ҚР Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы ел есінде сақталады

Қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы ел есінде сақталады

Биыл – қазақтың батыр қызы, ұшқыш Хиуаз Доспанованың туғанына 95 жыл. Ұлы Отан соғысында талай ерлігімен көзге түсіп, жау әскерін жермен-жексен еткен қазақ қызы туралы аз айтылып, аз жазылған жоқ.
Кеңес Одағының батыры атағы берілмесе де апамыз сол «батыр» атағына ие болғандардан еш кем ерлік көрсеткен жоқ. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Хиуаз Доспановаға «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Арманы орындалды

Хиуаз мектепте оқып жүргенде-ақ ұшқыш болуды армандады. Ол асқақ арманына жету үшін мектептегі оқуымен бірге Орал қаласындағы аэроклубта қатар оқыды. Алғашқы ұшу сапары, парашютпен секіру секілді жауапкершілікті сынақтардан мүдірмей өткен қайсар қызға облыстық әскери комиссариат «Запастағы ұшқыш» деген атағы жазылған куәлікті табыс еткенде Хиуаздың ойында «Мен ұшқышпын. Енді қайтсем де Марина Расковамен кездесуім керек» деген ой ғана болды. Бірақ қаршадай қыз бұл арманы екінші дүниежүзілік соғыста ғана орындаларын білмеген еді..

 

Әуе полкіне қабылданды

 – Қазақстандықсыз ба?-деп сұрады Раскова.
– Иә.
 – Қазақпысың?
– Иә.
– Запастағы ұшқышсыз ғой?
– Иә.
– Қандай іске бет алғаныңызды ұғасыз ба? Бұл соғыс!
– Мен комсомол мүшесімін.
– Басқа сұрау жоқ, қабылдау бөлмесінде күте тұрыңыз, - деді Раскова, мен шығып кеттім. 

Бұл – Хиуаз Қайырқызының «Халқым үшін» атты естелігінен үзінді. Қысқа да нұсқа қойылған өз сұрағына қазақ қызының мірдің оғындай жауаптары Марина Расковаға запастағы ұшқыш қыздың осал жан еместігіне сендірген еді. Осылайша атақты ұшқыш М.Раскованың командирлігімен әйелдерден құрылған әуе полкіне Отан алдындағы перзенттік парызын өтеуді мақсат еткен қазақтың қайсар қызы Хиуаз Доспанова да қабылданды.

 

Майданға аттанды

Бала күнгі арманы орындалған Хиуаз өзіне ұшақты басқаруды сеніп тапсырған М.Расковамен бірге ұшқан алғашқы күнін әсте жадынан өшірген емес. Көп ұзамай ұшу сапарлары аңызға айналған ұшқыш Марина Раскованың барлық тәжірибесінен өткен әйелдерден құрылған полктің де майданға аттанар сәті келді. Кәсіби ұшқыш М.Раскова полкті майдан шебіне дейін өзі бастап апарды. Тұнғыш рет әйелдерден құрылған түнгі жеңіл бомбардировщиктер полкін аға лейтенант Е. Бершанская басқарды. Майдан шебіне жетіп, алғашқы әскери тапсырманы алғанға дейін 18 жастағы өрімдей бойжеткендер соғыс деген тура келген ажал екенін жете түсінбегендері анық. Бірақ соғыс деген атының өзі қайғы екенін жас жүректері сезген еді.....

 

Алғашқы жауынгерлік тапсырма

Полк командирі Е.Бершанскаяның бүкіл ұшқыштар құрамының алдына алғаш қойған жауынгерлік тапсырмасы Майндорф пен соның аумағындағы елді мекендерде шоғырланған дұшпанды техникаларымен қоса бомбалау болды. Негізгі нысана – Майндорфты бомбалау қазақтың қайсар қызы Хиуаз бен звено командирі Е.Пискареваға тапсырылды. Өрімдей екі қыз жер бауырлап ұшатын ПО-2 ұшағын басқарып, алғашқы тапсырманы орындау үшін аспанға көтерілді. Штурманның міндеті ұшақтың ұшу және желдің жылдамдығын, бағытын, ұшу биіктігін ескере отырып, компас бойынша нысанаға дейінгі жерді белгілеп бомбалауға іс-әрекет ету. Бұдан соң негізгі міндеті, бомбалайтын нысанды дәл тауып, ұшақтағы арнайы құралдар арқылы бомбаны соған көздеп лақтыру.

Айта кетейік, алғашқы күні дұшпандарға қарсы бағыттаған бомбасын «Отан үшін!» деп айқайлап көздеп лақтырған Хиуаз апамыздың жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде толтырылған әскери құжаттарда 1942 жылы Хиуаз Доспанова 72 рет әуеге көтеріліп, 32 100 кило салмақты құрайтын түрлі калибрлі бомбаларды жауға тастағаны және өте қырағы, дәлдікпен нысанаға тиген бомба жарылысынан дұшпандармен қоса әскери техникалар шоғырланған жерлердің жойылғаны туралы дерек бар. 

Өлім аузынан аман қалды
ПО-2 ұшағымен кейде тәулігіне жеті-сегіз рет дамыл көрместен немістерге қарсы шабуылға шыққан қазақ қызы талай мәрте өлім аузынан аман қалды.

Сондай оқиғалардың бірі және Хиуазды ұшағына әбден «бауыр» бастырып қойған қайғылы оқиға 1943 жылы ауа райының қолайсыздау күні орын алды.

Кезекті әскери тапсырмадан оралған Юлия Пашкова басқарған ұшақ жерге қону кезінде сәтсіздікке душар болды. Қас қағым сәтте естен айырылған Хиуаз бен Юлияның естерін жия сала іздегендері пистолеттері болды. Егер жаудан алыс болса оқ атып дыбыс беріп көмекке шақыру,

болмаса немістердің тұзағына түскенше өз-өздерін өлтіруге бекінген қыздарды өз полкындағы қыздар тауып алып майдан госпиталына жеткізген.

Сол күні Юлия ауыр жарақаттан көз жұмып, Хиуаз өте ауыр жараланып, бірнеше ай бойы бүкіл денесі гипстеліп, төсекке танылып жатты. Сонда да қанатты қыздың бар ойы әуеде ұшып, дұшпанға қарсы соғысу болғаны ақиқат еді...

 Аға лейтенант атанды

Хиуаз Доспанова ауыр жарақат алғаннан кейін де Қырымды азат етуде ерліктің үлгісін көрсетті. Қазақ қызының осы ерлігі «Қызыл жұлдыз» ордені мен «Кавказды азат еткені үшін» медалімен бағаланды. 
Әскери тапсырманың орындалысы туралы құжаттардың дерегіне сүйенсек, осы жауынгерлік наградалардан соң, Хиуаз Доспанованың 168 рет әуеге ұшып, неміс басқыншыларына қарсы әуеден ойран салған. Осы деректерде штурман қазақ қызы Хиуаз Доспанованың күндіз де, түнде де, тіпті ауа райын талғамай ұшып, немістерге қарсы күйрете соққы бергені туралы жазылған.

Әйел ұшқыштардың сан мәрте ерлігі, олардың әйелдерден құрылған әуе полкының гвардиялық полк атағына лайық деп бағаланып, ұшқыштар жаңа офицерлік атаққа ие болды. Қазақ қызы Хиуаз Доспановаға гвардия аға лейтенанты атағы берілді. 

 

«Түнгі перілер»...

Хиуаз бен оның құрбыларын немістер «Түнгі перілер» деп атап, осы «перілердің» әуеден соққысын үрейлене күтіп, талай бозала таңды көз шырымын алмастан қарсы алғанын айту парыз. Тіпті М.Раскова жасақтаған тұңғыш әйел ұшқыштар туралы Гитлердің өзі әрбір атып түсірілген әйел ұшқыштар экипажы үшін әрбір солдатына темір крест беріп, аз күнге үйіне демалысқа жіберуге уәде берген деген әңгімелерге ұшқыш қыздардың өздері де қанық болды. Немістер «Түнгі перілерді» атып түсіріп, марапатқа ие болуы үшін нендей әрекет етпеді десеңізші...

Бірақ сауысқандай сақ ұшқыш қыздар олардың құрығынан аман қалу үшін біліктіліктеріне сенетін. Әйтсе де, жаудың оғы Хиуаздың бауырындай болып кеткен құрбысы Дуся Носальдың өмірінің қыршыннан қиылуына себепші болды. Д.Носаль өмірден өткен соң оған Совет Одағының батыры деген атақ берілді. Жауынгерлік тапсырмамен кеткен Полина Белкина мен тағы да біраз өрімдей қыздардан құрылған экипаждар қайта оралмады...

Атақ берілмеді

Алғашқы тапсырманы тиянақты орындаған Хиуаз Доспанованың әуеге көтеріліп, неміс басқыншыларына қарсы әуеден соққы беруі алғашқы күннен-ақ ерлікке татитын. Бірақ оны кезінде көретін көз, бағалайтын әділдік болмады. Қазақ қызының екі сан сүйегі сынып, оған мойымай ұшағына қайта отырып жаумен айқасқанын сол кездегі әскери жоғары басшылар көрсе де, қазақ қызының ерлігіне бастарын шайқап сүйсінсе де, оған Совет Одағының Батыры деген атақты беруге асықпады...

Осы орайда Халық жазушысы Соғыс ардагері Әзілхан Нұршайықовтың Хиуаз туралы жазбасында «Ұлы Отан соғысында Талғат Бигелдинов жау тылына – 305, Леонид Беда – 211, Сергей Луганский 390 рет ұшып, жауынгерлік тапсырманы орындап, үшеуі де екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Олар қуаты күшті ұшақтарды басқарды. Жер бауырлап ұшатын ПО-2 ұшағының жау ұшағымен шайқасар қуаты жоқ...» -деп жаза келе, Хиуаз Доспанова кішкене ғана фанера ұшақпен 300 ден астам әуеге көтеріліп, жауға ойсырата соққы бергенін айтып, қанатты қыздың ерлігі соғыс жылдарында бағаланбаса да, бейбіт өмірде бағалануы тиіс деп өз ойын ашық жазды. 
Ақиқатында соғыс кезінде М.Раскованың әйелдерден тұңғыш құрылған әуе полкінде Хиуазбен қатар соғысқан ұшқыштар соғыс кезінде-ақ «Батыр» атанды. Тіпті соғыстың соңғы күндері, Қазақтың қайсар қызына Генерал А.Гречконы Мәскеуге апару туралы ерекше тапсырманы орындау сеніп тапсырылғанын біреу білсе, біреу білмес.

 Елде де ескерілмеді

Дей тұрғанмен осы ерліктің бәрі де ескерілмей, Хиуаз Доспанова еліне оралып, қоғамдық, жауапкершілігі маңызды қызметтер атқарды. Қазақстан Комсомолының Орталық Комитетін басқарып, Алматы қалалық партия Комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. Қазақтың қайсар, шыншыл, тура сөйлеп, істі жүзеге асыруымен елге қызмет етіп, Алматыдағы «Медеу» мұз айдыны спорт кешенін, «Горный гигант» алма бағын тұрғызуға, Министрлер кеңесінің ауруханасы, емханасы, дәріханасының тұтас кешенін, «Ғалымдар үйі» ғимаратын салуға, театрда «Абай», «Шоқан» драмасының сахналануы секілді маңызды жұмыстардың басы-қасында өзі жүрді.

Осыншама тыңдырымды еңбегіне қарамастан қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Хиуазды сол кездегі билік басындағылар, партияның ХХ сьезінен соң, өткен күндер үшін жауапты жылдар басталған заматта, бар жоғы 37 жасында ғұмырлық зейнеткерлікке шығарып жіберді. Олар үшін Хиуаздың соғыста төрт мәрте ауыр жарақат алуы негізгі себеп болып шыға келді. Өзін «керексіз» еткендерге сыр білдірмей 1960 жылы «Под командованием Расковой» (орыс тілінде), 1963 жылы «Халқым үшін» (қазақ тілінде) деген майдан естеліктерін жарыққа шығарды. Бұдан соң ұзақ үнсіздік, қанатты қыздың бар-жоғы елеусіз қала берді.

 Қаламгерлер қозғады

Еліміз егемендік алып, көк байрағымыз көкте желбіреді. Соғыс ардагерлері, майдан тілшісі қызметін атқарған азаматтар мен зиялы қауым, атыраулық қарымды қаламгерлер Хиуаздың ескерусіз қалғаны, Бауыржан Момышұлының «Қызыл жұлдызының» табыс етілмегені туралы дүркін-дүркін мақалалар жазып, ол республикалық, облыстық газеттерде басылып жарыққа шығып тұрды. Бұл іздеудің, ерлікті бағалауды ескеру керектігі туралы үндеулер Мемлекет басшысы тарапынан ескерусіз қалмады. 

Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының «Қызыл жұлдызы» егемендіктің алғашқы жылы Отанына, отбасына табыс етілді. Әттең соғыста ерліктері аңыз болған Рахымжан Қошқарбаевтың, Қасым Қайсеновтің «Қызыл жұлдыздары», Хиуаз Доспанованың «Даңқ» ордені елге табыс етілмеді. 

 Халықпен қайта қауышты

Дегенмен, 2004 жылы елбасы Н.Ә.Назарбаев қазақтың батыр қызына «Халық қаһарманы» атағын беріп, қайсар ананы қайта қатарға қосты. Осылайша елі «Қанатты қыз» атап кеткен Хиуаз Доспанова халқымен қайта қауышты. Оралдық Мұрат Жәкібаев есімді азамат Хиуаз апайдың ерлігін паш ететін «Успеть бы поклониться» атты деректі фильм түсіріп, халық назарына ұсынды.

Хиуаз апайдың өзі көзі тірісінде бұл фильмді көріп, авторларға алғысын айтқаны көңілге бір демеу. Атырауда Жеңістің 65 жылдығында Хиуаз Доспанова бюсті тұғырына қойылды. Қазақтың батыр қызын ұлықтау мақсатында атыраулық журналистердің жергілікті, республикалық газеттердегі мақалалары 2012 жылы, Жеңіс күнінде «ЭйрАстана» әуе компаниясы өзінің тұңғыш жекеменшік ұшағына Хиуаз есімін беруімен үндестік тапты.

 Есімі ел есінде

 Қазақтың «қанатты қызы» Хиуаз 2008 жылдың 21 мамырында 86 жасында дүниеден озды. Егер тірі болғанда қазақ елі «тұңғыш ұшқыш қыздың» тоқсан бес жасын дүркіретіп өткізер ме еді?!

Дегенмен, биыл Хиуаз Доспанованың 95 жылдығына орай мемлекетіміздің түкпір-түкпірінде көптеген шаралар ұйымдастырылып жатқаны ақиқат. Күні кеше бүгінгі ұрпақ Хиуаз Доспанованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, еске алып, рухына тағзым етті. Одан өзге де ауқымды шаралар өткізіліп жатыр. Талай рет көкке самғап, жаудың сағын сындырған қазақ қызының есімін елдің ұмытпағанын осыдан аңғаруға болады. 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Армейские международные игры-2017: итоги в цифрах

Армейские международные игры-2017: итоги в цифрах