Запастағы полковник Ермек Жұмабекұлы: "Әскери ғылым – ел қауіпсіздігінің кепілі"

Запастағы полковник, әскери ұшқыш Ермек Жұмабекұлымен көптен таныспын. Еліміздің Қарулы Күштерінің 20 жылдығы кезінде отыз жылдан астам ашық аспанымызда самғаған сайыпқыран ағамызбен жете танысып, әуе қызметі жайында біраз әңгіме-дүкен құрғанбыз. Бүгінгі күні «Әскери-стратегиялық зерттеу орталығы» АҚ-ында  бас әскери кеңесші боп қызмет атқаратын Ермек Сейітбатталовпен бұл жолғы сұхбатымыз әскери ғылым жайында өрбіді.

– Ермек Жұмабекұлы, әңгіменің басын қазақ елінің әскери ғылыми саласынан бастасақ. Жалпы, әскери ғылым дегеніміз не, оның бүгінгі мәселелері қандай?

– Ерте замандарда, өткен ғасырларда ізденіп жүрген сарапшының қолына соғыстар мен шайқастар туралы нақты және керекті мәліметтер түскен. Ол болса сараптамалар жүргізіп, қорытындыларын шығарып, оған баға берген. Сол кезді әскери ғылымның пайда болғаны десек болады. Ол кезде әскери ғылымның алғашқы қызметі әскери тарихты зерттеу болды.

Болған соғыстардың басталуын, қолданған әдістерін, жеңіске жету не болмаса жеңіліске ұшырау себептерін зерттеп, тұжырымдап, қорытындысын анықтап, әскери мамандарға берген кеңесті әлбетте, біз, әскери ғылымның негізгі кәсібі дейміз. Осы кеңестерді қолданған ел басшыларының әскери жетістіктері көп болды. Сол ерте заманның өркениетті ел басшылары әскери ғылымсыз елдің қауіпсіздігі мүшкіл болатынын білді. Әскери ғылымсыз әскерді құрып, оны дұрыс даярлау мүмкін емес екенін сол ерте заманда-ақ көп қолбасшылар түсінді. Әскери ғылымның кеңесімен қару-жарағын даярлап, әскерін құрып, жаңа соғысу әдістерін енгізіп, осы саясатты қолданған ел басшылары келесі әскери жетістіктерге жете берді. Жаңа қарудың мүмкіндігі жауынгерлерді жаңа әскери тактика әдістеріне жеткізді. Жау күтпеген жерде жаңа белсенді қимылдар туды. Бұл тура жеңіске апаратын жолдар болып шықты.

Тактика дегеніміз бір шайқастың мақсатына жеттіретін соғыс әдісі ғой. Соғыстың түпкі, негізгі мақсатына апаратын, қомақты-қомақты әдістерді  стратегия деп атаймыз. Бұл әскери әдістердің арасында ең жоғары деңгейдегі әскери өнер болып саналады. Ал енді тактика мен стратегияның арасында әскери оперативтік өнер бар. Бұл өнер тактиканың деңгейінен асып, ал стратегияның деңгейіне жетпейтін шамада. Бірқатар тактикалық әдістердің нәтижесі қосылып, белгілі бір қомақты жетістікке жеткізеді. Сол жетістік оперативтік өнердің нәтижесі болып саналады. Қысқаша, әскери білім туралы айтсақ, бұл білімнің өзегі осылай болып табылады. (Егер де әскери ғылымының егжей-тегжейін білгісі келген оқырман болса, оларға ғаламтордағы «Приглашение к размышлению» деген мақаламмен танысуды ұсынар едім.)

Қысқаша айтқанда, бағанағы әңгімеміздің қорытындысы былай болайын деп тұр. Ерте замандарда ел басшылары мен қайраткерлері білген ақиқат, әскери ғылымсыз жеңіске жететін әскер құруға болмайды. Әскери ғылым – ел қауіпсіздігінің кепілі.

Ал, әскери ғылымның мәселелеріне тоқталсақ, бүгінгі Қазақстан әскери ғылымы елімізге жеңіске жететін әскер құруға көмектесуі қажет. Әрине, әскери ғылымның өзі де даму сатысынан өте берері хақ, оған тиісті-тиісті шаралар қолдану керек.

Осы орайда баса айта кететін жайт, әскери ғылым толық қазақ тіліне көшпейінше, қазақ офицері мен генералы мемлекеттік тілде сөйлемейді. Бұйрықтар радио, теле және компьютерлік желілерінде ана тілімізде берілмейінше жаудың оңайға түсетін жемтігі болады да тұрады. Және қазіргі жетпіс пайыздан аса мемлекеттік тілде мектепті бітіріп жатқан түлектер әскери оқу орындарында қор болып, өзінің туған Отанын қорғауға шамасы келмей қалады. Осы мәселелерді әскери ғылым шешуі керек және мұны бүгінгі күн тәртібіндегі ең маңызды мәселелер деп білемін.

ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті

 Бұл әскери ғылымның басқа ғылыми салаларға қарағанда қандай ерекшелігі бар?

– Негізі, қоғамның қандай ғылымы болса да қолданатын принциптері мен қағидалары – бір. Ал, әскери ғылымға келсек, қайталамас мазмұнының өз ерекшеліктері болады. Бұл өзгешіліктер тек ғана әскери ғылымның қасиеті болып табылады. Әскери ғылым бүкіл дүниеде өткен және өтіп жатқан шайқастарды, соғыстарды, оның пайда болған себебін, нәтижесін зерттейді. Бұл жұмыстың қиындығы сонда, сараптамаға жататын материалдар ашық түрге жатпайды. Көбі – құпия деген белгісі бар материалдар. Сол себептен әскери ғылым зерттеу кезінде бірнеше рет гипотеза құрып, құпия шешімдер мен деректердің мазмұнын шешуге бел буады. Соғысып жатқан екі жақтың қимылына байланысты болашақ қадамдарын дұрыс болжап, біліп отыруы – міндет. Сол бір және басқа да себептерден әскери ғылым салалары үлкен штабтар жанында қызмет етеді.

Әскери-ғылыми зерттеу нәтижелерінде қару-жарақтарды, соғыс әдістерін, 10-15 жылда қандай желісте болатынын, қандай жағдайға жететінін болжау керек. Мұндай жұмыс жүрмей зерттеу нәтижесі перспективті және бағалы деп санауға болмайды. Босқа кеткен уақыт пен қаражат болып саналады. Зерттеу нәтижесі бойынша әскери басшылыққа кеңес беріледі. Кеңестің мазмұны, болып жатқан және болар оқиғаларға сәйкес келуіне ғылыми сала жауапты. Бұл – өте жоғары жауапты міндет. Ал ол кеңесті қолдану әлде қолданбау басшылықтың құзырына жатады. Осылай әскери ғылым қызметін өзіне ғана байланысты ерекшелікпен атқаруға тырысады.

– Ал, еліміздің әскери ғылымының өзге елдердің әскери ғылымымен салыстырғанда айырмашылықтары қандай?

– Қазақстан әскери ғылым саласы әлемде, жан-жақта болып жатқан, өзінің ғылыми зерттеу құзіретіне жататын оқиғаларды ең бірінші объективті түрде қарайды. Одан кейін біздің елдің мүддесінің көзқарасымен қарап, бағалайды. Болып жатқан оқиғалар біздің елге, мемлекетке қандай әсер ететінін, қандай әскери қимыл талап ететінін болжайды. Осы зерттеу нәтижесінде басшылыққа кеңес беріп, қандай шаралар қолданудың жолдарын анықтайды.

Ал, өзге елдердің әскери ғылымдары айтылған оқиғаларға өз елінің пайдасымен қарайды. Бірақ та, кейде әскери зерттеулердің айырмашылықтарына қарамай, қарсылас ел басшылары ұрысқа жол бермейтін шешім шығарады. Сол ел басшылықтарының саяси жігерлік шешімдері әскери шешілетін мәселелерді күн тәртібінен кейде алып тастайды. Елдер тарихында мұндай оқиғалар талай болған.

– «Жау жоқ деме, жар астында» деген сөз бар. Жан-жақтағы сол соғыстар мен ел қақтығыстары бізді де алаңдатпай қоймайды. Осы орайда біздің тарапымыздан нені біліп, нені ескеруіміз қажет?

– Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін жау қарсылас мемлекеттің негізгі «нүктесіне» жету үшін шекараны бұзып, талай жерді жаулап алуы қажет болатын. Жау әскері жерді жаулап жүргенде талай уақыт өтуші еді, күш-қаражат жұмсалып, шығынға ұшырайтын. Сол кезде қарсылас мемлекеттің, майданға қатыспайтын салалары, өндірген жабдықтарымен, әскери қызметке жарамды ерлермен өз әскеріне қолдау көрсетіп, жаудың жеңіске жететінін екі талайға шығаратын. Ол кезде жаудың көздегені – қарсы тұрған әскери салалары, ал, мақсаты оны соққыға алып, жойып әрі қарай жүру болатын. Ондайда қарсылас елдің әскері сол жаудың ұрысынан өз-өзін қорғап, жауынгерлік қаблетін сақтап қалуға тырысатын.

Бүгінгі күні ол мақсат  өзгерді. Қазір жаудың мақсаты – қарсы тұрған әскерден асып, ар жағындағы қарсылас мемлекеттің өзегін құрап тұрған негіздіктерді жою. Осы қимылды соғыстың ең маңызды мақсаты деуге болады.

Қазір әскери ұрысқа арналған техникасы ғарыш не аспан арқылы жетеді. Шекараны бұзу және шайқасқа ұзақ даярлану қажет емес. Бір сөзбен айтқанда, барлық мәселе әдісті таңдау ғана болып тұр. Әдеттегідей, әскери техника мен жабдықтар даяр тұрады. Стратегиялық маңызды шаралар қолданып, соғыстың көздеген нәтижесінен бірақ шығудың амалын табу басты мәселе болып табылады. Сондықтан да қазіргі заманның соғысы аз мерзімде өтетіні осы себепке байланысты.

Қарсы мемлекеттің түгел территориясы, оперативтік әлде стратегиялық қашықтықта болса да тұтас майданға айналып кетеді. Майданға қатыспайтындар қалмайды, түгелдері ұрысқа ұшырайды, зардап шегеді. Жаудан қашықтығы шағын да ұзақта ұрысқа ұшырайды. Ал енді өздері ұрысқа ұшыраған, басқаларға көмектесетін мүмкіндігі болмайды.

Бүгінгі заманның жаңа тарихында соғыстың нәтижесінде қорғап жатқан мемлекеттің тарихы аяқталып, ғайып болып жатқан жайы бар.

Бұған 1991жылы Ирак, 1999 жылы Балкан оқиғалары, тағы бірқатар оқиғалар дәлел бола алады. Аталған мемлекет басшылары сол жылдарда, өздеріне ұтымсыз келісімшартқа қол қоюға мәжбүр болғаны адамзат баласына белгілі. Кейінгі заманда соғыстардың нәтижесі осылай аяқталып жатқаны көпке мәлім.

Егер де Қазақстан өзінің мемлекеттік негіздіктерін қорғап қалуға қабілеті жетсе, ешқандай жау бізді ала алмайды. Ол үшін кейбір шараларды іс жүзінде жүргізуі қажет. Сол шаралар ақылмен жасалса, Қазақстанның мүмкіндігі әлі жоғары. Ал, айтылған амалдарды жасауға бізде әлі мүмкіндік бар. Тек ғана кейбір салаларды шыңдап жіберу керек.

– Айтыңызшы, осы әскери ғылымның болашағы қандай?

– Қазақстан әскери ғылымының болашағы зор. Бірақ та бұл болжамның іске асуы үшін бірнеше жағдайды бұл тірлікке сәйкес келтіру керек. Атап айтсақ, біріншіден, Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» заңын қолданып, қорғаныс және ұлттық қаупсіздік бағытында Ұлттық ғылыми кеңестерін құрылу қажет.

Екіншіден, мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар және мемлекеттік құпияларға жатқызылған мәліметтері бар ғылыми зерттеу жұмыстар Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығында экспертиза өткенде шетелдік өкілдер болмауы керек.

Үшіншіден, ғылыми немесе ғылыми-техникалық қызметті мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру кезінде, гранттық қаржыландыру, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру әдістерінің ішінде рентабельдік норма қарастырылу қажет. Рентабельдік норма болмағанша, конкурсқа шығарылған ғылыми зерттеу жұмысы, оны орындаушының инвестициялық қызықтығын тудырмайды. Бұл жағдай Қазақстанның зерттеу жұмыстарын алға бастырмай отыр. Ал базалық қаржыландыру әдісін нарық экономикасына қайшы келген себептен, мүлде алып тастау керек. Ол қаржыны рентабельдік нормасына көшіріп, соны толтыруы керек.

Осындай олқылықтар жойылса, жүре-жүре ғылыми зерттеу жұмыстары өз орнына келеді. Әскери ғылымды әрі қарай дамыту өз қолымызда тұр. Тек сол салада жұмыс істейтін қызметкерлердің, басшылардың білімдері, шұғылданып жұрген ісіне шынымен сай болып, тәжірибесі нақты деңгейде болса шешілмейтін мәселе жоқ деп ойлаймын.

Сөз соңында, жас ғалымдарға айтар кеңесіңіз...

- Қазір дүниенің байлығын пайдаланып жатқан көзі таусылып, адамзат қимылы экологияға әсер етіп, онымен өздері күресіп жатқан заман. Дамыған елдер, осы айтылған жағдайдың әсерінен қашып, жаңа және жоғары технологияларға көшіп жатыр. Мөлшері де, салмағы да болымсыз заттардан қуат алып, адамзат баласының арнаулы саймансыз көзі жетпейтін құрылымдарды, ақылды қызметке қосып жатқан заман. Осы орайда елді дамытуға, тәуелсіздікке, ақжарқын, шексіз болашаққа жеткізетін – кемел ғылым мен кемел білім ғана. Осы бір тұжырымды ойымызда сақтай тұрып, жас ғалымдарға айтарым, ғылым мен білімді шыңдай беріңдер демекпін.

- Тұшымды ой айтып, келелі мәселелерді айттыңыз. Әсерлі әңгімеңізге рахмет!
Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента