ҚР Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Армысың, әз Наурыз

Армысың, әз Наурыз

Ғасырдан ғасырға  жеткен  ұлы мейрамымыз Наурызды ата-бабамыз сән-салтанатымен ерекше атап өткені тарихтан мәлім.

   Тарихи мәліметтерге сүйенсек, адамзат пен күллі табиғаттың жаңаруына дейінгі салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптарды, жөн-жоралғыларды, наным-сенімдерді қамтыған Ұлы мейрамның  2500 жылдық жазбаша тарихы бар.

Әз Наурыз  –  Шығыс елдерінің отырықшы ха­лық­тары­ның, егінші жұрт­тардың мей­рамы және біздің көшпенді бабала­рымыздың ортақ  мерекесі.

  Бағзыда грек тарихшыларының  Алек­сандр Македонский (б.з.д 356-323 жж.) көрген Самар­қан­дағы ұлан-асыр Наурыз мерекесі жайындағы жазбаларында:  «Самарқан алаңында өткен Нау­рыз тойында Күнді бейнелейтін 365 түрлі киім киген адам мен Түнді бей­не­лей­тін 365 түрлі киінген адам сырнайлатып-кернейлетіп, бір-біріне қарсы жүрді. Бұл көрініс күн мен түннің теңелуі», – деп жазылған екен. Яғни, осындай Наурызды көрген Александр Ма­кедонский Шығыс­тың, Орталық Азия­ның ілкідегі мей­ра­мына куә болғандығы ұлы мейрамның көнеден келе жатқандығын дәлелдейді.

   Тағы бір дәлел –  шығыстың Әбу Райхан Бируни, Омар Хайям, Махмұд Қашқари және тағы да басқа ертедегі ғұламалардың шығармаларындағы наурыз мейрамы, оны сол кездегі халықтың қалай тойлағаны жөнінде деректердің барлығы.

   Ескі замандардан жеткен  аңызға жүгінсек, Наурыздың ғажайып әсері әлсізге – қуат, зағипқа – шуақ, жауласқандарға – келісім, ел ішіне береке-бірлік, мамыражай тірлік алып келеді. Осыған дейінгі бүкіл қиындық пен келеңсіздік артта қалады. Көңілдегі кірбің атаулы шайылып, әркімнің жан сарайына жаңа бір нұр енеді. Бабалары­мыздың ұғымынша, әр адамның ең әуелі ішкі дүниесі жаңаруы шарт. Сонда ғана шын мәнісіндегі жаңа күн туады. Яғни Наурыз – адамзат бойындағы ізгілік пен шынайылық, мейірімділік пен жанашырлық тәрізді адами асыл қасиеттерді оятуға бағытталған ұлы шара.

 Мәселен, осы Ұлыстың ұлы күнінде жарлыны тойындырып, жалаңашты киіндіру, жоқ-жітіктерге, жетім-жесірлерге қол ұшын беру өте сауапты, игілікті істердің бірі болған, мұқтаж жандарға көмектесу үлкен мәртебе саналған. Сөйтіп, дәулетті, бай адамдар бұл күні жұртқа қайырымдылық жасап, «атымтай жомарт» атанған. 

  Бұрындары табиғаттың тылсымы мен ғалам ғажайыптарын терең ұғына білген ата-бабаларымыз бұл күнді бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің,  бақыттың мерекесі ретінде тойлаған. Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтарға жақсы өнеге қалдыруды ойлаған. Содан да болар, «Қасиет дарып, дуалы сөзімнің шипасы тисін» деген мақсатта келер ұрпаққа көнекөз  қариялар бата беруді де ұмыт қалдырмаған.

 Міне, Наурыздың осындай айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан белгілері мен таным  ұғымдары жетерлік.  Оның барлығы әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелікке, бауырмалдыққа, көргенділікке, ізгілік пен білімділікке баурайды. Сондықтан да, жаңғыру мерекесін ел болып сағына күтудің мәнісі осында. 

    Небір алмағайып замандардың өзінде жақсылықтан үмітін үзбей, келер күнге үміт артқан дана халқымыз қашан да Ұлыстың ұлы күніне қатысты наным-сенімін жоғалтпағанмен, қоғамдағы солақай саясаттың кесірі оған салқынын тигізбей қойған жоқ.

  Тарихымыздағы XX ғасырдың орта тұсында  Кеңес Үкіметінің солақай саясатының салдарынан Наурызда Құран оқылмаса да, діни мереке ретінде танылып, оны 1926 жылдан бастап атап өтуге тиым салынғаны бар.

Дегенмен де атадан балаға мирас болған мейрамға  тыйым салынса да, халқымыз  ел ішінде оны естен шығармауға, мерекелік мәні мен мағынасын жоғалтауға тырысты.  Ескінің көзін көрген қарияларымыз ауылдық жерлерде қыстан аман-есен шыққан ауылдастарын аралап, амандығын білуді, жастарды ертіп алып, бұлақтың көзін ашып, тал егіп, еңбекке баулып, бірлік пен тірлікте өмір сүруге, жұртты ынтымақтастық пен бауырмалдыққа баулуды ұмыт қалдырмаған. Ел арасында осылай аталып өтетін мереке араға 62 жыл уақыт салып, ауыл-аймақта ғана емес, барлық аймақта қайта жаңғырды.

Айта кетейік, бұл мерекенің араға 62 жыл салып, халықпен қайта қауышуы халқымыздың біртуар перзенттері Мұхтар Шаханов пен Өзбекәлі Жәнібековтің есімдерімен байланысты.

Мәселен,  1988 жылдың басында, қазақтың ақиық ақыны Мұхтар Шаханов Қазақстан Компартиясы  Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбинге арнайы хат жолдап, Наурыз мерекесін қайта жағыртуды өтінеді. Ол хаттағы мәселені Г.Колбин Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюросында қарағанда, бұл ұсынысты екі-ақ адам қолдайды. Оның бірі сол кездегі Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Назарбаев, екіншісі – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеологиялық хатшысы Ө.Жәнібеков.  

Бюро мүшелері  «Наурызды ислам дінінің қалдығы» деп тарихты білмей қолдамағандықтан, Колбин «Наурыз мерекесін тірілтуге мүмкіндік жоқ» - дегенді жеткізеді.

 Соған қарамастан, ақын алға қойған мақсатынан таймай, Абайдың "Біраз сөз қазақтың қайдан шыққандығы туралы" еңбегін тауып алып, Колбинге тағы барып, Наурыз мерекесі ислам дінінен бұрын өмірге келгендігін, одан бұрын тойланғандығын  дәлелдеп, ақыры келісімін алады.

  Ал, 1988 жылы ақпанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы қызметіне сайланған Ө. Жәнібек Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасынын пленумында сөз сөйлеп,  ол елдің рухани өмірінде кең өріс алған қазақтың ұлттық қасиеттеріне, өмір салтына, оның ішінде Наурыз мерекесінің мән-мағынасына кеңінен тоқталып, оны жарыссөзге шыққан жазушылар мен әдебетші-ғалымдар қостап, халқымыз ежелден мейрамдап келген Наурыз мерекесін қайта жандандыруға белсене кірісіп кетеді.

Сөйтіп,  бар-жоғы бір айға жуық уақыт қалғанына қарамастан, сол 1988 жылы Алматыда және Жамбыл ауданында, ал 1989 жылы еліміздің барлық облыстарында есте қаларлықтай қызығы мол, өрісі кең, халықтық сипатта өтеді.

 Міне, сол 1989 жылдан бері Наурызымыз қайта түлеп, қайта түрленіп, ел ортасында есте қаларлықтай ерекше тойлана бастады. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Ұлыстың Ұлы күнін мемлекеттік деңгейде барлық қалаларда, облыс, аудан орталықтарында, ауылдарда бүкілхалықтық мереке ретінде атап өтілуде.

   Естеріңізде болса, 2008 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Наурыз мейрамын жаңа тұрғыда мерекелеу қажет екенін айтқан болатын. Мемлекет басшысының осы бастамасына байланысты Парламентке депутаттар 2009 жылы 4 наурыз күні «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» қолданыстағы заңға өзгеріс енгізуді көздейтін заң жобасын мақұлдады. Кейін Сенат қарап, қабылданған заңға Қазақстан Президенті қол қойды. Сол заңға сәйкес мемлекеттік мереке Наурыз мейрамы бір күннің орнына үш күн бойы, яғни, 21-22-23 наурыз күндері мерекеленетін болды. Жалпы БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан халықаралық мейрам деп танылған әз-Наурызды біздің ел ғана емес, Шығыс халықтары да әспеттеп, ерекше түрде атап өтеді.

     Міне, осы мереке кезінде еліміздің  түкпір-түкпірінде ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, дастарханымыздан ас кетпей, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміз қайта жаңғыртылып, халқымыз ерекше шаттық күйге бөленіп жатады. Осындай шаттық пен ынтымақтастық мерекесінен еліміздің Қорғаныс  саласы да тысқары қалмай жатады. Жыл сайын әр әскери салалар мен әскери бөлімдерде Наурыз мерекесін насихаттайтын іс-шара кеңінен ұйымдастырылып өтіп жататыны – соның айғағы.

 Олай болса, есігімізден енді төрге енгелі тұрған жыл шаршысына «Армысың, әз-Наурыз!» деп,   ынтымақты елге несібесінін молдығын, тыныштықтың берекелігін тілелік.


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Инфографика: БПЛА Wing Loong - "птеродактиль" казахстанской авиации

Инфографика: БПЛА Wing Loong - "птеродактиль" казахстанской авиации