Он екі елдің жауынгерлері "Отар" полигонында сайысқа түсуде

Он екі елдің жауынгерлері "Отар" полигонында сайысқа түсуде


Еліміздің Қорғаныс министрі, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов Ресейдегі «Алабино» полигонында өткен IV халықаралық Армия ойындарының ашылу салтанатына қатысса, ал 1 тамыз күні аталмыш халықаралық ойындардың бір бөлігі өтетін біздегі 40-әскери база құрамындағы «Отар» полигонындағы ресми ашылу салтанатына қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатына сондай-ақ Қырғызстанның Қарулы Күштері бас штабының бастығы генерал-майор Райымберді Дүйшенбиев, ҚР Бас әскери прокуроры Дастан Сартаев, Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагерлері де қатысты. Жарыстың алғашқы күнінде артиллериялық күштер қабілетін көрсетті. Танк командалары кедергілерді бағындырып, нысананы көздеп атудан үздікті анықтады.

Жарысқа қатысушылардың саны артып келеді

Армия ойындары – халықаралық ауқымдағы іс-шара. Биыл төртінші рет өткізіліп отыр. Жыл сайын оның маңыздылығы артып, көптеген елдер тарапынан қатты қызығушылық туғызды. Сондықтан оған қатысатын елдердің саны да артып келеді. Армия ойындарының бағдарламасына байқаулардың жаңа түрлері енгізіліп, жыл өткен сайын сайысқа түсу процесі жетілдіріле түсуде. Армия ойындары халықаралық әскери ынтымақтастықтың, тәжірибе алмасудың жаңа нышанына, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың кейпіне айналды. Биылғы әскери сайыстар Әзербайжан, Армения, Беларусь, Иран, Қазақстан, Қытай және Ресей полигондарында өткізіледі. Армия ойындарына қатысуға биыл 33 мемлекет өтініш түсірді, олар 28 әскери-спорттық байқаулар бойынша жарысқа түсуде. Біздің әскерилер Халықаралық жарыстардың 14 түріне қатысады, олардың үшеуі Қазақстан жерінде өтуде.

Қазақстандағы ойындардың салтанатты ашылу рәсімі 1 тамыз күні басталып, 9 тамызда аяқталады. Қазақстан аумағында «АрХО – 2018» шеңберінде зеңбірекшілердің «Артиллериялық оқ ату шеберлері», әскери байланысшылардың «Сенімді айла-тәсіл» байқауы және ұшқышсыз ұшу аппараттарының «Сұңқардың аңшылығы» атты әскери сайыстар өтуде. Минометшілер есептоптарының арасындағы «Артиллериялық оқ ату шеберлері» сайыстары Жамбыл облысындағы «Гвардейский» полигонында басталды.

 

Даярлық барысы жан-жақты тексерілген

Өткен аптада Қорғаныс министрлігінің комиссиясы Армия ойындары өтетін 40-әскери база құрамындағы «Отар» полигонының дайындығын тексерген болатын. Байқаулар өтетін жерлерді, маршруттарды, жарысқа қатысушылар орналасатын жерлер мен оларды тамақтандыру жайларын министр өзі барып бақылады. Қазақстан аумағында өтетін Армия ойындарын сапалы ұйымдастыру және өткізу бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Қазіргі таңда «Отар» 40-шы әскери базасының мәдени-тынығу орталығына келген әскери қызметшілер үшін таныстыру брифингтері өткізіліп, байқаулардың негізгі ережелері, жаттығулардың кестесі және қауіпсіздік техникасының негізгі талаптары жеткізілді.

Қазақстандық тарап сайыс қатысушыларының жайлы тұрулары үшін барлық жағдай жасады. Тамақтану рационы қатысушылардың ас үйіне барынша бейімделген. Күн сайын мәдени-тынығу және спорттық іс-шаралар өткізілуде. «Қазақстан өте қонақжай ел, былтырғыдай бізді құшақ жая қарсы алды. Тамақтары дәмді, жатақханада тұру үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Біз дән ризамыз және «Артиллериялық оқ ату шеберлері» байқауында жеңіске жеткіміз келеді», - дейді венесуэлалық команданың қатысушысы Н. Рамирез.

 

Министр ымырасыз күрес тіледі

1 тамыз күні «Отар» әскери полигонында дәстүрге айналған «АрМИ-2018» халықаралық әскери ойындары басталды. Биылғы жарысқа 12 мемлекеттен 18 команда қатысып жатыр. Олар Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Тәжікстан, Сирия, Әзербайжан, Беларусь, Венесуэла, Зимбабве, Иран және еліміздің Қарулы Күштері. Сарбаздар үш түрлі сайыс бойынша бақ сынауда. Бұлар артиллерия, сұңқар салу және сенімді қабылдау. Айта кетейік, биыл алғаш рет байланыс қызметкерлері арасында «Сенімді қабылдау» байқауы өткізіліп отыр.

Жарыстың ашылу салтанатына еліміздің Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов, Қырғызстанның Қарулы Күштері бас штабының бастығы генерал-майор Райымберді Дүйшенбиев, ҚР Бас әскери прокуроры Дастан Сартаев, Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагерлері қатысты. Жарыстың алғашқы күнінде артиллериялық күштер қабілетін көрсетті. Танк командалары кедергілерді бағындырып, нысананы көздеп атудан үздікті анықтады.

– Халықаралық әскери ойындар төртінші жыл дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отыр. Басты мақсат – елдер арасындағы әскери қарым-қатынасты арттыру және сарбаздардың шеберлігін шыңдау.

Армия ойындары барысында әлемнің түрлі елінен келген әскерилер оқу полигондарында өздерінің дайындықтарын көрсетеді. Армия халықаралық ойындары – бұл тек нысананы атудағы дәлділік, түрлі қаруды қолдану шеберлігі мен үлгілі спорттық дайындық және төзімділік қана емес, сонымен қатар тәжірибе алмасу, ынтымақтастықты нығайту, сенімді достықты қалыптастыру. Баршаңызға таза және ымырасыз күресті тілеймін, ал қазылар алқасы әділ бағасын берсін, - дейді Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов.

Зимбабве командасының өкілі Факт Машове биылғы сайысқа үлкен дайындықпен келгендерін айтады.

– Біз өткен жылғы әскери ойындарға қатысып, орын ала алмадық. Биыл барлық қателіктерімізді сабақтап келдік. Қателіктер көбінесе әскери ережелерге байланысты болды. Сонымен қатар біздің техникамызда да айырмашылық бар, - дейді ол.

«Отардағы» халықаралық жауынгерлер сайысы туралы келесі санымызда жариялайтын боламыз.

«Отар» 40-әскери база құрамындағы 

полигоннан арнайы «Сарбаз» газеті үшін 

Асхат РАЙҚҰЛ



Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

Броньды машиналар кәсіпорны

Броньды машиналар кәсіпорны

БКМ "Барыс 8х8"

БКМ "Барыс 8х8"