Бәрі де елді, жерді сүюден бастауын алады

Бәрі де елді, жерді сүюден бастауын алады

Мемлекет басшысының биылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында білім беру мен жас ұрпақты тәрбиелеу мәселесіне айрықша мән берілгенін атап өту жөн.

Әрбір қазақстандық, оның ішінде жастар мен жасөспірімдер жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуге тиіс. Бұл тұрғыдағы іс патриоттық тәрбиеден, сананың жаңғыруынан бастауын алатыны белгілі. Кім-кімнің де ең алдымен елін, жерін сүюі басты шарт саналады. Содан да білімді де білікті, ұлтжанды ұрпақ қалыптастырудың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын нақты іс жүзіне асыру мәселесіндегі маңызы айрықша елеулі.

Елбасы өзінің биылғы Жолдауында атап көрсеткеніндей, адам баласында ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезінен-ақ қалыптаса бастайды. Міне, сондықтан да білім беру ісінде 4К моделіне – креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылуы әбден құптарлық. Бәріде қандай да бір іске, жақсы қасиеттерді меңгеруге, пайым-парасаты мол, жоғары саналы азамат болып қалыптасуға болсын бала кезден дағдыланудан басталады.

Осы орайда Жолдауда жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиістігі, жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігі атап көрсетілді. Сондай-ақ келесі жыл Жастар жылы деп жарияланатын болды. Мұның бәрі де әбден құптарлық іс. Жастар санасында зор серпіліс тууына да септеседі деп ойлаймын.

Жалпы еліміздегі реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғамымыздың ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды десек, осынау жалпыхалықтық істен, өзгерісті үдерістерден жас та, кәрі де шеттеп қалмауға тиіс. Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыруға зор серпін беруде. Бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажеттігі де күн тәртібіне өткір қойылып отыр. Осыған байланысты жұмыстар жер-жерде қызу басталып та кетті.

Елбасының осы Жолдауында «Бойскаут қозғалысы сияқты «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейткен жөн. «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту керек» деп алға нақты міндеттер белгілеуін біздің университетіміз бен әскери кафедра басшылары да зор серпіліс жағдайында қабыл алып отыр. Екі мәселе де басшылыққа алынуда. Жолдаудан туындайтын міндеттер екшеліп, алдағы уақытта атқарылатын іс-шаралардың жоспары жасалды. Соның ішінде әскери кафедра басшысы Сағат Мұқышев бастаған топтың «Болашақ сардар» әскери-патриоттық клуб құру жөніндегі бастамасына оқу орнының тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Альмара Наурызбекова бірден қолдау танытты. Көп өтпей клубтың мақсаттары мен міндеттері, басқару органы және құрылымы, атқаратын қызметі мен құқықтары белгіленген ережесі жасалып, оны университет ректоры Махметғали Сарыбековтің өзі бекітіп берді.

Бүгінде бұл тұрғыдағы жұмыстар қызу жалғастырылуда. Айта кетерлігі, «Болашақ сардар» әскери-патриоттық клубы, бұл – жастарды еліміздің Қарулы Күштері қатарында, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарда қызмет атқаруға даярлайтын, оларға әскери техникалар мен қару-жарақ түрлерін қолдануды оқытып, үйрететін қоғамдық жастар бірлестігі. Оны құрудағы басты мақсатымыз жастарды отансүйгіштікке, патриоттылық пен азаматтыққа, халқымыздың ерлікке толы өткен тарихына, салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауға тәрбиелеу, Қазақстанның киелі жерлеріне туристік саяхаттар жасау, соғыс және еңбек ардагерлеріне және құқық қорғау органдарында қызмет ету, әскери борышын өтеу барысында мерт болған әскери қызметкерлердің отбасыларына қамқорлық, көмек көрсетуді қолға алу болып отыр.

Клуб мүшелігіне 18 бен 22 жас аралығындағы денсаулығы жарамды, рухы мықты, адамгершілік әдебі мол, интеллектуалдық және тұлғалық қасиеттерге ие жастар қабылданады. Мүшелікке тіркелу ерікті түрде олардың өз өтініштері негізінде жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта әскери кафедраның 500-дей білімгерлері арасынан іріктелініп, 20-сы клуб мүшелігіне конкурстық негізде қабылданып та үлгерілді. Алдағы уақытта олардың қатары артатынына да бек сенімдіміз.

Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты, ол – ұлттық кодыңды сақтай білу екені екінің біріне белгілі. Сондай-ақ, кешегі күннің жақсы сақталған үздік үлгілері бүгінгі күні де маңызын жоймауда. Бағзы кездері «Зарница», «Орленек» секілді әскери ойындарға бүкіл мектеп оқушылары қатысатын. Бұл олардың әскери машығын жетілдірумен қатар, байтақ өлкенің ойы мен қырын аралап көріп, жан-жақты танысуына да мүмкіндік жасайтын. Оның тәрбиелік мәні, әсері айрықша болушы еді. Міне, мұны қайта жаңғыртуға, ортамызға оралтуға да тиіспіз. Елбасының мегзеп отырғаны да осы – жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуді, өлкетану туризмін жандандыру. Бәрі де елді, жерді сүюден бастауын алатыны белгілі. Осыған байланысты қолға алған ісіміздің оңға басатынына, нәтижесі болатынына бек сенімдіміз.  

Рас, елімізде тәуелсіздік жылдарында қыруар жұмыстар атқарылды. Берік экономикалық негіз қалыптастырылды десе де болады. Ең бастысы, қазақстандықтардың алға қойған мақсаты айқын, бағдары белгілі. Ол – 2050 жылға қарай әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын нақты іс жүзіне асыру. Бүгінде еліміздің Үшінші жаңғыруы басталды. Сандаған ұлт, ұлыс өкілдері осы ортақ мүдде аясында тығыз топтаса, ынтымақ-бірлікте ауызбіршілікпен аянбай еңбек етуде. Ал болашағы, мақсаты бір ел – бақытты ел. 

 

Ұлықбек ЖҰМАБЕКОВ,

М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті әскери кафедрасының аға оқытушысы, техника және технология магистрі

 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства