«Әдемі шаһарым түгелдей қара-сұр түске айналды»

 «Әдемі шаһарым түгелдей қара-сұр түске айналды»

Людмила Славова(Соғыс басталғанда тоғыз жасар бүлдіршін, Сталинград шайқасының куәгері, Қазақстанға қызмет ауыстырған майдангердің қызы):

–Бұл дауыс менің құлағыма күні кешегідей әлі де анық естіліп тұрады. Шынымды айтсам, ашық, суық дыбыстан тұла-бойым тітіркеніп, естен танып қалатын күйге дейін жеттім. Халық әбігерге түсіп, қаша жөнеліп, бомба жарылысынан тереңдікте қазылған паналау орындарына жүгіретін. 1942 жыл. Ең алғашқы жарылыс қаланың орталығында орналасқан биік нүкте – Мамаев қорғанында болды. Біздің үйіміз сол жерде еді. Жарылыс бәсеңдеген тұста қолыма бес литрлік шелегімді алып, жақын маңда ағып жатқан бұлаққа барып су әкелемін. Сол жерде тұтқынға түскен Кеңес әскерлерін немістер су жинайтын құдық қаздыруға мәжбүрлейтін. Әкем қалада өрт сөндіру операцияларында, оны айлар бойы көрмейтінбіз. Бір күні паналайтын орнымызға неміс кіріп келді. Анам шырылдап жүгіріп тыста жүрген адамдарды шақырып, бізді қорғаштап қалды. Жауды алғаш рет көруім осы болатын...

Бірде немістер бізді ірі көліктерге тиеп, Сталинградтан алып кетті. Жолда өзеннің бойында тұтқынға түскен кеңес әскерлерін көрдік. Аштықтан, суықтан хал-күйлері әбден кеткен. Көздері жәутеңдеп, бізге қол жайып қарап тұр. Ал, біздің қолымызда да ештеңе жоқ. Мен көлікте жатқан бір асқабақты лақтырғанда, аш жауынгерлердің  бәрі бас салып, таласып жеп жатты. Бұл көріністі көргенде жүрегім езіліп қоя берді. Анам да ашығып, ісініп кеткен соң, ауылды аралап, нан сұрап жүрдім. Бәрі күні кеше болған сияқты. Бұл күндер санадан өшпейді...

Бұдан кейін де бомбалар жиі жарылды. Сондай жарылыстың бірінде топырақ астында көміліп қалған мені  бірнеше метр тереңдіктен қазып алып, аман алып қалды.

Кейін Қызыл әскер жауланған аудандарды азат еткенде туған жерім – Сталинградқа бардым. Әдемі шаһарым түгелдей қара-сұр түске айналған. Талдар күйіп, қурап біткен. Ғимараттар қара күйге айналып, қирап, сынған. Жер ойпаң-ойпаң. Көшеде өлі адамдар денесінен аяқ басар жер болмады. Өте ауыр көрініс... Сондықтан, мен үшін бұл үлкен соққы болды.  Соғыс аяқталғаннан кейін де күні кешегі уақытқа дейін балалар далада оқтарды теріп ойнап жүрді.

Сталинградта қалған әкем Гурьев қаласына жұмыс ауыстырылды деген хабарды естіп, Қазақстанға келдім. Жеңіс туының желбірегенін Балықшы поселкесіндегі Сталин атындағы орта мектепте оқып жүргенімде естідім. Қуаныш сезімі бала кеудемізді кернеп, ән айтып, би биледік. Әйтеуір, соғыстың ауыр күндері артта қалды.


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи