Қазақтың тұңғыш ғарышкері

Қазақтың тұңғыш ғарышкері

12 сәуір – Халықаралық авиация және ғарышкерлер күні. Тарих қойнауында қалған, осыдан 57 жыл бұрынғы көктемнің керемет күнінде, яғни 1961 жылдың 12 сәуірінде таңғы сағат 9-дан 7 минут өткенде Кеңес Одағы қазақ жеріндегі Байқоңыр ғарыш айлағынан әуе кеңістігіне «Восток» кемесін аттандырған-ды. Ол кемеде әлем тарихындағы орбитаны бойлай ұшқан тұңғыш ғарышкер, аға лейтенант Юрий Алексеевич Гагаринның болғаны әрбір жанның жадына мықтап бекігені рас. Жерден мыңдаған шақырым алыс ұшқан оның сапары дәл сол кезең үшін рекордтық көрсеткіш болып, сапар 1 сағат 48 минутқа (108 минут) созылған еді.

Ал, қазақтың тұңғыш ғарышкері Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының ұшқыш-ғарышкері, Кеңес Одағының еңбек сіңірген ұшқыш-сынақшысы, авиация генерал-майоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, техника ғылымының докторы, профессор Тоқтар Әубәкіров болды. Ол 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынып, 1991 жылдың 2 сәуірінде Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы қазанның 2-сінде Байқоңырдан «СоюзТМ-13» кемесімен ұшқан болатын. Күні кеше бүкіл еліміз атап өткен айтулы күнге орай Тұңғыш ғарышкеріміздің бірқатар жазбаларын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

 

***

«Мен отыз жылдай Ресейде қызмет еттім. Атақты Микоян атындағы мекемеде білдей қызметте отырдым. Ол жерде жұмысым құпия еді. Тіпті куәлігімде жәй ғана «жүргізуші» деп жазылған болатын. Бірақ еліме қайтқым келді. Әйеліммен ақылдасып едім, ол маған «Осында келгенде елім үшін деп келген едің, енді елің үшін оралу керек. Сен өз еліңе керексің, қайтайық» деді. Әрине, орыстар мені жібергісі келмеді, дегенмен табандылық танытып кеттім-ау».

***

“Бірде Шымбұлақта шаңғы теуіп жүргенімде, жақын жолдастарым хабарласты. «Тоқа, неге бізге айтпайсың? Ғарышқа ұшқалы жатыр екенсің ғой» деп ренжиді. Мен аң-таңмын. Ертесіне Нұрекеңе (Нұрсұлтан Әбішұлы) бардым. «Менімен ақылдаспай неге осындай шешімдер қабылдадыңыз? Мен бармаймын. Мен ұшқышпын, ғарышкер емеспін» дедім. Нұрекең: «Білгірлердің барлығынан сұрастырдым. Бәрі бір ауыздан дәл қазір ғарышқа ұша алатын Тоқтардан басқа ешқандай қазақ жоқ деді. Сондықтан осылай деп шештік. Бұл қазаққа керек. Отыз жыл бойы халықтың аңсаған арманын жүзеге асыруға мүмкіншілік туып отыр» деді. Мен келістім.

***

«Ұшу күнінің уақыты бекітілді. Дегенмен Нұрекеңе бірден айттым «Мен жәй ғана ұшпаймын, арнайы зерттеу жұмыстарын атқару керек». Ол мақұл көріп, 300 адам (ғалымы бар, зерттеушісі бар) бас қосып зерттеу жұмыстарының бағдарламасын дайындадық. Бұрын зерттелмеген тақырыптарды қозғадық. Аралдың экологиялық мәселесін алғашқы болып дайындап дәлелдеген мен едім. Ғарыштан Арал аймағын фотоға түсіріп, кейін сол тұздың солтүстік мұзды мұхитқа қарай ұшатынын көрсеттім. Тұз ұшқан жердің түсі де өзгеше болады. Тағы да басқа зерттеулер болды. Келгеннен кейін әлем ғалымдары «бұндай жаңалықтарды, осындай зерттеулердің нәтижелерін отыз жыл ішінде ешбір ғарышкер алып келмеген» деген еді. Өз басыма емес, қазақ халқы үшін мақтандым».

***

«Ғарыштан келген соң, ел-жұрт құшағын жайып қарсы алды. Табанымды жерге тигізбеді. Мен халқыма ризамын. Әлі күнге дейін құрметтейді. Шақырған жерден қалмауға тырысамын.

***

«Бүгінгі таңда жастарға ең керегі ол – білім. Өзгеден тек білім арқылы ғана оза аламыз. Бала кезімде ауылда анам екеуіміз ғана тұрдық. Жаз бойы қысқа дайындық жасаймын, қыста мектеп кітапханасынан шықпаймын. Кітапты көп оқыдым. Осылай өстік қой. Қазір бәрі де жеңіл. Кітап түгіл, планшет түгіл, ұялы телефонның өзінен кітап оқуға болады. Мүмкіншілік көп. Тек дұрыс пайдалана білу керек».

 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

История развития органов воспитательной и идеологической работы ВС РК

История развития органов воспитательной и идеологической работы ВС РК