ҚР Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Қара шаңырақтың қадірлілері

Қара шаңырақтың қадірлілері

Қазақта «қара шаңырақ» деген ұғым бар. Ол қашанда киелі. Одан өсіп-өніп, қанат қаққандар кері оралып, өткен-кеткендерімен бөлісіп, шаңырақты шаттыққа бөлеп жатады. Біздің редакция – құдды сол бір қара шаңырақтардай.  
Өзім осы қара шаңыраққа осыдан тоғыз жыл бұрын аяқ басыппын. Содан бері киелі шаңырақтың қақпасын ашып, емін-еркін келіп жүрген талай жанды кезіктірдім.
Есіктен еніп, Сапарғали аға (кезінде «Қазақстан сарбазы» газетінің бас редакторы болған) бастаған жайсаңдар келгенде редакцияға қайта құт-береке енгендей болады. Өткенді айтып, болашақты бөлісіп, сол кезде бір жасап қаламыз. Әрбір сөзді көңілге түйіп, санамызға сіңдіріп те жатамыз. Әзіл-қалжыңға да бой алдырамыз. Кейін осының бәрі ой-санамызда әдемі, әсерлі естелік боп өріліп қалады...

Сапарғали ағаға деген құрметіміз ерекше. Ол кісі – дара жан. Қарымды қаламгер иесі. Әскери тақырыпқа «тыңнан түрен салған» тағы осы кісі.  Танығаннан бері «Сапарғали аға» дейміз. Бір жақсысы,  шаңырақ иесі кім болса да бұл кісі бізден аяқ тартып қалған жоқ. Қашан болсын, есігімізден еніп тұрады. Дегенмен, өзі «уығын керген керегесі» ғой.

Тек кейінгі кездері келуді сиреткені болмаса... Бұрынғыдай ат басын бұрмағанмен, бүгінгінің байланысы арқылы бар екенін білдіріп тұрады. Қарапайым қалпымен әр мерекені ұмыт қалдырмай, құттықтап, хабарлама жіберіп тұратын әдеті бар. Кішіпейілдігімен көпті өзіне баурап алатын аға жайында әлі талай айтарымыз бар.

Әскери журналистикасының атасы. Осындай тақырыппен сол кездегі «Сарбаз» газетінің тілшісі Жансая Сыдықбай мақала жазды. Әрине, кейіпкері – Сапарғали Жағыпаров. Содан бері Жансаяға әскери журналистиканың ғана емес, өзіңнің де «атаң қылдырмайсың ба?» деп әзілдесетінбіз. Өйткені, Сапар ағаның да кейде «келінім болса» деген ойы қылаң беретін. Әрине, бәріміздің меңзейтініміз – Сапар ағаның ұлы Тимур. Сол Тимур бірде редакцияға енген бетте Жансая әзілдеп: «сен мені қашан аласың?» деді. Осыдан соң Тимурымыз редакцияға ат ізін салмай, ізім-қайым жоқ болып кетті. Оның мәнісін білмек боп Сапар ағадан сұрамаймыз ба, ол кісі: «қыз бала ғой, жігітке солай айтқан соң, ол не істесін енді?» деп қарап тұр. Сөйтсек, Сапарғали ағамыз да қалжыңымызды түсінбей, шынға балаған екен.

 

***

 

Сәндібай аға! Сәндібай ағамен жолығуға себеп болған – бір кездегі «Сарбаз» газеті редакторының орынбасары болған Ақан аға. Баспасөз күніне орай тауып берген кейіпкері осы Сәндібай аға  (Күмісбеков) болатын. Ашық-жарқын көңілімен әңгіменің тиегін ағытты ағамыз. Баяғыдан білетін адамша бірден шүйіркелесіп те кеттік. Алғаш рет осы кісіден газетіміздің өткенін білдім. Алматыдан қалай Астанаға көшкенін, көші-қон кезіндегі қиыншылықтарын, іске деген ынта-жігерлерін әсерлі жеткізіп еді. Сол кездегі «Сарбазды» «Қазақстан сарбазы» газетінің ізбасары санайтынын да ашық айтты.

Сәндібай аға да редакцияны айналып өтпей, қолы қалт еткенде қара шаңыраққа келіп тұратын еді. «Қарулы Күштердің генералдарын» (кітабы) көпке ұсынған ағамыз әнебір жылдары «Баяндауға рұқсат етіңіз!» деген айдармен газетімізде өткір мақалаларын жариялап тұрды. Бір кездері хабар үзбей, қара шаңыраққа қарайласқан қадірлімізді көңіл шіркіннің «қазір қайда екен?» деп іздейтін кездері де болады.

Біз қара шаңырақ бос қалып, атауы өзгерген тұста келдік. Оған дейін мұндағылардың амалсыздан аластаған жайлары бар екен. Жан-жақтан жиналған біз оны қайдан білейік?

Босағаны аттағаннан киелі шаңырақтың қыр-сырын меңгеруге тырысқанымызбен, жөн сұрайтын адамымыз болмады. Төрге жайғасқандар (бұрынғы газет қызметкерлерінің көбісі баспасөз қызметінде жұмыс істейтін) бізге әрине, сынай қарады. Сол тұста Сәндібай аға: «Бұлардың жазығы не? Жүйе солай болды, оларға сынай қарағандарың жөн емес» деп төрелігін айтты.  «Терінің пұшпағын бізден бұрын илеген» бұл кісінің бір ауыз осы сөзі әжептеуір бойды тіктеп тастаған еді.

 

                                                       ***

«Жүніс деген жігіттің төресі». Осы сөзді марқұм Ераға жиі айтатын. Атын жиі естігенімен, өзін біле бермейтін сол ағамызбен де қара шаңырақта ұшырастым. Қияқ мұртты, аққұба жан кейін біздің де көңілден орын алды.

Жаны жайсаң жанмен дидарласқан бір ғанибет. Алдыңғы жылы-ақ Жүніс ағамен (Жүніс Омар кезінде «Қазақстан сарбазы» газетінің жауапты хатшысы болған) сұхбаттасқан едік. Тағдырын, өмір жолын білдім. Көңілінің кеңдігін көрдім.

Сыпайылығы мен сөз саптауы бөлек әңгіме. Жомарт жан туралы ойға түйгенім көп болды. Өкініштісі сол, аға туралы жазған мақаламда оны көрсете алмадым. Уақыт тапшы болды ма, білмедім, жазғаным көңілімнен шықпады. Әйтпесе, көңіл-хошымен жырлайтындай-ақ бұл кісі.

Жүніс (Омаров) ағаның Ерағамен телефонмен тілдескенде әзілдесетіні бар еді...

Бірде сол ағамыз (Жүніс аға ол кезде Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінде жұмыс істейді) редакцияға қоңырау шалды. Әдеттегідей телефон тұтқасын көтерген Ераға жұмыстың көптігін тілге тиек етіп, үлгере алмай жатқанын жеткізеді. Сөйтсе, Жүніс аға табан астында: «Оу, Ераға, бір емес екі замыңыз бар,  үлгермейтіндей не жаныңыз бар?» деген екен.

 

***

Мұрағаттан керек деректерді қалай да тауып алып, тарих шежіресін тізбектейтін қара шаңырақтың тағы бір қадірлісі бар. Ол – Марат Жүніс-бек.

Марат ағаның қолыма тиген алғашқы жазбасы – Чернобыль апатына байланысты жазған дүниесі. Дерек пен дәйегі көп. Мәнді мақала. «Сіз мұның бәрін қайдан тапқансыз?» деп сұраймыз ғой. «Үндемесеңдерші, табамыз ғой» деп қояды ағамыз.

Қара шаңырақ қайда көшпесін, күні бүгінге дейін тауып алатын да осы кісі. Бізден бір қол үзіп көрген жоқ. Келіп, өткен-кеткендерді айтып, әзіл-қалжыңның тиегін де ағытып кетеді. Қашан келсе де,  қолынан дүниесі түспейтін ағаның (фотоархив пен басқа да деректерге толы) сыры өзіңе мәлім.

Сол ағамыз Ақан ағамен жора-жолдас. Екеуінің әзілі керемет. Редакцияға келген бетте «әлгі бір уыс қайда жүр?» дейді. Басында түсінбейтінбіз, сөйтсек, бір уысы Ақан аға (ірі денелі болатын) екен.

P.S. Өкініштісі сол, күндер өтіп, жылдар жылыстаған сайын қара шаңыраққа қайрылатын қадірлілеріміз азайып бара жатыр. Түсінеміз, әркімнің өмірі сан тараулы, жолы бөлек.

Бірақ біз үшін сіздер – керегесін керіп, уығын қадаған қара шаңырақтың қадірісіздер. Өткендеріңіз өзек болған соң сіздерді бөтенсімейміз, қайта сіздерден керектіні алып, дәстүр сабақтастығын  жалғастырсақ па дейміз. Қадірлілер барда қара шаңырақтың құты қашпайтынын қаперлеріңізден шығармасаңыздар екен. Ізгі ниет осы!


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Инфографика: минно-тральный корабль "Алатау"

Инфографика: минно-тральный корабль "Алатау"