Жаны жайсаң журналист - Жүніс Омар

Жаны жайсаң журналист - Жүніс Омар

Бірде редакциямызға аққұба өңді, қияқ мұртты ер адам келді. Кіре  сала бізбен жылышырай амандасты. Ең алғаш Жүніс Омар деген кісімен осылай жүздескен едік. Бұдан кейін де жолы түссе бізге келіп, болмаса, телефон арқылы хабарласып тұрды. Жайсаңдығы жүзінен білінетін сол кісіні іздеп, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетіне бардық.
Әдеттегідей, жылы жүзбен қарсы алған жігіт ағасы аға ә дегеннен-ақ шешіліп, әңгіменің тиегін ағытты.

Екпіндінің перзенті

Жүніс ағаның кіндік қаны тамған жері – Алматы облысына қарасты Андреев ауданындағы Екпінді ауылы. Алғаш мектеп табалдырығын аттаған ауылдың орны бөлек Жүніс ағаға. Кейіннен қоныс аударғанымен туған жерді перзент еш ұмытпады. Аудан мектебінде оқып жүріп-ақ,  ауыл намысын жібермеді. Мектепішілік іс-шараларға белсене араласты. Әсіресе, қабырға газеті, радио торабы жұмыстарына барын салды. Алғыр, зейінді, қабілетті, өнерлі оқушыны ұстаздары да жақсы көрді.

 

Қалам ұштады

 

Оқушы Жүніс қатарларының алды болды. Мектеп туралы қысқа хабарлар мен өлеңдері қабырға газетінен орын алып, оны ұстаздар да, ата-анасы да мақтан тұтты. Тіпті өлеңдері аудандық газетке де басылып, бәрінің мерейі үстем болғаны бар. Сәкен Иманасов, Қияс Абдуллин сияқты ағаларды арда тұтты. Тілші өміріне кәдімгідей қызықты. Тек қызығып қоймай, қалам тербеді. Осылайша, қаламы ұштала түсті.

 

Жазуды серік етті

 

Жүніс аға Ресейдің Мурманск облысында азаматтық борышын өтеген кезде  қаламын қару етті. Кеңес әскерінің «Красная знамя» газетіне әскери бөлімі жайында жазып, мақалалар жіберетін еді. Онысы көптің көңілінен шығып, кейін тіпті штаб бастығының жоғары оқу орынға жолдама беруіне сеп болғаны бар. Сол жолдама оны Қазақ мемлекеттік университетінің студенті атандырды.

Жалынды студент шақта қаламынан өрілген өлеңдер мен мақалалары республикалық «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Спорт» газеттерінде, сондай-ақ «Мәдениет және тұрмыс», «Білім және еңбек» журналдарында жарық көрді. Жауынгерлік және студенттік шақтарда қаламын серік етіп, осылай шыңдалды.

 

«Жас алашта»  танылды

 

 «Жетісу» (1985 жылы), «Алматы ақшамы»  (1990 жылы),  «Өркен-Горизонт» газеттерінен журналистік тәжірибе жинақтаған оған «Жас алаш» газетінің редакциясына жол ашылды.

Ол 1993 жылы еді. Ел әскері енді құрылып жатқан уақыт. Оның үстіне ол салада мәселе де жоқ емес-тін. Әскери тақырыпқа қалам сілтеп жүрген Жүніске осы кез «құланның қасынуына, мылтықтың басылуындай» дөп келеді. Әскери бөлімдерге, далалық жаттығуларға барып, көзбен көргенін, көңілге түйгенін қағазға түсіреді. Көбінесе қаламының қарымына әскердегі тәртіпсіздік ілігеді. Сөйтіп «Жас алаштағы» Жүніс әскери ортаға осылай танылды.

 

Әскери саламен біте қайнасты

 

«Жас алаштағы» Жүніс Омардың кейін әскери өмірмен біте қайнасып кетемін-ау деген ойы үш ұйықтаса түсіне кірмеген болар. Араға бес жыл сала ол әскери басылым редакциясына табан тіреді.

Ол кезде Алматыдағы «Қазақстан сарбазы» газеті үлкен ғимаратта орналасқан-ды. Онда редакция ғана емес, оның телестудиясы мен баспаханасы болатын. Бас редактор Сапарғали Жағыпаров пен оның орынбасары полковник Марат Нұрсейітов бастаған ұжым Жүніс Омарды (шені – капитан) құшақ жая қарсы алды.

Бастапқыда ұйымдастырушы тілші, кейін жауапты хатшы болған Жүніс аға ортада сый-құрметке бөленді. Әріптестері Сәндібай Күмісбеков, Әубәкір Смайылов, Құдайберген Медиманов тәрізді әскер тынысы мен жауынгерлік дайындығы барысына, жалпы Қорғаныс саласының тыныс-тіршілігіне қалам сілтеді. Қарулы Күштерінде келеңсіздіктер аз болмаған тұста әскери комиссариатпен бірлесе жұмыс жасап, материалдар әзірлеп, әскер туралы көзқарасты оң қалыптастыруға күш-жігерін салды.

Осы бір кезде еске ала Жүніс аға былай дейді: «Дайындалған газет түнімен баспаханада қорғасынмен (офсеттік басылым) басылатын. Басылымды ұжымдағы баспасөзді тарату бөліміндегілер (азаматтықтағы 5-6 әйел) жан-жаққа бөліп таратушы еді. Редакцияның қызметтік «Уазик» көлігімен теміржол, аэропортқа тасылып, пойызға, ұшаққа салып жіберілетін».

Газет ісінің қиындығы бір бұл емес еді. Ақмола Астана атауын иеленген кезде Алматыдағы редакция ұжымы солтүстікке қоныс аудару қажет болды. Сол тұста ең алғаш қоныс аударған бес офицердің бірі – осы Жүніс аға болатын. Ол жайында:  «2003 жыл. Күздің қыркүйек айы. Түн ішінде Алматыдан бес әскери журналист пойызбен жеттік. Олар: подполковник Серік Қанапиянов, капитан Мұхарбек Махамбет, майор Сәндібай Күмісбеков, капитан Құдайберген Медиманов және мен едім,  өзгесі Алматыда қалғанды жөн санады» дейді кейіпкеріміз.

Қысында арқаның сарышұнақ аязы мен жазында ызыңдаған масасына көндігіп, тұрмыс-тіршіліктегі қиындықтарды жеңіп, елордада едеуір еңбек етті.

Құрылымдық өзгерістерге байланысты редакциядан қол үзсе де, қызметі әскери салада жалғаса берді. Әуелі, әскери ғылым және білім департаментінде қызмет етті, 2009 жылы Шучьедегі әскери академияда үш айлық курсты оқып, білімін жетілдіріп алып, кейіннен Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінде еңбек сіңірді. Қай жерде, қай салада қызмет атқарса да алдына қойған мақсатына жетті. Қай ортада болса да адамдық қасиеттен айныған жоқ. Жүніс аға құрметті демалысқа шыққанға дейін әскери ортадан ұзап кетпеді.

P.S. Бүгінде Жүніс аға Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде еңбек етіп жүр.  «Еуразия-ақпарат» оқу-тәрбие орталығында студенттерге журналистиканың қыр-сырын меңгертіп жатқан жайы бар.

 

Мерей ЕЛДОСҚЫЗЫ


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Инфографика: как в казахстанской армии работают над профилактикой правонарушений

Инфографика: как в казахстанской армии работают над профилактикой правонарушений