Астанадағы авиациялық базаға халықаралық «KADEX-2016» қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесінде ұсынылатын авиациялық техниканың ұшып өтуі жүзеге асырылды. «KADEX-2016» көрмесінде ҚР Қарулы Күштері алғаш рет Су-30СМ ең заманауи жауынгерлік ұшақтарын ұсынылды. Бүгінгі таңда аталған үлгі әлемдегі үздік көп функционалды жауынгерлік ұшақ болып табылады.
Ми-171Ш су жаңа көліктік-жауынгерлік тікұшақтың көрсетілімі де қызықты болды. Талдықорған және Шымкент әуеайлақтарынан келген Су-25, Су-27 ұшақтары «KADEX-2016» көрмесіне орналастырылды. 19132 әскери бөлімінің жеке құрамы аталмыш көрмеге ұшып келген экипаждарды қарсы алған болатын. Су-27 ұшағының тізгінін ұстаған Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов бірінші болып қонды. Су-30СМ су жаңа ұшағында Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов полковник Қайрат Баймахановпен бірлесе жоғары пилотаж фигураларының кешенін, яғни, «Нестеров ілмегін», «бөшкені», «бұрылысты» және «жауынгерлік бұрылысты» орындады.
Бүгінгі таңда ҚР ҚК ӘҚК Әскери-әуе күштерінің авиациялық паркі қазіргі заманғы әскери техникамен жабдықталған. МиГ-31 тосқауылшы жойғыштары, Су-27 көп межелі жойғыштары, МиГ-29 маңдайшептік жойғыштары, Ан-12, Ан-72, С-295 әскери-көліктік ұшақтары, Ми-8, Ми-17В-5 тікұшақтары, ЕС-145 Еурокоптер мен Ми-26, UH1-II «Хьюи» - мұның барлығы әскери ұшқыштардың арсеналында бар нәрсе.
Осы орайда, «KADEX-2016» көрмесі 19132 әскери бөлімінің базасында өтіп жатқанын естеріңізге сала кетейік. Онда әртүрлі елдердің әскери өнімі ұсынылуда. Іс-шара аясында қонақтар мен қатысушылар қорғаныс секторы кәсіпорындарының жаңа әзірлемелерінің экспозициясымен танысып қана қоймай, сонымен бірге қазақстандық армияның жарақтандыруында тұрған әскери техниканы бағалауға мүмкіндік алады.