Қазақтың Жеңіске қосқан үлесі әлі толық айтылған жоқ

Қазақтың  Жеңіске қосқан үлесі әлі толық айтылған жоқ
Николай СЛАВОВ, Ұлы Отан соғысының ардагері, 97 жаста:

– Соғыс басталғанға дейін 1941 жылы мамыр айында Польша мен Германия арасына жаңа шекара құрылысын жүргізіп жатқынбыз. Содан маусымда кенеттен соғыс басталып кетті. Ол кезде мен небары 20 жаста, Одессадағы училищенің студенті едім. Ол кезде ешкімге оңай болмады. Екі адамға бір қару болатын. Енді ешқашан соғысты көрмейік.

Әли ЖЫЛБАЕВ, тыл ардагері:
–Әлемдегі ең  жақсы мереке – Ұлы Жеңіс мейрамы.  Ардагерлер аман болсын! Барлығы да елі үшін, халқы үшін еңбек етті. Сол үрдіс жалғасын тапса екен!

Айдын АЙБАРОВ, Ұлы Отан соғысының ардагері:
–Қазақтың батылдығы, ерлігі, Жеңіске қосқан үлесі әлі толық айтылған жоқ. Мысалы, 1942 жылы «Правда» газетінде «Казахи дерутся как львы» деген мақала шықты. Сол бір жолдың өзі көп мәселені байқатса керек. Қазақтың келісімге адалдығы, батылдығы, ерлігі, шеберлігі түгел зерттелмеді. Берлинде рейхстагқа ту тіккен біздің – қазақ. Қан майданда қазақ жауынгерлерінің қосқан үлесі үшан-теңіз. Сондай-ақ, соғыс кезіндегі қазақ әйелдерінің майдандағы ерлігін және тылдағы ерен еңбегін зерттеуді қазақстандық тарих ғылымының жеке арнаулы бағытына айналдыру қажет.  
ВКП (б) көсемдері одақтың соғысқа қатысуын «Отанды қорғау» деген желеумен жаппай мобилизацияға пайдаланды. Қазақстаннан 21 үлкен әскери құрама жасақталып, 1 миллион 367 мыңдай адам жіберілді. Олардың жартысынан астамы майдан даласынан оралған жоқ. «Бәрі де майдан үшін!» деп тылда еңбек еткен әйелдер мен балалардың арасынан қырылғандар саны да аз болмады. Бірінің әкесі, бірінің баласы сұрапыл соғыстан оралмады. Әйелдер жесір қалып, аналар ғұмыр бойы балаларын күтумен өтті. Сол шақта майдан даласынан оралмағандардың отбасына жеңілдік немесе атақ берілмеді. Оларды шығару жөнінде де бірде бір шара алынбады. Енді оларға қандай да болса азабын өтейтін дәреже беру керек.
Бойымызға сіңген әдет болуы керек, біз айтқан сөзімізге жететін халықпыз. Қырық бірдің қырғынында болған қазақ әскерлерінің сол кезде еңбегі дұрыс еленбеді. Одақ бойынша «батыр» атағын беруде кемшіліктер орын алды. Көп адам тиісті наградаларға ұсынылмады.

Қабибек МҰХИТОВ, тарих ғылымдарының кандидаты:
   –Әрине, Қазақ елінің қалыптасу кезеңінде көптеген маңызды оқиғалар мен шайқастар болды. Жоңғарлармен соғысқан шақта да Қазақ хандығы «сақтала ма немесе жойыла ма» деген әңгімелер айтылды. Төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысының мәні мен мағынасы ешқайсынан кем емес.
Тәуелсіздік алып, етек-жеңімізді жиғаннан кейін бұрын жабық болған тақырыптардың барлығы ашыла бастады. Көптеген тарихшылар «Ұлы Отан соғысы» дегенді алып тастау керек деген пікірде. Рас, неміс фашистері қазаққа соғыс ашпады. Тіпті, жоспары да болмауы мүмкін. Біз де қан майданды көрмедік. Дегенмен, өзімнің ғылыми жұмысым отты жылдардағы шаруашылық пен экономикаға арналғаннан кейін зерттеу барысында біраз мәліметтерге қанықтым. Айталық, сол кезде бүкіл Қазақстанның, КСРО-ның экономикасы қан майданға жұмылдырылды. Жұмысшылар ала таңнан кеш батқанға дейін кірпік қақпай жұмыс істеді. Бас көтерген ер-азаматтар әскерге алынды. Енді бірі өнеркәсіпте еңбек етті. Өйткені, біздің тағдырымыз бір болды. Әсіресе, Ұлы Жеңіс мерекесі атап өтілген шақта майдан даласында қаза тапқан батырларымызды ұлықтауымыз парыз.
Немістер большевизмді құртуды мақсат тұтты. Кейбір «халық жауы» атанған жандар туралы мәліметтерді қайта қарау керек. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы жылдарында Атырауға жер аударылып келген ресейлік жұмысшылар туралы зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Себебі, сол жылдары мұнда келгенде оларға берілетін үй болмағандықтан, қазақ отбасыларын паналаған көрінеді. Атыраудың жеріне де немістер бірнеше қайта бомба тастады. Әсіресе, Пешнойға Құрманғазы ауданы аумақтарында фашистердің оғы нөсерше жауды. Соғыс ардагерлері туралы айтылғанда, осы тұсымыз әлі толық ашылмай келеді. Отты жылдарда Гурьев-Қандыағаш-Орск темір жолдары арқылы «қара алтын» тасымалданған. Қайткен күнде де, ерлік көрсеткен батырларымызды ұмытпауымыз тиіс.  

Жанар ӘМІРЖАНОВА, Радиоэлектроника және байланыс әскери институтының баспасөз қызметінің бастығы:
–Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 74 жыл толып отыр. 4   жылға  созылған майдан даласында  600 мыңнан  астам қазақстандық қаза тапты.  Соғыста қаза тапқандардың саны  күллі әлемді дүр сілкіндірді.  
Сол жылдардың салып кеткен ызғары әлі де болса айыға қойған жоқ, ұмытылған емес. Кескілескен қан майданда жауды қиратқан Кеңес әскерлерінің бірлігі еді. Кеңес Одағына кірген 15 мемлекеттің жұдырықтай жұмылып, жауға қарсы төтеп беруі жеңіс тұғырына көтерді. Қазақ даласынан ғана 1 млн 200 мыңға жуық адам майдан даласына аттандырылды, бұл дегеніміз әрбір төртінші адам әскери қатарына алынды. Қазақстан негізгі әскери-өнеркәсіптік орталыққа айналды. Өскемен қорғасын-мырыш комбинатымен, Қарағанды көмір шахталарымен соғысқа қажетті өнімдерді аттандырып отырған.
«Бiздiң үрейдi жеңетiн ең күштi қаруымыз бар, ол – Отанға деген сүйiспеншiлiк» деген екен қазақтың қайсар ұлы Бауыржан Момышұлы. Расында, сын сағатта нағыз батыл адам ғана ержүректілік пен төзімділікті көрсете алады. Күні кеше елі үшін, жері үшін «толарсақтан саз кешкен», халқының азаттығы үшін жанын қиған ер-азаматтардың ерлігі елдік пен ерліктің өшпес рухына айналып отыр.



Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи