Бауыржан Момышұлы – қазақ халқының аңызы

Бауыржан Момышұлы – қазақ халқының аңызы

24 желтоқсан – Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, даңқты қолбасшы, қазақтың көрнекті жазушысы, Кеңес Армиясының қатарына командир ретінде шақырылған алғашқы қазақтардың бірі Бауыржан Момышұлының туған күні. Халықтық қуаттың ұлы емтиханы – соғыстан өтіп, шынайы патриотизмнің қазынасына айналған Бауыржан Момышұлының соғыс өнерін дамытуға қосқан үлесі, қарамағындағыларға деген қамқорлығы, тәуелсіз Қазақстанның Отан қорғаушыларын тәрбиелеуге көрсеткен өнегесі жайында талай-талай дүниелер жазылды. Аты аңызға айналған батыр әлемі әлі де зерттеле бермек. Бауыржан Момышұлы қазақ халқының заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовпен бірлесе Үндістан мен Қазақстан жазушылары арасында шығармашылық көпір салып, қоғамдық ұйымды басқарды. 1955 жылы әскер қатарынан толық босатылғаннан кейін жазушылық жолға түсіп, әскери мемуарлық шығармалар жазуға кірісті. Көптеген шығармаларда ержүрек кейіпкер ретінде танылған қазақ батыры кейін өмір шындығын арқау етіп, тамаша повестер мен романдарды, әңгімелерді дүниеге әкелді. Қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген білгендерін арқау еткен ұлтымыздың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлының жеке жазбаларынан үзінді беріп отырмыз.

   «Академияда шығыс халқынан мен-ақ оқыдым. Бітіргеннен кейін маған шығыстың он бес одақтық республикасынан орын табылмады, тимеді. Мені Азияға жолатпады. Шығыстан менен кейін он бес-жиырма жылдың ішінде мен оқыған академияға еш адам түсе қоймады. Ол ашулы, зарлы, рас. Біздің халық соғысқа ерлікпен қатысты, бірақ оның құны өте қымбат. Осы күні ауыл толған жесірлер мен жетімдер. Соғысқа барған жүз қазақтың жетпіс-сексені қайтқан жоқ, себебі маған айқын - әскери тәжірибе, әскери тәрбиенің дағдылану нашарлығы. Біздің кеңес өкіметі кезінде мұғалімдер, докторлар, агрономдар, соттар, тағы басқалар шықты, ал әскери соғыс мәселесі – осы уақытқа дейін ескерусіз, еленбей келе жатқан бір бағыт. Мен соларды майданда көрдім, талдап тексердім, өксіп жыладым, зарландым, қорландым. Мен қалған өмірімді, алған тәжірибемді, білген білімімді жастарға, халқыма арнағым келіп еді. Қызмет етіп халқымның арасына әскери ғылымды таратқым келіп еді. Барымды елге берсем деп едім. Егер де болашақта бір әйел жесір, бір бала жетім қалмауына менің еңбегім себеп болса – армансызбын деген ниет еді. Қысқасы, мені, менің ойымды, ниетімді – тупость и невежество қапасқа салып бенде етті. Маған теріс түсінді, мені ұқпады. Өгіз мойындық істеді. Осындағы майдалар мені сүзбелеп шетке шығара берді. Жақындарына жылы орын үшін мені аямады. Кішірейтті, қудалады. Жабылып әлі жеткені мен болдым. Ғафу етіңіз, мен кек сақтап айтып отырғаным жоқ. Әр өнер, әр білім, әр ақ ниет сал болуды тілемейді. Құл болуды тілейді. Мен тұла бойыммен халқымның құлымын. Қайда жүрсем де елімнің қызметкерімін. Халқыма жаман атақ еш уақытта да алып бергім келмейді, алып бермеймін. Мен күн көрудің адамы емеспін. Мен дүние жинаған пасық, сараң, өзімшіл де емеспін».

                                                       

                                                      

***

«Біздің заман, біздің дәуір өте ауыр болды. Соның барлық ауыртпалық салмағын менің замандастарым көтерді. Еңбекте де, қырғын соғыста да, соғыстан соңғы қиыншылық кезде де бар ауыртпалықты біздің ұрпақ көтерді. Бұл – мен өзімді мақтауым емес, біздің ұрпақты мақтап отырған сөзім. Мен кіммін?! Мен олардың қатарындағы қарапайым бір кісімін. Азаматтық арымды сақтағандардың бірімін. Шынымды айтайын, қарағым, (түсінсең), көп жылдардағы қиыншылық жағдайда менен артық кісілер аз болған жоқ. Осы күнде ойлансам, аты аталмай кеткен батырлар аз емес. Соғыстың аты соғыс, оқ қағыста таңдап атады. Бірақ атылғандардың аты қала бермейді. Бұл – соғыстың қатыгез заңы. «Ерлік елеусіз қалмасын», - деген қазақта мақал болатын. 40 жыл қырғында елеусіз қалған ерліктер толып жатыр. Бұл соғыстың қатал, опатты заңының кесірі».

                                                         

***

   «Қан майданда жақсы көру оңай емес. Қастасып, өштесу оп-оңай. Оны мен басымнан өткізгендердің біреуімін. Адам – пенде. Кемістік әркімде де бар. Кемістігі жоқ деп ойлайтын адамдар – адам емес. Надандықтың үлкен дәрежесі сол ойда жатыр. Мойыныма аламын: менің жақсы қасиетімнен жаман қасиетім аз емес. Құдай маған кемістіктерді аямай төгіп берді. Қартайған кезімде ойланып өткен өмірді еске алып отырсам, өмірімде көп қателіктер істеппін. Оларды түзеу қиын. Өткен нәрселерді қайтару мүмкін емес қой. Өкінемін! Қайғырамын! Қатты өкінемін!? Орысша айтқанда, партия, правительство, главное командование маған өте сеніп, қан майданда қармағыма 18 мың ерлердің тағдырын тапсырды. Солардың мен командирі болдым. Обалы не керек өзімді-өзімді аяған жоқпын. Қарамағымдағыларды да аяған жоқпын. Қартайғанда ойлап отырсам, жастық қызушылыққа ерікті көбірек беріп жіберген екенмін. Из-за моей глупости жүздеген жауынгерлер құрбан болды. Соны жаңа ғана түсініп отырмын».

                                                   

***

   «Қартайғанда көзімнен жас шықпай отыр. Мен жылауық шал емеспін. Көздерімді ойып алсаңдар, арман жоқ. Көзімнен қан шығар, бірақ жас шықпайды. Мен өзімді, жауынгерлерімді базарға жұмсаған жоқпын. Отан үшін, намыс үшін жауға жұмсадым, ажалға жұмсадым. Құрбандарымыз аз болған жоқ. В меня стреляли больше чем тысячи раз, я не виноват, что меня не убили. Мен өзімді-өзім аяп көрген жан емеспін...»

 

                                               

***

   «Мен – 22 жасымнан бері әскер қатарындағы адамның бірімін. Ұлы Отанымыздың көп жерлерін маған қызмет аралатты. Төрт-бес жылғы өмірім қан майдан шебінде өтті. Мен кеңес офицері болғаным жоқ. Қатарда да, майданда да алдыңғы шепте жүргендердің біреуі болдым. Қайда жүрсем де, солдаттармен араласып жүріп, олардың тобының ішінде болуға тырыстым. Қызметті жай қатардағы (рядовой) жауынгерден бастап 15 мың басы (командир дивизии) болу дәрежесіне дейін жеттім. Солдаттарға сабақ та бердім, олардан өзім сабақ та алдым. «Тіс қаққан» жауынгерлермен пікір алысып, олармен сырласып, кей кезде ақылдасып, жаңадан келген жауынгерлермен әңгімелесіп жүруді әдет еттім. Сөзімде, әңгімелерімде халық мақал-мәтелдерін пайдаланудан бас тартпадым. Сонымен қатар тәжірибемізден қорытынды түрде туған ой-пікірлерімді де қысқартып айтудан тайынбадым. «Көп түкірсе, көл болады» дегендей менің ұстазым қызметтес, майдандас жолдастарым, достарым, солдаттар болды. Ой, пікір, сана жағынан мені байытқан солар.

   1941 жылы маған бір тілші:

- Сіз қандай академияны бітіріп едіңіз? – деген сұрақ берді.

- Мен халық академиясын бітіріп едім.

- Ондай да академия бар ма еді? – деп ол таңғалды.

- Мой полк – моя академия. Я прежде всего учусь у него, а потом учу его же,- дегенімде ол қарқ-қарқ күліп, түсінгендігін білдірді.

   Көпке, меніңше, пайдам аз тиді. Көптің қорынан, халық қазынасынан мен мол пайда алдым. Мені адам етіп, атымды шығарған көпшілік. Мені кейбіреулер ұялмай-қызармай «батыр» дейді. Шынында мен батыр емеспін. Біреуден жығылып, біреуді жығып жүргендердің бірімін. Мені жаратқан көпшілік – жауынгерлер қоғамы».

                                              

                                                                 Алуа ИСКАКОВА

 

 

 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи