Подполковник Аман Тәжиев:Шекара қауіпсіздігін көздің қарашығындай сақтаймыз

Қазақ қорғанысының, әскерилерінің биылғы ұраны «Ұлы дала әскері – Мәңгілік ел тірегі» дедік. Осы атоймен бүгінге дейін сан түрлі шаралар ұйымдастырылып, іргелі істер қолға алынып үлгерді. Оңтүстік өңір де тиянақты, салмақты шаруалардың орындалуына мұрындық болуда. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының басқармасы штаб бастығының орынбасары, подполковник Аман Тәжиевпен тілдескеніміз де сондықтан.

– Аман Сағынтайұлы, сізді өткен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл толуымен құттықтаймыз. Осы ретте, әңгімемізді қазақ армиясының, өңірлік қолбасшылықтың өткені мен бүгіні жайында бастасақ.
– Рахмет. Әрине, тәуелсіз қазақ әскері құрылған алғашқы жылдар өте қиын кезеңдер еді. Қарулы Күштердің Бас қолбасшысы мен басшылық құрамның, генералдар мен офицерлердің тынымсыз еңбегінің арқасында әскеріміздің әлеуетін арттыруға бағытталған мақсатты шаралар жолға қойылды. Күні кеше Кеңес одағына бағынып келген әскери құрылымдар қайта жасақталып, өңірлерде әскери округтер ашыла бастады. Сол секілді, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тарихы да оңтүстік әскери округінің пайда болуынан басталды. Бұл әскери бөлініс қазақ әскерінің тарихындағы тұңғыш әскери округ еді.
Округ құрылған аз ғана уақыттың ішінде Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында болған әскери құрылымдардың арқасында республиканың оңтүстік-шығыс бөлігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие әскери бөлініске айналып шыға келді. Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының «Қарулы Күштердің қалыптасуы Оңтүстік әскери округінен басталады» деген сөзінің өзі көп нәрсені аңғартады.  
Оңтүстік әскери округі Мемлекет басшысының 2000 жылдың 6 шілдесіндегі «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылымы туралы» Жарлығымен құрылды. Алғашқы жылдары округке генерал-майор Әлихан Жарболов басшылық жасады. Кейіннен бұл әскери құрылымға Уали Еламанов, Бақтияр Сыздықов, Болат Дарбеков, Талғат Қойбақов сынды генералдар жетекшілік етті. Қазіргі таңда  «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы – генерал-майор  Мұрат Құсайынов. Округ Тараз қаласына орналастырылды.
    – Әскери құрылымдардың шеберлігін шыңдау, сарбаздар мен сардарлардың алдына қойылған міндеттердің орындалу сапасын сынау мақсатында түрлі деңгейде оқу-жаттығу шаралары өткізіліп жатады. Оның бірқатары облыс аумағында ұйымдастырылғанынан хабардармыз.  Ал, енді, осы шаралардың жауынгерлер үшін маңызы қандай?
– Оңтүстік әскери округіндегі әскери дайындық жұмыстары 85395 әскери бөлімінің құрылуынан басталды. Бұл әскери бөлім көптеген оқу жаттығу жиындарына қатысқан. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы әскери құрылымның жауынгерлік дайындығына жоғары баға беріп, жиыннан соң қайта құрылған бригадаға Жауынгерлік Туды өз қолымен табыс еткен.  
Өңірлік қолбасшылықтың бастамасымен ауқымды оқу-жаттығу жиындары жиі өткізіліп тұрады. Олардың арасында халықаралық деңгейде өтетіндері де бар. 2002 жылы «Жәрдем-2002» атты қазақ-американ әскерилерінің бірлескен оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды. Жиын кезінде екі ел жауынгерлері әскери дайындықтың сан түрі бойынша тәжірибелерімен алмасты. Сол жаттығу жинынында АҚШ әскерилері 91678 әскери бөлімінің жауынгерлік дайындығына жоғары баға берді.
2004 жылды қазан айнында кәсіби, тәжірибелік дайындығы толысқан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері «Айша бибі» полигонында «Жетісу-2004» командалық-штабтық оқу жаттығу жиынын өз деңгейінде ұйымдастырып шығуға мұрындық болды.  Осы жаттығу кезінде мотоатқыштар бригадасының жауынгерлік дайындығы пысықталды.  
– Мемлекет басшысы бір сөзінде «Әскер – егемендіктің басты кепілі.
Осыған орай, әскери тәртіпті жетілдіру, әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру  және  Қазақстан  әскерінің  жауынгерлік даярлығын жоғары деңгейде ұстау жұмыстарын жалғастыру қажет» – деген болатын. Бүгінде Жоғарғы Бас Қолбасшының бұл тапсырмасының оңтүстік өңірде орындалу барысына тоқтала кетсеңіз...
– Әрине, тәуелсіздік пен егемендіктің қорғаны ретінде Елбасымыз азаттықтың алғашқы күнінен бастап қазақ әскерінің қауқарын арттыруға айрықша назар аударып келеді. Жоғарыда Бас Қолбасшының оңтүстік әскери округін құрудағы, оны аяққа тұрғызудағы ерен еңбегін атап өттім. Ал 2011 жылдың қазанында аймақта ресми іс сапармен болған Президент Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент гарнизонында болып, 35748 әскери бөліміндегі әскери қалашықтың ашылу салтанатына арнайы қатысты.    
2013 жылы «Отар» әскери базасының аумағында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тариындағы ең айшықты жағдай орын алды. Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастарылған әскери шерудің басты қонағы Нұрсұлтан Әбішұлы болды.
Өз кезегінде, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері Елбасының әскери құрылымның алдына қойған міндеттерін мүлтіксіз орындаудан аянып қалмайды. Оңтүстік өңірге қарасты шекаралық аумақтардың қауіпсіздігін көздің қарашығындай сақтау – бізге жүктелген аса жауапты тапсырма. Бұл тапсырманы тиянақты орындау үшін әскери қызметшілердің әркез жоғары жауынгерлік дайындықта болғаны дұрыс. Осы мақсатта өңірдегі әскери полигондарда үнемі халықаралық, өңіраралық деңгейдегі оқу жаттығу жиындары ұдайы өткізіліп келеді. Әсіресе, жекелеген құрамның әскери дайындығына айрықша назар аударылуда.
Өткен жылы ғана «Отар» әскери базасында халықаралық «АРМИ-2017» әскери ойындары да өз деңгейінде ұйымдастырылды. Бүгінде оқу-жаттығу жиындарында өңірлік қолбасшылық әскери ұрыс өнерінің жаңа әдіс-тәсілдерін қолдана бастады.
– «Қазақстандық патриотизм» ұғымын қалай түсінесіз? Оны қалыптастыру үшін не істеу керек?
– Бүгінде Ұлы дала әскері барлық  қазақстандықтар үшін асқақ абырой мен даңқтың символына айналып үлгерді.  ҚР Қарулы Күштері елдің ішкі тұрақтылығы мен қорғаныс қабілетінің кепілі екендігі даусыз. Осынау мәртебелі міндетті абыроймен атқарып шығуда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлері мен офицерлер құрамы барын салып еңбек етіп жүр. Ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында жанын салып еңбек етіп жүрген азаматтардың қай-қайсысының да бойынан елге деген, Отанға деген шексіз сүйіспеншілік байқалады. Себебі, жауынгер қай кезде болмасын елі үшін басын бәйгеге тігуге әзір болғаны дұрыс деп білемін.  
Ал патриот ұрпақты тәрбиелеу үшін әркез өңірдегі жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттерімен, мектеп оқушыларымен кездесулер өткізіліп тұрады. Жастармен болған кездесудің барлығында патриотизм жайында әңгіме өрбітіп, оларды Қарулы Күштердің қатарында әскери борышын өтеуге шақырамын. Себебі патриотизмнің алғашқы қадамы дәл осы аз уақытқа ағайын-туыстан жырақ кетіп, әскери борышты өтеп келуден басталады деп ойлаймын.
Соңғы ширек ғасыр ішінде қазақ әскерінің әлеуетін арттыру үшін қыруар шаруа атқарылды. Соның арқасында ешкімге тәуелсіз, дербес әрі қуатты әскер құру мүмкіндігіне ие болдық. Дәл қазіргі таңда Қарулы Күштер қорғаныс саласындағы қалыптасқан іргелі құрылымдардың біріне айналды. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрылымдары мен әскери бөлімдерінің жеке құрамы әрқашан ел қорғауға дайын екендігін сеніп айтқым келеді. Отан күзетінде елінің асыл перзенттері тұрғанда отандастарымыздың еш алаңсыз өмір кешуіне болады.  
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген Асхат РАЙҚҰЛ

Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента