Қазақстанның қуатты армиясы

Қазақстанның қуатты армиясы

Міне, биыл Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне – 27 жыл.
Жиырма алты жылын артқа тастаған еліміздің қорғаныс саласы осы жылдар ішінде небір белестен өтіп, небір қамалдарды алды. Бұғанасын бекітіп, қанатын қатайтты. Өсті, өркендеді, осылайша, бүгінгі келбетіне жетті.

Алғашқы адым

 

Тарихтан мәлім, 1992 жылғы 7 мамырда сол кездегі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» №745 Жарлығы жарияланды. Онда Қазақстан Республикасының территориясына орналасқан әскери бірлестіктердің, құрамалардың, бөлімдердің, мекемелердің, ұйымдардың, полигондардың, арсеналдардың, сақтау базаларының, қоймалардың, жылжитын және жылжымайтын әскери бұйымдардың ендігі жерде Қазақстан Республикасының заңды мүлкі болып табылатындығы және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамына енгізілетіндігі тайға таңба басқандай етіп көрсетілді.

Жаңадан құрылған Қорғаныс министрлігіне үш ай мерзім ішінде аталған әскери құрылымдарды қабылдай отырып, әскерлерді басқару жүйесін қамтамасыз ету және олардың жауынгерлік әзірліктерін тиісті жағдайда ұстау тапсырылды. Әскерлер мен әскери құрылымдардың басшылығына Қазақстан Республикасы Үкіметінің келісімінсіз әскери бөлімдер мен мекемелердің тұрақты мекен-жайларын ауыстыруға, сондай-ақ техникаларды, қару-жарақтарды, материалдық-техникалық мүліктерді Қазақстан Республикасының территориясынан шығаруға тиым салынды. Құжатта бұлармен қатар ең бастысы, Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетіне әскери құрылымдардың барлық үлестік және қамтамасыз ету сұрақтарын шешу жүктелді. Сөйтіп, егемен еліміздің дүниеге келген өз әскерінің алғашқы қадамы басталды.

 

Кейінгі қадам

 

Еліміздің Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жо­ғарғы Бас қолбасшысының тапсырмасы бойынша Қорғаныс ми­нистр­лігі алдында қысқа мерзім ішінде ұтқыр, ұрысқа қабілетті армия құру міндеті тұр­ды. Осы орайда Шы­ғыс, Оң­түс­тік, Батыс және Орталық әс­ке­ри округтері дүниеге келді. Тоқса­нын­шы жылдардың ая­ғын­да ел Қарулы Күш­тері­нің құрылымы реформаланып, Қару­лы Күштер­дің үш түрі – Жалпы мақсаттағы Күштер (бұрынғы Құрлық әс­кер­лері), Әуе Қорғанысы күш­тері мен Мемлекеттік шекараны қорғау күштері енгізілді.

Жаңа ғасырдың басында ел экономикасы жақсарған соң жас мем­лекеттің Қарулы Күш­терін­де оң өзгерістер болып жатты. Осының бар­лығы болмысқа бейімделу қажеттігінен Қазақстанның жаңа әскери доктринасын қабылдауға, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құры­лы­мын әрі қарай жетілдіруге әкеп соқты. Ал, оны жүзеге асыру үш түрлі құры­лымға ауысуды қажет етті. Сөйтіп, Құрлық әскерлерінің құрамына – «Астана», «Оңтүстік», «Батыс» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтары, Әуе қорғаныс күштері мен Әскери-теңіз күштері кірді. Екі дербес әскер тектері – Аэроұтқыр әс­керлері – Жоғарғы Бас қолбасшының ре­зерві, Ракета әскерлері мен артиллериясы да пайда болды. Дәл осы жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы­ның базасында жаңа әскери басқару органы – Штабтар бастықтары комитеті құрылды.

Сондай-ақ, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту­да әскери резервті дайындау, тұрғын үймен қам­тамасыз ету, жинақ­тау шоты жү­йе­сін құру, ипотека, тұрғын үйді жалға алу, гарнизондарда спорт­тық және мәдени-демалыс кешендерін, балалар бақшасының құрылысын салу да қолға алынды.

Осылайша, еліміздің Қарулы Күштері жиырма жылдың белесінен асып, әрі қарайға бет түзеді.

 

Бүгінгі белес

 

Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан армиясы ширек ғасырлық мерейтойын атап өтті. Әрине, бұл жыл маңызды оқиғаларға толы болды. Атап өтер болсақ, мемлекетіміздің тарихындағы ең ауқымды Әскери парад, Әскери доктринаның қабылдануы, еліміздің Қарулы Күштерін жаңғыртудың кезекті жоспары, «Қаратау-2017», «Мызғымас бауырластық», «Жауынгерлік достастық-2017» жедел-стратегиялық оқу-жаттығулары, «Дала қыраны» халықаралық бітімгершілік оқу-жаттығуы, Армия халықаралық ойындары – 2017 және тағы басқалары.  

Осының ішінде, Тәуелсіз Қазақстанның тарихында айрықша датаға, яғни, Қарулы Күштердің құрылуының 25 жылдығына тұспа-тұс келген әскери парад жоғарғы деңгейде өтті. Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығы мен Жеңістің 72 жылдығына орай ұйымдастырылған Әскери парадтың салтанатты маршының жаяу легіне 5 мыңға жуық әскери қызметші, оның ішінде Қазақстан Республикасы Қа­рулы Күштерінің жеке құрамынан 3371 адам тартылды. Тартылған жеке құрам мен әскери техниканың саны бойынша ауқымды әскери парад көптің көңілінде ерекше есте қалды.

Бұдан кейін 2018 жылғы өткізілген жауынгерлік парадта еліміздің Қарулы Күштері кәсібилігі паш етіліп, ел есінде қалды. Атап өтер болсақ, әскери техниканың бар күш-қуаты – жасанды нысанаға зымыраннан ату, бомба лақтыру, қару-жарақтың барлық түрінен ату, жоғары пилотаждың түрлі фигураларын орындау, әуе соғысын жүргізу, десантшылар тобын әуеден жерге түсіру және тағы басқалары – осының барлығы жауынгерлік парадта көрсетілді.

Жамбыл облысындағы «Отар» 40-шы әскери базасында Елбасы – сол кездегі ҚР ҚК Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен бұл парадқа 3 мыңға жуық әскери қызметші қатысып, 300 әскери техника мен қару-жарақ және 40 ұшу аппараты жұмылдырылған еді. 

Қарулы Күштеріміздің қуаты тек жауынгерлік парадта ғана айшықталмайды. Бұған жыл бойғы жауынгерлік қуатты арттырудағы іс-қимылдарды, оқу-жаттығуларды қосыңыз. Мәселен, 2018 жылы Ұлы дала әскері – Мәңгілік ел тірегі!» ұранымен жауынгерлік даярлықтың сапасын арттыруда әскери қызметшілердің классикалық жауынгерлік іс-қимылдарына ден қоюға, таулы және елді мекендердегі қорғаныс, шабуылдау, жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізуге, тау ішінде  жаяу жүріс марштарын жасау, қыста шаңғы тебуге, стратегиялық, жедел-тактикалық және тактикалық оқу-жаттығуларда шыңдала түсуге аса мән берілді.

Мұнымен қоса, «Батыс-2018», «Жауынгерлік бауырластық» және «Бейбіт миссия» сынды ірі ауқымды оқу-жаттығулар, Армиялық халықаралық ойындарда сәтті өнер көрсету, Жоғарғы Бас қолбасшының кубогына қоян-қолтық ұрыстан белді турнирдегі жалпы есептегі жеңіс, БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына қатысу Қазақстан армиясын жетілдірудің жарқын көрсеткіштеріне айналды.

Армияны қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерімен жабдықтау кейінгі жылдарда да жалғасын тапты. Мәселен, былтыр Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық шеңберінде Қазақстанның Қарулы Күштеріне су жаңа жоғары маневрлі Су-30СМ жойғыштарының кезекті партиясы келіп түсті. 

Қазақстан Әскери-әуе күштерінің пайдалануы жылдарында Су-30СМ ұшақтары өзін жақсы жағынан көрсетті. Олар әртүрлі оқу-жаттығуларға, оның ішінде, халықаралық ауқымдағы оқу-жаттығуларға тартылды.  Су-30 СМ ұшақтары «4++» класына жатады және өзінің ұшу және тактикалық-техникалық сипаттамалары бойынша соңғы бесінші үлгідегі ұшақтарға барынша жақындатылған.

Су-30 СМ ұшақтары қарсыластан анағұрлым қашықтықта және кез келген жағдайда жауынгерлік тапсырмалардың кең ауқымын орындауға қабілетті. Ұшақтың аталмыш типі радиолокацияға қарсы және корабльге қарсы басқарылатын зымырандарды, орташа және шағын қашықтықтағы «әуе-әуе» класындағы басқарылатын зымырандарды, жоғары дәл авиациялық бомбаларды пайдалана алады. Жойғыш әуедегі үстемдікке жету, оның ішінде, түнгі уақытта және күрделі метеорологиялық жағдайларда әуеайлақтарды оқшаулау, әуе, жерүсті және теңіз межелерін жою үшін арналған. 

Айта кетейік, бұл іс әлі де жалғасуда.

Тағы да айтпай кетуге болмайтын жайт, өткен жылдың жағымды жаңалығы – әскери қызметтің беделін, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік-құқықтық мәртебесін арттыруға бағытталған Заңның қабылдануы еді.

ҚР Президентінің «Тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойғандығы жөніндегі жаңалықты әскери қызметшілер жылы қабылдады.

Қабылданған заңда әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін баспанамен қамтамасыз етудің жаңа тетігі қарастырылып, 2018 жылдан бастап еңбек өтіліне қарамастан (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді, кадеттер мен курсанттарды) екінші деңгейдегі банктерде шоттарға тұрғын үй төлемдерін аудару арқылы қолданыстағы заңнамада қарастырылған үстемақыны алмастыратын болды.


Сөз соңы

 

Міне, тағы бір жылын артқа салып, еліміздің Қарулы Күштері 27 жылға аяқ басты. Жыл жаман басталмады. Қарулы Күштерде Елбасының Жолдауы мен тапсырмаларын іске асыру қолға алынуда. Соның арқасында 2019 жылы Қарулы Күштердің мыңдаған азаматтық персонал өкілінің материалдық жағдайы жақсарды. Оған дәлел – әскери қызметшілердің 2200-ден аса отбасылары  «Әскери баспана» жаңа бағдарламасы бойынша баспана алу мүмкіндігіне ие болғаны. Сондай-ақ әскери қалашықтардың инфрақұрылымын жетілдіру, гарнизондарда спорттық, мәдени және әлеуметтік нысандарды салу жөнінде ауқымды жұмыстар да – жоспардағы іс.

Жаңа оқу жылын «Рухани жаңғыру» – жауынгерлік рух тірегі» ұранымен бастаған Қазақстанның Қарулы Күштері биыл да әлеуетін арттырып,

жауынгерлік даярлықтың қарқындылығын өсіреді деген ойдамыз.

Қазақстанның қуатты армиясы айбынын асқақтатып, белестен белеске биіктей береді деген бек сенімдеміз.

 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи