Қарулы Күштерінің 25 жылдығына – жоғары жауынгерлік әзірлік

Қарулы Күштерінің 25 жылдығына – жоғары жауынгерлік әзірлік

Күнтізбеден күні кеше ғана орын алған биылғы жыл да түгесіліп келе жатыр. Осы жылы айбынды әскеріміздің оқу жылы қалай өтті, жауынгерлік әзірліктерін жетілдіруде қандай жаттығуларды жалғастырды? Халықаралық жаттығуларда жеткен жетістіктері бар ма? Төменде осыны сараптап, зерделеп көргенді хош көрдік. Сонымен...

Әлқисса
Алдыңғы жылы еліміздің Қарулы Күштерінің  2017 жылға арналған жауынгерлік даярлықтың негізгі бағыттары белгіленіп, бұл жыл Қазақстан Қарулы Күштеріне 25 жылдығына тұспа-тұс келгендіктен,  «Қарулы Күштердің 25 жылдығына – жоғары жауынгерлік әзірлік» ұранымен айқындалды.
Жыл бойы әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығындағы негізгі күш-жігер әскерлердің жауынгерлік қабілеттілігінің жоғары деңгейін ұстап тұруы тиіс. Соған сәйкес жеке құрамды оқытып-үйрету бойынша практикалық сабақтар, жауынгерлік іс-қимылдарды ұйымдастыру және заманауи автоматтандырылған басқару және байланыс жүйелерін қолдана отырып, әскерлерді басқару бойынша әскери басқару органдарының жұмыс жасау әдістерін жетілдіру жалғастырылды. Жеке құрамның, қару-жарақ пен әскери техниканың қайта орналасуы мәселелерін пысықтай отырып, еліміздің аумағында және халықаралық екіжақты және түраралық оқу-жаттығуларға Қазақстан Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің қатысуы мен өткізілуі тәжірибесі де жалғасын тапты.
Осылайша, 2016 жылдың 2 желтоқсан күні Қазақстанның Қарулы Күштерінде «Қарулы Күштердің 25 жылдығына – жоғары жауынгерлік әзірлік!» ұранымен жаңа оқу жылы басталды.

Қысқы оқыту кезеңі: Саптық сабақтар мен тактикалық жаттығулар
  
Ә дегеннен-ақ,  Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде желтоқсанның 2-сі мен 9-ы аралығында жауынгерлік әзірлік мәселелері бойынша тактикалық-саптық сабақтар бастау алды. Тактикалық-саптық сабақтар «қарапайымнан күрделіге» қағидаты бойынша жүргізілді.
Ең алдымен, бөлімшелер мен взводтар деңгейінде, әрі қарай роталар мен батальондар, әскери бөлімдер, өңірлік қолбасшылықтар (әскер тектері), содан кейін әскер түрлері деңгейінде және Қарулы Күштер ауқымында өтті.
Бұл сабақтардың мақсаты жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру және арналуы бойынша тапсырмаларды орындау барысында әскерлерді басқару кезінде басқару органдарының (штабтардың) жұмыс жасау үйлесімділігін арттыру, Қарулы Күштердің хабардар етілу жүйесін тексеру, жасақтаушы жергілікті әскери басқару органдарымен, басқа да әскерлер және әскери құралымдармен әскери бөлімдердің өзара іс-қимылын ұстап тұру болып табылды.
Осылардың бірді-екілісіне тоқталайық. Мәселен,  наурызда «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты «Шығыс» жалпыәскери полигонында, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының «Қаработан» полигонында тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар өтті. Бұл оқу-жаттығу әскери бөлімдерді жауынгерлік әзірлікке келтіру, жеке құрамды берілген ауданға шығару және далалық лагерьді жабдықтау, мамандандырылған әскери техниканы қолдана отырып, барлау-жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу, күштер мен құралдарды тапсырмаларды орындау ауданына шығару бойынша мәселелердің пысықталуын көздеді.  
Сценарий бойынша бөлімшелер елді мекенге жылжып,  заңсыз қарулы құралымдар бірқатар нысандарды басып алды. Әскери қызметшілер ғимаратты бұғаттап, блокбекеттер ұйымдастырып, шабуылдауды жүргізіп, содырларды қырып жойды.
Айта кетейік, оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау барысында арнайы бөлімшелер алғаш рет жарақтандыруға келіп түскен «Арлан» отандық броньдалған дөңгелекті машиналарды сынамадан өткізді. Оқу-жаттығулар ҰҚК Шекара қызметі, ІІМ Ұлттық ұланы бөлімшелері, сондай-ақ, жергілікті атқару органдарымен өзара іс-қимыл барысында жүзеге асырылды.
Ал, жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес Қазақстан Қарулы Күштерінің «Мәтібұлақ» полигонында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінің бригадалық-тактикалық оқу-жаттығуы өтті. Олардың міндеті оңтүстік стратегиялық бағытта шартты қарулы шиеленісті оқшаулау және жолын кесу барысында дағдарыстық ауданда арнайы әскери іс-қимылдарды өткізу болды. Осы орайда жеке құрам штаттық техникада ұдайы орналасу орындарынан 1 000 шақырымнан жоғары қашықтықта орналасқан полигонға дейінгі ара қашықтықты еңсеріп, құрамдастырылған тәсілмен марш жасады.  
Негізгі міндеттен басқа, әскери бөлімдердің қолбасшылығы мен жеке құрамы оқу-жаттығу барысында далалық жағдайларда әскерлерді орналастыру, әскерлер қызметін ұйымдастыру, жауынгерлік күзету, жарақтандыру, ұдайы орналасу пункттерінен қол үзу жағдайларында әскери техниканы бүркемелеу және пайдалану мәселелері пысықталды.
Оған мотоатқыш, инженерлік-саперлік, артиллериялық және танкті құрамалар мен бөлімдер, құрама медициналық взвод, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының байланыс және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімшелері тартылды. Барлығы шамамен 3 000 әскери қызметші, 150-ден аса бірлік броньды техника, 450-ден астам бірлік дөңгелекті техника және 2 500-ден аса бірлік атқыш қаруы қатысты. Әскери техниканың теміржол тәсілімен жылжуы үшін әскери қатынастар органдары техниканы тиеу және түсіруді ұйымдастыра отырып, шамамен 10 эшелон дайындады. Қосымша қатысуға десанттық-шабуылдау батальоны, Шекара қызметі, Ұлттық ұлан, аумақтық қорғаныстың жедел топтары, сондай-ақ, Әуе қорғанысы күштерінің жедел-тактикалық қолбасшылығы тартылды.
Осы тектес іс-шаралар, бір уақытта бірнеше оқу-жаттығу полигонында өңірлік қолбасшылықтардың, сондай-ақ, Десанттық-шабуылдау әскерлері әскери бөлімдері мен бөлімшелері жеке құрамының қатысуымен Қазақстанның Қарулы Күштерінде жауынгерлік оқ атулармен роталық-тактикалық топтардың тактикалық оқу-жаттығуы өтті.
Оқу-жаттығу әдістемелік-нұсқаулық сабақтардан басталып, жауынгерлік оқ атулармен аяқталды. Әскери бөлімдер дабыл бойынша көтерілді. Әскери қызметшілер ұдайы орналасу пункттерінен берілген аудандарға марш жасады, шабуылдауда, қорғаныс пен арнайы операцияларда тапсырмаларды орындады. Жеке құраммен қорғаныс шептерін ұйымдастыруды, сондай-ақ, ұрыстың әртүрлі динамикасында штаттық, бекітіліп берілген және ұстап тұрушы атыс құралдарынан жауынгерлік оқ атуларды қамтитын инженерлік даярлық бойынша сабақтар өткізілді.
Практикалық бөлігі «Іле», «Сарыөзек», «Қазақстан», «Жетісу», «Көктал» оқу-жаттығу орталықтарының базасында «Майлино», «Спасск» және басқа да полигондарда өрістетілді. Роталық-тактикалық топтардың тактикалық оқу-жаттығуы жауынгерлік әзірлікті, роталардың үйлесуін тексеру, әскери қызметшілердің өз функционалдық міндеттерін іс жүзінде орындауын бағалау, сондай-ақ, жауынгерлік даярлық пәндерінде жеке құрамның машықтарын жетілдіру мақсатында өткізілді.
Бұл заманауи жалпыәскери ұрысты жүргізуге дайындалуда командирлер мен бөлімшелердің далалық дағдысының анағұрлым тиімді үлгісі болып табылады.
Айта кететін жайт, «Мәтібұлақ» полигонында әскери ведомство басшысы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов бригадалық тактикалық оқу-жаттығудың шешуші кезеңінің барысын тексеріп, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінің дайындығына оң баға берді.

Қысқы оқыту кезеңі: Қорытынды

Сәуірде қысқы оқыту кезеңінің қорытындысы бойынша бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілеттілігінің деңгейін бағалау барлық әскери бөлімдер мен түрлер, әскер тектері құрамаларында және өңірлік қолбасшылықтарда өткізілді.
Осы орайда ҚР ҚК Бас штабымен арнайы кешенді комиссия құрылып, олар еліміздің барлық өңірлеріне жіберілді. Бақылау тексерісі екі кезеңде өткізілді.
Тексеріске басшылық ету мен бақылау жасау Қорғаныс министрінің орынбасарларына тиіселі болды. Мәселен, Оңтүстік бағыттағы бақылау тексерісіне Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Мұрат Майкеев, шығыс өңірінде Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Оқас Сапаров жалпы жетекшілік етті. Сондай-ақ, оңтүстік-шығыс бағытта тексеру барысын Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Талғат Мұхтаров, орталық бағытта ҚР Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясының бастығы генерал-лейтенант Құрбан Қаражанов, батыс аймақта Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Талғат Жанжүменов бақылау жасады.
Екінші кезеңде оңтүстік бағыттағы тексеріс Бас штабы бастығының бірінші орынбасары генерал-майор Әмір Халиковтың, шығыс бағытында Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласовтың, оңтүстік-шығыс бағытында Бас штабы бастығының орынбасары авиация генерал-майоры Нұрлан Кәрбеновтың, батыста Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Әділбек Алдабергеновтің, орталық бағытта ҚР ҚК БШ Стратегиялық жоспарлау департаментінің бастығы генерал-майор Руслан Шпекбаевтың басшылық етуі және бақылауымен өтті.
Бақылау тексерісі кезінде әскери бөлімдер жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтірілді. Жеке құрам роталық лектерді шоғырландыру және қалыптастыру мәселерін пысықтады. Жауынгерлік оқ атулар орындалды. Оқ ату даярлығының нормативтерін орындау тиісті оқу-жаттығу орталықтары мен «Астана», «Шығыс», «Оңтүстік» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарының полигондарында жүзеге асырылды.
Әскери қызметшілер атыс қаруынан, жаяу әскердің ұрыс машиналары қару-жарағы мен танктерден оқ атуларды орындады. Тексеру күндізгі уақытта ғана емес, сонымен бірге, түнгі уақытта да өтті. Түнгі мезгілде іс жүзінде көрсетілген ауданға жылжу, батальон (рота) командалық-бақылау пунктін өрістету, шешім қабылдау, жауынгерлік тапсырмаларды беру, кіріспе бойынша қойылған тапсырмаларды орындау барысында бөлімшелерді басқару және жауынгерлік оқ атуларды өткізу пысықталды.
Жалпы алғанда, бақылау тексерісі барысында әскери қызметшілер атыс, тактикалық, арнайы даярлық, ұрыс машиналарын жүргізу, әскери топография, инженерлік, дене және саптық даярлық бойынша нормативтерді тапсырды. Сондай-ақ, комиссиямен қару-жарақ пен әскери техниканың жай-күйі, бағынысты құрамаларда жауынгерлік даярлықты басшылыққа алу жөнінде лауазымды адамдардың жұмысын ұйымдастыру жүйесі, жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігі тексерілді.
Жалпы, Қазақстан Қарулы Күштерінің әскерлері бақылау сабақтарда жоғары нәтижелерді көрсетті.


Жазғы оқыту кезеңі: Командалы-штабтық жаттығулар мен далалық сабақтар

Жазғы оқыту кезеңі шеңберінде  Қазақстанның Қарулы Күштерінде аумақтық қорғаныс бригадаларының басқармаларымен командалық-штабтық оқу-жаттығулар ұйымдастырылды. Мысалы,  ҚР ҚК Аумақтық қорғаныс бас басқармасы Павлодар және Ақмола облысының аумақтық қорғаныс бригадаларының басқармаларымен өткізген, сондай-ақ, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығындағы командалық-штабтық оқу-жаттығуларын айтуға болады.
Аталған оқу-жаттығулардың негізгі мақсаты аумақтық қорғаныс бригадалары басқару органдарының жауынгерлік әзірлігін, сондай-ақ облыстардың (аймақтардың) аумақтық қорғаныс тапсырмаларын шешу барысында жоспарлаушы жауынгерлік және графикалық құжаттарды әзірлеуде, әскери жағдай режімін қамтамасыз ету жөнінде практикалық тапсырмаларды пысықтауда аумақтық қорғаныс бригадалары басқармалары командирлерінің, лауазымды адамдарының үйлесімділіктері мен іс-қимыл машықтарын жетілдіру еді.
Аталмыш жаттығу барысында әскери бөлімдердің жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіріліп,  марш жасап, дағдарыс ауданында арнайы әскери іс-қимылдарды ұйымдастыру мен өткізуге шешім қабылдап, күрделі оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындады.
Жалпы, командалық-штабтық жұмылдыру оқу-жаттығулары Қазақстаның Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері мен мекемелерінде өтті.  ҚР ҚК негізгі іс-шараларының жоспарына сәйкес өңірлік қолбасшылықтардың қолбасшылары, ҚР Қарулы Күштері бас басқармалары бастықтарының жетекшілік етуімен командалық-штабтық жұмылдыру оқу-жаттығуына бірікті. Оқу-жаттығу барысында адами ресурстарды шақыру және көлік құралдарын жеткізу мәселелері бойынша әскери бөлімдердің жергілікті әскери басқару органдарымен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі мәселелер пысықталды.
Мұнымен қоса, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің дайындық жоспарына сәйкес өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектері байланыс бөлімшелерінің әскери қызметшілерімен далалық сабақтар өтті. Оған
барлығы 1500-дей әскери қызметші тартылды. Далалық сабақтар жауынгерлікке жақындатылған жағдайларда теориялық білімді бекіту және практикалық машықты жетілдіру мақсатында өткізілді. Байланысшы жауынгерлер өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектері жүйесінде басқаруды қамтамасыз етіп, сымды, радио және жерсеріктік байланысты орнатты.
Сабақтар бөлімдердің ұдайы орналасу пункттерінің жанында жабдықталған бес полигонда ұйымдастырылды. «Құрлық әскерлерінде қайта жарақтандыру, жаңа жаңғыртылған техника және қару-жарақ үлгілерімен жабдықтау жоспарлы түрде жалғасуда. Бүгінде байланыс бөлімшелері 80%-ға жаңа заманауи компьютерлендірілген байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Осының арқасында әскери қызметшілер сандық техниканы баламалы байланыс құралдарында жұмыс жасаумен салыстырғанда бес есеге жылдамырақ өрістетіп, ретке келтіреді», - дейді ҚР ҚК Құрлық әскерлері байланыс әскерлерінің бастығы подполковник Азамат Қартабаев.
Сондай-ақ, «Мәтібұлақ» полигонында ҚР ҚК Құрлық әскерлері әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелері де далалық жорыққа шықты.
Сабақ барысында әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің офицерлері мен сержанттары іс жүзінде шабуылдауда (қорғаныста) жауынгерлік іс-қимылдарды ұйымдастыру, арнайы әскери іс-қимылдарға қатысу кезінде бөлімшелерді басқару жөніндегі мәселелерді пысықтады және сынақ оқу атуларын орындады.   Әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшелерінің далалық шығуы қыркүйектің соңына дейін жалғасты.
Сондай-ақ жазғы оқыту кезеңінде Қазақстанның Қарулы Күштерінде батальондық тактикалық топтармен оқу-жаттығулар жалғасын таппай қалған жоқ. Тамызда барлық әскери бөлімдер мен құрамаларда толық жауынгерлік әзірлікке келтіре отырып, батальондық тактикалық топтардың оқу-жаттығулары болды.
Әскери бөлімдер мен құрамалардың әрқайсысы оқу-жаттығудың төрт кезеңі бойынша өздерінің тапсырмаларын орындады. Мәселен, бітімгерлер елді мекенді қоршау, бейбіт құралдармен шиеленісті реттеу үшін жағдай жасауда өздерінің шеберліктері паш етіп, халықаралық міндеттемелерге сәйкес жауласушы тараптарды бөлу жөніндегі бітімгершілік операцияға қатысты. Барлау бөлімшелері көрсетілген ауданда заңсыз қарулы құралымдарды анықтау және жою тапсырмасын орындады.
Жауынгерлік оқ атуларды өткізу кезінде өткізілген оқу-жаттығулар барысында негізгі назар дұрыс тактикалық іс-қимылдарға, ұрыста қаруды шебер әрі тиімді қолдануға және бөлімшелердің атысын басқаруға, сондай-ақ қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға аударылды. Оқу-жаттығу полигондарында күндіз және түнде жерүсті және әуе нысаналары бойынша атыстың жүргізілуін қарастыратын қажетті жағдай жасалды.
Жалпы алғанда, оқу-жаттығуға 4000-нан аса әскери қызметші, 300 бірліктен аса қару-жарақ пен әскери техника қатысты. Батальондық тактикалық топтардың оқу-жаттығулары 25 тамызға дейін жалғасты.


Бірлескен бітімгершілік және стратегиялық жаттығулар
Жалпы, жыл бойы әскерлер «Дала қыраны – 2017», «Жауынгерлік бауырластық – 2017»,  «Қаратау – 2017» жедел-стратегиялық оқу-жаттығу іспетті бірқатар ауқымды халықаралық лаңкестікке қарсы және бітімгершілік оқу-жаттығуларға, оның ішінде, ҰҚШҰ-ның жедел ден қою Ұжымдық күштері әскери контингенттерінің құрамындағы «Өзара іс-қимыл – 2017», сондай-ақ, ШЫҰ мүше мемлекеттері Қарулы Күштерінің «Бейбіт миссия – 2017» оқу-жаттығуына қатысты.
«Дала қыраны-2017».  Сәуір айында  Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің «Іле» оқу-жаттығу орталығының базасында «Дала қыраны» – «Көктем – 2017» тактикалық-арнайы бітімгершілік оқу-жаттығуының алғашқы фазасы өтті.
Әдеттегідей, «Іле» әскери полигонында өткен жаттығуға Ұлыбритания, АҚШ пен Қазақстан бітімгершілік бригадалары қатысты.
Шартты сценарий бойынша елді мекенге баса көктеп кіріп, жанжал тудырмақ болған қарулы топқа тосқауыл қойылды. Оқу-жаттығу барысында қазақстандық бітімгершілер АҚШ пен Ұлыбританияның әскери қызметшілерімен бірлесе жауапкершілік аймақтарын патрульдеу, блокбекеттерді орнату құралдары бойынша көлік магистральдарын бақылау, тобырды бақылау және келіссөздерді жүргізу, бітімгершілік базаны күзету, жекелеген тұлғалар мен ізгілік жүктерді айдауылдау және ілесіп жүру, миналық учаскелерді залалсыздандыру және алғашқы медициналық жәрдем көрсету мәселелерін пысықтады. Әскери қызметшілермен тәжірибелі қазақстандық, американдық және британдық нұсқаушылардың жетекшілік етуімен теориялық және практикалық сабақтар өткізілді. Барлық жоспарланған іс-шараларды сапалы өткізу үшін қажетті инфрақұрылым құрылды. Оқу-жаттығу орталығы шегінде бітімгершілік базалар мен босқындардың елестету лагерьлері өрістетілді.
Оқу-жаттығудың белсенді фазасын өткізу кезінде Қазақстан Қарулы Күштерінің оқу-жаттығу орталығы босқындардың елестету лагерьлерімен нағыз бітімгершілік базаға айналды. Жасалған инфрақұрылым барлық жоспарланған іс-шараларды сапалы өткізу үшін шанайы жағдайда барынша жақындатылған түрде модельдеуге мүмкіндік берді.
Ал бұл бітімгершілік жаттығуының екінші кезеңі шілденің 22-сі мен тамыздың 4-і аралығында өтті. Нәтижесінде, «Жедел әлеует тұжырымдамасы» бағдарламасы бойынша стандарттарға сәйкестігін растаған «Қазбат» қазақстандық бітімгерлік батальоны жеке құрамының дайындық деңгейі НАТО сарапшылары тарапынан ресми оң бағасын алды.
Бұдан кейін, биыл алғаш рет ТМД аумағында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы Қарулы Күштері инженерлік бөлімшелерінің «Саперлар достастығы – 2017» оқу-жаттығуын ауызға іліктіре кетейік. «Отар» 40-шы әскери базасының «Мәтібұлақ» полигонында өткен оқу-жаттығу барысында екі елдің инженерлік бөлімшелері жерді жаппай минасыздандыру, жолдарды, ғимараттар мен құрылыстарды минасыздандыру, әртүрлі тәсілдермен оларды жою бойынша тапсырмаларды орындады. Шешуші кезеңде қатысушылар тазартылған аумақты жергілікті атқару органына тапсыруды жүзеге асырды.
Аталған оқу-жаттығуға алғаш рет мина іздестіру иттері мен радиобасқарылатын фугастардың радиобелгілерін басу аспаптары қолданылды. Бөлімшелер төрт әскери қызметшіден құралған құрама есептоптар құрамында жұмыс атқарды. Олардың үшеуі ҚР Қарулы Күштерінің және бір әскери қызметші Қырғыз Республикасының намысын қорғады. Оқу-жаттығуға шынайыға барынша жақындатылған жағдайды жасау үшін шиеленіс барысында заңсыз қарулы құралымдар бірнеше елді мекенді және оған жапсарлас аумақты минасыздандырғанын болжамдайтын жағдай жасалды. Бұл ретте әскери үлгідегі қауіпті жарылғыш заттар, қолдан жасалған жарылғыш құрылғылар, миналаудың стандартты емес әдістерін қолдана отырып, алынбайтын элементтері бар әртүрлі оқ-дәрілер пайдаланылды. Оқу-жаттығу кезінде Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері ізгілік минасыздандыру бойынша тапсырмаларды орындауда мол практикалық тәжірибе жинақтады.
Мұнан кейін ауыз толтырып айта кетерлік ірі жаттығу – «Қаратау-2017» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуы. Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес «Қаратау – 2017» оқу-жаттығуына жетекшілік ету Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Мұрат Майкеевке тапсырылды. Аталмыш оқу-жаттығудың ерекшелігі  4 бағытта әскерлердің ірі топтамасын бір уақытта басқару, Қарулы Күштер, әскер тектері, жауынгерлік және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімдері барлық түрлерінің өзара іс-қимыл жасауы, сондай-ақ әскери барлау күштері мен құралдарының мүмкіндіктерін тексеру болып табылды.
Қыркүйек айының ортасында басталған жаттығуға 10 мыңға жуық әскери қызметші, бір жарым мыңнан аса жауынгерлік техника, 40-тан аса ұшақ пен тікұшақ, сондай-ақ Әскери-теңіз күштерінің корабльдері тартылды.  
Оқу-жаттығу басталысымен әскерлерді басқару далалық басқару пункттерінен жүргізілді. Оқу-жаттығу барысында қолбасшылар мен командирлердің қалыптасқан жағдайды жылдам бағалап, анағұрлым мақсатқа сай шешім қабылдау шеберліктеріне ерекше көңіл бөлінді.
Ал, белсенді кезеңінде барлау бөлімшелерінің күштері мен құралдары шартты қарсылас орналасқан аудандарды толық барлауды жүргізді. Бөлімшелер шартты қарсылас орналасқан аудандарды оқшаулау үшін бекіністерге тұрақтады.
Негізгі күштердің белсенді іс-қимылдары алдында арнайы операциялардың бөлімшелері заңсыз қарулы құралымдардың анағұрлым маңызды объектілерін барлау мен жоюды ұйымдастырды. Авиацияны бағыттау тобы 6000 метрден парашюттік тәсілмен десанттады. Мұндай биіктік қондыру кезінде байқалмауға мүмкіндік берді. Ал арнайы оттегі жабдығы мен экипировка әскери қызметшілерге дем алуды және үлкен биіктіктерде төмен температура мен желден қорғануды қамтамасыз етті. Жаңа үлгідегі «Skylark» ұшқышсыз ұшу аппараттары түнгі жағдайларда нысаналарды айқындады. Өз кезегінде, «Wing Loong» барлау соққы жасайтын ұшқышсыз ұшу аппараттары өздігінен бақылауды жүргізді және шынайы уақыт режімінде анықталған қарсыласты зымырандармен жойды. Әскерлер қолбасшылары қабылдаған шешімдерге сәйкес шартты дағдарыс аудандарына мотоатқыш, танкті, десанттық-шабуылдау және артиллериялық бөлімшелердің негізгі күштері ден келді.  
«Қаратау – 2017» оқу-жаттығуының ниетіне сәйкес заңсыз қарулы құралымдар өкілдерінің корабльді басып алу эпизоды да ойнатылды. Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік жүзушілерінен құралған бөлімше Қазақстан Республикасы әлеуетті ведомстволарының арнайы мақсаттағы бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасауда басып алынған кемені босату және шартты лаңкестерді жою жөнінде операция өткізді.
Баса айта кететін жайт, «Қаратау-2017» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуының шешуші кезеңіне қорғаныс ведомствосының басшысы куә болды. Генерал-полковник Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасары Азамат Әбдімомынмен бірлесе дағдарыс ауданында заңсыз қарулы құралымдарды оқшаулау және жою бойынша бригадалық тактикалық топтың тактикалық іс-қимылдарын бақылады.
Қыркүйектің 12-сі басталған ауқымды шара қыркүйектің 21-і күні сәтті аяқталды. Жеке құрам штаттық техникада және қару-жарақпен марш жасап, ұдайы орналасу пункттеріне келді. Оқу-жаттығуда бірқатар маңызды мәселелер пысықталды. Атап айтқанда, бірнеше операциялық бағыттарда басқаруды ұйымдастыру, сондай-ақ түрлер мен әскер тектері арасындағы өзара іс-қимыл, шағын биіктіктерде парашюттерді аша отырып, үлкен биіктіктерден түнгі көру аспаптарын пайдалана отырып, арнайы жабдықпен жеке құрамның десанттауы, түнгі жағдайларда майдандық және армиялық авиацияны келтіру, ұшқышсыз ұшу аппараттары, артиллерия және авиация бөлімшелері құрамында өңірлік қолбасшылықтың жауынгерлік барлау-басқару жүйесін құру және тағы басқалары.
Қазан, қараша айларындағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы Шарт  Ұжымы Ұжымдық жедел ден қою күштерінің «Жауынгерлік бауырластық-2017» оқу-жаттығуының «Іздестіру -2017», «Өзара іс-қимыл -2017», «Мызғымас бауырластық» және шешуші кезеңдерінде де біздің елдің жауынгерлері жоғары әзірліктерін паш етті. Айта кететін жайт, Ұжымдық жедел ден қою күштерінің «Жауынгерлік бауырластық – 2017» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуы биылғы жылы алғаш рет бірыңғай түпкі ниет, қисынды бірізділікте өтті. Ол қазан-қараша айларында Ресей Федерациясы, Армения, Қазақстан және Тәжікстанның аумағында кезекпен-кезек өтті.
Бірінші кезеңі – «Іздестіру – 2017» оқу-жаттығуы барысында Ұжымдық жедел ден қою барлау органдарының күштері мен құралдарын қолдану пысықталды. Жаттығудың белсенді фазасы «Өзара іс-қимыл – 2017» Армения Республикасының үш полигонында өтті. Негізгі іс-қимыл Ереван қаласының маңында орналасқан «Баграмян» полигонында өрістетілді. Мұнда ұрысқа енгізілген мотоатқыш ротасының маневрлі қорғанысынан кейін танктердің, артиллерия мен авиацияның қолдауымен мотоатқыш батальоны шығып бара жатқан қарсыласты талқандады. Одан басқа, Ресей Федерациясының арнайы мақсаттағы бөлімшесінің күшімен лаңкестерді жою және кепілге алынғандарды босату жөнінде операция өткізілді. Ал, тактикалық әуе десанты Беларусь пен Қазақстанның әскери контингенттері құрамында белгіленген ауданда маңызды шепке орналасып, заңсыз қарулы құралымдардың шегінуін оқшаулады.
Жауынгерлік бауырластық-2017» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуының кезекті кезеңі «Мызғымас бауырластық-2017»  (Алматы облысының «Іле» полигонында өтті) бірлескен оқу-жаттығу барысында ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштерінің құрылуы, ҰҚШҰ-ның құрамына кірмейтін мемлекет аумағында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бұрыштамасы бойынша өткізілетін бейбітшілікті ұстап тұру жөніндегі операция ауданында олардың өрістетілуі, бейбітшілікті ұстап тұру жөнінде операцияны жүргізу, сондай-ақ бітімгершілік тапсырмаларды орындау кезінде халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау мәселелері пысықталды.
Оқу-жаттығудың белсенді фазасында бітімгершілік бөлімшелердің жеке құрамы іс жүзінде бақылау-өткізу және бақылау пункттерінде қызмет өткеру, жергілікті жер мен елді мекендерді патрульдеу, маңызды нысандарды күзету, жер мен нысандарды минасыздандыру, радиациялық, химиялық және биологиялық барлауды жүргізу, өрт салдарын жою, жаппай тәртіпсіздіктерге қарсы тұру, ізгілік жүктерді алып жүру, заңсыз қарулы құралымдарды оқшаулау және жою кезіндегі іс-қимылдарды пысықтады.
Оқу-жаттығу барысында ҰҚШҰ ҰБК поицейлер персоналының іс-қимылдарын БҰҰ Полиция департаментінің қоғамдық тәртіп жөніндегі кеңесшісі Джорджио Джиаймо қадағалап отырды. Сондай-ақ оқу-жаттығуға бақылаушылар ретінде Қазақстан Республикасында аккредиттелген әскери-дипломатиялық корпус өкілдері, халықаралық және өңірлік ұйымдардың (БҰҰ, ҚКХК), бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Ал, «Жауынгерлік бауырластық-2017» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуының шешуші кезеңі Тәжікстан Республикасының «Харбмайдон» полигонында өтті. Бір жарым ай бойы Ресей, Армения, Қазақстан және Тәжікстанның полигондарында ҰҚШҰ-ның барлық елдерінен келген әскери контингенттер әскерлердің коалициялық топтамаларын бірлесіп жоспарлау және қолдану шеберліктерін шыңдады. Жаттығуға қатысқан ҚР ҚК Арнайы операциялар күштерінің бөлімшелері шығуы қиын таулы аудандарда қондыру тәсілімен десанттауды жасап,  шартты қарсыласты оқшаулады. Қазақстан ӘӘК майдандық авиациясы содырлардың жиналатын, заңсыз қарулы құралымдардың техникасы мен қару-жарағының шоғырланатын жерлерін белгілейтін межелер арқылы дәл зымыран-бомбалық соққылар жасады. Осы әрекеттермен содырлардың жақын маңдағы резервтері олардың негізгі күштерінен ажыратты.

Сөз соңы
Иә, айта берсек, үстіміздегі жылы Қазақстан Қарулы Күштерінің әскерилері қатысқан оқу-жаттығулар жетерлік. Қыстың қаһарлы күнінде де, көктемнің жадыраған кезінде де, шіліңгір шілдеде де, күздің ызғарында да шыңдалған олар төзімділіктерін, сынға шыдас қайсар мінездерін танытты.
2017 жылдың қорытындысына келсек, осы  жылы жауынгерлік даярлық жоспары бойынша ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің әскери бөлімдері мен бөлімшелері бөлімшелердің (есептоптардың)  2000-ға жуық жауынгерлік оқ атуын өткізіпті. Оның ішінде, түнгі мезгілде  – 34,2 %, взводтардың 1000-нан аса жауынгерлік оқ атуы, оның ішінде, түнгі – 38,2 %, роталық тактикалық оқу-жаттығулар – 300-ден аса, оның ішінде, түнгі – 35,3 %, батальондық тактикалық оқу-жаттығулар – 200-ден аса, оның ішінде, түнгі – 47,3
Тактикалық дайындық бойынша практикалық сабақтар заманауи жалпыәскери ұрыстың жүргізілу жағдайларына барынша жақындатылды. Одан басқа, ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің құрамалары мен әскери бөлімдері 2017 оқу жылы ішінде барлық ірі ауқымды, жедел-стратегиялық оқу-жаттығуларға және мемлекеттік маңызы бар өзге де іс-шараларға қатысты.
Ал, 2017 оқу жылы бойынша ҚР Әуе қорғанысы күштерінің жауынгерлік даярлығы қорытындысының нәтижелері бойынша негізгі іс-шаралар 12 ұшу-тактикалық оқу-жаттығу болды. Ұшу тапсырмаларын орындау кезінде ұшқыштар әуеден маневрлеу, әртүрлі биіктіктерде, күндіз және түнде күрделі ауа райы жағдайында пилотаждау машығын жетілдірді. Оқу әуе ұрыстарында ұшқыштар күрделі және жоғары пилотаж шеберлігін меңгерді. Алғаш рет «Сарышаған» полигонындағы «Жауынгерлік бауырластық – 2017» жауынгерлік оқ атуы бар бірлескен оқу-жаттығуда «әуе-әуе», «әуе-жер» класындағы, авиациялық бомбалармен бомба лақтыру, басқарылмайтын авиациялық зымырандардың іске қосылуы орындалды. «Қаратау-2017» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуы барысында ұшқышсыз ұшу аппарататтары қолданыла отырып, ұшу-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді.
Жүргізілген ауқымды жұмыс ҚР ҚК ӘҚК ұшу құрамы жауынгерлік тапсырмаларды орындауға әзір және мемлекеттің әуе шептерін күзету бойынша қойылған тапсырмаларды әрдайым орындай алатынын көрсетті.
Сондай-ақ, Қазақстанның Әскери-теңіз күштерінде де 5000 корабльді-жауынгерлік оқу-жаттығу өтіп, корабльдер жеке дара және корабльдердің құрамалары құрамында курстық тапсырмалар пысықталды.
Жалпы 2017 оқу жылы бойынша ҚР ҚК Әскери-теңіз күштеріне қойылған тапсырмалар толық көлемде орындалды. Биылғы жылы теңізде жауынгерлік даярлық элементтерін пысықтау барысында Әскери-теңіз күштері корабльдерінің экипаждары корабльді басқаруда, сондай-ақ жеке дара және корабльдер тобы құрамында жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізуде жақсы теңіз машығын көрсетті.
Міне, осындай көптеген оқу-жаттығуларда Қазақстан әскері жауынгерлік күші мықты, деңгейлері жоғары екенін паш етті. Биыл «Қарулы Күштеріміздің 25 жылдығына – жоғары әзірлік» деп ұрандатқан Қарулы Күштеріміздің әскері жауынгерлік машықтары мен кәсіпқойлықтарын  ендігі  2018 жылғы «Ұлы дала әскері – мәңгілік ел тірегі» ұраны аясында тағы да танытады деген ойдамыз.


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Инфографика: категории годности призывников в роды войск Казахстана

Инфографика: категории годности призывников в роды войск Казахстана