KADEX - 2016 көрмесі көрермендердің көңілінен шықты

Төртінші «KADEX-2016» халықаралық көрмесінің соңғы күндерінде елорда тұрғындары мен қонақтары көрмені тамашалады.

 

Есігі айқара ашылды

   Маусымның 4-і мен 5-і күндері. Көрмені көруге жұртшылық көптеп жиналды. Өйткені, бүгін-ертең олар үшін кең алаңның есігі айқара ашық. Бұл мүмкіндіктен қалғысы келмегендер таңсәріден бері осы маңда.

Келушілерде есеп жоқ.  Апалар мен аталар, орта буын ағалар мен әпкелер, қала берді кішкентай балғындарды да бар. Есіктен енген бетте олардың кейбірімен тілдесіп те үлгердік. Кешегі соғыс өртін көрген қарт майдангерлер, бүгінгі Қарулы Күштері сапында жүрген әскерилер отбасымен келіпті. Отан қорғаушылардың ұрпақтары да жиылыпты.

Солардың арасынан әңгімеге тартқан Әлібек ата: «Астанаға қонаққа келіп едім. Әскери техникалардың көрмесіне немерем жетектеп келді. Біз жарылған снарядтың, атылған оқтың ортасында от кештік. Бейбіт өмірде ондай аласапыранды ұрпақтарымызға бермесін», -дегенді айтып, немересіне ілесті.

   «Сарыарқа» ауылы қарсы алды

   Есіктен енген бетте жұртты ұлттық нақышта безендірілген «Сарыарқа» қазақ ауылы қарсы алды. Қос қапталда жағалай қоныстанған киіз үйлер келушілерге қазақ тұрмысының салт-дәстүрлері мен мәдениетін паш етті.

Сол киіз үйдің біріне көппен бірге біз де ендік. Керегеде ілініп тұрған ұлттық аспаптар мен қазақтың киім-кешектері. Ортада домбыраны шертіп тұрған қыз баласы. Алдында ат әбзелдері мен зергерлік бұйымдар жатыр. Қазақтың қару-жарағы да жоқ емес. Киіз үй иелерін әңгімеге тарттық.

«Бес қаруын сайлаған біз қазақтың ұрпағымыз. Ақ найзаның ұшымен елді, жерді қорғаған батыр бабалардың әскери өнері өз алдына, қару-жарағы да ерекше. Олардың шабуыл құралдарын, қорғаныс жабдықтарын жасаумен айналысамын. Ондағы ой – ұрпаққа үлгі болсын дегенім. Мына тұрған қалқан, қылыш, қорамсапты ұландарымыз ғана емес, шетелдіктер де көріп, тамсанып жатыр», - дейді Асхат Дәулеткерімұлы.

Ерлі-зайыпты Асхат пен Гауһардың бұдан өзге теріден, ағаштан, күмістен жасалған бұйымдары бар. Отбасылық «Бесаспап» шеберханасы бұл шараға алғаш рет қатысып отыр. «Алдынғы жылдары шақырту алғанмен жолымыз түспей жүр еді. Халықаралық көрмеге келушілер біздің жұмысқа тәнті. Олардың көбісі ұлтық нақыштағы киім-кешектерімізге, тұрмыстық бұйымдарымызға қызығушылық танытып жатыр. «Кесте тікпейтін әйел, ағаш жонбайтын ер жоқ» дейді. 2000 жылы шаңырақ көтергеннен бергі біздің отбасылық кәсібіміз – осы. Ата тектен жеткен дарыннан ұлдарымыз да құр алақан емес», -дейді отанасы Гауһар Ғабитқызы.

Иә, айтса айтқандай, қос шебердің ұсынған бұйымдарын тамашалап жүргендер көп. Солардың арасынан өзге ұлт өкілдерін кезіктірдік. Қолға ұстаған бұйымдарды олар әрлі-берлі ұстап көріп, сол жайында мағлұмат сұрап жатыр. Қызыққандарын елмен бірге сатып та алды.

Одан шығып, қазақтың тағамын ұсынған киіз үйге жеттік. Ортада үш қыз қымыздарын сапырып отыр. «Қай жақтың қымызы?» деп, сұрастырып, шөл қандыратын сусынға бас қойдық. Әр өңірдің қымызын ұсынып отырған қыздардың есімі – Нұрбақыт, Гауһар, Гүлдәурен екен. «Қымызды сұраушылар көп пе?», -дедік. «Айтпаңыз, кеше түс ортасынан ауа таусылып қалып еді, бүгін соны ескеріп, молынан әкелдік. Дегенмен, өзіміздің ұлттық сусынымызға ештеңе жетпейді», -деді олар.

Оң жақ және сол жақ қапталда бас-аяғы онға жуық киіз үйлер қоныстаныпты. Әр киіз үйдің қызығы өзінде. Кәдесыйлар, бұйымдар, ас мәзірі және тағы басқа өнімдерді ұсынған оларға бас сұғушылар көп болды.

   Ән-жырға бөледі

   Екі жақтағы киіз үйдің ортасында сахна тұр. Сол сахна төрінен әуелеген әндер, күмбірлеген күйлер көптің көңілін бір серпілтіп тастады. Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елімінен», Шөмішбай Сариевтің «Атамекенінен» және осы сынды әндерден ел рухтанды. Әуелеген «Әлия» әнінен,  «Жеңіс жырынан» жастар жігерленді. Бейбітшілік құшағындағы елордасы («Астана» әні), бейбіт күндегі сап түзеген сарбаздары («Сарбаздар» әні), мың бұралған қазақтың қыздары («Мен қазақ қыздарына қайран қалам») да жырланбай қалған жоқ.

Сахна төрінде «Сарыжайлаудан» басталған күй біреннен соң бірі орындалды.

«Біздің оркестр қазақтың күйлерін күмбірлетуде. Бағдарламамызда қазақтың әндеріне баса назар аударылды. Жаны қазақ өзімізді, өнеріміз таңсық өзгелерді ұлттық өнерімізбен сусындатқанды жөн санадық», - дейді Орталық оркестрдің жеке әншісі, кіші сержант Қайырбек Бақытжанұлы.

Сондай-ақ,  үрмелі аспаптардың және камералық музыка аспаптарының концерттерінен де көпшілік көңілдерін көтерді.  

««Биг-бэнд» ҚР ҚК ұлттық-патриоттық орталығы барынша елдің көңілінен шықты деп ойлаймын. Біз ойнаған әуендердің жүрек түкпірінен орын алғанын қошеметтерінен-ақ білуге болады», - дейді осы арада аталмыш оркестрдің дирижері Александр Аблаев.

Айта кетейік, төрт күнге созылған көрмеде ҚР ӘК ҰӘПО Орталық әскери оркестрі, ҚР ІІМ Ұлттық гвардиясының Орталық оркестрі және Астана қаласының мемлекеттік филармониясы ұжымдары өнерлерін ұсынып, жұртты ән мен күйге бөледі.

   Техникалар тәнті етті

   «Сарыарқа» аулынан алыстаған ағайын бұдан соң алаңда тізбектелген әскери техниканың сан түріне кезікті. Танктің, тікұшақтың, ұшақтың небір түрін көріп, таң-тамаша қалған елдер. Кейбірі ішіне еніп, кейбірі сырттағылардан сұрап, техникамен танысуда.

Бүлдіршіндер бір әлем. Көбісі, танкілердің үстіне мініп алып, асыр-сала ойнауда. Шат-шадыман көңіл-күйде. Оларға қарап: «Лайым, жүздерінен күлкі кетпесінші. Барлығы бейбіт заманның барында» деп тұрғанымызда, жанымызға қызы мен ұлын ерткен отбасы келді. Сөзге тарттық. Отағасы – әскери госпитальдің қызметкері, аты-жөні Қуаныш Ескенов. «Әскери ортада жүрген соң бала-шағамның көрмені көріп, тамашалағанын қаладым. Заманымыз тынышта техникаларды осындай іс-шарада көргені дұрыс қой ұрпақтың», -деді ол. Жанындағы жұбайы Айымгүл де: «Қашан да бейбіт болсыншы елімізде» деп, жолдасының сөзін құптады.

   Әскери шоуды тамашалады

   Түс ауа көрермендер демонстрациялық алаңға жиылды. Әскери техникалардың көрсетілімін құрлық әскерлерінің танкілері атыс өнерімен бастады. Құлақ тұндырар соққы күші алаңды дүр сілкіндірді. Одан соң су кедергілерден өтуге, заманауи ұрыс жағдайларында кез келген тапсырмаларды орындауға ыңғайлы «Кобра» барлау машинасы шықты. Жол талғамайтын, шапшаң қимылды «Хаммер» мен жеке құрамды жеткізуге арналған «Ленд ровер» автокөліктері олардан қалыспады. Бірі еліміздің десанттық-шабуылдаушы әскерлеріне, екіншісі арнайы мақсаттағы бөлімшелердің қару-жарағына тиесілі.  

Мұнан соң авиатехниканың мүмкіндіктері паш етілді. Шабуылдаушы топтың қимыл-әрекеті әскери авиацияның көмегімен жасалды. Оны ҚР Қарулы Күштері арнайы операциялар күштерінің бөлімшелері назарға ұсынды. Сондай-ақ, авиациялық оқу орталығы мекемесінің ұшқыш-нұсқаушылары TL-2000, Zlin242 ұшақтарында, ал ҚР әскери әуе ұшқыштары жойғыш Су-27 және Су-30 SM ұшақтарында,  EС 145 тікұшақтарында топтық және жеке түрде ұшу шеберліктерін көрсетті.

Алаңдағы «Па, шіркін!» деген көрермендердің таңғалысы, риза болған қол шапалақтаулар – барлығы солардың қошеметіне арналды. «Біздің елдің жігіттері керемет» деп, шоудан жұртшылық риза болып, тарқасты. 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"