ҚР Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Бауыржан Момышұлының әскери-стратегиялық қағидасы

Бауыржан Момышұлының әскери-стратегиялық қағидасы

Елім деп еңіреген есіл ерлер ешқашан ел есінен ұмытылмайды. Олар таудай тұғырлы тұлғасымен қазақ руханиятының гүлденуіне өлшеусіз үлес қосып, ұлттық идеяларды дамытып, асыл Отаны үшін жанын пида етеді. Ұлттық мүдде, ұлттық рух  мәселесі олар үшін өмірдегі ең маңызды, ең қымбат қазыналы құндылықтың қайнары болды.

Қазақтың батырлық байрағын желбіретіп, ерліктің өнегесін көрсеткен нар тұлғалы, найзағай намысты, жасын жігерлі, алып ойлы ардақты  азаматтары аз болған жоқ. Қаһармандық танытқан ер азаматтарымыздың ішінен ел тарихында ерекше орын алатын, дархан болмысты, толағай тұлғалы Бауыржан Момышұлы үлкен құрметке лайықты. Оның қан майдандағы, ұрыс үстіндегі ерен ерлігі мен командирлік басшылық істері күллі қазақ жұртын сүйсіндіріп, ұлт батырына деген құрмет пен қадірді еселей түсті.

Б.Момышұлы  – адамзат тарихынан өзіндік орын алған, заманымыздың заңғар тұлғасы. «Халқымның қарапайым бір ұлымын, жанымды арым үшін құрбан еткен», - деген жолдар арқылы өзінің Отанға деген адалдығын айшықтап, халқының қарапайым ұлы болуды басты мақсат етеді. Екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыстың әрбір сәтінде өзiнiң ұлтқа тән адалдығымен, қайсар ерлiгiмен, қайратты мiнезiмен жауынгерлерге жiгер берген рухты тұлға.  «Отан үшiн отқа түс, күймейсiң» деп ұран тастаған батыр атамыз, келер ұрпақтың болашағы үшiн өз басын өлiмге байлап, ажалмен алысып, жеңiс туын тiктi. Б.Момышұлы естелiгiнде: «Мен – өзге ұлттарды құрметтеушi, өз ұлтын сүюшi адаммын»,- дейдi. Батырдың әр қазақтың жүрегiнің төрінде орын алып, қазынадай сақталуының себебi де, ұлтын сүйіп, ардақтағандығын деп білеміз.

Б.Момышұлы соғыс жылдарында адуынды да қатал әскери басшы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар қарамағындағы жауынгерлер мен офицерлердің ақылгөй жетекшісі, зерделі де білгір, байыпты да мейірман тәрбиешісі де бола білді. Б.Момышұлының қатардағы жауынгерлер жайлы айтқан нақылға бергісіз сөздері халқымыздың есінде. Даңқты қолбасшы солдаттың мінез-құлқын, парасатын, елі үшін шыбын жанын қиятын ерлігін ерекше бағалай білген. Соның арқасында оларды ерлік жеңістерге бастап, жігерлендіріп отырған.

Б.Момышұлы – әскери педагогика мен әскери психологияны терең меңгеріп, артына баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Оның атақ, даңқы, батырлығы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» атты еңбегінде суреттелді. Аталмыш еңбек неміс, чех, еврей, ағылшын, француз, т.б. шет ел тілдеріне аударылды. Бауыржан Момышұлының тұлғасы  қазақ халқы үшін қашанда биік болып қала бермек.

Әскери әдебиетте Б.Момышұлының өткен заман мен біздің заманымызда болып өткен әлем халықтарын қамтыған соғыстардың қайталанбас үш түрлі ерекшелігі болғанын атап өтумен бірге, өз танымын жіктей отырып көрсететіні бар. 1969 жылы 2 қарашада Қазақ Кеңес энциклопедиясының бас редакторы, профессор М.Қаратаевқа жазған хатында: «Әскери ғылым адам­зат тарихында үш дәуірге бөлінеді: а) Мануфактурный период веде­ния войны; б) Машинный период ведения войны; в) Термоядерный период войны», - дейді.

Б.Момышұлы  – халқымыздың аты аңызға айналған ардақты батыр ұлы, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, ұлт қаһарманы, қазақтың шебер тілді, терең ойлы, көрнекті жазушысы. Бауыржан Момышұлы: «Ұрыс-соғыста адамға тән барлық: жоғарғы және төменгі қасиеттер барынша ашылып көрінеді. Жоғарғы сезімдер: парыз, адамгершілік, ерлік, батырлық, қаһармандық, адалдық, т.б. Ал төменгі сезімдер: опасыздық, ұждансыздық, үрей, қорқыныш, шошу, т.б.» дейді. Бүгінгі тәуелсіздік дәуірінде әрбір жеке тұлғаның бойына ұлттық рух пен отансүйгіштіктің алауын маздату үшін халқымыздың Бауыржандай перзентінің мірдің оғындай қанатты сөздері ауадай қажет. Ол, әсіресе, ұлттық тәрбиеге, ұлт болуға ерекше көңіл бөлген. «Өзінің ұлтын сыйламаған – ұлтын мақтаныш тұта да алмайды, ол – сөз жоқ, арамза, тексіз әрі қаңғыбас» деуі жайдан-жай емес. Оның адами қасиеттер қатарына жатқызатын – ақыл, ар, ерік-жігер, намыс, сезім, парыз, ұлттық рух, ұлттық мінез-құлық, ұлттық патриотизм, ұлттық мақтаныш т.б. құндылықтар. Батыр бойындағы намыс пен өр мінез оның қайталанбас ерлігінен ғана емес, шығармаларынан көрініс табады. Осы орайда «Қазақты тану үшін, алдымен, Абай мен Бауыржан ілімдерінен сусындау керек...», - деген ғалым Мекемтас Мырзахметұлының сөзін еске түсіру өте орынды деп білеміз.

Б.Момышұлы қатысып, қолбасшылық еткен майдан алаңы соғыс жүргізудің маши­налық дәуірі еді. Мұндай тарихи тағдыр шешілетін соғыс жүргізудің бұрын-соңды болмаған жаңа техни­калық құралдарды пайдалану, оны жете меңгеру, майданда шеберлікпен қолдану үшін қолбасшы әскери ғылым салаларын жетік білу шарты алға қойылды. Ал, ширек ғасыр өмірін кеңестік тұрақты армия қатарында қызмет атқарып, соғыс кезінде аға лейтенант шенінен, батальон, полк, одан полковник болып, дивизия командиріне дейін өсу жолында Б.Момышұлы армия уставына өзгеріс ен­діріп, стратегия мен тактика саласында жаңалық әкелген, әскери ғылым саласында мейлінше жетіліп, теңдессіз ерліктер жасап, атағы әлемге танылып, халық мойындаған дарынды тұлғаға айналды. Жеңістен соң Ұлы Отан соғы­сының ең озық әскери қолбасшыларынан іріктеп таңдап алынған 250 коман­дирден жасақталған бір мезгілдік әскери академияға оқуға алынған жалғыз Азия халқының өкілі еді. Әскери академияны бітіріп, әскери академияға стратегия мен тактика саласы бойынша дәріс беретін профессор қыз­метін атқарған әскери сала­дағы тұңғыш қазақ болумен де ерекшеленетін.

«...Ұлы Отан соғысындағы қазақ халқының ұстанымын, орнын көрсететін батырлар көп болды, дегенмен оны Б.Момышұлынсыз елестету мүмкін емес. Соғыстан кейін де Б.Момышұлы өзінің азаматтық ұстанымы, жазушылық қасиетімен жоғары дәрежеде қалды»,- дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Б.Момышұлы Мәскеу түбінің қалың қарына малтыға жүріп, бес рет қоршауды бұзып, жалпы саны 207 рет қол бастап, ұрысқа кіріп, 27 рет әскери ғалымдардың айтуынша, соғыс тарихында болмаған тактикалық жаңалық жасады. Командир Б.Момышұлы жетік стратег, асқан тактик болумен қоса, сұңғыла психолог та еді. Кеңес әскерлерінің 1942 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы ұрыстарында 8-гвардиялық дивизияның Бауыржан Момышұлы басқарған полк жауынгерлері ерекше көзге түсті. Дивизия екі ай ішінде батысқа қарай 500-600 шақырым алға басып, фашистердің мыңдаған солдаты мен офицерінің және көптеген техникасын жойып жіберді.

Б.Момышұлының әскери ғылымды терең меңгеріп, полковник атағымен-ақ дивизия командиріне кө­терілуі, әскери академияда профессор атағымен дәріс беруі және осы әскери саладағы ой-танымын, майдан шындығын көркем шығарма­лары арқылы әскери әдебиеттің шыңына көтеруі жолдары оның бірден бір түркі халық­тары әскери әдебиетінің негізін салуына алып келді», - дейді зерделі ғалым, бауыржантанудың білгірі М.Мырзахметұлы.  

Отан соғысының атағы жер жарған қаһарманы Б.Момышұлынан қалған өсиетнамада ұлттық рух туралы: « Ұлттық рух пен ұлттық патриотизм-бұл ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті. Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындық. Ұлттық рух – ұлы адамның және тұтастай алғанда ұлттың асыл қасиеті» т.б сөздерінің мәні зор. Ал ерлік, темірдей әскери тәртіп жайындағы ғибратты сөздері бүгінгі заман ұрпағын тәрбиелеудің тағылымды құралы деп зерделейміз. «Ерлік – тәрбие жемісі. Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр. Тәрбиелі – тәртіптің құлы. Тәртіпті – елдің ұлы. Тәртіпке бас иген құл болмайды, Тәртіпсіз ер болмайды. Өжеттіліктен не пайда, ерлігі мен ақылы, көпті батыр етпесе. Жігіт болсаң, жігеріңді жасытпа, қайратыңа қайта мін. Ұрыста тәуекел ету де – ерлік. Әрқашан әскери ар-намысыңды сақта,солдаттық борышыңа адал бол. Әскерсіз – қолбасшы қауқарсыз, басшысыз – әскер әлсіз. Тәртіп – жауынгердің бірінші қаруы. Ананың әлдиін білмеген – ұл болмайды, Уставты білмеген – солдат болмайды! Солдаттың алғашқы ерлігі – бұл офицердің еркіне мойын ұсыну, бағыну. Офицердің алғашқы ерлігі – халықтың атынан, мемлекеттің атынан әмір ете білу. Жауынгерлік достықтағы басты нәрсе – өзара түсіністік, адамның адамгершілігін құрметтеп сыйлай білушілік» деген өмір тәжірибесінен туындаған Б.Момышұлының қанатты сөздері бүгінгі таңда да өз мәнін жоймайтын құндылықтар деп білеміз. 

Ол ел-жұртын басқалардан артықша жан-тәнімен сүйетін, нағыз халқының отансүйгіш азаматы болды. Адамзат бақыты, туған елі үшін ата жаумен жан аямай арпалысқан қаһарман перзенттерін халық шексіз сүйіп, құрмет тұтады, мәңгілік елдің аясында әрбір ұлт ұрпағы жадында мәңгі  сақтайды.       Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ұлы Жеңіс – Қазақстан тарихының жарқын беттерінің бірі. Бұл – қан майданда от кешкен соғыс ардагерлері мен сол жылдарда «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деп, құлақтары жастыққа тимеген тыл ардагерлерінің мейрамы» деп атап өткен болатын. Өрлік пен ерліктің ерен үлгісі болып, жауынгерлік жігердің жасыны болған Бауыржан Момышұлы дәл сондай қараңғы түнде жарығын шашқан шуақты  тұлға еді. 

Осы жарқын жеңіске қару қуаты мен де, қалам қуаты мен де үлес қосқан, аты аңызға айналған қаһарман қаламгерлердің бірі – Бауыржан Момышұлының қаһармандық рухы қазіргі мәңгілік елдің жас ұрпағына өшпес өнеге болады деп санаймын. Мәңгілік  даңқ тұғырына қондырылған Алаш елінің біртуар батыры, ерліктің алып бәйтерегі Б.Момышұлының әскери-стратегиялық қағидасы бүгінгі тәуелсіздік дәуірдегі тағылымы ерекше.  «Тәрбие адам бойында жақсы мінез-құлық қалыптастырады», - деген Б.Момышұлы ұлттық, әскери тәрбиенің бесігінде тербелген ұрпақтың ізгі мінез-құлықты қалыптастырып, ұлтқа жанашыр, қоғамға пайдасы тиетін тұлға болып қалыптасатындығын баян еткен. Қорыта айтқанда, қазақ даласында өзінің қаһармандық болмысымен, даналық ойларымен заңғар таудай оқшауланып, аты алты Алашқа аңыз болған қаһарман Б.Момышұлының әскери-стратегиялық қағидалары мен қанатты сөздері әрбір отансүйгіш жүрекке жетіп, үздік үлгісін қалдырды. Бүгінгі мәңгілік елдің ұрпағы Бауыржандай қайсар рухты батырымен, асқаралы ойдың алтын қазығымен мақтана алады.

А. Конуров

Радиоэлектроника және байланыс

әскери-инженерлік институты

ЖӘП кафедрасының аға оқытушысы,

подполковник

Д.Мұхамадиев

Радиоэлектроника және байланыс

әскери-инженерлік институты

Мемлекеттік тіл кафедрасының доценті,

филология ғылымдарының кандидаты


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Инфографика: полная картина военного парада 2017 в Астане

Инфографика: полная картина военного парада 2017 в Астане