деп аталатын тәсілін қолданған. Бұл сөз көне түркі тілінде «қоршап алу» және «қарату» деген ұғымдарды білдіреді екен. Тұлғама - жауды қоршап алып, қоршаудағы жауға не оның тылына шабуыл жасау. Бабыр өзінің қолжазбаларында тұлғаманы Дешті Қыпшақ халқының шабуылдағы ұлы өнері ретінде көрсетеді.

 

Теріден жасалған қайық

 

         Плано Карпини мен Гильом де Рубруктың айтуы бойынша, түркілер мен моңғолдар әскери қақтығыстарда қиын жағдайларда өте айлакер, жол тапқыш болған. Егер олар алдарынан үлкен өзен кездесіп қалса, асқан айлакерлікпен жауынгерлерін де, аттарын да, мүліктерін де аман алып өтеді екен. Олар теріні дөңгелек қап тәріздендіріп тігіп, оған арқан өткізетін тоғалар қадап ішін жорықта қажет зат, мүлік, киім-кешекпен толтырады, өте мықты етіп байланыстырады. Осы әдіспен жасалған қайықты адамдар ат құйрығына байлап өздері үстіне отырады екен. Кейде екі ескек алып, соны есе отырып, арғы бетке өтеді екен. Сондай-ақ, әрбір сарбаз теріден мықтап тігілген қалта немесе қапшық ұстаған. Бұны алып жүруге кез келгені міндетті болған. Онымен де жоғарыдағы әдіс бойынша жүзіп өткен.

 

Жылжымалы қамал

 

Екі жақтың күші бірдей түсіп, жаумен бетпе-бет кездесер жағдай туса, қазақтар сап-сап боп бірнеше қатарға бөлінетін. Әдет бойынша алдыңғы қатардағы атты жауынгерлер саптарын сүйір ұшты етіп құрады. Бұл оларға жұмсақ жерге кірген қазықтай, жау шебін оңай бұзуға керек-ті. Әр топтың араларына және арт жағына шабуылға шыққан жауды кідірту үшін арбалар қоятын. Осы арбалардың артында керек кезінде ұрысқа түсуге дайын тұрған тағы да әскер болатын. Ал егер жау жағының күші басым келіп, шабуылды олар бастайтынына Қыпшақтардың көздері жетсе, соғысу тәсілін басқаша жүргізетін. Үстіне өгіз, түйе терілерін жапқан арбалардан дөңгеленте бекініс жасай-тын. Арбалардың шетінде жағалай тұрып алып, шабуылға шыққан жауына оқ жаудыратын. Жау қай жағынан келсе де, дөңгелене құрылған бекіністегі қазақтарды ала алмайды. Өздері оққа ұшады. Оның үстіне қазақтар әлгі арбадан жасалған дөңгелек бекіністерінің араларында қисық-қисық жол қалдырып, жау күшінің әлсірегенін білсе, өздеріне таныс қисық жолдарымен жау шебіне ат қояды. Ал шабуыл жасаған жау бұл жолдарды пайдалана алмайды. Өгіз, түйе терілерімен жабылған арба қорғанына қазақтардың бекінгенін білсе, әдетте жау ұрыс ашпайтын, өз бетімен кейін шегінетін.

 

Моңғол диірмені

 

         Жау кенеттен шабуылдаған жағдайда қазақ әскері қапталды қабыстырып, шеңбер жасайды да, атпен айнала шауып жүріп жауға қарай садақтан оқ жаудырады. Жау қоршауының ішінде қалып қойса да, сыртында болса да осылай айнала оқ жауыдырып, жеңіске жеткен.

 

Әзірлеген Арай СҮГІРБАЙ


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Инфографика: минно-тральный корабль "Алатау"

Инфографика: минно-тральный корабль "Алатау"