Ағайынды Ақкузиновтардың жеңіске қосқан үлесі

Ұлы Жеңіс күні – біз үшін тағылымы мол тарихымыздың жарқын бейнесі. Жеңіс жолында Отан үшін от кешіп миллиондаған қазақ жігіттері мерт болды. Өскелең ұрпақ олардың бірін білсе, ал енді бірінің жасаған ерлігі түгілі есімін де білмейді. Халық Жеңісті сыйлаған аталарымыз бен батыр ұлдарын тануы керек, айтуы керек. Мұндай жауынгерлер ерлігі мен батырлығы туралы том-том кітаптар жазса да көп емес. Отан үшін соғыс өртінде ажал құшқан бабаларымызды тек 9 мамыр күні қарсаңында еске алу – біздер үшін сын. Қан майданда қайтпас ерлік көрсетіп қаза болған әрбір қазақ жауынгерлері ұмытылмауы керек. Олардың ерлігі – мәңгілік!

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери парадта: «Біздің халқымыз адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстағы Ұлы Жеңіске өшпес үлес қосты. Соғысқа аттанған 1 миллион 200 мың жерлесіміздің жартысы шайқас алаңында қаза тапты. 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Соғыс жылдары бүкіл халқымыз тылдағы еңбекке жұмылды. Жауға атылған 10 оқтың тоғызы біздің елімізде жасалды. Әкелеріміздің ерлігі мен аналарымыздың еңбегі халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Біздің жеңістеріміздің тарихы – патриотизм мен ел бірлігінің нағыз үлгісі», – деген болатын. Сол зұлмат соғыс жылдарында Отаны үшін от кешкен ардагерлерімізді ардақтау – өскелең ұрпақтың ата-баба алдындағы бұлжымас орындауға тиіс борышы деп білеміз.

Біз бүгін Ұлы Жеңіске өз үлесін қосып, бірақ өзі дәл сол бейбіт күндерді көре алмай кеткен ағайынды қазақ жігіттерінің ерлігін тілге тиек етпекпіз. Сұрапыл соғыстың қазақ даласындағы әрбір шаңыраққа қайғылы хабар алып келгені белгілі. Ақкузиновтер отбасынан екі бірдей ұлы майданға аттанады. Олар – ағайынды Салқымбай және Жиенбай Ақкузиновтер еді. Алайда, қан майданнан қос ұлы да қайтып оралмайды. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, бір отбасының тірегі саналған Салқымбай мен Жиенбайдың соңынынан ұрпақ қалмайды. Тек ағайынды Ақкузиновтердің туған інісі Қышабай ғана анасының жалғыз жұбанышына айналады.

Қос қазақстандық жайында осы күнге дейін еш ақпарат болмаған. Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза болды деген ғана хабар келген. Алайда, Кеңес Одағының батырларына арналған ресейлік «Память» сайтының тыңғылықты жұмысының арқасында, жауынгер Ақкузиновтер туралы толыққанды ақпаратқа қол жеткіздік.

Ақкузинов Салқымбай 1920 жылы дүниеге келген. 1942 жылы Шығыс Қазақстан облысы Самарск қазіргі Көкпекті ауылындағы әскери комиссариаттан шақырту алып, соғысқа аттанады. Ақкузинов Салқымбай 43А 759А дербес жойғыш танкіге қарсы артиллерия полкінің құрамында сан мәрте Қызыл Армияның ірі операцияларына қатысқан. Атап айтсақ:

 

Ржевск-Вяземск шабуылына 02.03.1941 ж – 01.04.1943 ж.

Духовщинск шабуыл операциясы. 13.08-19.09.1943 жылы.

Смоленск шабуыл  операциясы15.09-02.10.1943 ж. •      

Полоцк-Витебск, Городокск, Минск шабуыл операциясына (5-ші соққы операциясы) шабуылы 29.06-04.07.1944 ж.

Полоцк шабуылы. 29.06-16.07.1944 ж.

Шауляй қаласының батыс және солтүстікбатыс аудандарында жауға қарсы операцияларға қатысқан. 17.07-01.08.1944ж.

Жауынгер сержант Ақкузинов Салқымбай 1944 жылы 18 шілдеде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы атынан 43А 759А дербес жойғыш танкіге қарсы артиллерия полкі командирінің  № 082 бұйрығымен «ЕРЛІГІ ҮШІН» медальімен марапатталады.

1944 жылы 1 тамыз күні Литва Кеңестік Социалистік Республикасының Биржай қаласының солтүстігінде шайқаста ЕРЛІКПЕН ҚАЗА ТАБАДЫ.

Салқымбайдың туған бауыры Ақкузинов Жиенбайға тоқталсақ. Жиенбай 1923 жылы дүние есігін ашқан. 1942-нің жазында Шығыс Қазақстан облысы Самарск ауылынан соғысқа аттанады. Небәрі 19 жасында шарпыған оттың ортасына тап болып, дәл 1942 жылы жас жігіттің өмірі қыршыннан қиылады. Жиенбай Ақкузинов 26-ші дербес Курск атқыштар бригадасында соғысқан. Алайда, сол жылдың 5 желтоқсанында шайқаста көз жұмады. Ресейлік «Память» сайтының 2016 жылғы дерегі бойынша Калининск облысы, Великолукск ауданы, Бабкино кентіне жерленген.

Бүгінде ағайынды қос батырдың немересі яғни олардың жалғыз інісі Қышабайдан туған Қайролданың ұлы полковник Ақкузинов Әсет Қайролдаұлы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің аға офицері. Ата жолын қуып шебі бүтін еліміздің қауіпсіздігі жолында Отанға адал қызмет етуде. Полковник өзінің ержүрек аталарына дән риза.

«Аталарым Салқымбай және Жиенбай Ақкузиновтердің ерлігін мақтанышпен айтамын. Олар тек менің ғана емес, барша қазақстандықтардың шексіз алғысына лайық Жеңісті сыйлаған қайсар жандар. Мен Қазақстан Қарулы Күштерінде қызмет етіп, әке жолымен маған бұйырған аманатты ақтаймын деген үміттемін. Бұл – менің тікелей борышым.» - дейді отбасындағы әскери атанған жалғыз немересі Әсет Ақкузинов.

Ұлы Жеңіс  – кейінгі ұрпақ үшін ұлы өсиет. Біз Әлия мен Мәншүк, Бауыржан Момышұлы мен Қасым Қайсенов, Талғат Бигельдинов сынды азаматтардың көзсіз батырлығын жақсы білеміз. Олардың ұлы істері әлдеқашан Жас ұрпақтың санасында сақталып, тарих беттерінде қатталып қалған. Дәл осы қаһарман батырлардай біз білмейтін сан мыңдаған қазақ жігіттері қан майданда ажал құшты. Көпшілігінің аты аталмай, назардан тыс қалып жатады. Мұндайға жол бермеу керек. Ұлы Отан соғысына қатысқан  әрбір жауынгерлер жайлы толассыз ақпараттар беріліп, жазылып, айтылып жатса  нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, бұл – ҰРПАҚТАР АЛҒЫСЫ!

 

 

Роза ЫСҚАҚ


Көшірмеге қайта келу
Тақырып бойынша материалдар:

8 Марта

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"