ҚР Қарулы Күштеріне - 25 жыл

«Қара майордың» ең басты ерлігі

«Қара майордың» ең басты ерлігі

...1980 жылдың қаңтарында КСРО арнайы әскер жіберіп, Ауғанстанның билеушісі Х.Аминді құлатып, оның орнына Бабрак Кармалды отырғызды. Міне, осы кезде Ахмед шах Масуд Кабулды тастап, өзінің туған өлкесі Паншерге келеді.

Паншер – ұзыннан ұзақ созылып жатқан, бір шеті Пәкіс­танмен шектесетін, таулы, қыратты, ойлы-қырлы үлкен аймақ. Кішігірім мемлекет сыйып кететін өңірді «Паншер аймағы», «Паншер өлкесі», «Паншер аңғары» деп те атайды. Көбінесе қысқа ғана бір сөзбен «Паншер» дейді. Паншерге қалалар да, кенттер де, қышлақтар да, өндіріс орындары да, халық та молынан шоғырланған.

Ауған соғысының тарихын зерттеп жүрген ғалымдардың пікіріне сенсек, 1981 жылы Ахмед шах Масудтың мод­жахедтерінің, яғни жауынгерлерінің жалпы саны 100 мыңға жуықтаған. Б.Кармалдың қуыршақ өкіметінен гөрі Ауған хал­қының басым көпшілігі Ахмед шах Масудты қолдаған. Ахмед шах­тың күшейгені соншалық, 1981 жылдың аяғында ол бүкіл Ауғанстан территориясының үштен бір бөлігіне бақылау жасады. Үштен біріне! КСРО еріксіз енді Ахмед шахпен санасуға мәжбүр болды. Кабул мен Паншердің арасы – 80 километр. Шахтың моджахедтері Кабулға бара жатқан совет әскерлері мен автоколонналарды атқылап маза бермейтін. Олар Совет армиясымен де, Бабрак Кармал басқарған Ауған өкіметінің әскерімен де қа­тар соғысады. Азық-түлік тиелген көлік­терді Кабулға жеткізу Совет Одағы тарапына үлкен күшке айналады. Содан…

Содан КСРО Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының маршалы С.Соколов бастаған әскери қолбасшылар Паншерге шұғыл шаб­уыл жасау керек деп шешеді. Олардың мұндағы мақсаты – Ахмед шах Масудтың өзі мен әскерлерін түгел жойып жіберу емес, әрине. Бүкіл Ауған халқы қолдайтын тұлғаны түп-тамырымен жойып жібере алмайтынын бас қолбасшылық та біліп отыр ғой. Бұлардың мақсаты – Ахмед шахты әлсірету арқылы оны келіссөз жасауға мәжбүрлеу.

Сонымен Совет әскерлері 1981 жылдың мамыр айында Паншерге шабуыл бастады. Операцияға 36 батальон жұмылдырылады. Бұл баталь­ондардың 20-сы – советтікі болса, 16-сы – Б.Кармал билейтін Ауған өкіметінікі еді. Бұдан басқа шабуылға тек  Совет тарапынан 104 тікұшақ, 26 әскери ұшақ, 165 миномет, 250 БТР және өзге де қару-жарақ түрлері мен қосымша күштер қатысады. Бір аптаға созылған қиян-кес­кі шайқаста екі жақ та үлкен шығынға ұшы­рады. Ал өз шебін жеті күн ұстаған Ахмед шах ақырында Паншерді тастап шықты.

Енді Совет әскеріне қайткен күн­де де Паншерді ұстап тұру керек еді. Ахмед шах сонда  ғана келіссөзге келуі мүмкін.

... «Тым болмағанда Паншерді бір ай ұстап тұру керек!» деп шешкен КСРО-ның әскери қолбасшылары шатқалға ең таңдаулы, ең ірікті, ең ержүрек батальондарды қалдыру қа­жет деп шешеді. Сол батальонның бірі – «Қара майордың» батальоны болатын.

***

Биіктегі бекіністер мен атыс ұяларын басып алудың қиындығы жөнінде «Қара майордың» өзі де «Капчагайский батальон» атты кіта­бында жазады. Енді осы кітаптан бір үзінді келтіре кетелік: «Паншер үшін болған кескілескен шайқаста бізге жаудың 4500 метр биіктікте орналасқан атыс ұясын алу тапсырылды. Ұры тіс сияқты сойдиып шығып тұрған жақпар тастың арасындағы атыс ұясын «Зуб» деп атадық. «Ұрыста тұрыс жоқ», капитан Бекбоевтың 3-ші ротасы, Х.Оразалиев басқаратын АГС-17, старшина Александр Бубенцовтың инженерлік-саперлық ротасы менің бұйрығыммен «Зубқа» тіке шабуыл­ды бастап та кетті. Бәрін айтып не қылайын, таңғы сағат 4-те басталған шабуылымыз келесі күні кешкі 9-ға дейін ұласты. Сағат 9-да атыс ұясы толық біздің қолымызға көшті. Мұндайда қайдан шығын болмасын?! Аға лейтенант Р.Мередурдыев жараланды, онымен бірге екі барлаушымыз да жарақат алып қалды. Х.Оразалиевке де оқ тиді, ертеңіне Ташкентте арнаулы гос­питальға жет­кізілген кезде қайтыс болды…».

«Қара майор» келесі бір биіктегі қиын бекіністі алған кезде «7 бірдей жауынгерінің оққа ұшқанын» жазады. Қалай оққа ұш­пайды, Ахмед шахтың моджахедтері жер жағдайын бес саусағындай біледі. Және олар биіктен бұларды жақсы әрі жан-жақты бақылап отырады…

Айрықша ерлік көрсеткен «Қара майор­дың» батальонын Паншерді ұстап тұруға (тым құрығанда бір ай ұстап тұруға!) қалдырады. Мұндағы ұрыс қимылын бас­қарған 40-шы армияның штаб бастығы, генерал Н.Г.Тер-Григорьянцтың өзі «Қара майорға» телефонмен хабарлайды. «Ең әуелі құттықтап қояйын, сізге подполковник шені берілді» дейді ол.

Кейбір  деректерде Паншерді ұстап тұруға 8 батальон, ал енді кейбір деректе 9 батальон қалдырылды дейді. Осы батальондардың ішінен тағы да «Қара майордың» батальоны өзге батальондарға қарағанда айрықша көзге түседі. Жанкештілігімен, еп­тілігімен, ержүректігімен, әскери ше­берлігімен, тапқырлығымен, ұт­қыр­­лығымен, маневр жасай алғыш­тығымен! Сонымен не керек, әйгілі шатқалды ұстап тұруға қалдырылған батольондар Паншерді бір ай емес, екі айға жуық бермей тұрады ғой. Ал осы екі айға жуық уақытта «Қара майор» да, оның батальоны да қылыштың жүзінде жүрді. Ауғанстандағы соғыс жылдары «Қара майор» өзінің 40-тан астам сарбазы мен 4 офицерінен айырылса, солардың басым көпшілігі Паншерде көз жұмған еді.

...Шатқалдағы аңдысқан, арбасқан, кескі­лескен ұрыс екі айға жуық уақытқа созылды. Егер текетірес онан әрі созыла берсе өзінің жағдайы нашарлайтынын сезінген Ахмед шах Масуд келісімге жүгінуге мәжбүр болады. Ол 1982 жылдың шілде айында Совет әскерінің басшылығымен келіссөз жүргізеді. Екі тарапты келіссөзді әзірлеу процесіне «Қара майор» да қа­тысады. Біраз ырғасқаннан кейін екі жақ та бәтуаға келеді.

Менің өз өлшемім бойын­ша, «Қара майордың» Ауған соғы­сындағы ең бас­ты ерлігі де – осы! Ахмед шах Масудты келіссөзге жүгіндіру, жүгінуге мәжбүр ету. Егер «Қара майор» мен осы «Қара майор» секілді жанкештілер болмаса, Ахмед шах Масуд келіссөзге келер ме еді? Әрине, жоламас та еді. Келіссөздің арқасында Ахмед шах Масудтың моджахедтері 1982 жылдың шілдесінен бастап 1984 жылдың 21 сәуіріне дейін Паншердегі совет әскерін атқылаған жоқ. Оларға қарсы ұрыс қимылдарын жүргізген жоқ. Демек, қаншама адамның өмірі сақталып қалды десеңізші!

Бақытбек СМАҒҰЛ

(Қазақтың «қара майоры» кітабынан үзінді)


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Армейские международные игры-2017: итоги в цифрах

Армейские международные игры-2017: итоги в цифрах