Полковник Марал КӘРІМОВ: 19132 әскери бөлімі соңғы үлгідегі әуе кемелерімен жабдықталған

Құрметті оқырман, газетіміздің репортаж арнаулы бетінің бүгінгі шығарылымында 19132 әскери бөлімінің командирі полковник Марал Кәрімовпен болған сұхбатты ұсынып отырмыз. Бұдан бөлек аталмыш әскери бөлімнің бір күндік өмірі мен ұшу жаттығулары жайында арнайы репортаж әзірлеген болатынбыз. Оны газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

- Марал Рысбайұлы, әңгімемізді 19132 әскери бөлімінің құрылу тарихынан бастасақ...
- 19132 әскери бөлімі жеке арнайы авиациялық жасақ ретінде 1998 жылдың 10 ақпанында құрылған. Бас қала Алатаудың етегінен арқаның төсіне көшірілген уақытта дәл осы нысанның іргетасын қалауға деген мұқтаждық айқын аңғарылған еді. Сол уақытта ҚР Қорғаныс министрлігінің дерективасы негізінде 19132 әскери бөлімінің іргесі қаланды. Негізі 1998 жылдың 10 ақпанында Астанаға алғашқы әскери тікұшақ келіп қонған болатын. Сол себепті осы күнді бөлімнің құрылған күні деп бекітілген.
¬- Бұл 19132 әскери бөлімінің негізгі міндеттеріне нелер жатады?
– 1998 жылдан бері әскери бөлімнің міндетіне арнайы әуе кемелерін алып жүру, Астанадағы аса маңызды нүктелерді күзету мен қорғау, ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамына қызмет көрсету жатады. Сондықтан ел тыныштығын қорғауда біздің әскери қызметшілерге жеделдік тән.
- Ұшқыш болу екінің бірінің қолынан келе беретін дүние емес. Осы жағынан алып қарағанда кадр мәселесі қалай шешіліп жатыр? Ұшқыш мамандар жеткілікті ме?
- Маман тапшылығы еліміз алғаш тәуелсіздік алған жылдары айқын сезілді. Мен осы салада еңбек жолымды бастағанда бұл мәселеде қиындықтар көп болды. Бірақ, алдыңғы буын ағалар «Бұл өтпелі кезең. Шыдаңдар. Сендер кетіп қалсаңдар отанымызды кім қорғайды?» деп намысымызды жанып отырды.
Ал, қазіргі уақытта Алматыда Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты және Ақтөбеде Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институты секілді ұшқыштарды даярлайтын арнайы оқу орындары бар. Ол жерде талабы бар жастарға ұшқыш болудың барлық қыр-сырын оқытады. Қанша мықты дегенмен ол – техника. Әуеде келе жатқанда бір бөлшегінен ақау шығуы мүмкін. Сондай жағдайда ұшқыштардың білімі де, психологиялық дайындығы да мықты болу керек.  Бүгінгі таңда аталған оқу орындарының түлектері біздің бөлімде келісімшарт бойынша қызмет жасауда. Барлығы да күнделікті дайындықтан өтіп, біліктіліктерін шыңдау үстінде.
- Өзіңіз тілге тиек еткен ұшқыштардың біліктілігін арттыру мақсатында қандай шаралар өткізіліп тұрады?
- Әскери-әуе күштерінің авиациялық базасында ҚР Қарулы Күштеріндегі озық әуе нысанашыларының курстық даярлығы өтіп тұрады.  Мұндай курстар жыл сайын авиациялық бөлімшелердің басшылығында тасымалданатын байланыс құралдарын пайдалана отырып, жұмыс картасымен координаттарды анықтау және жерлерді бағдарлау, сондай-ақ  әуе кемелерінде дұрыс сөйлеу мәнерін өңдеу  арқылы жұмыс сапасын арттыру үшін жыл сайын өткізіледі. Бұл әуеде және жерде операцияларды жүргізу кезінде интеграцияны жетілдіру үшін қажет.
Ал, курстық даярлықтың қорытындысы бойынша әскерилерге курсты толық бітіргені жөнінде куәліктер беріледі.
- Авиациялық техникамен жабдықталудың қазіргі жағдайы қалай? Дамыған елдердегі үздік ұшақтар мен тікұшақтарға біздің ұшқыштардың қолы жетті ме?
- Әуе қорғанысы күші, оның ішінде авиацияның күші жыл өткен сайын артып келеді. Алпауыт елдердің ұшқыштары тақымдаған соңғы үлгідегі озық техникаларға біздің ұшқыштардың да қолы жеткен. Олардың кәсіби біліктіліктерін арттыруға да барлық жағдай жасалған. Енді олардан талап етілетіні тынымсыз еңбек пен жатпай-тұрмай жаттығу ғана.
Бүгінгі таңда ұшқыштардың дайындығын шыңдау мақсатында ұшақпен, тікұшақпен оқу жаттығулар жоспарлы түрде өткізіліп тұрады. Жыл сайын жаңа үлгідегі әскери әуе кемелері алынып, оларды игеру деңгейі жетілдірілуде. Әр жыл сайынғы әскери парад барысында Астана авиабазасының жеке құрамы асқан шеберлік үлгісін танытып жүр. Жауынгерлік ұрыс ұшақтарымен тікұшақтар экипождары жұптық және топтық құрамда 200 метрден 500 метрге дейінгі биіктікте ұшу арқылы жоғарғы қолбасшылық тарапынан жоғары бағаға ие болған.  
Жалпы айтқанда, 19132 әскери бөлімінің жеке құрамы Қорғаныс министрлігінің басшылығы жүктеген міндетті абыроймен атқарып келеді.
- Дәл қазіргі уақытта қандай ұшақтармен немесе тікұшақтармен мақтана аламыз? Олардың әскери мүмкіндіктері қандай?
- Біздің 19132 әскери бөлімі соңғы үлгідегі ұшақтармен және тікұшақтармен мейлінше жабдықталған. Бірақ, олардың көбісін көпшілікке жария етіп көрсете беруге болмайды. Себебі, әскери құпия. Дегенмен, Ми-8, Ми-17, Ту-154 және тағы басқа әскери-көлік авиациясының тікұшақтары мен ұшақтары бар. Олардың мүмкіншіліктері өте жоғары. Ауа райының кез келген жағдайында, күндізгі және түнгі уақыттарда еркін ұшуға болады.
- «Еурокоптер» ЕС-145 тікұшақтарына тоқталсаңыз.  Отандық өнімнің ауадағы әрекетіне көңіл тола ма?
- Еуропалық стандарттарға сай құрастырылған отандық тікұшақтың артықшылығы көп деп айтуға болады. Өз санатының үздігі саналатын бұл тікұшақ толықтай автоматтандырылған. Яғни, көптеген жұмысты ұшу аппаратының өзі атқарады. Өте епті әрі өте жеңіл құрастырылған тікұшақ ауа райының қолайлы кезінде бес мың метр биіктікке дейін көтеріле алады. Және сағатына 280 км жылдамдықпен самғайды. Сондай-ақ, -50 мен +50 градус аралығындағы кез келген ауа райы кезінде еш ақаусыз ұша алады.  
- Сіздерде «Ашық есік күні» акциясы өткізіліп тұрады екен. Осы акция барысында келушілерді немен қызықтыра аласыздар?
- Меніңше ұшақтар мен тікұшақтар, оның ішінде әскери ұшақтар кез келген кісіні қызықтырады деп ойлаймын. Ал, «Ашық есік күні» акциясы әскери-патриоттық тәрбиені нығайту және әскери қызметтің беделін арттыру мақсатында өткізіліп тұрады. Өткен жылы Қазақстанның Әскери-әуе күштерінің қолбасшылығы мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар үшін «Ашық есік күні» акциясын өткізді.
«SOS» Астана балалар деревнясының» және Астана қаласының әкімдігі балалар үйінің тәрбиеленушілері біздің 19132 әскери бөліміне келді. Мұнда олар әскери парадқа қатысатын Қазақстанның Әскери-әуе күштерінің ең заманауи тікұшақтары мен әскери-көліктік ұшақтарын өз көздерімен көріп тамашалады. Бұған дейін балалар бұл ұшақтар мен тікұшақтарды тек аспанда ғана көрген болатын.  
Экскурсия уақытында әскери ұшқыштар ұшақтар мен тікұшақтардың тактикалық-техникалық сипаттамалары туралы айтты. Ми-171Ш көліктік-жауынгерлік тікұшағының, Ми-35 соққы беруші-жауынгерлік тікұшағының және С-295 әскери-көліктік ұшағының штурвалына отыруға мүмкіндік берілді.
Экскурсия барысында тәрбиеленушілер өз өмірлерін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарындағы әскери қызметпен байланыстыру туралы ойланып қалғандары шындық қой. Бір бала арманның оянғаны анық.
Егер балалардың біреуінің жанында келешекте тағдырын аспанмен байланыстру ұшқыны жанса, онда кездесу бекер өткен жоқ деп ойлаймын.  
– Сөз соңында өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Қандай жоғары оқу орнын бітірдіңіз? 19132 әскери бөлімінің конандирі болып қашан келдіңіз?
- 1988-1992 жылдар аралығында Саратов облысының Балашов қаласындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институтында білім алғанмын. Сол 1992 жылдан 2000 жылға дейін Алматы қаласындағы 53975 әскери бөлімінде қызмет еттім. Кейін білімімді тағы да толықтыру мақсатында Ресейге барып, Монинодағы (Мәскеу обл.) Ю.А. Гагарин атындағы Әскери-әуе академиясында оқып келдім. Келгеннен кейін Шымкент қаласындағы 55652 әскери бөлімде Штаб бастығы болып қызметімді жалғастырдым.  Тоқетерін айтқанда менің өмірім осы саламен тікелей байланысты. Ал, 2015 жылдың тамыз айында 19132 әскери бөлімінің командирі болып тағайындалдым.
- Уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Олжас СӘНДІБЕК

Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента