Ұлан-байтақ кең далам – жер жәннаты

Ұлан-байтақ кең далам – жер жәннаты

Отан дегенде кез-келген адамның жүрегі ерекше соғатыны анық. Кішкентай ғана жүрегім әрқашан Отаным деп соғады. Отан деген сөздің өзі – қасиетті ұғым. Туған жер, Отан деген бір ыстық сөз, жылы көңіл лебізі бүгін ғана емес, бар уақытта да жүрегіміздің лүпіліндей естіледі. Құс ұясыз болмайтындай, адам Отансыз болмайды.

Ал менің Отаным – сонау Каспийден Алтайға дейін созылып жатқан қасиетті өлке – Қазақстан. Әрине, бұл – қазақ жұрты, барлық Қазақстан елі ерекше құштарлықпен, сарқылмас сүйіспеншілікпен айтар, ардақ тұтар асыл сөз. Ол – ән, ол – жыр, ол – әдемілік, ол – асыл арман, ол – шалқыған шаттық, ол – көркейген сәулет! Еліміздің туы тігілген үлкен үйіміз де, алтын әрі биік шаңырағымыз да – осында. Бар әлемді бір дүр сілкіндірген табыстарымыздың ұйтқысы да – осында. Бейбітшілігіміз де, жақсылығымыздың да, махаббатымыздың да ұясы – Қазақстан. Осынау құдіретті сөзді әрбір қазақ баласы асқақ сезіммен, керемет мақтанышпен сан рет айта алары хақ. Осындай аймағы кең, қойнауы қазынаға толы әрі құнарлы жерімізге кімдер көз салмады десеңші?! Олар қазақ жерін басып алу үшін қаншама рет шабуыл жасап, елімізді тыныш қоймады. Бірақ мықты, батыл ата-бабаларымыз сыртқы жаудың қимылын бағып, талай рет тойтарыс беріп отырды. Сол батыр бабаларымыздың арқасында біз байтақ жерде, құт мекенде еркін көсіліп, жайланып жатырмыз. Қасиетті жеріміздің иесі – олардың ұлы ұрпақтары жетіп отырған бостандық туын биікке желбіретіп, ары қарай дамуына өз үлесімізді қосамыз. Өз басынан ұрпақ тағдырын биік санаған ардақты ақын, батыр Махамбет Өтемісұлы елі үшін, халқы үшін аянбай тер төкті. Халқым, елім азат болсын деп жанын берді. Қарапайым адамдардың қамын ойлап, тәуелсіздікті сыйлаймын деп барынша талпынды. Қанжардай кеудесімен өзінің халқын қорғады. Олардың ар-намысын бәрінен де артық санады. Бейбітшілік, ынтымақ, еліміз тыныш болсын деп тіледі.

«Отан» деген сөз ежелден көшпелі өмір сүрген ата-бабамыздың от жағып, тіршілік еткен ұясы деген ұғымнан шықса керек-ау. Отан үшін отқа да түскен, суға да батқан Бауыржан Момышұлы: «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деп асыл сөз қалдырған. Осындай елін сүйген және одан жігер алған, жұрттың қорғаны болған қазақ азаматтарының алар асуы мен жетер белестері әлі алда деген ойдамын. Қазақстанның тәуелсіздік алғанына жиырма үш жыл толды. Өз алдына егеменді ел болып, тәуелсіз мемлекет атанды. Қазақ халқы үшін үлкен қуаныш. Бұл жағдай 23 жасқа толған мемлекетке оңайға соқпады. Дәл осындай Қазақ елі атты азат ел барын, көк аспанда шарықтап ұшқан, қалықтап ұшқан, көк туын желбіретіп ұшқан қыран бейнелі қайратты халық бар екендігін өзге елдер де танып жатыр. « Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген, Жөргегімде таныстым мұң тілімен. Жылағанда жүрегім, күн тұтылып, Қуанғанда күлкімнен түн түрілген», - деп Ж.Молдағалиев жырлағандай қазақ елі барлық ауыртпалыққа төзе білген батыр халық, ержүрек халық!

Менің ойымша, болашақта Қазақстан ең дамыған елдердің алдында тұрады. Гүлденген, көркейген мемлекет боларына ешбір шүбәм жоқ. Туған жерге деген махаббатымды өз туындыммен аяқтағым келеді.

Отаным, атамекен, арман жерім,

Өзіңде кіндік қаным тамған менің.

Қасиетті, киелі, қорған елім,

Жүрегім сен деп соғар әркез менің.

Ұлан-байтақ кең далам – жер жәннаты,

Көгінде самғайды әне, құс қанаты.

Әсемдігі тамсандырған талай елді,

Туған жердің қандай ыстық табиғаты!

Айдана Жанғабылова

                                              Астана қаласы

                                              №68 орта мектептің 11 сынып оқушысы

                                              



 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства